Ұстаз болу – өз уақытын аямау,
Өзгенің бақытын аялау.
Өмірде мамандықтың түрі көп. Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар. Дәрігер адамды емдесе, мұғалім оларды оқытады, әнші ән айтады, құрылысшы үй салса, тігінші киім тігеді. Тағы да басқа мамандықтар туралы айта беруге болады. Адамдар мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек. Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана бақытты болады. Ал жүрегі қаламаған мамандық иелері көптеген қиындықтарға кездеседі.
«Еңбегіңнің ел кәдесіне жарағанын сезіну – үлкен бақыт...» екені даусыз. Қазіргі уақытта жас жеткіншектерге білім берумен қатар олардың мынау өмірге бейімделіп, осынау өмірден өз жолын таба білуіне көмек беру үшін қазіргі заманға сай мамандықтың қажет екені ақиқат.
Қазіргі уақытта заман дамып, өмірімізге еніп, күн сайын қарқынды дамып келе жатқанымызда жаһандану үрдісімен келген қиыншылықтар көбейіп бара жатыр. Көгілдір экранды жаулаған шетелдік фильмдер, түрлі діни бірлестіктер, ұялы телефондағы музыкалар, құлаққа таққан құлаққаптар осының бәрі жастардың санасын улап жатырғаны жасырын емес. Осылардың бәрі жастардың көңіл – күйіне , психикасына әсер етуде. Міне, осындай жаңа буын жеткіншектердің жүрегіне үңіліп, олардың сырлас досы, қиналғанда қол ұшын беретін жанашыры болатын мамандықтың иесі болу менің арманым еді. Арманның жетегіне еніп, мен «Физика және инфоматика пәнінің мұғалімі» деп аталатын мамандықты таңдадым.
Адам болып жаратылған соң тірлікте мақсат қойып оған жету ерлік те. Бала күннен армандаған кәсібім, кім біледі, қолым жеткен бақыт па әлде салмағы көп ауыр жүк пе?
Ия, қай мамандықтың да өзіндік қызығы мен қиындығы бар. Ал менің таңдауым - өзгеге өте қиын мамандық. Қазақстанның болашағы – жас ұрпақ десек, олардың еш алаңсыз жеке тұлға болып қалыптасуы үшін де менің өзіндік қолтаңбам болса деймін. Ең алдымен ғажап мамандығым арқылы болашақтарына сеніммен қарауға жетелегім келеді.
Қазіргі кезде физика және информатика пәндерінен 7 – 11 сыныптарға сабақ берудемін. Еңбек өтілім – 20 жыл. Мұғалім шеберлігінің кілті оның сабақ технологиясын меңгеруі, әдістемелік тәсілдерді қолдана білуі болып табылады. Қазіргі кездегі мұғалімнің басты мақсаты – ол оқушыға қажетті білім берумен шектелмей ол білімді керек уақытында қолдана білуге үйрету. Осы ретте «Көп білген кемеңгер емес, білімді қолдана білген кемеңгер» деген қанатты сөзді еске түсірген артық емес. Осы мақсатта оқушыға дайын ақпаратты бермей оны өз бетімен ізденуге үйрету керек. Шәкірттеріміздің ойлау қабілеті жақсы қалыптасқан, шығармашылық қабілеті дамыған, ойын еркін жеткізе алатын түлек болып қалыптасуы үшін ұстаздың әдістемелік қоржынында көптеген тәсілдері болуы керек. Осы мақсатқа жету үшін мен өз сабақтарымда әртүрлі әдістерді қолданып отырамын. Сонымен қатар қазіргі талаптарға сай физика пәнін оқыту үрдісінде компьютер, электрондық оқулықтар, интерактивті тақта пайдаланып отырамын. Мектепте ұстанатын проблемалық тақырыбым: «Физика пәнін оқытуда АКТ – ны тиімді қолдану арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттыру ».
Өзімнің педагогикалық іс-әрекетімнің негізі етіп білім алушының физика пәніне ықыласын арттыруда ақпараттық-белсенді оқыту технологияларын пайдалана отырып, өзіндік ізденіс жүргізуді тәжірибеде жүзеге асыру. Менің ең басты міндетім – оқушылардың пәнге сүйіспеншілігін арттыру. Сондықтан баланы тұлға деп тану, оның пікірімен санасу, оқушының кішкентай қуанышын, табысын бағалай білу қажет деп ойлаймын. Сонымен қатар сабақтарымда тағы бір маңызды міндетім сыныптағы барлық оқушылардың оқыту процесіндегі белсенділіктерін арттыру әдістерін қолдану. Осы мақсатта сабақтарды түрлендіріп, сабақ кезінде әртүрлі технологияларды үнемі қолданып отырамын. Мен күнделікті жұмысым оқушыларға физика пәнінен сабақ берумен арқылы балалардың психологиясын зерделей отырып, олардың жат қылықтың жетегіне ермес үшін алдын алу жұмыстарын жүргіземін. Зерделеу, зерттеу жұмыстарының нәтижесімен оларды түзетіп кеңестер беріп, мәдени ақпараттармен жүйелі таныстырып отырамын. Кез келген уақытта физика пәні бойынша тығырықтан шығуға болатынын түсіндіруге тырысамын, қуанамын.
Мен өз мамандығымның халыққа қажет екенін сезінгенде, бұл мамандықты текке таңдамағаныма риза боламын. Әр оқушыға физика арқылы өмірдің қыр – сырын жетік ұғындыра алсам, бұл менің жемісім деп білемін. Менің алар асуым әлі алда деп білемін.
Физика – табиғаттың таңғажайып құбылыстарынан терең сыр тартатын ғылым. Осы таңғажайып сырларды оқушыларыммен бөлісуге әрқашан да дайынмын. Мен өз мамандығыммен мақтанамын.