Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1620

Заманауи әдіс – тәсілдермен тиімді педагогикалық технологияларды қолдану арқылы білім сапасын арттыру

«Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тез қолға түседі. Шала мейір шала байқалады.

Абай Құнанбаев

 


        
«Білім беру жүйесінің басты міндеті – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық коммуникациялық желілерге шығу, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» – деп Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8 – бабында атап көрсеткендей, қазіргі кезеңде әрбір мұғалімнің алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі – оқытудың әдіс – тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа педагогикалық технологияны меңгеру. Ал білім беру жүйесінің алдындағы жаңа міндеттердің бірі инновациялық педагогикалық оқыту технологияларын пайдаланып білім сапасын арттыру.

       Жаңаша оқыту жүйесі бойынша балаларға білім дайын күйінде берілмейді, керісінше оқушылардың өздерін еркін ұстауға, ойлануға мүмкіндік жасалады. Олар өз беттерімен және өзара әрекеттесе оқып-үйреніп, ортақ бір шешімге келуге бағытталады. Сондықтан да қазіргі таңдағы әрбір ұстаздың да, оқушының да іс-әрекеті ерекше шығармашылық сипатта болуы керек.
 Оқыту жүйесінің  мақсаты – оқушылар өздерінің қалай оқу керектігіне назар аудара отырып, олардың өз ойлары мен дәлелдемелерін нақты жеткізе алатын, яғни ойға жүйрік, тілге шешен, әрі жазбаша түрде еркін, көркем бейнелеп жазуға төселген, бірнеше тілді қатар меңгерген бәсекеге қабілетті жан-жақты жетілген жеке тұлға қалыптастыру болып табылады.
 Ондай «тұлға» болашаққа сенімді, ынталы, сыни пікір көзқарастары жүйелі дамыған, қазіргі сандық технологияларды, өмірде өз білімін қалыптан тыс жағдайда да еркін әрі терең пайдалана білетін жан болуы тиіс.
 Әлеуметтік –сындарлық тұрғыдан оқытуды түсіну /Выготский, 1978; Вуд, 1998 / мұғалімдерге арналған нұсқаулығында айтылғандай «Оқыту мен оқытудағы жаңа тәсілдер» негізінде жатыр. Балалар өзінің түсінігін өзіндік зерттеулері мен әлеуметтік өзара байланысқа сәйкес құратын белсенді білім алушылар болып табылады.
 Жаңашыл әдіс-тәсілдер мен заманауи педагогикалық технологияларды тиімді қолдану жолында әріптестерім де ат салысуда. Әр сабақтың тиімді әрі нәтижелі өту үшін әр ұстаз өз шығармашылығын дамыту мен ізденіс үстінде.
 Тапыныс тудыру немесе қызығушылық ояту. Үйренушінің оқуға, үйренуге деген ықылас- ынтасы, ниеті мен зауқы болмаса, оқу нәтижесінің мардымды болуы екіталай. Француз жазушысы Анатоль Франц кезінде «тамақ тек зор тәбетпен ішкенде ғана сіңеді» деген екен. Оқу мотивациясы дегеніміз деп осы сияқты білімге, білуге, үйренуге деген «тәбет».

Топтық жұмыс, біріншіден, оқушыларға бірігіп жұмыс істеу мүмкіндігін тудырады. Екіншіден, ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Үшіншіден, бірін-бірі оқытуға, бірінен-бірі үйренуге жағдай жасайды. Бұл әдіс сонымен қатар топ болып ынтымақтастықпен бірігіп жұмыс жасауға,ойын еркін ортаға салуға, бірінен- бірі үйренуге септігін тигізді. Яғни, топтық жұмыс оқушылар арасында әлеуметтік өзара қарым-қатынасты, тиімді араласу, проблемаларды шешу және топ ішінде шығарманы жан-жақты талдауға көмектеседі.


 Топтық жұмыстың тиімділігі:
 • Оқушылар өзара достық қатынаста болады;
 • Бір-бірінен сұрай отырып білімдерін жетілдіреді
 • Өзгелерге ойын жеткізу үшін өз шешімін дәлелдеп үйренеді;
 • Менен сұрап қалады-ау деп қорықпайды, топ болып жауап береді;
 • Оқушылардың мектепке деген көзқарасы өзгереді. Уақыттары қызықты әрі тиімді өтеді.
 • Топтық жұмыста бос отыратын оқушы болмайды.

         Көптеген ғылыми зерттеу нәтижелері сабақта диалогтің маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатындығын атап көрсетеді. Мерсердің зерттеуіне сәйкес, әңгімелесу оқушылардың білім алуының ажырамас бөлшегі болып табылады және әңгімелесудің үш түрі бар,олар:
 - Әңгіме-дебат барысында;
 - Топтық әңгіме барысында;
 - Зерттеушілік әңгіме жүргізілу үстінде байқалады екен.
          «Диалогті оқыту арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыру, олардың білім деңгейін көтеру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Балаға күштеп білім беруден гөрі, баланың білімге деген құштарлығын ояту ең маңызды мақсат» деп К.Д.Ушинский айтқандай баланың білім алуға деген құштарлығын ояту үшін мұғалім көп ізденіп, сабақтың тиімді өтуіне жұмыс жасап, сабақ барысында оқудың белсенді әдістері, диалогтік оқыту және оқу әдісін қолдануда білім сапасын арттыруға көп көмегін тигізеді деп ойлаймын. Оқушылар диалог әдісін қолдана отырып, білімді бірлесіп құру, талқылау, түсіну мен дағдыларды қалыптастыру арқылы білім алады.

Қазіргі таңда әдіс-тәсілдің тиімдісін мұғалім өз еркімен таңдайды. Қ. Жұбанов айтпақшы: «Егер мұғалім пәнді жақсы білсе, онда дұрыс әдісті де табады». Сондықтан түрлі әдіс-тәсілдерді саралай отырып, тиімдісін өзіндік ой еңбегімен ұштастыра алса, әр сабақ өз нәтижесін беретініне сенемін. Заман талабына сай шәкірт шығармашылығын дамытуға, мұғалімнің қажеттіліктеріне жан-жақты жауап беретін тиімді технологиялар шексіз. Тәжірибеде сол технологияларды қолдану, оның-солын тану, зерттеу, пысықтап анализ жасау – әр ұстаздың міндеті. Сондықтан сабақтарды жоспарлағанда оқушыларда сыни ойлауын тудыратын сұрақтар немесе деңгейлік, кеңейтілген, құзырлылық тапсырмаларды сабақта қолдануға болады. Сыни ойлауды дамытуда қолданылатын стратегиялар оқушыларға мынандай мүмкіндіктер береді:

Айқын мақсат қоя білу;

Белсенді қатысуды қолдау;

Жақсы дискуссияның болуына себеп тудыру;

Өзінің жеке сұрақтарын құрастыру мен қоюға деген ынталарын жандандыру;

Өзінің жеке пікірі мен ойын білдіруге көмектесу;

Оқуға деген оқушылардың мотивацияларын қолдау;

Басқалардың пікірлерін де сыйлау керек деген атмосфера құру;

Кейіпкерлерге деген сезімдері мен елестету қабілеттерін дамыту;

Өзгерту стимул болады;

Сыни ойлауды дамытуды жоғары деңгейде қамтамасыз етеді.

      Заман талабына сай болашақ ұрпақтың оқып білім алуын еліміз бірінші орынға қойып отыр.  Білім беру мен білім алудағы атқарылатын қарқынды жұмыс ұстаздардың еншісінде екені айтпаса да белгілі.  Осы орайда ұлы педагог Ушинскийдің  «Бала – балқытылған алтын» деген қанатты сөз бірден ойға түседі. Балаға қалай бағыт берсең, солай өседі. Сондықтан баланың бойында жақсы қасиеттердің болуын, олардың жан- жақты дамуын, рухани бай тұлға қалыптастыра білуіміз керек.

      Біліктілікті арттырудың негізгі бағыты – мұғалімнің білім беру мен оқытудағы әдіс-тәсілдері жаңа бастама болып отыр. Сол бағыт шығармашылықпен, кәсіби шеберлікпен оқытуға негізделіп отыр. Бұл оқушының тапсырманы орындауда алған білімдерін бұрынғы білетіндерімен ұштастыру болып табылады. Оқушы сабақ барысында жан-жақты  дамып, сыныптастарынан үйренеді, бір-бірін үйретеді.

      Бастауыш сынып оқушыларына жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану арқылы оқушының білімге деген қызығушылығын оятып, терең ойлау қабілетін, белсенділігін қалыптастыруға болады. Бұған дейін оқушы мұғалім мен оқулыққа ғана бағынатын болса, енді ол сыни тұрғыдан ойланып, өз ойын дәлелдей алатын тұлғаға айналды. Оқушылардың тілін, ойын, еркін сөйлеуін дамытып, топпен жұмыс істеу кезінде бірін-бірі тыңдай білуге үйретеді.

Оқушының өз бетінше білім алуға деген құштарлығы оянады;

Шығармашылық жұмыс істеуге дағдыланады;

Оқуға ынта-ықыласы артады;

Бір-бірінің ойын, пікірін сыйлауға үйренеді;

Өз бойларына жақсы қасиеттерді жинауға үйренеді;

Өз ойын қағазға түсіруді үйренеді;

Оқушының жеке басын, ұжымды сыйлауға үйренеді.

Сабақ оқушының ой өрісін дамытып, терең білім алуына жағдай жасайды және оқушы бірде басқаға көмектессе, бірде басқадан өзі көмек алады. Ақын М. Мақатаев айтқандай «тарыдай болып кіріп, таудай болып шығады»

Өз іс-тәжірибемде нені пайдаланып жүрмін және қалай? деген сұрақ келер болсақ, білім беру барысында өзім төмендегілерді:

- Диалогтік әңгімеде мұғалім оқушыларды тыңдай білуге және оларға жауап бере білуі тиіс екеніне;

- Алғашқыда қойылатын сұрақтар ғана емес, оқушы жауабынан кейінгі туындайтын сұрақтардың да маңызы зор екеніне;

- Мұғалім оқушылардың жауабын, олардың білімдерінің деңгейін тексеру үшін ғана емес, оларға өз ойларын анық білдіруге дамытуға, кеңейтуге мүмкіндік беру керек екенін білдім.

Тиімді әдіс – тәсілдерді пайдалану арқылы оқушыларды ынтымақтаса жұмыс жасауына жағдай жасау.

      Алдағы уақытта оқушыларға топтық тапсырмалар беру арқылы оқушы өз қатесін өзі таба алатындай етіп, яғни өз бетінше жұмыс жасауына, ізденіспен жұмыс істей алу қабілетін ашуға тырысамын. Оқушылардың өзін-өзі реттеуі арқылы білім игерудегі бастау нүктесін табу.

 

Мұғалім әр сабағында оқушыларға сұрақтар қою арқылы, тақырып бойынша өз ойларын ашық, еркін айтуға мүмкіндік беру керек. Өзара талқылау арқылы, түрлі ойлардың болатындығын, бір бірінің түсінуіне көмектесетінін көрсетсе, сұхбаттасу арқылы өз ойларын дәлелдеуге тырысады.. Бұл оқушылардың қандай деңгейде екенін түсінуге көмектеседі. Біз көбінесе диалогтік оқытуды сұрақ – жауап ретінде қолданамыз. Яғни, бала теорияны меңгерумен қатар тәжірибе жүзінде де қалай жасау қажеттігін ұғынуы керек. Тәжірибелік жұмыс жасау барысында көптеген сұрақтар туындайды. Оқушылар өзара пікірлер мен болжамдар айта отырып, бірлесе жұмыс жасайды. Жұмыс жасау барысында оқушыларға көптеген сұрақтарды қоюға болады. Мысалы, кез келген сабақтың басталуы сұрақ – жауаптан тұрады. Сұрақтардың берілуіне байланысты оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыруға болады. Оқушы мен мұғалім арасында жақсы қарым-қатынас орнайды. Диалогтік оқыту оқушы мен оқушы арасында да туындауы мүмкін. Мұнда оқушылар бір-біріне сұрақтар қояды. Бір-бірінің жауабына қанағаттанбаса, қосымша да сұрақтар беруі мүмкін.

Оқу процесінде қолдануға тиімді ойындардың маңызды түрлерінің бірі:
 1. Рөлдік ойындар
 2. Іскерлік ойындар
 3. Имитациялық ойындар
 Рөлдік ойындар –тиімді интербелсенді әдістердің бірі. Педагогика саласында зерттеу жүргізетін ғалымдардың басым көпшілігі оқу/оқытудың ойын әдістердің кәсіби дамыуды қамтамассыздандырудағы ең тиімді әрі болашағы зор тәсілдер деп есептеледі. Өйткені іс-әрекет арқылы үйрену/үйрету –танымның тиімді тәсілі екендігі баршаға аян; адамның жадында бірінші мезетте өзінің жасағаны мен бастан кешкен әсерлері қалады. Ал рөлдік ойындар оқушылардың өздерін басқа адамдардың орнына қойып, мәселе немесе проблеманы солардың тұрғысынан қарастырып, шешімді өз «қолдарымен» жасауды меңзейді. «Ойын» сөзі сабақта инсценировканың орын алып, әрекеттердің спектакль түрінде көрсетілетіндігін меңзейді.
 Іскерлік оқу ойындарында қандайда бір сценарий ауқымында рөлдерді өзара бөлісіп зерттеу жұмыстарын жүргізу және деректерді талдау арқылы нақты практикалық мәселелерді бірлесе отырып шешеді. Оқу ойындарының сценарийлері тақырып ауқымында болып, күрделі мәселелерді ойын тұрғысынан «ойнап» шешуге бағытталады.
 Имитациялық ойындар дегеніміз адамдардың қалыптан тыс /экстремалды/ жағдайлардағы әрекетерін анықтайтын өмір сүру ортасынан үлгісін /модель/ құру. Мұндай жағдайлар қатарына «жанжал», «әуе апаты», «жер сілкінісі» «жау тылында», «робинзон» секілді оқиғаларды жатқызуға болады.

«Алдын ала берілген атаулар» – сабақ барысында жаңа тақырып бойынша тақтаға бірнеше атау /терминдер/ жазып қойып, оқушыларға олардың мағынасы, мазмұны және өзара қатынасы мен байланысы туралы ойлануы керек. Бұл жұмысты оқушылар жеке, жұппен нмесе шағын топ ішінде ауызша яки жазбаша /соңғысы тиімдірек/ орындауы ықтимал. Содан кейін бірнеше оқушының ойы мен пікірі тыңдалады.
 «Үш қадамды сұхбат» - тақырып бойынша оқушылардың бір-бірінен кезектесіп интервью алу тәсілі. Бұл тәсіл «Сұрақ қою, қайтадан сұрақ қою»
 Тәсіліне ұқсас, алайда мұнда басты назарды жауапқа аудару керек.

«Төрт сөйлем тәсілі» – сабақ соңында оқушылар өздерінің түсінік және жұмыс жасау деңгейлерін бағалау үшін мынадай тапсырмаларды орындайды:
 1. Пікір.
 Мәтін бойынша туындаған өзіндік пікірін /негізгі идеясын/ бір сөйлеммен келтіру керек.
 2. Дәлел.
 Келтірілген өзіндік пікірі бар сөйлеммен дәлелдеп шығу керек. Дәлел дегеніміз ұстанған көзқарасты логикалық тұрғыдан дәйектеу, негіздеу.
 3.Мысал.
 Енді келтірілген өзіндік пікірді тағыда бір негізден кету үшін бір сөйлеммен мысал келтіру қажет. Мысал, өмірден, практикадан алынуы керек; ақпарат көздеріне немесе көп тараған пікірлерге сілтеме жасау, практикада орын алған үрдіс, басқа адамдардың пікірі;
 4.Қорытынды.
 Өзіндік пікірді тағы бір рет пысықтап, қорытынды шешімді бір сөйлеммен келтіру керек.

Мұғалімдерге арналған нұсқаулықтың алтыншы бетінде көрсетілгендей, заман өзгерісіне сай мұғалімдерде өзгеріп, биік шыңдардан көріне беру керек деген ойдамын. Осы әдіс-тәсілдерді Қазақстандық мұғалімдер толық игеріп, тәжірибеге енгізілген жағдайда неге үздік жетістікке жетпеске деген ой түйдім. Болашақта теориялық және практикалық білімімді ары қарай жалғастырып әлі де білімнің биік шыңдарына жетемін деп ойлаймын.

      Қорытындылай келе, Абай атамыздың мына бір ұлағатты сөзімен аяқтағым келеді: «Ғылым-білімді әуел бастан бала өзі іздеп таппайды. Басында алдаумен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады»


Пайдаланған әдебиеттер:
 
1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы »
 2. Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламасы. Мұғалімге арналған нұсқаулық .Үшінші (негізгі) деңгей.
 3. Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері А. Әлімов Алматы2013

4. Абайдың қара сөздері А. Өнер. 2006.
 5. Оқудың иновациялық әдістері оқу әдістемелік құрал Cманқұлова Ж., Саметова Ф. Алматы-2014

6. Мұғaлімдерге aрнaлғaн нұcқaулық;

 

5 349 0
Эльмира Умарова, «№2 Ж.Жабаев атындағы бастауыш мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Ұлы Дала Ұстазы № 001961
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: