Танытқан қазағымның қазақтығын,
Танытқан қазағымның азаттығын,
Танытқан қазағымның ғажаптығын,
Айналдым құдіретіңнен, Қазақ тілім!
Сенімен Махамбетті, Абайды ұқтым,
Сенімен Жамбыл жыры- арайды ұқтым,
Сенімен мейірімді ананы ұқтым,
Сенімен мейірімді даламды ұқтым,- деп жырланғандай, әрбір қазақ ұлтының баласы айтар ой осы болу керек. Бәрімізге белгілі, тіл- ең алдымен кез келген ұлттың ұлттық белгісі, айырымы, символы. Ана тілінің терең иірімдерін бойлай білу әрбір азаматтың парызы екендігін атақты атамыз Әбділдә Тәжібаевтың:
«Туған тілім- тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім, менде бірге өсемін,
Өшсе тілім, менде бірге өшемін»,-
деген өлең жолдарынан айқын сезінеміз. Сондықтан тәуелсіздік алған ұлт алғашқы қадамын ана тілінің тұғырын нықтап, мәртебесін биіктетуден бастайды. Дүние халықтарының тәуелсіздік жолындағы күресінің тарихы бізге осыны көрсетеді, ТМД елдерінің бүгінгі даму барысы да осыны дәлелдейді. Ендеше, тіл мәселесі- тәуелсіздік алған мемлекеттердің назарындағы басты мәселе және бұл ешкім күмән келтірмейтін ақиқат. Қазақтың М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Торайғыров, С.Сейфуллин секілді зиялыларымыз Кеңес өкіметінің солақай саясатының салдарынан қазақ халқының тілінің жойылып бара жатқанын жасқанбай жырлап, жұртты білім алып, қараңғылықтан шығуға үндеген болатын. Сол ызғарлы жылдары ақындарымыз қалай қаймықпай жырлады десеңізші...?! Ал, қазіргі егемендік алғандағы заманымызда қазақ тілінің жағдайына бей- жай қарай алмаймыз. Керісінше, тіліміздің абыройын көтеретін сәт осы емес пе?! Белгілі француз ғалымы, мәдениеттанушы және философ Ж.-К.Леви-Стросстың біздің заманымызға қатысты «ХХІ ғасыр- гуманитарлық ғылымның ғасыры болады» деп айтқан болжамы бар. Осы болжамды нақтылай түсетін Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынде дер кезінде көтеріліп отырған мемлекеттік тіл мәселесі қамтылған.
«Тәуелсіз дербес өмірге өзінің ана тілінде сөйлейтін және төл әдебиеті бар халық қана таласа алады»- деп А.Байтұрсынұлы ғұламамыз айтып кеткен. Ендеше, қазақ ұлты жоғалмауы үшін, жаным да, қаным да қазақ,- деген әрбір азамат өз ана тілінде сайрап тұруы қажет. Елбасымыз қолынан келгенше тілімізді, дінімізді қазақы рухта сақтап қалуға бар күшін салып жатыр емес пе?! Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды,- деп ғұламаларымыз жай айтпаған, жұмылып, қазақ болып, біз өз тілімізді сақтамасақ, қадірлемесек, сүймесек, оның тағдырына алаңдамасақ, басқа ұлттың басы ауырмайды. Осыны баршамыз жүрегімізбен сезіне білуіміз керек емес пе ?! Сондықтан, Елбасы әрбір еңбегінде қазақстандық рухани жаңғыру, өзара байланысатын, бірін-бірі толықтыратын келесідей төрт мәселенің қисынын қамтиды. Біріншіден- жалпықазақстандық азаматтық қоғам орнату мұраты түбінде жетуіміз керек айнымас мақсатымыз болуы тиіс. Екіншіден, бұл қоғамды мемлекеттік тіл факторы негізінде құру мәселесі. Үшіншісі, жалпықазақстандық азаматтық қоғамды құруда мемлекеттік тілдің интеллектуалды әлеуетінің жетіп- артылатын болуы және соған жағдай туғызу мәселелері. Төртіншіден, жалпықазақстандық азаматтық қоғамның «Мәңгілік ел» аталатын өркениеттік құбылысқа ұласуы үшін мемлекеттік тілде төл философиялық жүйені қалыптастыру. Жалпықазақстандық азаматтық қоғам орнату мемлекеттің саяси басшылығының ғана емес, ол, сонымен бірге, бүкіл қазақстандықтардың ортақ арманы, азаматтық өремен таңдалған жолы болуы тиіс. Бұл ретте, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев көрсетіп бергендей, мемлекеттік тіл- қазақстандықтарды ұйытушы бірден-бір факторға шынайы айналуы қажет. Онсыз, азаматтық ұлтты- қазақстандықтарды қоғамдық санада орнықтыру мүмкін емес.
Мемлекеттік тіл- мемлекеттілік пен мемлекет ұғымдарын «Мәңгілік Ел» идеясы арқылы біте-қайнасқан мәндерге айналдырудың табиғи тетігі. Қазақстанның оқыс өзгерістерге бой алдырмай, сондай-ақ тамырын тәуелсіздіктің мұраттарынан тартатын басты жолынан да көз жазбай, елдің әлеуметтік-мәдени ерекшелігін, саяси ахуалын ескере отырып, азаматтық қоғам идеяларын кезең-кезеңімен, біртіндеп бекітуге кірісуі- мемлекеттілігіміздің баянды дамуының басты кепілі. Алдағы мақсат- қазақ халқының этномәдениеті арқылы тұлғаны әлеуметтендіру, әлеуметтенген жан- жақты мәдениетті тұлғаны дамыту, рухани мұра құндылықтары тәрбие жұмыстарына кеңінен қолдану сияқты іс- әрекеттерді жүзеге асыру арқылы мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту. Мақсаттың орындалуы- халықтың, көптің ісі. Біз- көпұлтты мемлекетпіз. Сондықтан да, мемлекеттік тілдің мемлекеттің Конституциясы, Елтаңбасы, Туы, Әнұраны және Астанасы секілді айрықша қастерлі ұғым болуының маңыздылығы артады.
Қазақ тілі- қазақ халқының ұлттық, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазіргі қазақ тілі өзара туыстас ру- тайпа одақтарының бірігуі және соның негізінде қазақ халқы мемлекеттігінің құрылуы нәтижесінде XV- XVII ғасырда қалыптасқан. Бұл тілде Қазақстан және Қытай Халық Республикасында, Моңғол Халық Республикасында, Иран, Ауғанстан, Түркия, сондай-ақ, ТМД елдерінде: Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, тағы басқа елдерде тұратын 11млн-нан астам халық 1997жылдан бастап сөйлей бастады. Туыстық тегі жағынан қазіргі қазақ тілі Батыс түркі тілдерінің қыпшақ тобына кіретін: ноғай, қарақалпақ, қырғыз, татар, қырым татар, башқұрт,балқар және осы топтағы өзге де тілдермен жақын туыстық қатынаста тұрады. Қазақ тілінің тарихи тамыры тым әріден басталады. Егер біз қазақ ұлтының қалыптасуын ұдайы даму процесі ретінде оның ұлттық ажырамас құрамы- үйсін, қаңлы, тағы басқалар ру- тайпалық одақтарының тарихымен мұралық байланыста қарастырсақ, онда ол көне, орта және жаңа болып басты үш дәуірге бөлінеді. Бұлар өз ретінде түрлі тарихи жағдайлар, басқа да әсерлерге байланысты қазақ этносы тілінің әрқилы қалпын танытатын кезеңдерге сараланады. Қазіргі қазақ тілін ру- тайпалық тілдердің ұзақ тарихи даму барысында қалыптасып, тұтастыққа қолы жеткен бір бүтін тіл деп қабылдасақ, ол өзінің осы ұзақ тарихының көне, орта және қазіргі даму кезеңдеріндегі әр алуан жағдайларды, басынан кешіргенін мойындағанымыз жөн.
Халқымыздың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев: «…Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың кең жазық даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі- бәрі көрініп тұр. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ»,- деп тіл жайында терең толғанған екен. Шыныменде, қазақ тілі- табиғатынан бай, көркем де, бейнелі ұлттық тіл. Әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға тиіс. Ол- атадан балаға мирас болып қалып отыратын, баға жетпес мұра. Өзге тілдерден сөздер алмасу, тың атауларды өз тілінде орынды жұмсау- ана тілін, төл әдебиетті шұбарлау емес, керісінше, байыту, кемелдендіру, көріктендіру. Абай Құнанбаев осылай қараған. Қазақстан келешегі- қазақ тілінде. Қазақстанды дамыған, өркениетті, елу елдің қатарына енгізетін біздің болашағымыз- бүгінгі жастар. Олардың міндеті- елінің намысын қорғап, оны әлемге таныта білу. Әлемге таныту үшін әр жас өз елінің тарихын, тілін жетік білуі керек. Тілдің иесі- кешегі қазақ, бүгінгі қазақ және болашақтағы қазақ. Тіл- өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Сондықтан да, өз ана тіліміздің қадірін біліп, өз тілімізде дұрыс сөйлесе білу- қаны қазақ баласының бірден-бір міндеті.Тіл- ұлттың жаны, ары. Ұлтымыздың мерейі үстем, абырой- беделі асқақ болу үшін біліміміз бен біліктілігімізді, жігер- қайратымызды қазақ тілінің қадір- қасиетін білетін, тіл тұғырын биік ұстап өтетін, ата жолын қуған- ел бастаған көсемдер, қол бастаған батырлар, сөз бастаған шешендерді тәрбиелеп өсіруге бет бұрайық. Шүкір, тәуелсіз ел болдық. Ес жиып, етек жапқан түріміз бар. Шекарамыз бекем, шаңырағымыз биік. Бұл да «ғайыптан- тайып түспеген бақыт»- екені бесенеден белгілі. Бабамның діні мен Анамның тілі- ұлтымыздың аумалы- төкпелі ғасырлардан аман алып өткен асыл қазынасы. Алайда, тіліміз жағаға жармасқан ғаламдық жаһандану құбылысының қат-қабатында қалып кетпес үшін қазақтың ойланғаны, ойдан түйін түйгені өте қажет.
Әдебиеттер:
- М. Шәбжантайқызы. Ана тілім азығым, адастырмас қазығым. Көкшетау, 2002ж
- Н. Оразақынова, Н. Әміреев, Н. Сапақова. Қазақ тілі сөз мәдениеті- Алматы, Мектеп, 2006ж
- Ж. Адамбаева, Ф. Оразбаева, Қ. Оналбаева. Қазақ тілі- Алматы, Мектеп, 2007ж
- С. Дүйсебаев. Қазақ тілі. Алматы, Мектеп, 2004ж
- Орталық Қазақстан газеті 2010 жыл
- Қазақ Энциклопедиясы. Алматы, 2004ж