Асық ойыны арқылы кішкентайынан мергендікке баулынған қазақ жауынгерлері садақ тартудан да, найза лақтырудан да алдарына жан салмаған. «Осындай ерекшеліктері бар асық ойыны ұлттық ойындар құрамына енуге әбден лайық. Шындап қолға алса, бұл ойынды қазақтың кез келген баласы тез меңгеріп кетеді. Денсаулыққа зиянын тигізетін компьютерден гөрі, таза ауада ойналатын қимыл-қозғалысқа толы асық ойыны балалар үшін әлдеқайда пайдалы. Асық ойнап үйренген бала қазіргі балалардай компьютер алдында күн ұзақ көз майын тауысып отырып алмайды. Асық шахмат пен тоғызқұмалақ секілді арнайы алаңды қажет етпейді.
Асық ойыны күндіз де, түнде де ойналады. Күндізгісі – мергендікке, түнгісі – ептілікке баулиды. Атқа қарғып мініп садақ ататын қазақ жігіттерін бүгінгі таңда мүлде кездестірмейміз. Жастайынан дәлдеп сақа атып, көз жанарын мергендікке баулымаған балалардан әрине мұндайды күтудің өзі артық болар. Дегенмен, ештен кеш жақсы дегендей бүгіннен бастап асық ойындарын арнайы балалар спорты деп қабылдап, мектептерге пән ретінде енгізсек қазақ балалары үшін үлкен жақсылықтың алды болар еді.
Асық ойынының түрлері
Қазақ — ойын-сауықшыл халық. Бүгiнде қазақтың 100 ден аса ойын
түрлерi мәлiм. Қазақ “баланы жастан” дегенде, ойын-сауық арқылы
жасөспiрiммен тәрбиелiк жұмысты ертерек және жас ерекшелiктерiне қарай
жүргiзудi пайымдайды. Ойынсыз ұрпақтың кiм екенiн, халықтың қандай
екенiн бағалау екiталай. Асық - қазақтың әдет-ғұрпына үнемi және айқын
ықпал еткен. Асық ойынының тарихы тереңде, көне дәуiрден басталады. Оның
қалыптасу кезеңдерi мен тарихы өз алдына әңгiме.
Асық ойындары негізінен екіге бөлінеді: далада ойнайтын және үй ішіндегі ойындар. Дала ойындарына негізінен асықта сақамен алыстан атып ойнайтын түрлері жатады. Асық ойындарының түрлері өте көп. Олар: шыр, шеңбер, үш табан, арқаласпақ, әйзік, атқақпыл, шығу, төрт асық, омпы, сасыр, алшы, қақпақыл, бес асық (бес тас), хан, ханталапай, қора, құмар, таған, бүк-шік, иірмекіл, жемекіл және т.б.
Осылардың ішінен халық арасында кең тараған түрлеріне тоқталып өтейік. Асық ойынында тігілген асықтарды атуға жарамды сақа таңдап алынады. Сақа болатын асық салмақты, ірі болуға тиіс. Ол көбінесе еркек қойлардың, не қошқарлардың асығы болып келеді. «Алшы ойыны» сақаның салмақты да алшы тұрғыштығына байланысты. Бұл ұту үшін өте қажет. «Алшы ойынын» ойнаушыларға шек қойылмайды. Ойын басталар алдында, ойын жүргізуші, барлығының сақаларын жинап алып, ойында әркімнің кезегін белгілеу үшін, яғни, кімнен кейін кім асық ату керектігін анықтау үшін, сақаларды иіреді. Иірген кезде кімнің сақасы алшы түссе, сол бірінші, тәйке түссе екінші, бүк түссе үшінші, шік түссе одан кейін асық ататын болады. Атқан кезде сақасы мен асығы бір жақты түссе, атқан асығын алып, әрі қарай ата береді. Енді бірде асық атқан кезде сақасы алшы түсіп, асық кез келген жағында жатса да асықты алады, тағы атады, ал сақа мен асық екеуі екі түрлі түссе, онда алмайды. Ол атуды тоқтатып, кезекті келесі ойыншыға береді. Екінші ойыншы өз кезегінде сақасын иірген кезде тәйке түссе, онда өзінен кейін кезекте тұрған ойыншы көмбеде тұрып оның тәйке түскен сақасын атады, тигізсе, сақа иесі ойыннан шығып қалады, тигізе алмаса, өзі ойыннан шығады. Кезек алу үшін сақаларын иірген кезде бүк, шік түскен ойыншылар өз кезектерімен көнге тігілген асықты ата береді. Осы ретпен көндегі асықты атып тауысқанға дейін ойнайды да, асықтарын қайта тігіп, ойынды жалғастыра береді.
Асық ойынының бір түрін «Омпа» деп атайды. Бұл ойынды көбінесе бозбалалар ойнайды. Оны таза ауада алаңда, не үлкен бөлмелерде ойнауға болады. Ойнаушылардың санына шек қойылмайды. Ойынның мақсаты — асық ұту. Ойнаушылар арасы 20 қадам екі көн сызады да біріншісіне төрт бұрыш жасайды (оның көлемі өзара келісіледі) дәл ортасындағы сызыққа әрбір ойыншы өздерінің асықтарын тігеді. Тігілген асықтардың ортасына бір асық мұртынан «Омпа» тұрғызады. Ойнаушылар екінші белгіленген жерден бірінің артына бірі тұрып әркімнің өз кезектері бойынша, қолдарыңдағы сақаларымен «омпаны» ата бастайды. Егер кімде-кім омпаға тигізсе және оны төрт бұрыштың шетіне шығарса, онда көндегі асықты түгел алады. Ал омпаға тимей, жанындағы асықтарға тисе, оны да төрт бұрыштың шетіне шығара алса, онда сол атқан асығын ғана алады. Асық таусылған сайын, көнге асық қайтадан тігіліп отырылады. Ойын жалғаса береді.
Асықпен ойналатын ойынның тағы бір түрі — «Ханталапай». Балалар бұл ойынды үлкендердің басшылығымен ойнайды. Ойынға қатынасушы балалардың санына шек қойылмайды. Олар ойын жүргізушінің айналасына жарты шеңбер құрып отырысады. Ойын жүргізуші қолындағы асықты «ханталапай» деп ортаға қарай шашып жібереді. Отырғандар тез-тез жиып алулары керек. Кім аз жиып алса, сол жеңілген болып есептеледі. Ойынның мақсаты — балалардың жылдамдығын жеделдету, жүйке жүйелерін шыңдау, тілін дамытып, ойда саңтау қабілеттерін жетілдіру.
Қорытындылай келе, ұлттық ойындарымыз жайлы біраз ойларды ортаға сала кетуді жөн көрдік. Ұлт ретінде әлемге танылу үшін қай кезде де ұлттық құндылықтарымызды сақтай білуіміз қажет. Осы ретте техника дәуірі тасасында қалып тұрған ұлттық ойындарымызды қайта жаңғыртып, насихаттай білсек нұр үстіне нұр болар еді.