Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1664

Оқу барысындағы диагностика жəне бақылау – қадағалау

Жоспар

 

  1. Оқу сапасын диагностикалау
  2. Қадағалау түрлері, формалары жəне əдістері

3.Оқу іс-əрекеттерінің нəтижелерін бағалау

                                                   

                                                      Оқу сапасын диагностикалау

 

Білімдену процесінің ажыралмас бір бөлігі диагностика болып табылады. Диагностика жəрдемімен белгіленген мақсат, міндеттердің табысты орындалуы анықталып барады. Ол болмаған жерде дидактикалық процесті тиімді басқару мүмкін емес. Диагностика – бұл дидактикалық процестің нəтижесін анықтау.

“Диагностика” түсінігінің мəні “білім, ептілік жəне дағдыларды тексеру” түсінігімен салыстырғанда едəуір тереңдеу əрі кең. “Тексеру” нəтиженің тек көрсеткіштерін ғана аңдатады, не себептен болғаны жөнінде дерек бермейді. Ал диагностикалауда нəтиже өзіне қол жеткізген əдіс – тəсілдермен бірге қарастырылады, дидактикалық процестің бағдар – бағытын, ілгерілі не кері қозғалысы анықталады.

Диагностика өз ішіне бақылау мен тексеруді, бағалау мен бағаны, жинақталған статистикалық деректер талдауын, дидактикалық процестің жүрісін, бағытын жəне жобалануын қамтиды.

Диагностикалаудың маңызды бөлігі – бұл қадағалау. Қадағалау – білім, ептілік жəне дағдылардың игерілу процесіне бақылау қоюды аңғартады. Қадағалау тексерулерден тікелей құралады. Тексеру – бұл білім, ептілік жəне дағдыларды игеру барысын бақылау үшін жүргізілетін əрекет – қимылдар жүйесі.

Мəн – мағыналық тұрғысынан бақылау, қадағалау кері байланыс түзуді қамтамасыз етеді, яғни оқушылардың оқу əрекеттерінің нəтижесі жөніндегі мəліметтерді алу мүмкіндігін ашады. Оқытушы өз шəкірттерінің қай білімді қандай деңгейде игергенін, жаңа ақпарат қабылдауға қаншалықты дайын екендігін анықтайды. Сонымен бірге оқушылардың өзіндік оқу жұмыстарының сипаты мен сапасын байқастырады. Қадағалау нəтижесінде мұғалім өз оқу жұмыстарының қаншама дəрежеде жемісті болғанын, педагогикалық процес мүмкіндіктерін оқыту – оқу мақсатында қай деңгейде пайдаланғанын сарапқа сала алады.

Бақылау, қадағалау кезінде оқушының өзі де өз оқу жұмыстарының нəтижесі бойынша ақпарат алады. Бұл оған білім игеру барысында қандай жетістіктерді қолға түсіргенін, сонымен бірге өз кемшіліктері мен олқылықтарының пəн бағдарламаларының қай тұстарымен байланысты болғанына көз жеткізеді. Тұрақты да бірізді қадағалаудан оқушының тəртібі жақсарады, белгілі жұмыс қарқынына үйренеді, ұнамды мінез, ерік сапаларын дамытады.

 

  1. Қадағалау түрлері, формалары жəне əдістері

 

Оқу процесіндегі қадағалау əртүрлі, көп формалы бола келіп, сан қилы əдістермен атқарылады. Педагогикалық тəжірбиеде қадағалаудың бірнеше түрін атауға болады: алдын-ала, ағымдық, мерзімдік, тақырыптық, қорытынды жəне өтілген материал ізімен.

Алдын-ала қадағалау - əдетте, диагностикалық міндеттерге орай жүргізіледі. Ондағы мақсат – оқушылардың оқуды бастауға дейін игерген білім, ептілік, дағдыларының деңгей, дəрежесін анықтау. Бұл жұмыс жыл басында не тақырыпты өту алдынан өткізіледі. Алдын-ала қадағалау нəтижесінің негізінде мұғалім оқу жұмыстарының тиімді түрлері мен формаларын таңдастырады.

Ағымдағы (күнделікті) қадағалау – оқу барысында ұйымдастырылып, білім, ептілік жəне дағдылардың қалыптасу дəрежесін, сонымен бірге игерілген материалдың қаншалықты терең жəне берік бекігенін анықтау үшін қолданылады.

Бұл қадағалаудың тиімділігі – оқушылар біліміндегі кемшіліктер мен олқылықтарды дер кезінде байқап, бағдарлама ақпараттарын меңгеруде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Күнделікті қадағалаудың дұрыс жолға қойылуы оқушылардың əр сабаққа мұқият əрі тыңғылықты дайындалып жүру жауапкершілігін арттырады.

Мерзімді қадағалау – белгілі уақыт аралығындағы жұмыстардың қорытындысын алуға пайдаланылады. Ол не тоқсан не жыл жартысы аяғында жүргізіледі.

Тақырыптық қадағалау – тақырып, бөлім материалдары өтіліп болған соң өткізіледі.

Қорытынды қадағалау – оқу процесінің соңғы нəтижелерін жинақтау үшін қолданылады. Ол пəн бойынша бүкіл білім, ептіліктер мен дағдылар жүйесін қамтиды.

Өтілген материал, тақырып ізімен қадағалау – тақырып, курс, бөлім өтіліп, бірқанша уақыт озған соң қалдық білімді анықтау үшін қолданылады. Мерзім үш айдан жарты жылға дейін не одан көп созылуы мүмкін. Мұндай қадағалау оқу процесінің тиімділігін соңғы нəтиже бойынша пайымдау талаптарына сəйкес келеді.

Қадағалау əрқилы формада жүргізілуі мүмкін. Формалық жағынан мұндай жұмыс жеке-дара, топтық жəне сыныптық болып бөлінеді.

Қадағалау барысында əрқилы əдістер де қолданылуы мүмкін. Қадағалау əдістері дегеніміз – бұл оқушылардың оқу танымдық іс - əрекеттері мен мұғалімдер жұмыстарының нəтижелілігін айқындауға жəрдемші жол, тəсілдер.

Педагогикалық практикада ауызша, жазбаша, тəжірибелік, компьютерлі (машынды) қадағалау жəне өзіндік қадағалаулар қолданылуда.

Ауызша қадағалау – оқушыларға ауызекі сұрақ қоюмен орындалады. Ол шəкірттердің білім, ептілік жəне дағдылар деңгейін айқындауға, сонымен бірге оқушының материалды баяндау қисынымен танысуға, меңгерген білімдерін процестер мен төңіректе болып жатқан оқиғаларды түсіндіре алу ептіліктерін байқауға, өз пікірін білдіру мен дəйектеу жəне қателікті көзқарастарға қарсы тұрып, дəлел келтіре алу ұқыптарын анықтауға мүмкіндік береді.

Жазбаша қадағалау – жазба бақылау тапсырмаларын (жаттығулар, бақылау жұмыстары, шығармалар, істелген жұмыстар бойынша есеп беру ж. т. б.) орындау формасында жүргізіледі. Мұндай қадағалау əдісі барлық оқушылар білімін бір уақытта тексеруге мүмкіндік береді, алайда жазба жұмыстары көзден өткізіліп, бағалау көп уақытты талап етеді.

Тəжірибелік қадағалау – оқу, тұрмыс жəне өндірістік ептілік, дағдылардың қалыптасуын не қозғалыс, қимыл дағдыларының орнығуын анықтауда пайдаланылады.

Ақпараттық технологиялардың дамуымен компьютерлі қадағалау ен жаюда.   Мұндай машынды қадағалау оқытушының да, оқушының да уақытын үнемдеуге көп көмегін тигізеді. Компьютерлі қадағалау арқылы білім деңгейін өлшестіру мен бағалауға бірыңғай талаптар белгілеу мүмкін. Бұл қадағалауда оқу нəтижелерін статистикалық талдау мен өңдеу өте жеңіл. Білім бағалаудағы мұғалім субьективизміне машын шек қояды.

Машынды қадағалау қолданумен өзіндік қадағалауды да оңтайлы ұйымдастыруға болады, дегенмен өзіндік қадағалауды қарапайым жолмен де өткізу мүмкін. Бірақ бұл үшін оқушыларды өз бетінше қателіктерін байқауға, танымдық міндеттердің қате шешілу себептерін талдауға, оларды болдырмау, түзеу жəне реттеуге үйрету қажет.

Əртүрлі қадағалау əдістерінің бірге қолданылуы аралас (тығыздалған) қадағалау деп аталады. Əдетте, мұндай тексеру ауызша жəне жазба сауалнамалар беру түрінде өтеді.

Оқу процесіндегі қадағалауларға төмендегідей педагогикалық талаптар қойылады:

қадағалаудың даралықты сипаты. Əр оқушы жұмысы, оның жеке оқу іс-əрекеттері өз алдына қадағаланады. Бір шəкірттің оқуындағы нəтижелерді ұжымдық жұмыстар қорытындыларымен не керісінше алмастыруға болмайды;

  1. жүйелілік қадағалаудың оқу процесі барша кезеңдерінде үздіксіз, ретімен өтіп тұруы;
  2. қадағалау формаларының əртүрлігі. Осыдан қадағалаудың оқыту- үйрету, дамыту жəне тəрбиелеу қызметтері қамтамасыз етіледі;
  3. қадағалаудың жан-жақтылығы. Қадағалау баланың теориялық білімдерін, ақыл-ой парасаттылығын, тəжірибелік ептіліктер мен дағдыларын тексеруге мүмкіндік береді;
  4. қадағалаудың шынайылығы. Қадағалауда субъектив жəне қателікті пікірлер мен қорытындыларға жол берілмеуі тиіс;
  5. жекелестірілген бағыт-бағдар. Оқушылардың жеке-дара тұлғалық сапа-қасиеттері ескерілуі тиіс;
  6. мұғалім тарапынан болған талаптардың бірыңғай болуы.

Соңғы кездері тестік қадағалау көптеп қолданылуда. Мұндай тексерудің негізгі құралы – тест тапсырмалары. Өлшестіру, анықтау нысаны тұрғысынан педагогикалық, психологиялық, əлеуметтік – психологиялық, мəдени – эстетикалық таным тестері ажыралады.

 

 

 

  1. Оқу іс-əрекеттерінің нəтижелерін бағалау

 

Оқушылардың оқу-танымдық жұмыстарын қадағалау нəтижесі сол жұмыстарды бағалаудан көрінеді. Бағалау – білім, ептілік жəне дағдылардың игерілу дəрежесін анықтау.

Бағалау қызметтерінің сандық көрсеткіші – баға, яғни баға оқушылардың білім, ептілік, дағдылар дəрежесінің шартты сан не ұпаймен белгіленуі.

Оқу нəтижесі тек баға емес, басқа да жолдармен анықталуы мүмкін. Мысалы, ол ауызекі қолдау не қолдамау, алғыс жариялау, мақтау парағы не медальдармен мадақтау жəне т. б.

Білім бағалауда шынайылылық, білім сапасын анықтаудағы бірыңғай талап үлкен маңызға ие. Себебі, білімдік баға оқушыға ықпал жасаудың өте нəзік құралы. Көтеріңкі баға шəкіртті қуантады, қанаттандырады, сонымен бірге оның жұмысқа болған немқұрайлылығын да пайда етеді. Əсіресе, болымсыз бағаның əсері күшті: ол баланың оқуға деген ықыласын арттыруы да не тіпті оқудан бас тартуға ықпал жасауы мүмкін. Сондықтан да, кейінгі жылдары бағалау, баға қою мəселесі үлкен пікір талас туғызып отыр. Педагогтардың бір тобы сыныптан сыныпқа оқушыны білім сапасына қарамастан өткізуді ұсынуда. Осыған байланысты еліміздегі бағалау проблемасының əр кезеңдегі  жайы  өз алдына қызықты.

 

Әдебиеттер тізімі

1.Бабаев С.Б., Оңалбек Ж.К.. Жалпы педагогика: Оқулық – Алматы: «Нұр-пресс», 2005 – 228 бет.

 2. Ә. Мұханбетжанова. Педагогиканы оқыту әдістемесі. Оқулық. – Алматы: ЖШС    РПИК «Дәуір», 2011ж. – 368 бет.

3. Дүйсембинова Р. Қ.  Д87 Кəсіби педагогика: Оқулық. – Алматы: 2012. – 348 бет.

 

250 0
Умирбек Абдрахимов, «Ұлықбек атындағы жалпы орта мектеп» КММ – нің тарих пәні мұғалімі Ұлы Дала Ұстазы № 002119
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: