Басқа өнер түрлері сияқты театр өнері де қоғамдық ой-сананың негізгі бір формасы болып табылады.
Ұрпақ тәбиесі қай заманда болмасын уақыт сөресінен түскен емес. «Бір баланы адам етіп өсіргенше, бір шаһар апат болады» дейді шығыс даналығы. Ал, жеке тұлғаның адамгершілігі мен шығармашылығын қалыптастыру үшін қыруар уақыт пен тер төгетін үлкен жауапкершіліктің қажет екені анық.
Қазіргі білім берудегі басты мақсат – жас ұрпақтың білім деңгейін көтеру және жан – жақты дамыған, білімді, өмір сүруге бейім, қабілетті ,талантты жеке тұлға қалыптастыру. Қазір мен үшінші жыл «Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында жаңартылған бағдарламаның ұтымды әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, оқушының білімі мен шығармашылық қабілетінің даму мүмкіндіктерін арттыру» тақырыбымен жұмыс жасап келемін. Жаңартылған бағдарламаның ең бір ұтымды жағы – оқушының өзіндік көзқарасын қалыптастыру, қоршаған ортаға сыни тұрғыдан қарап, жеке пікір-пайымын қалыптастыру. Осы мақсатқа жету үшін өзімнің ұстаздық іс-тәжірибемде білім берудегі озық әдістердің бірі –«Театрландырылған сабақтар үлгісі» атты бағдарлама құрдым. Театр – халықты эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы. Оның өзгеше бір қасиеті, яғни әрекетке құрылған табиғаты сахналық ойын-сауықтың мазмұн-желісі мен идеялық-эстетика негізін құрайтын драма арқылы ашылады. Қүнтізбелік жоспар 5-6-7-8-сыныптарға арналды. Аптасына бір сағат берілетін бұл сабаққа күнтізбелік жоспар жасағанда оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқу бағдарламасына сай болуын басшылыққа алдым.
«Театрландырылған сабақтар үлгісінің» мақсаты: Оқушылардың ауызекі сөйлеу тілдерін дамыту, әдеби тілде сәйлеуге дағдыланлыру , өзіндік пікірлерін қалыптастыру, сахна мәдениетіне үйрете отырып, көпшілік алдында қысылмай, өзін еркін, тәуелсіз ұстай білуге баулу, қойылымға тән киім кие білу эстетикасына үйрету, образға еркін кіріп, сөйлеу шеберлігіне дағдыландыру, пәнге деген сүйіспеншілігін арттыру және бала бойындағы жасырын жатқан қабілет көзін аша білу.
Міндеті : әдебиет сабағында өтілетін шығармаларды толық оқып меңгеруге мінеттеу. Даяр мәтіндерді ғана жаттамай, өз жандарынан сценарий жазуға үйрете отырып, өзара жарысқа жұмылдыру. Үздік шығармаларды мадақтай отырып, шебер сценарист тәрбиелеп шығару.
Күтілетін нәтиже: Сабақ жүргізу барысында бала бойында жасырын жатқан талант көзі ашылады, оқушы өзін тәуелсіз, ееркін ұстай білуге үйренеді, ауызекі сөйлеу тілдерінің дамуына әсер ету арқылы оқушының өз бетімен ізденуіне ықпал жасалады.
Әдебиет сабағы негізінде оқушылардың танымдық қабілетін қалыптастырып, әрбір оқушының бойында бұғып жатқан талант пен дарын көзін,бала ерекшелігін ашатын бірден-бір пән.Сабақты үнемі дәстүрлі түрде өткізе беру оқушыны жалықтырады,пәнге деген қызығушылығын бәсеңдетеді.Сондықтан әдебиет пәнін неғұрлым қызғылықты, түрлендіріп өткізу-оқушының да қызығушылығын арттырып,іздене білуге, шығармаларды толық оқуға баулиды.
2009 жылдан бері әдебиетке берілетін бір сағат қосымшаны оқушылардың ауызекі сөйлеу тілдерін әдеби тілде сөйлеуге бағыттауға пайдаландым. Өзім сабақ беретін сыныптаымды осы әдіске баулып отырмын. Сонымен қатар шығармашылық жұмыстар жүргізуді де алдыма мақсат етіп қойдым. Оқыған шығарманы сахналап өткізу – оқушылардың әдебиетке деген сүйіспеншіліктері мен қызығушылығын арттыратыны тәжірибе жүзінде дәлелденді. Театрландырып өткізілетін сабақтар бүгінде оқушы қабілетін ашуға, ауызекі сөйлеу тілін дамытуға өте өзекті тақырып деп айтар едім.
Ең алғашқы қадамды біз қысқа ғана мысалдар мен өлеңдерді сахналаудан бастадық.Мәселен, И.А.Крыловтың «Құмырсқа мен шегіртке»,А.Байтұрсыновтың «Қара бұлт»,А.Тоқмағанбетовтың «Бидай мен қаңбақ»т.б.
6-сыныпта өтілетін «Аяз би», «Ас тұзы», «Балықшы мен балық» ертегілеріне әуелі сценарий жазып, сабақты театрландырып өткіздім. Бұл әдіс оқушыларға өте ұнады. Рольдерге кіріп ойнау үшін барлық оқушы шығарманы толық оқып, жете меңгеруге тырысады.
Ең алдымен балаларға театр жайлы мәлімет, кейіпкер туралы, образ сомдай білу жайында теориялық түсініктемелер беріледі. Және дауыс мәнері, өзін-өзі сахнада ұстай білу, сахна этикасы жайлы әңгімелер өткізіледі. Алдын-ала бөліп берілген рольдерге оқушылар даярланып, сөздерін жаттап, көрермен топқа шығарманы сахналап береді. Келесі сабақта екінші топ рольге кіріп, алдыңғы топ көрермен болып отырады. Содан кейін әрбір топ өз пікірін, кемшіліктері мен жетістіктерін ортаға салады.
5-6-7-8 сыныптарда бірталай шығармаларға сценарийлер жазылып, сабақтар театрландырылып өтті. Жоғарыда айтылып кеткен ертегілерден басқа М. Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы, Ғ. Мүсіреповтың «Боранды түнде» әңгімесі, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» лиро- эпостық жыры, О. Бөкейдің «Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесі, М. Әуезовтың «Көксерек» әңгімесі, «Қараш- қараш оқиғасы» , «Қилы заман» хикаяттары, «Қыз Жібек» лиро- эпостық жырлары, т.б.
Арада өткен 6 жыл уақытта оқушылардың пәнге деген қызығушылықтары артып, әдебиет пәні сүйіп оқитын пәндерінің біріне айналды. Бертін келе оқушыларға даяр сценарий ұсынбай, енді сценарийді өздері жаза білуге үйреттім. 8 сыныпта «Қараш- қараш оқиғасы» хикаятына, 7 сыныпта «Көксерек» әңгімесіне оқушылар өз сценарийлерін даярлады. Ең үздік жазылған сценарий сахналанды. Сценарийді балаларға жеке дара да, 2-3 оқушыдан бірігіп топ болып та жазуға рұқсат берілді. Осы 4 жыл ішінде әдебиет сабағын осы әдіспен өткізіп жүрген сыныбымның ауызекі сөйлеу тілдері басқа сынып оқушыларына қарағанда өте жоғары деңгейде дамыды. Сабаққа даярланбай келетін оқушы некен- саяқ болды. Театрландырып өткізілген сабақтардың басқа сабақтардан ерекшелігі – оның оқушы есінде мәңгі сақталатыны, оны ұзақ жылдар бойы ұмытпайтындықтары. Әншейінде сабаққа селқос қатысатын, ауызекі сөйлеуде қиналатын оқушылардың өзі роль алып, қойылымға қатысуға талаптанады. Шығармаларды төмен деңгейде оқитын оқушы берілген рольді жаттап алып, сахнада еркін сөйлегенінің де куәсі болдық. Осындай әдістерді пайдаланудың арқасында баланың өзіндік пікірі мен өзіне деген сенімділігі қалыптасады. Әрі сол орташа оқитын оқушының өзі кейбір жағдайларда үздік оқитын сыныптастарынан рольде ойнау шеберлігі жағынан асып түсіп те жатады, кей жағдайларда сыныптастарымен келіспейтін жайттарды айтып, қойылымға өз көңіліндегі пікірлерді де қосып отырады. Осыдан біртіндеп оқушының үні шыға бастады, әрине мен олардың пікірлерімен үнемі санасып, қолдау көрсетіп отырамын. «Театрландырылған сабақтар үлгісі» бағдарламасы енді шашырыңқы түрде емес арнайы бағдарлама бойынша өтетін болды. Бұл бағдарламаның берері көп еді. Тәжірибеден сәтті өтті. Оқушылардың әдеби тілде сөйлеу дағдысы жақсарып,тілдері дамыды. Өз пікірін еркін айта білумен қатар, тіл тазалығы қалыптасты. Пікірталас сайыстарында бала өз ойын еркін қорғап шыға алатын. Ерекше айта кететіні бұрын сабақта елеусіз, енжар,кей кездерде назардан тыс қалатын оқушылардың бойында жасырын жатқан, сыртқа шығара алмай жүрген қабілет көздерінің бар екені байқала бастады. Оларды қолдай отырып ортаға тарта бастадық. Әншейінде сабаққа селқос қатысатын, ауызекі сөйлеуде қиналатын осы оқушылардың өзі роль алып, қойылымға қатысуға талаптана бастады. Кейіннен осы оқушыларым үлгерімдері орташа деңгейде болса да, қойылымдарда үнемі белсенді, алдыңғы лектерде көрініп жүрді. Осыдан кейін менде мынадай ой туындады; ақиқатында дарынды, талантты оқушылар тек үлгерімі үздік оқушылар ғана емес, қабілеттілікті кез келген баланың бойынан іздей білу керек және оны дер кезінде байқап ,сол қабілет көзінің ашылуына ықпал жасай білгенде ғана біз аддымызда отырған оқушыларымыздың «нашар» оқушы деп атанбауына күш салуымыз қажет деп тұжырымдадым.
Сонымен қатар оқушыларым «Көңілді тапқырлар клубын» ұйымдастырып шағын миниатьюраларды әуелі менің көмегіммен сахналаса, бірте-бірте өз күштерімен даярлауға үйренді.Осы уақыттар аралығында КВН мүшелері тамаша жетістіктерге жетіп,көрермен қауымның сүйіктілеріне айналды. Мектеп сахнасынан бастап аудандық, аймақтық,облыстық сайыстардың жеңімпаздары аталып, тіпті «Жайдарман» конкурсында өнерлерін көрсетіп, лайықты марапаттарға ие болды. Осы игі істердің бәрінде де театрландырылған сабақтар үлгісінің көмегі көп болды ғой деп ойлаймын.Тағы да бір айта кететіні сахналаған шығармаларды оқушы ешқашан ұмытпайды, мәңгі жадында ұстайды.
Ендігі кезекте театр сабағымның қол жеткізген нәтижелері туралы тоқтала кетсем.
«Театрландырылған сабақтар үлгісінің» қол жеткізген нәтижелері: «Театрландырылған сабақтар үлгісі» тәжірибесінен өткен сынып оқушыларының ауызекі сөйлеу тілдері басқа сынып оқушыларына қарағанда еркін және жатық дамуда. Оқушылар сахнада да, көпшілік алдында да өздерін еркін ұстайды.Сценарийде көрсетілген қимыл,іс-әрекет,сөздерді еріктерінше алмасытырып, қалауларынша өзгерте алатын дәрежеге жетті. 6 жыл ішінде өткізілген сабақтардың бірталайын мектеп оқушылары алдында және арнайы өтіп отыратын мектепішілік, ауданаралық сайыстарда сахналап, көрермендер ризашылығына бөленді. Мәселен, «Ас тұзы», «Аяз би», «Қараш- қараш оқиғасы», , «Боранды түнде», «Бір өлеңнің туу тарихы», «Алынған кек», «Аққулар ұйықтағанда» қойылымдары аудандық «Ақ қайың» конкурсында, мектепшілік ата- аналар жиналысында, тілдер апталығында, облыстық семинарларда, ұстаздар мерекесінде, Ауған ардагерлерімен кездесу кештерінде қойылып, жоғары бағаларға ие болды. Ең алғаш аудан жастары даярлап, халықтың алғысына бөленген «Қыз Жібек» қойылымына да біздің оқушыларымыз қатысып, өздерінің әртістік қабілетін көрермен алдында паш ете білді. Сөйлеу тілдері мен көп ізденудің арқасында 6-сыныптан бастап театр мүшелері «Көңілді тапқырлар клубын» ұйымдастырып, әзіл- қалжыңға толы әртүрлі тақырыптағы миниатюраларды өздері даярлап, мектеп, аудан, облыс көлемінде өтетін сайыстардың үнемі жеңімпаздары болып жүрді. Өте белсенді, жауапкершіліктері жоғары, театрды жан- тәндерімен сүйетін оқушылар: Аманжол А., Баталов А., Кумаргазин Н., Жарткенов Р., Жақсыбекова М., Газизов Д.,Досахметов Б.,Есенова А., Тулеубеков Ж., Даутов А., т.б. оқушылар қатысқан қойылымдар үздік саналып, 4 жыл қатарынан «Ақ қайың» (2011-12 ж, 2012-13ж,2013-14 ж, 2014-15ж) конкурсының марапатау грамоталарына ие болсақ, КТК-сайыстарында аймақтық, аудандық айналымдарда І орындардың иегерлері болып,бірнеше оқушыларымыз облыстық сайысқа баратын құрама команданың мүшелігіне алынды. 2013 ж. бері оқушыларымыз «Мектеп театр ұжымы» атағын иеленіп келеді.
«Театрландырылған сабақтар үлгісінің» оқушылар үшін маңызы өте зор. Балалардың танымдық қабілеті дамып, өнерге, театрға деген сүйіспеншіліктері қалыптасып,сөйлеу мәдениетіне,өздерін көпшілік алдында еркін ұстай білуге, ата- баба мұраларын, халқымыздың салт- дәстүрін жете меңгеріп, оларды аялап, қадірлеп, сыйлай білуге дағдыланады.
Болашақтағы нәтижелер: Бірнеше жыл бойы тәрбиелеп, сахнаға үйреткен, әртістік қабілеті бар баланың талант көзін оята біліп, ауызекі сөйлеу тілін, мәнерін қалыптастырып, болашақтағы шебер сахна саңлақтарын тәрбиелеу, олардың алдағы өмірлеріне ең қажеттілік – мамандық таңдағанда қателеспейтін, өзіне бек сенімді, елінің адал азаматы болатын жас ұрпаққа оң жол көрсетіп беру.
Қорыта айтсам, ұстаз өз кәсіби деңгейін үнемі өсіріп отырса ғана ұстаз деген қасиетті атаққа ие бола алады. Мен көп жыл бойы ұстаздық қызмет атқардым, болдым, толдым, іс-тәжірибем жеткілікті дейтін адами астамшылық ойдан аулақ болғаны абзал. Қазіргі таңда біздің жаңа типті қазақ мектептерімізге өз халқының әдет- ғұрпын , тарихын жақсы білетін , өмір ағымын жете түсінетін, ойшыл,білімді, жаңалыққа жаны құмар шәкірттер керек.Осы орайда Елбасымыз айтқандай «Қазақстан ұлы державада болу үшін бізге күш-қуат,қажыр –қайраты мол, ақылды да ойлы, дарынды жастар керек»,-деген пікіріне мен де қосыламын. Сол себепті болашақта да шәкірттерімнің қабілет көзін аша білуде талмай еңбектеніп, еңбегіміздің жемісін көріп, педагогикалық шеберлігі жоғары, еліне адал қызмет ететін ұстаз болып, білімі мықты,талантты шәкірттер тәрбиелеуге тырысамын деген мақсаттамын.