Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1707

Функционалдық сауаттылық – білім сапасын жетілдірудің негізгі бағдары

«Адамды бір нәрсені қайталауға үйреткеннен гөрі,білім есте сақтау арқылы емес, өз ойының күш салуымен алынғанда ғана білім» 

Л.Толстой.

            Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде мәдениет пен білім ел дамуының құрамдас бөлігі екенін айта келіп, білім саласын өрге жетелеудің бірнеше мәселесіне тоқталды.

            Президент ең алдымен сапалы білімді қолжетімді етуді қолға алу қажеттігін атап кетті. Шынында да, қоғам дамуының басты факторы сапалы білімді меңгерген білікті мамандар екені сөзсіз. Бұл бағытта елімізде білімге құштар, болашағымыздың негізін құрайтын дарынды жастарға барынша қолдау көрсетіп, әлеуетін пайдалану көздерін қарастыру керек. Әсіресе ауыл жастары арасындағы таланттарға сапалы білім беру тетігін айқындау, оны жүзеге асыру тәсілін белгілеу қажет деп санаймыз.

            Дарынды тұлғаны қалыптастырушы - ұлағатты ұстаз, ең алдымен мектепте білім нәрімен сусындататын мұғалім. 

            Бүгінде жаһандану заманында жас ұрпаққа әлемдік стандартқа сәйкес білім беру мәселесі республикамызда ғылыми-педагогикалық тұрғыда ізденіспен әлемдік жинақталған тәжірибеге отандық қол жеткен табыстарды саралай отырып, ұлттық ерекшеліктерді ескере, оқыту мен тәрбиелеуді жаңаша ұйымдастыруымен көкейкесті мәселе болып отыр.

            Білім берудің жаңа бағыттарының басты ерекшелігі - оқытудың нәтижесін алдын-ала болжап, оқушыларды қызығушылықтары мен ізденімпаздығы негізінде білімі мен біліктерін жетілдіріп , оны сана «сүзгісінен» терең зерделей отырып, шығармашылық әлеуетін үнемі дамытуға және рухани толысуға ұмтылысын қалыптастыруды бағдар тұтады.

            Білім беру жүйесі жыл сайын әр түрлі өзгерістерге ұшырап отыр. Бұл өзгерістердің басты мақсаты - өсіп келе жатқан ұрпақты жан-жақты дамыған, құзіретті азаматтар етіп тәрбиелеу. Осы мақсатқа жетуге функционалдық сауаттылық көмектеседі. Жаттанды білім жарға жығады. Егер бойыңдағы білімің күнделікті өмірде қажетіңе жарамаса, ол білімнің керегі не? Осы орайда мұғалімнің үйретері мен берері мол. Ал шәкіртіне білімін күнделікті өмірде кәдеге асыруды үйреткен мұғалімдер саны артса, нұр үстіне нұр болар еді.

            Қазақстан күн сайын қарқынды дамып келеді және ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға батыл қадам жасап отыр. Елдің білім беру жүйесі терең де сатылы стратегиялық жаңғырту кезеңін бастан өткеруде.

            Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруі процесінде де маңызды болып табылады. Еліміз үшін маңызды болып табылатын аталған стратегиялық міндетті шешу жағдайында тұлғаның ең басты функциялық сапалары белсенділік, шығармашыл тұрғыда ойлауға және шешім қабылдай алуға, кәсіби жолын таңдай алуға қабілеттілік, өмір бойы білім алуға дайын тұруы болып табылады. Бұл функционалдық дағдылар мектеп қабырғасында қалыптасады.

            ХХІ ғасырдың жан-жақты, зерделі, дарынды, талантты адамдарды қалыптастыруда білім беру мәселесі, оның оқыту жүйесін заман талабына сай үйлестіре алу міндеті туындап, жаңа талаптар қойылуда. Соған орай ұстаздардың алдында тұрған міндет: табысты және әрекетке дайын қабілетті, әлеуметтік рөлін сезінетін құзырлы тұлғаны қалыптастыру. Жалпы құзыреттіліктің сипатына беделді пікір айтуға мүмкіндік беретін білімді игеру деген түсіндірме берілген.Тұлға құзыреттілігін дамыту – ұстаздың құзыретті тәсілдерді меңгертуі, білім беру мазмұнын жетілдіру. Ол үшін баланы субъект ретінде қарап, оқу ісіне өзінше қызықтыратын, оған қабілетін арттыратын жағдай туғызу керек. Оның бастысы – оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыру, оқушының оқудағы іс-әрекеті арқылы ойлау дағдыларын жетілдіру, өз бетінше білім алу, әрекет ету. Мақсатқа жету оқушының өзі арқылы іске асады. Мұғалім – бағыт беруші, ұйымдастырушы. Америка ғалымдары Чарлз Темпл, Куртис Мередит, Джинни  Стилл жасаған «Оқу мен жазу арқылы сыни тұрғыдан ойлауды дамыту» жобасының оқушы құзыреттілігін дамытуда маңызы зор. Сын тұрғысынан ойлау дегеніміз – ой қозғай отырып, оқушының өз ойымен өзгелердің ойына сыни қарап, естіген, білгенін талдап, салыстырып, жүйелеп, білмегенін өзі зерттеп, дәлелдеп, тұжырым жасауға бағыттау, өз бетімен және бірлесіп шығармашылық жұмыс жасау. Бұл жобаның тиімді әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы оқушы өз ойын еркін жеткізуге, пәнге деген қызығушылығы артып, талдау жұмыстарын жүргізе білуге үйренеді. Оқушылардың сабаққа қызығушылығын оятқан әдістер арқылы өз ойларын топта, ұжымда талдай біледі.

            Жалпы функционалдық сауаттылық деген ұғымды таратып айтар болсақ, адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы және өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына қарай ілесіп отыруы. Сонымен, функционалдық сауаттылық адамның мамандығына, жасына қарамастан үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Мұндағы басшылыққа алынатын функционалдық сапалар: белсенділік, шығармашылық тұрғыда ойлау, шешім қабылдай алу, өз кәсібін дұрыс таңдай алуға қабілеттілік, т.б. яғни, жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру.

            Осыған орай Ұлттық жоспарда функционалдық сауаттылықтың төмендегідей негізгі механизімдері мен ерекшеліктерін бөліп көрсетеді. Ұлттық жоспардың жоғарыда аталған мақсат, міндеттерін жүзеге асыруда төмендегідей тетіктері нақтыланып, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін білім беру жүйесінде басшылыққа алынады.

Олар:

  • білім беру мазмұны (стандарттар, оқу бағдарламалары);
  • оқыту формалары мен әдістері;
  • оқудағы жетістіктерді диагностикалау мен бағалау жүйесі;
  • қосымша білім беру бағдарламалары;
  • мектепті басқару моделі;
  • серіктестік принциптеріне негізделген қолайлы білім беру ортасының болуы;
  • балаларды оқыту мен тәрбиелеу үдерісіндегі ата-аналардың белсенді рөлі.

Функционалдық сауаттылықтың ерекшеліктері:

  • оқу мен жазу дағдыларын қалыптастыру үшін базалық деңгей болып табылады;
  • тұрмыстық проблемаларды шешуге бағытталады;
  • адамды нақты жағдайлардағы тәртібіне байланысты  сипаттайды;
  • стандартты мәселелерді шешумен байланысты;
  • ең алдымен ересек адамдарды бағалау үшін пайдаланылады.

            Оның алғашқысы – оқыту методологиясы мен мазмұнын түбегейлі жаңарту. Яғни мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жалпы білім беретін орта мектептің Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын (МЖБС) жаңартудан бастау алуға тиіс. Ол үшін мұғалім білім алушының бойына алған білімін тәжірибелік жағдайда тиімді және әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана алатындай негізгі құзыреттіліктерді сіңіруі керек. Олар: басқарушылық (проблеманы шешу қабілеті); ақпараттық (өз бетінше ақпараттар көздері арқылы үнемі білімін көтеріп отыруы, сол арқылы танымдық қабілетін ұштау); коммуникативтік (үш тілде: қазақ, орыс, ағылшын (шет) ауызша, жазбаша қарым-қатынас жасау); әлеуметтік (қоғамда, өзі өмір сүрген ортада іс-әрекет жасай алу қабілеті); тұлғалық (өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыруға қажетті білім, білік, дағдыларды игеру, болашақ өзі таңдаған кәсібін өзі анықтау, оның қиыншылығы мен күрделілігіне төзімді болу); азаматтық (қазақ халқының салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті, ділі, тілін терең меңгеріп, Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолындағы азаматтық парызын түсінуі); технологиялық (әр азамат өз мамндығына қарай ақпараттық технологияларды, сандық технологияны, білім беру технологияларын сауатты пайдалануы). Білім алушы осы аталған негізгі құзыреттіліктермен қатар пәндік құзыреттіліктерді (әр пәннің мазмұны арқылы) меңгеруі тиіс.

            Бұл тұрғыда да біз, алаш арыстарының бірі Ж.Аймауытовтың мына бір қағидасын басшылыққа алсақ, функционалдық сауаттылықтың төртінші механизмі жүзеге асқан болар еді. Ағартушы: «Балаға ең қымбат, ең жылы, жақын нәрсе – туған жері, туған жерінің құбылыстарын білу балаға өте қызық. Мұндай оқыту жүйесі жергілікті өмірге, табиғатқа терең мазмұн беріп, оларды баланың санасында жандандырып, оларға баланың махаббатын арттырады, бала әлеумет тұрмысына, төңіректегі әлемге терең көзбен қарап үйреніп, жолығатын қиын мәселелерді оңай шешетін болады, бұрынғыдай мектептен шыққан соң, бала үйренген білімін ұмытып қалмайды, қайта білгенімен өмір жүзінде пайдаланатын болады.

            Оқушының сыни ойлауын дамытуға бағытталған жаңа инновациялық «Оқу мен жазу арқылы сыни ойлауды дамыту» жобасының да басты міндеттерінің бірі — ұстаздардың жаңаша ойлай алатын, өз мәселесiн өзi шеше алатын адам тәрбиелеуге жәрдемдесуі, ұстаздардың дәстүрлi сабақ беруден өзгеруiне, балаға бағытталған сабақ процесiн ұйымдастыра алуы, сабағын белсендi, оқушымен тең құқылы дәрежеде жүргiзуі, жобаның философиясын терең меңгерген ұстаздардың шәкiрттерiн өз пiкiрiн ашық айтып, өзара шынайы сұхбат жүргiзетiн, рухани жағынан дамыған жеке тұлға ретiнде дамуына ықпал жасауы болып табылады.

            Оқушылардың білімнің өмірлік маңызын түсінуі, теория мен тәжірибені тығыз байланыстырады, пәнге ынтасын арттырады. Оқушылардың білімге ынтасының болуы, олардың сабақтағы белсенділігінің артуына білім сапасының жоғарылауына, білім алудың пайдасын түсінудің қалыптасуына мүмкіндік береді. Білім берудің құрылысын, оқушылар мұғалім берген мақсаттарды түсінетіндей, қабылдайтындай етіп құру керек және оқушы мұғалім қойған мақсатты белсенді жүзеге асырушысы болуы тиіс. Оқушылардың білімге ықыласын, қызығушылығын арттырудың ең жақсы жолының бірі – сабақта ойындарды қолдану. Ойын арқылы баланы ойлата білу. 

            Сонымен функционалдық сауаттылық – адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Олай болса, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралады. Ал кең мағынасында ол тек білік пен білімділік әлеміне барудың жолы ғана емес, ол – ұлттың, елдің немесе жеке адамдар тобының мәдени және әлеуметтік дамуының өлшемі. Осындай сапалық сипаты тұрғысынан қарағанда функционалдық сауаттылық жеке адамды дамытудың тетігі ретінде қолданылады, сондықтан теория мен тәжірибені байланыста болуын қамтамасыз ету үшін әрбір пән бойынша берілетін білімнің мазмұны мен көлемін анықтағанда теориялық қағидалардың, заңдылықтар мен ережелердің, яғни ұғымдық-ақпараттық материалдардың бала өмірінде кездесетін түрлі проблемалық мәселелерді шешуге көмегі тиетіндей, бала оны қолдана алатындай тәжірибелік маңызы ескерілуі тиіс, сондай-ақ оқушылардың оқу материалын тек жаттап қана алмай, оның мән-мағынасын терең түсінуін қамтамасыз ету міндетті болып саналады.

        Қазақстан жаңа ғасырға дүниежүзі елдері қатарында терезесі тең ел ретінде келіп отыр. Жаңа ғасырды бастаған ұрпақ келер ұрпаққа қарыздар болып қалмас үшін қолдан келген игіліктерді жасайтыны анық. Қашанда білімі мол, рухани байлығы бар халықтың ұл-қыздары ешқашанда жүдемесі хақ. Біздің басты байлығымыз -білім. Қазіргі жас ұрпақтың білім мен тәрбиесі қандай дәрежеде болса, еліміздің ертеңі де сондай дәрежеде болмақ. Сондықтан қоғам талабына сай, қоғамды көркейтетін, дамытатын, Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы істер байланысында мемлекеттің өркениеті үшін еңбек ететін, шетелдермен еркін ғылыми  және мәдени қарым-қатынас жасай алатын, оқығанын өмірде қолдана алатын, ана тілін жетік білетін, ұлтжанды азамат дайындау- бүгінгі ұстаз қауымының басты мақсаты.

            Бүгінгі мұғалімнің өз саласында қажымас еңбек етіп, сапалы білім беруі, оның әлеуметтік жағдайының деңгейімен де тікелей байланысты екені рас. Мектептерді «жақсы мұғалімдермен қамтамасыз етпейінше, білім сапасын көтеру мүмкін емес» деген Мемлекет басшысының сөзі, біздің ойымызша, ең алдымен ауыл мектептері ұстаздарына бағытталып отыр. Сондықтан заманауи білім алған педагог мамандарының ауылға барып еңбек етуге қызығушылығын арттыру мақсатында бағдарлама қабылданып, сол бағдарламада мұғалім мәртебесі мен мүддесін қорғайтын өзекті мәселелер өз шешімін табу керек. Ахмет Байтұрсынұлының «Мұғалім - мектептің жүрегі» деген қанатты сөзі қайта жаңғырып, нұр үстіне нұр болары хақ.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары. ҚР Үкіметінің №832 қаулысы. 2012 жылғы 25 маусым , Астана, Үкімет Үйі.
  2. ҚР Білім беру жүйесін 2015 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы
  3. К.Өстеміров, А.Айтбаева «Қазіргі білім беру технологиялары» - А., 2006ж. /
  4. PISA халықаралық зерттеуін жүргізу аясында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту әдістері бойынша Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы. Тыңдаушының жұмыс дәптері // NIS – PEARSON
  5. PISA халықаралық зерттеуін жүргізу аясында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту әдістері бойынша Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы.  Мұғалімнің жұмыс дәптері // NIS – PEARSON
  6. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін 2011-2020 жылға дейін дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы. – Астана, 07.12.

 

 

1 173 0
Венера Балқыбек, Түркістан облысының адами əлеуетті дамыту басқармасының Сайрам ауданының адами əлеуетті бөлімі №47 Амангелді атындағы жалпы орта мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директорының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлы Дала Ұстазы № 002143
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: