Бүгінгі таңда дүниежүзінде оқытудың тиімді жолдары мен әдіс-тәсілдерін қолдану процессі жүріп жатыр. Мұндағы білім берудің түрлері мен әдістерін жаңартудың негізгі мақсаты – әрбір оқушының шығармашылық қабілетін барынша дамыту арқылы оның ұлттық дүниетанымын қалыптастыру,ұлттық мәдениетке баулу.Сол арқылы бәсекеге қабілетті, ой-өрісі кең, жан-дүниесі бай, жауапкершілік сезімі жоғары, қоғамда өз орны бар, іскер, жеке тұлға тәрбиелеу. Жас ұрпақты осындай азамат етіп тәрбиелеу бағытындағы оқу үрдісіне енгізілген үлкен өзгерістің бірі және бірегейі – Нұрша Оразақынованың сатылай комплексті талдау технологиясы.
Сатылай кешенді талдау - технология авторының тілімен айтқанда – ұлттық құндылығымызды бағалай білуге, оның білім көкжиегінде кең таралуына ықпал етіп, күнделікті өмірде қолдану аясын жақсартуға бағыттайтын оқыту.
Бұл технологияны алғаш қазақ тілінде жиі қолданып келсе, одан кейін өзге пәндер де, соның ішінде әдебиет сабақтарында да жиі қолданылуда. Өйткені бұл әдіс – оқушылардың өткен сыныптарда алған білімдерін ұмытпай, жаңартып отыратын, тіл дамыту жұмыстарын күн сайын өздігінен жүргізіп отыратын және тіліміздің қатпарлы қыры мен сырын, інжу-маржан лағылдарын шертетін технология.
Ойым дәлелді болу үшін әдебиет сабағында қолданып жүрген сатылай кешенді талдау үлгілерін көрсертейін.
Ыбырай Алтынсариннің «Өзен» өлеңіне сатылай кешенді талдау.
«ӨЗЕН» ӨЛЕҢІ
1. Авторы: Ыбырай Алтынсарин. Балалар әдебиетінің атасы, ұлы ұстаз.
2. Тақырыбы: Өзен суы
3. Жанры: поэзиялық шығарма
а) Лирикалық шығарма; Табиғат лирикасы.
4. Идеясы: Өзеннің табиғаттағы және адам өміріндегі атқарар рөлі.
5. Шумағы — 6 (алты).
6. Тармағы — 18 (он сегіз).
7. Бунағы — 54 (әр тармағы – 3 бунақ).
8. Буын саны —11-12 (әр тармағы).
9. Ұйқасы — 1-шумағы —қара өлең ұйқасы (а-а-б-а);
2-6 шумақтары аралас келетін шумақтар (егіз ұйқас а-а; кезекті ұйқас а-ә;)
10. Әдеби - теориялық ұғымдар.
а) Айнадай жарқырап — теңеу.
ә) Тау-тасты арқырап аралаған — кейіптеу.
б) Оттай жанып — теңеу.
в) Тоғайлар шуласады — кейіптеу.
г) Көк шалғын — эпитет.
11. Түсіндірме сөздік.
а) Өксіген жануарлар — шөлдеген.
ә) Қынарында — жағасында.
б) Жанабында — жанында.
в) Жай қалмайды — орын, жер, қоныс қалмау.
12. Өлеңнің негізгі түйіні — өзеннің тіршілік көзі екенін таныту және
қоршаған ортаны қорғауға, оларға құрметпен қарауға баулу.
Абай Құнанбайұлының «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңіне сатылай кешенді талдау.
«ҚАНСОНАРДА БҮРКІТШІ ШЫҒАДЫ АҢҒА» ӨЛЕҢІ
1. Авторы — Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы
2. Тақырбы — аңшылық.
3. Әдеби жанры — өлең (поэзиялық шығарма), Саяси әлеуметтік лирика.
4. Шығарманың негізгі идеясы — аңшылықты өнер деп түсінуге үйрету
және оны дәріптеу.
5. Өлеңнің композициялық құрылымы:
5-1. Аңшыға керек ең басты қажеттілік;
5-2. Түлкі мен бүркіттің бірін-бірі байқауы;
5-3. Көк тағысы мен жер тағысының шайқасы;
5-4. Арпалысты бейнелерге ұқсату; 5-5. Аңшы мақтанышы;
5-6. Өнерге берілген баға; 5-7. Аңшылық өнеріне кеңес.
6. 58 тармақты, 3 бунақты, 11-12 буынды, жыр үлгісінде жазылған өлең
7. Әдеби - теориялық ұғымдар: 7-1.Эпитет: тату жолдас, ыңғайлы ықшам киім,
жақсы ат, қанды көз құс, қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі, тар
төсек, алпыс екі айлалы түлкі, қызық іс, көкірегі сезімді,көңілі ойлы.
7-2.Теңеу: Жеке батыр шыққандай қан майданға; Ұқсайды қаса сұлу
шомылғанға; Таудан жиде тергендей ала берсең;
7-3. Метафора: Қырық пышақпен қыржаңдап тұрған түлкі; Сегіз найза
қолында көз аудармай;
7-4.Метонимия: Қанды көз қайқаң қағып шықты аспанға;
7-5. Шендестіру: Қар аппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл,
Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға.
8. Сөздікпен жұмыс: Қансонар – жаңа жауған қардағы із;
Ғанибет – қызық, тамаша, көңіл көтеру;
Аңдағанда – түлкінің ізіне түсушілердің жүрісі;
Томаға – бүркіттің бас қабы; Қырымнан – алыстан деген мағынада.
9. Тәрбиелік мәні: автордың суреткерлік шеберлігімен сомдалған қазақ
халқының саятшылық өнері туралы толық мағлұмат беру;
Ж. Аймауытовтың «Әнші» әңгімесіне сатылай кешенді талдау.
«ӘНШІ» ӘҢГІМЕСІ.
1. Авторы — Ж. Аймауытов.
2. Тақырбы — әншілік өнер.
3. Әдеби жанры — әңгіме (прозалық шығарма)
4. Шығарманың негізгі идеясы — өнерді жоғары бағалауға,
әншілік шеберлікті терең ұғынып, қадірлей білуге, өнердің
қоғамдық-әлеуметтік мәнін түсінуге үндеу.
5. Шығарманың композициялық құрылысы:
а) Оқиғаның басталуы — әншімен алғаш таныстық.
б) Оқиғаның байланысуы — Ән құдіреті.
в) Оқиғаның дамуы — Наурыздағы сауық-той.
г) Оқиғаның шиеленісуі — Ақтамақ хикаясы.
д) Оқиғаның шарықтау шегі — өлімді жеңген өнер құдіреті.
е) Оқиғаның шешімі — Әнші де жылайды екен.
6. Шығармадағы кейіпкерлер бейнесі.
а) Басты кейіпкері — Әмірхан.
(прототиві — Әміре Қашаубаев)
ә) Ақтамақ — Әмірханның сүйіктісі.
б) Лирикалық кейіпкері — Ж. Аймауытов.
в) Жұмабек (прототиві — Жарылғапберді)
7. Әдеби теориялық ұғымдар.
а) Эпитет: ми дала, меңіреу шөл, күміс көлдер, т.б.
ә) Теңеу: үйректей, қаздай қалқып, т.б.
б) Метафора: бұлбұлмын, тұлпармын, т.б.
ӘМІРХАННЫҢ МІНЕЗДЕМЕЛІК СИПАТЫ.
1. Қарапайымдылығы: Әмірхан қол ұстасып, сыпайы амандасып отырды.
Бұйығы, момақан жігіт.
2. Әншінің орындаушылық шеберлігі: ұшатын құстай қомданып-
қомданып алды. Отырғандар аузын ашып аңырды. Лебізі қулаққа
жағып, жүректі тербетті. Бойды шымырлатты.
3. Өнерге сүйіспеншілігі: ән салса өзін-өзі ұмытады. Әннің әуеніне
төңкеріледі. Даусы көмекейінен емес, жүрегінен шығады.
Рахаттанып гүл-гүл жайнайды.
4. Адамға үйірсектігі: Әмірхан кісіге тез болатын, жолдасқа жанын
қиятын адам.
5. Азаматтық тұлғасы: өзінің бірдемесін сұрасаң бере салады. Кісіні
алдауды, арын сатуды білмейді.
6. Махаббатқа адалдығы: ...сөйткен Ақтамақпен бір-ақ жұмадай
дәурен сүрдім. Ой, дүние-ай! – деп ауыр күрсінді де дыбыссыз
қалды. Бетіне қарасам көзінің жасы парлап тұр екен.
— Ақтамақтың қылығы бетер еді, - деп солқылдап тұрып жылады.
7. Мәтіндегі түсінуге қиын сөздер:
а) Жетішатыр — Семей қаласының ескі атауы.
ә) Жөпшеңді — анау-мынау, жай.
б) Орамал тастады — ұлттық ойын.
в) Жанторсық — қымыз құятын ыдыс.
г) Таң асып тұрған — бабына келген.
д) Қоржынбасы — екі басты қоржын.
Қорыта айтқанда, оқушыларға осындай тәсілдермен белгілі бір жүйе бойынша кешенді талдау жасату — оқушылдардың тақырыпты және теориялық материалдарды жан-жақты жете меңгеріп, әр сала бойынша тиянақты талдау дағдыларын қалыптастыруына зор ықпалын тигізеді және екінші тиімді жағы оқушының ойлау қабілеті мен сөйлеу тілі дамып, алған білімдерін нақты мысалдармен дәлелдеуге және сыни тұрғыдан терең ойлауға үйренеді.