«Үйренер нәрсең - білім мен мейірімділік» .
Жүсіп Баласағұн
Адамзаттың өмірдегі ең қымбаттысы, көз қуанышы – бала.Оның бойындағы табиғи асыл қасиеттер, адамгершілік құндылықтары отбасында, балабақшада, мектепте, әлеуметтік ортада толысады, нығаяды.
Білім мен тәрбие бастауын балалар балабақшадан алары сөзсіз. Болашақ ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде балабақшаның алар орны ерекше. Сондықтан да мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің бойына жақсы, жағымды, адал қасиеттерді сіңіре отырып, өзінің айналасында болып жатқан өзгерістерді, тамаша, керемет құбылыстарды, олардың жан-жақты дамып қалыптасуы үшін- үйдегі ата-аналар мен балабақша тәрбиешілеріне үлкен маңызды міндеттер жүктеледі.
«Тәрбие басы – тал бесік» - демекші өсіп келе жатқан балаға кішкентай кезінде қандай тәрбие берілсе, оның келешегі де сондай болмақ. Тәрбие негізі қаншалықты сапалы болса, болашақ кепілі де сондай болмақ.
Балалар педагогы, ойшыл ұстаз А.С.Макаренко: «Сіздер баланы тек сөйлеген кезде, оған ақыл айтып, бұйрық бергенде ғана тәрбиелейміз деп ойламаңыздар, баланы өмірлеріңіздің әрбір минутында, тіпті өздеріңіз үйлеріңізде жоқ уақыттың өзінде тәрбиелейсіздер, сіздер қалай киінесіздер, басқалармен қалай сөйлесесіздер немесе басқа адамдар туралы қалай қуанасыздар, ренжисіздер, сіздер достарыңызбен қандай қарым- қатынаста боласыздар, тіпті қалай күлесіздер, газет- журнал оқисыздар осылардың бәрінің бала үшін маңызы бар» деген болатын.
Сондықтан бала тәрбиесі кезек күттірмейтін, өмірде күнделікті күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе деп ойлаймын. «Баланың бас ұстазы- ата-ана» деген сөздің өзінде қаншама тәрбиелік маңызы бар ой жатыр. Ата-аналар да бала тәрбиесіне күнделікті назар аударып, қадағалап отыруы керек. Өкінішке орай кей ата-аналар бұл мәселеден тысқары қалып қояды. Баланың қай топқа барып, оған не қажет, қандай ойыншықтарды қалайды, немен шұғылданғысы келеді деген бала бойындағы қажетті нәрселерге немқұрайды қарайды
Мынау өзгермелі қоғамда тәрбие ешбір үзіліс, демалысты күтпейді. Бала- болашақ ұрпағымыз, оны дұрыс тәрбиелеу ата-ана мен тәрбиешінің ғана міндеті деп санамаймын, бүкіл қоғамның басты парызы. Жас буын ұрпағымызды тәрбиелеуге адалдықпен, асқан жауапкершілікпен атсалысу ата-ана мен педагог- тәрбиешілердің басты ұстанымы.