Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1709

Әлемнің ғажайып үш тірегі: Жәнібек ауданының 100 жылдығына арналған таным сағаттары мен пәндер тәжірибесі

Білім беру жүйесінде жаңартылған білім мазмұны бойынша жаңа технологияларды енгізіп, оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуында мұғалімнің шеберлігі қандай жоғары болса, оқушының болашағына деген белсенділігі де, алған білімін өмірде қолдана алу шеберлігі де сондай болмақ. Осы міндеттерді орындауда жеке пәндерді жүйелі оқытудың маңызы зор. Соның ішінде ғылымдардың патшасы атанған математика пәнінен білім берудің орны тіпті ерекше.

БҚО Жәнібек ауданы Е.Ниетқалиев атындағы ЖОББМ-нде пәндерді бағытына қарай топтастыратын 6 әдістемелік бірлестігі бар. Соның бірі - математика, физика және информатика пәндері бойынша «МИФ» әдістемелік бірлестігі. Бірлестіктің мақсаты жаңа технология элементтерін қолдана отырып, оқушылардың математика, физика және информатика пәндері бойынша білімдерін тереңдету, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту. Жуырда 4-8 сәуір аралығында жоспарға сай Жәнібек ауданының 100 жылдығына орай «МИФ» әдістемелік бірлестігі «Әлемнің ғажайып үш тірегі» атты апталық ұйымдастырды. Апталықтың мақсаты- математика, информатика және физика сабақтарында және сабақтан тыс іс-шараларда оқытудың заманауи тәсілдерін қолдана отырып, оқушылардың білім алуға қызығушылығын арттыру, ой өрісі мен таным белсенділігін жан-жақты жетілдіру.  

Апталық барысында математика пәні мұғалімдері И.С.Утешева, И.С.Кадыров, В.Б.Абекенова, физика пәні мұғалімі О.О.Кенжебаева және информатика пәні мұғалімдері А.К.Утегалиева мен А.К.Кабетенова әр түрлі тақырыпта сабақтар беріп, байқаулар өткізді. 

Апталық аясындағы іс-шаралар мазмұнына сәйкес пән мұғалімдері     И.С.Кадыров пен В.Б.Абекенованың ұйымдастыруымен 5-6 сыныптар арасында «Жас математиктер» атты байқауы өтті. Оқушылардың ойлау қабілетін, ой ұшқырлығын, оқуға ынтасын арттыру бағытында өткізілген сайыс барсында 5-6 сыныптары «Тапқырлар» және «Қырандар» болып екі топ болып жарысты. Сайыс бірнеше турлардан құралды. «Ғажайып жұлдыз» бөлімінде оқушылардың шапшаңдығы мен есте сақтау қабілеттері тексерілді. «Жұмбақтар әлемі» сайысында оқушылардың ойлау қабілеттері мен шапшаңдықтары, ал «Сырлы сандар» сайысында топ болып есептер шығарылды. «Құпия конверт» бөлімінде әр конвертте  математикалық ережелер, логика және мақал-мәтелдер бағытында сұрақтар беріліп, «Кім жылдам» бөлімінде  оқушылардың шапшаңдығы байқалды. Аудан тарихы, ауылымызға қатысты деректер көрсетілген фильмнен алынған ақпараттар сабақ барысында кері байланыс арқылы оқушылардың білімдерімен ұштастырылды.  

Ал, информатика пәні мұғалімі А.К.Утегалиеваның 5-сыныппен «Компьютерде жұмыс істеу кезінде өзіңе қалай зиян келтірмеуге болады?» атты ашық сабағының да өзіндік ерекшелігі болды. Бұл ашық сабақта компьютермен жұмыс жасау кезінде оқушылар үшін қауіпсіздік ережелерін бұзу салдарынан болатын келеңсіз жайттардың алдын алу туралы ақпарат берілді. Оқушыларға түрлі тапсырмаларды орындау арқылы есте ұстар жайттардың ережесі таныстырылып, денсаулыққа аса жауапкершілікпен қарау мәселесі, алғашқы жәрдем көрсету тәсілдері нақтыланып айтылды. Маңызды жайттар топпен постер қорғау, ортақ міндеттерді табуда, жұппен  "Cөйлeceтін cepіктec" әдіcі apқылы жұмыс барысында талқыланды және компьютердің пайдасы мен зияны айтылды. Сабақ барысында жас мамандар үшін ұйымдастырылған «Ыстық орындықта» компьютер тілімен айтылған мақалдардың мәнін ашып, сөз тауып айту әдісі де қызықты болды. Тәжірибе алмасуға арналған сабақтан соң, қатысушы мұғалімдермен «оқушының осы сабақта алған білімі мен меңгерген дағдыларын мұғалім қалай бекіте алды, сабақтың қорытындысы мен сабақтың мақсаты үндесе ме?» сауалдары арқылы ұсыныс – пікірлер беріліп, сабақтың өзектілігі мен маңыздылығы айтылды.    

«Әлемнің ғажайып үш тірегі» тақырыбында оздырылып жатқан апталыққа орай физика пәні мұғалімі О.О.Кенжебаеваның 9, 10-сынып оқушыларымен «Физиканың ғажайып кеші» атты шарасы өтті. Шараға қатысқан оқушылар жұппен білім сынасты. Сайыс бөлімдерінің сұрақтары физика пәнін өмірмен байланыстырды. Оқушылардың теориялық білімдерін зерделеу, алған білімдерін өмірде қолдана білуіне дағдыландыру және пәнге деген қызығушылығы мен таным белсенділігін арттыруда түрлі тапсырмалар орындалды. Сонымен қатар физикалық құрал-жабдықтарды үйлестіру арқылы тәжірибелер жасалып, қандай заңдылыққа негізделетіндігі туралы айтылды. Өлеңдерден физикалық заңдылықтарды тауып, әдебиетпен байланыстыру тапсырмалары да болды. Сыныптан тыс шара кәсіптік бағдар беру бағытында таңдау пәніне қызығушылығын арттырған сабақ болды.

Апталықтың тағы бір ерекшелігі әр сабақ не болмаса сыныптан тыс шара барысында жас мамандар үшін де түрлі тапсырмалар бөлімінің, яғни жас мамандар үшін тәжірибелік сәттердің көрініс табуы еді. Осыған орай, информатика пәні мұғалімі А.К.Кабетенованың ұйымдастыруымен «Жас мамандардың сабақта Microsoft Power Point қолдану тәсілдері» атты  жас мамандарға арналған шебер сыныбы өткізілді. Әдістемелік алаңның негізгі мақсаты жас мамандарға сабақтарында АКТ тиімді пайдалану жолдарын көрсете отырып, слайд презентацияларды жасауға бағыт - бағдар беру болып табылады. Сабақ бірнеше бөлімдерден тұрды. Алдымен “Сағат” әдісі арқылы психологиялық тренинг ұйымдастырылды. Жәнібек ауданының 100 жылдығына орай өткен осы шарада жас мамандар   «Суреттер сөйлейді» әдісі арқылы тақырыптық слайд жасау, анимация салу, гиперссылка қою, диаграмма салуды үйреніп, топпен қорғады. Сонымен қатар жаңа технологияның әдіс – тәсілдерін, АКТ ресурстарын сабақта дұрыс үйлестіру жолдары  туралы ақпарат та берілді. 

«МИФ» әдістемелік бірлестігінің жетекшісі математика пәні мұғалімі И.С.Утешева «Әлемнің ғажайып үш тірегі» тақырыбында 7-сыныппен «Сандар сыр шертеді» атты интеллектуалды сайысын өткізді. Мақсаты - оқушылардың білімдерін, білік дағдыларын кеңейту арқылы пәнге деген қызығушылығын арттыра отырып, логикалық және шығармашылық есептерді ауызша әрі тез есептей білуге, сонымен қатар топпен жұмыс істеуде еңбектенуге, жауапкершілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелеу. Жәнібек ауданының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған сайыста оқушылар «Таныстыру», «Сандар сыр шертеді», «Сандар туралы тарихи мәлімет», «3, 7 сандарының қасиеті», «Қас-қағым сәт», «Қызықты есептер», «Жылдар сөйлейді», «Кім көп біледі?», «Мақал – мәтелдер» және «Капитандар сайысы» бөлімдерінен өтті. Оқушылар дұрыс жауаптарына видео арқылы мектеп мұғалімдерінің аудан тарихы туралы қосымша мәліметтерін алып отырды. Сайыс оқушылар үшін алған білімдерін өмірмен байланыстыруда, әр санның негізгі мағынасы туралы және қазақ халқының сандармен байланысты ұғымдарын жетік меңгере алуларына сеп болып, өз мәресіне жетті.

 «МИФ» әдістемелік бірлестігі ұйымдастырған «Әлемнің үш тірегі» атты апталық соңы апталық барысындағы сайыстарға қатысқан үздік оқушыларды марапаттаумен және қатысушы мұғалімдердің ұсынба-тілектерімен аяқталды. 

Жоғарыда аталған пәндердің өмірде маңыздылығын көрсеткен, нақтылықты қажет ететін пәндердің сырын берер тағылымды апталық мәресі оқыту мақсатына қол жеткізу бойынша әрбір білім алушының ілгерілеуіне үлесін көрсетті деп түйіндедік.

 

179 0
Райхан Гиззатова, Е.Ниетқалиев атындағы ЖББОМ-тің оқу ісінің меңгерушісі; Индира Утешева, Е.Ниетқалиев атындағы ЖББОМ-тің математика пәні мұғалімі, бірлестік жетекшісі Ұлы Дала Ұстазы № 002145
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: