Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1720

Қазақ тілінің қазіргі ахуалы

«Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп халқымыздың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, кез-келген халықтың мәңгілік болып қалуы – оның ана тілінің сақталып қалуында болса керек. 

Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі» – деп көрсетілген.  Бірақ осы мемлекеттік тіліміздің қазіргі жағдайы мен жай-күйі қандай? Осы сұрақ бәрімізді толғандыратыны анық. 

Өкінішке орай қазақ тілінің қолданылу аясы әлі күнге дейін кеңеймей келеді. Бұл туралы әсіресе қазақ тілді баспасөз құралдары көп жазуда. Сонымен бірге мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен іс – шаралар ұйымдастырылуда. Нәтижелері де аз емес. Алайда жастар арасында, кейбір мекемелерде қазақ тілінің жайы әлі де ақсап тұр.

Бір ғана мысал. Алматы қаласындағы қазақ мектептерінің санына келсек, қазіргі уақытта қалада 207 мемлекеттік мектеп болса, оның 70-і ғана қазақ мектебі (бұл 50%-ға да жетпейді), 71-і аралас мектеп, 63-і орыс мектебі, үшеуі ұйғыр мектептері. 

«Ана тілі» (№6/1578, 11 – 17 ақпан, 2021 жыл) газетінің тілшісі Ақбота Мұсабекқызының «Қазақ тілін меңгеру біртұтас ұлт болу жолындағы айрықша маңызды қадам» атты мақаласында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  «Мемлекеттік тілді білетін әрбір азамат қазақша үйренгісі келген досымен, әріптесімен немесе танысымен өз білімін бөліссін. Мұндай игі іс бір-бірімізге қамқорлықты арттырып, бірлігімізді нығайта түсері сөзсіз» деген сөздерін келтірген.  Бұл дегеніміз, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолындағы үндеу іспеттес, деп түйіндейді тілші. 

Ал Ақбота Қуатованың осы газеттегі «Мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілді білсін» деген мақаласында «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаның мынандай сөздерін келтіреді: «Еліміздегі 19 миллиондай халықтың 78% қазақ. Бірақ жұртқа қызмет көрсететін мамандардың мемлекеттік тілді білмеуі азаматтардың қызмет алу құқығын аяқ асты етуде». 

Мәжілісмен өз сөзін быылайша жалғастырады: «Сол үшін соттар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін және барлық мемлекеттік қызметкерлерді қазақ тілін білуге міндеттеу керек. 30 жылдан бері әлі күнге мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік тілді білуі туралы талап жоқ. Мемлекеттік тілді білу талабы қазір жаңсақ айтылып жүргендей, азаматтың жеке басын тіліне қарай кемсіту емес, мемлекеттік қызметшілерге бар болғаны 100 мыңға жуық адамға қойылатын кәсіби біліктілік талабы болуы тиіс. Сыртқы істер саласының мамандарынан шет тілін білуді қалай талап етсе, көлік жүргізушіден жүргізуші куәлігін қалай талап етсе, сонымен бірдей міндет бұл» дейді депутат. «Мемлекеттік тілдің мәртебесі сонда ғана көтерілетінін нақты көрсеткендей» деп тұжырымдалады мақалады. 

«Түрлі-түрлі байлық бар. Солардың таңдауын берсе, мен тіл байлығын таңдар едім. Өйткені тіл байлығы – бәрінен де сенімді байлық. Қазақтың қара сөзінде көп мән жатыр. Күн шалмайтын қараңғы көңілді сөз шалады. Ендеше, соншалық қуатты да, киелі қаруды қалай болса солай қолдануға болмайды» - деген қазақ жазушысы, көрнекті қоғам қайраткері Ғабиден Мустафин ағамыз. 

Ал, Алаш қозғалысының қайраткері, ұстаз, ғалым Халел Досмұхамедов «Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел болмайды. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт. Мектеп пен баспаның иілі дұрыс болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді, мектеп пен баспада қолданудан қалған тіл – шатасқан тіл. Ол ел – сорлы ел, мұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды... Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, ол - күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу, бұл - сүйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате» - деген екен. 

Олай болса, ана тілімздің өрісі кеңейсін десек, ана тілін құрметтейік, ана тілімізде сөйлейік. Ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыров:

Сүйемін туған тілді – анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан

Құлағыма сіңірген таныс үнін, – деп жырға қосқандай, әрбір қазақ өз ана тілін сүйсе, ана тілін құрметтесе, тіліміздің жағдайы жақсарып, өрісі кеңейіп, ғұмыры мәңгілік болмақ. 

 

376 0
Айбарша Куралбаева, № 60 «Тараз» бөбекжай – бақшасының әдіскері, қазақ тілі мұғалімі Ұлы дала ұстазы № 002156
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: