«Балаға бір ғана тамшы білім беру үшін
– ұстаздың білімі көл-көсір болуы тиіс.
В.А. Сухомлинский
Мектепке дейінгі ұйымның қызметінің негізгі бағыттарының бірі – педагог қызметкерлердің кәсіптілік біліктілігін арттыру болып табылады. Бұл бағыттың жетекшісі – әдіскер. Сонымен бірге жаңашылдық жұмыстар да мектепке дейінгі ұйым жұмысының ажырамас бөлігі болып келеді. Сондықтан аға тәрбиеші мектепке дейінгі білім жүйесіндегі барлық жаңалақтардан хабардар болуы тиіс.
Әрине, әрбір ата-ана өз баласын кәсіптік деңгейі жоғары маманның тәрбиелегенін қалайды. Міне, сондықтан мен осы мәселеге көбірек көңіл бөліп, іс-тәжірибесі озық педагогтардың кәсіптілік біліктілігі мен білім дәрежесін көтеруге тырысамын.
Әдіскердің жұмысының тағы бір қыры – бұл педагогтар тарапынан өткізілген, өткізетін жұмыстардың барлығын саралау, сараптау, бағалау, талдау. Бұл күндері Республикада «Балапан» бағдарламасының күш алуына орай мектепке дейінгі тәрбиеге байланысты әдістемелік әдебиеттер көптеп шығарыла бастады. Міне, осы әр алуан әдебиеттер ішінен қажеттісін таңдап ала білу де әдіскердің кәсіптік дайындығын, өз ұжымында қызмет жасайтын педагогтардың шеберлігі мен кәсіптік деңгейін дұрыс бағалай білуін талап етеді. Басқалардан талап етпес бұрын әдіскердің өзі жаңашылдық тәртіпте жұмыс жасай алуы және ұжымды осы бағытта ұйымдастыра білуі қажет.
Педагогтар ұжымы әрқашан да әртүрлі болып келеді, бірі – алға тартады, екіншісі – үйреншікті ырғақтан ажырағысы келмейді, үшіншісі- айтқаныңды орындап, өз бетімен ешнәрсе іздемейді. Міне, осындай ұжымда барлығы мен тіл табысып, әрбір педагогтың күшті және әлсіз тұстарын біліп, озық тәжірибені таратып, ұжым жұмыстарын алға бастыру мақсатында жұмысты жобалай білу шарт.
Әдіскерлік сенің тек қана қызметтік міндетің болса – онда бұл істен еш нәтиже шыға қоймайды. Ал егер бұл – іске бейімділігіңіз болса онда- нәтиже де басқа болады. Әдіскер – бұл идеялар генераторы. Ол – барлық істің ортасында жүруі тиіс. Әдіскердің кәсіптік шеберлігі – бұл нәтижелі көмек көрсете білу.
Әдіскердің жұмысы – бұл көпқырлы, қиыншылығы көп, үнемі ізденуді, көп оқуды, үйренуді, шығармашылықты талап ететін жұмыс.
Менің мақсатым – ұжымымдағы әрбір педагогтың бар талантын ашып, өзін-өзі тануына көмек және мүмкіндік беру. Менің әрбір педагогым – өз ісінің «Шебері» болып, кәсіптік тұрғыдан өсуіне ықпал жасау.
Менің қызмет барысында қолданатын ұстанымым.
- Өзің білуге – міндеттісің, ал өзгені – үйрет.
- Жұмыс жасамаған – қателеспейді.
- Көмек сұрағаннан – көмегіңді аяма.
- Басқа адамның пікірін сыйла және санас.
- Тыңдай білсең – сені де естиді.
- Білмегенді кешпесең – білгендігің қайсы.
- Үйренуден – жалықпа, қызмет көрсет халыққа.
- Қай күні «бәрін білем» десең - сол күні өлгенің.
Сонымен, бүгінгі күннің әдіскері қандай болу керек?
Қазіргі заманға әдіскер – бұл әдіскер – технолог, әдіскер – зерттеуші, әдіскер – сарапшы, әдіскер – талдаушы, әдіскер – дизайнер, әдіскер – жетекші, әдіскер – психолог, әдіскер – басқарушы.
Ең бастысы – балалар мен өз мамандығын сүйетін –педагог.