Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1718

Оқушылардың ауызша сөйлеу қабілеттерін дамытудың маңыздылығы

Біздің алдымызда   отырған жас ұрпақ-ертеңгі егемен еліміздің болашағы, халық тағдырын шешетін азаматтар. Өскелең ұрпақтың тілді дұрыс пайдалануы, оның сөздік қорына тікелей байланысты екенін білеміз. Балалар білім негіздерін бастауыштан алады. Сондықтан мектептерде тілді оқыту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінеді. Тіл арқылы балаға барлық ғылым негіздері үйретіледі. Тілді оқыту бала алғаш мектепке келген кезден бастап жүргізіледі. 

Оқушы қалпына түскен баланың айналадағы дүниетаным өрісінің аумағы артып, тілінің дамуына,осының салдарынан жеке тұлғасының жан-жақты қалыптасуына әсер ететін бастауышта жүретін «Әдебиеттік оқу» пәнінің орны ерекше. Пән – бастауыш сынып оқушыларының ауызша және жазбаша тілін дамытуды, яғни сөздік қорын байытуды, байланыстыра және грамматикалық тұрғыдан жүйелі сөйлеуге үйретуді, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Ұлттық тәрбие,рухани-мәдени құндылықтар, ана тілі және қазақ халқының салт-дәстүрі негізінде сусындаған жеке тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеді. Адамның ішкі рухани жан дүниесімен байлығын ашуға, адамгершілікке тәрбиелеуге, тілі мен қиялын дамытуға мүмкіндік береді. 

Н. Уәлиев: «Тіл мәдениеті дегеніміз – сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар айқын ойлылық, сөзді дәл айыру шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық», - дейді. Жалпы, әдебиеттік оқу сабағы арқылы жазу мен сөйлеу мәдениетінің алғы шарты қаланады.

Пәннің мақсаты – дұрыс, мәнерлеп және шапшаң оқуды меңгерту, оқушыны шығарма авторының көзқарасын түсінуге жетелеу және мәтінді қабылдаушы оқырман ретінде тәрбиелеу, көркем-шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамыту, сөз өнеріне деген қызығушылығы мен эстетикалық талғамын қалыптастыру, сөйлеу әрекетінің барлық түрін жетілдіру, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылық пен рухани-адамгершілік тәрбие беру.

Тіл байлығы - сөз байлығы. Лингвист - ғалым М. Балақаевтың: «Ана тілін жақсы білу - әркімнің азаматтық борышы. Егер әрбір сөзді орнымен жұмсай біліп, айтқан ойы мазмұнды, нысанаға дәл тиетіндей ұғымды шығып, тыңдаушысын баурап алардай әсерлі болса, ана тілінің құдіреті сонда ғана сезілер еді. Ал мұндай шеберлік тек тіл мәдениеті жоғары адамдардың ғана қолынан келер жайт», - деген пікірімен келіспеске болмайды.

Бастауыш мектепте әдебиеттік оқу сабағында сөздік қорды дамыту жұмыстары түрлі әдіс - тәсілдер арқылы жүзеге асады:

 сұрақ - жауап;

 әңгімелесу;

 әңгімелеу;

 түсіндіру;

 зерттеу;

 түрлі шығармашылық тапсырмаларды орындату арқылы.

 

    Тіл байлығын арттырып, оқушылардың сөйлеу тілін жетілдіруде мәтіндермен жұмыс жүргізу аса маңызды. Көркем мәтінге тақырыптық талдау жасап, негізгі ойын анықтау, кейіпкерлердің іс - әрекетіне баға беру, сол арқылы оқушы танымын кеңейтіп, тәрбиелік жағына көңіл бөлу – бастауыш сынып мұғалімдерінің шеберлігі. Алайда, көркем мәтінді оқыған соң, талдаған тұста сөздік жұмысын жүргізу одан әрі оқушының барынша дұрыс түсініп, барлық талдауларға еркін қатысуын қадағалап отыру керек. 

Мақал – мәтелдер, жұмбақ, жаңылпаштар мен тұрақты тіркестерді үйрету барысында да оқушының тіл байлығы артады. Оқулықта берілген және басқа да мақал - мәтелдерді, жұмбақ, жаңылпаштарды тұрақты тіркестерді ұдайы үйретіп отыру – біздің күнделікті жұмысымыздың бір түрі. Үйренгендерін ұмытып қалмауы үшін оқушылар өздері мақал-мәтел кітапшаларын арнап, соған жазып отырады. Мақал – мәтелдерді, жұмбақ, жаңылпаштарды қаншалықты білетінін анықтау үшін әрі мейлінше көп меңгерулері үшін осы бағытта сайыс сабақтар ұйымдастырып отырамыз. «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ», «жаңылтпаштан жаңылма», «Жұмбақ, жұмбақ, жұтылдым», «Тазшаның тапқырлығы» тәрізді сайыстар оқушының тіл байлығының артуына ғана емес, ой - өрісінің, танымының артуына ықпал етпек. 

Оқушының тілін байыту жұмыстары тіл мәдениетімен тығыз байланысты екені белгілі. Тіл мәдениеті бойынша бастауыш сынып оқушыларына мына талаптар қойылады:

- сөздерді лексикалық, фонетикалық нормаға сай орынды қолдана алу;

- орфография, орфоэпия нормаларын сақтай білу;

- ауызша, жазбаша тілде сөздерді талғап қолдана білу;

- шамасы жеткенше ертегі, әңгіме жаза білу т. б.

Тіл дамытудағы өнімді тәсілдердің бірі – шығармашылық тапсырмалар. Мұндай тапсырмалар – тіл мәдениеті талаптарын жүзеге асыруда аса тиімді. 

Оның түрлері:

- шығарма, әңгіме жазу;

- сурет бойынша әңгіме жазу;

- икемі бар балаларға өлең шумақтарын жазғызу;

- ертегі жазу;

- көркем шығарма оқу;

- сайыс, рөлдік ойындарға қатыстыру;

- әркімнің қабілетіне қарай деңгейлік жеке тапсырмалар беру;

-сөзжұмбақтар құрастыру;

- газет - журнал шығарту;

- балаларға арналған басылымдардағы сөзжұмбақ, ребустарды шешкізу;

-жұмбақтар құрастырту;

-хат жаздыру;

-белгілі бір шығармаға қысқаша пікір жаздыру т. б.

Оқушы тілін дамытудың негізгі объектісі – шығарма жаздыру. Оқушыға шығарма жазғызудағы мақсат - оның ойын, сауатты жаза білуге және шығармашылық ізденіске баулу, логикалық ой - өрісін кеңейтуге машықтандыру       болып         табылады. 

Оқылған шығарманы тексеріп, сараптаудың жолдары көп;

-түсінгенін әңгімелету;

-сұрақтарға жауап бергізу;

-кейбір үзінділерді жатқа айтқызу;

-оқыған кітабы бойынша таныс емес сөздерін есте сақтап дәптеріне жазып отыруға дағдыландыру;

-кейіпкерлер іс - әрекетіне баға бергізу;

- әңгімелердің ұқсастығын салыстыру;

-ең соңында сол шығармаға ұқсатып әңгіме жаздыртып көру т. б.

Мұғалім осындай жұмыстарды атқарту арқылы оқушылардың өздігінен кітап оқуына бағыт береді. Көркем шығармамен жұмыс – оқушының тілін байытудың ең тиімді жолы. Көркем шығарманы көп оқу арқылы оқушының танымы артып қана қоймайды, ойын жүйелі жеткізуді, байланыстырып сөйлеуді, тілдің орфоэпиялық, орфографиялық нормаларын дұрыс меңгеруді үйренеді. Алайда, көркем шығармамен жұмыс істеу барысында есте ұстайтын жайт: шығарманың оқушының жас ерекшелігіне сай болуы, мазмұнының қызықты болуы, тәрбиелік мәнінің зор болуы, оқушыны жалықтыратындай тым көлемді болмауы.

Сонымен бірге әдебиеттік оқу сабағында өтілген материалды бекіту үшін оқушының ауызша сөйлеу мүмкіндігін арттыруға назар аударған дұрыс. Мұның жолы – түрлі рөлдік ойындар. Ондай ойындар оқушының тілін, еске сақтау қабілеттерін арттырады, зейінін шоғырландыруға көмек көрсетеді. Ойын барысында өзіне бекітіліп берілген рөлді ойнау үшін оқушы ізденеді, талаптанады, жинақталады, айтатын сөзін салмақтайды. Белгілі бір жағдаятқа өзі кіріп, өз басынан өткереді. Нәтижесінде сөйлеу тілінің дұрыс қалыптасуына осы ойынның жәрдемі тиетінін түсінеді.Тіл дамыту мақсатындағы жүргізілетін жұмыстар оқушының ойлау қабілетіне, сондай - ақ өз ойын жеткізе білуіне, шығармашылық ізденісіне жол ашады. Мұндай жұмыстар оқушының білімін ғана жетілдіріп қоймайды, жеке дара шығармашылық қабілетінің ашылуына негіз болады.

Сабақ үдерісінде мұғалімнің басшылығымен мұндай жұмыстар жүзеге асырылып, жүйелі орындалып отырса:

- оқушының сөздік қоры мен тілін байытуға ықпал етеді;

- ауызша және жазбаша тіл мәдениеті талаптарын меңгереді;

- сауатты жазуға үйретеді;

- оқушы өз бетімен шығармашылықпен айналысуға үйренеді.

Осындай жұмыстар жүйелі жүргізіліп отырса, кез келген мұғалімнің мақсатына жететіні даусыз.

Бастауыш сынып оқушыларының тілін дамыту күн тәртібінен ешуақытта түсіп көрген емес. 

Сабақта тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, балалардың ұсыныс-пікірлерін еркін айтқызып, ойларын ұштауға және өздеріне деген сенімін арттыруға мүмкіндік туғызып отыру. Жаңашыл әдіс-тәсілдер арқылы өткізген әрбір сабақ оқушылардың ойлауына және қиялына негізделіп келеді, баланың теренде жатқан ойын дамытып, оларды сөйлетуге пікірін айтып оны дәлелдей алуға үйретеді.

Әдебиеттік оқытуда сөздік әдіс, көрнекілік әдіс, тәжірибелік әдіс, түсіндірмелі-иллюстративтік әдіс немесе репродуктивтік әдіс, эвристикалық (ішінара іздендіруші) әдіс, зерттеу әдісі, өзіндік жұмыс әдісі, мәнерлеп оқудың орны ерекше. 

Біздер ұстаздар оқытудың мақсатын жүзеге асыру үшін ең тиімді деген әдіс-тәсілдерін сұрыптай отырып пайдалануымыз керек.

Сонымен қатар, іс-тәжірибемізде оқу мен жазуда сын тұрғысынан ойлау технологиясын үнемі пайдаланып отырамыз. Атап айтсақ, ассоциация құру, сәйкестендіру, Блум таксоманиясы, дамыта оқытудың РАФТ, екі жақты күнделік, сиқырлы таяқша, әңгіме кестесі, кейіпкерге хат, автор орындығы, стратегияларын пайдаланып келеміз, әдеби ойындар, оқырмандар мәслихаты, әдеби викториналар, мәнерлеп оқу сайыстарын жиі өткізіп отырамыз.

Оқушының көркем әдебиетке деген ынтасын арттыру мақсатында балаларды кітап оқуға баулу, оқырмандық мәдениетін қалыптастыруға үйретуіміз керек.

Қорыта келгенде тіліміздің мәртебесі- еліміздің мәртебесі, сондықтан сауатты, тілдік қоры бай, шығармашыл тұлға тәрбиелеу- біздің мақсатымыз.

227 0
Перизат Арзыкулова, Әл-Фараби атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ұлы Дала Ұстазы № 002155
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: