Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1619

ЕРТЕГІНІ ҚОЛДАНУ АРҚЫЛЫ МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ ТАНЫМДЫҚ ОЙ-ӨРІСІН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ

      «Бала тәрбиесі – бұл ата-аналардың ерекше азаматтық борышы» деп Н.Ә.Назарбаев айтқандай бала тәрбиесі қашанда маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Қоғамдағы материалдық қажеттіліктерге байланысты ата – аналар балаларына қарауға мұршалары жоқ. Балаларға рухани құндылықтарды беруге уақыт аздығынан тек материалдық құндықтармен ғана қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда бұрынғыдай ертегі оқып беретін әжелеріміз барма? Сол ертегіні құштарлықпен, қызығушылықпен, шыдамдылықпен тыңдайтын бала аз секілді. Қазіргі кезде балаларға отырып ертегі тыңдағаннан гөрі ғаламторға кіріп мультфильм көрген анағұрлым ыңғайлы. Бірақ бұл ғаламтордың және мультфильмдердің бала психологиясына қаншалықты әсер етіп жатқанын уайымдап жатқан ата –ана барма? Бұрынғы қазақ ертегілері қайда қалды?

         Қазақ халқының жас ұрпаққа тәрбие берудегі тиімді құралдарының бірі - ертегі. Ертегілердің мазмұнында халықтың тыныс-тіршілігі, әдет-ғүрыптары мен дәстүрлері, бақыт жолындағы күресі, адамдардың өзара қарым-қатынастары мен мінез-құлықтары, адамдардың еңбексүйгіштігі, өз халқына, Отанға, туып-өскен табиғатқа деген сүйіспеншіліктері бейнеленген 

         Ертегі терапиясы дегеніміз не? Бірінші, басымызға келетін нәрсе – ертегімен емдеу деген ой. Бірақ, ертегі мен ертегі терапиясын шатастыруға болмайды. Ертегі бір басқа, ал ертегі терапиясы – бұл мүлдем басқа. 

         М.Әуезов ертегінің адам баласына тәлім-тәрбиелік, рухани маңызы жөнінде айта келіп: " Ертегі - ол баяғы замандағы елдің дүниеге көзқарасын білдіретін, я сол көзқарастың белгілі ізін көрсететін, онан соң елдің белгілі салтын білдіретін, арнаулы үлгі айтатын, жамандықты жерлеп, жақсылықты көтеріп айтқан, ойдан шығарған көтерме әңгіме ", - деп анықтама береді. Ал, Ресейлік жазушы А.Н.Толстой «Ертегі – біз ұсақтап жинақтайтын, халықтың ұлы рухани мәдениеті, және де ертегі арқылы біздің алдымыздан халықтың мыңжылдық тарихы ашылады»,- деген екен. Көбінесе ертегілердің тәрбиелік құралы екеніне ата-аналар, яғни үлкендер сенбей жатады. Бұған К.Д. Ушинский көңіл бөліп былай деп жазды: «Халық ертегісінде балалардың ұлы және орындалған жыры бар – халық балаларға өз армандарын айтады, асып кетсе, халықтың өзі осы арманға жартылай сенеді» . 

         Баланың ертегі сюжетіне әсерленуі, кейіпкердің қиыншылықтарына алаңдауы оның келешекте өз алдында пайда болатын кедергілерден қиналмай өтуіне іштей дайындығын туындатады. Практикалық психологияның ертегілік терапия бағыты – баланың жақсылық пен жамандықты айыруына, мінез-құлықтық стереотиптерді тануына көмектесіп, адамдардың өмірде алдынан шығатын сан түрлі қиыншылықты ең соңында жеңе аларына деген сенімін нығайтады.

         Ертегі терапиясы арқылы балаға мынадай қасиеттерді сіңіруге болады:

Баланың шығармашылығы дамиды;

Ойлау қабілеті дамиды;

Баланың бойында тапқырлық дамиды;

Өз ойын жеткізе білу;

Рөлге ене білу;

Сөйлеу мәдениеті және т.б. қасиеттері дамиды.

         Қазіргі таңдағы көптеген зерттеулердің нәтижелеріне сүйенер болсақ, ертегі емдік мақсаттағы қолданылатын терапия екенін түсіндіріп, дәлелдеп отыр. Оларға қысқаша тоқталып кетер болсақ:

- Әлеуметтік ортада туындап отыратын көңіл-күйдегі агрессивті сезімдерден босаңсу. Сурет салу, живопись, түрлі-түсті краскалармен глинаны пайдалана отырып мүсіндер жасау – адам бойындағы психикалық қысымдардан босаңсуына пайдасын тигізетін ең бір зиянсыз әдіс.

- Психотерапияны жүргізудің вербальды түріне қарағанда, көптеген бейнелердің көмегімен ішкі уайымдаулар мен санасыз түрде кикілжіңге түсу себептерін сыртқа шығару оңайырақ болады. Яғни, терапияның тиімді әрі пайдалы жақтары осыдан байқалады. Сонымен қатар терапия барысын алға, жағымды жағынан ілгерілеуін тездетеді.

- Терапия жүргізу процесінде диагностикалық жұмыстармен интерпретация жасаудың негізгі мүмкіндіктерін нақты беріп отырады. Клиенттің жасап шығарған шығармашылық туындыларының шындықтағы бар нәрсе екенін ол өзі жоққа шығара алмайды. Клиенттің шығармашылық жұмысының стилі мен мазмұны ол жөнінде терапевтке көптеген ақпарат беріп отырады. Сонымен қатар туындының авторы терапевтпен бірге интерпретация жасауда көптеген өзіндік үлесін қосады.

- Көптеген арыла алмай жүрген ойлар мен қиын ауыр сезімдермен жұмыс жүргізуге болады. Кейбір уақыттарда үдемелі сезімдер мен қандай да бір наным-сенімдердің себептерін анықтаудың, оны түсіндіре алудың бірден-бір жолы – осы вербальды емес әдіс арқылы қарым-қатынас жасау болып табылады.

- Терапиялық өзара қарым-қатынасты нығайтуға көмегін тигізеді. Топ мүшелерінің шығармашылық жұмыстарындағы кейбір элементтерінің ұқсас келуі өзара жағымды сезімдер мен бір-біріне деген эмпатияның қалыптасуын тездетеді.

- Іштей өзін-өзі реттей алушылық пен өзін-өзі бақылай алу сезімінің пайда болуына әсерін тигізеді.

- Өз сезімдеріне зейін қоя отырып, көңіл бөлуін дамытады және нығайтады .

Фрейд өз еңбектерінде ертегідегі үнемі жуынатын мысықтың баланы тазалыққа үндейтін әдіске жұмылдырылғанын айтады. Мұндай ерікті энергиялар баланы жалқаулықтан арашалайтын көрінеді.

         Балалар дәрігерлері ертегі терапиясын екі бағытта жүргізеді. Біріншісі – айту мен баяндауға құрылған нұсқасы болса, екіншісі – қойылымдық бағыт.
 Орыстың «Шалқан» деп аталатын шағын ертегісі бар. Бәрімізге белгілі, отағасы – шалдың еккен шалқаны өте үлкен боп өседі де, күз келіп, егінді жинау науқанында шалқанды жерден суырып алу айтарлықтай қиындыққа соқтырады. Шал, кемпірі, қызы келіп тартқылағанмен, жерден суырылар болмаған шалқанды иті, мысығы, ең соңында олар тұратын үйдің жертөлесін мекен ететін тышқан келіп көмектескенде ғана жұлынады. Ертегінің айтпағы – ауызбіршілік. Олардың бір-біріне көмектесу себептері – туыстығы мен бір үйді мекен еткен татулығы. Демек, бір отбасы, бір үйде тұратындар бір-біріне әрқашан да қамқор болуы керек деген ойды аңғарамыз. Орыс психологтары осы ертегіні естіген алты жасқа дейінгі көптеген қыз балалар шешесіне үй шаруасында көмектесуге талпынса, ұл балалар жөргектегі бауырын жұбатуға талпынғанын айтады .

         Ертегі терапиясын қолдану арқылы дәрігерлер диагнозды баланың ешқашанда дауыстап айта алмайтын көңіл-күй жағдайларымен айқындайды. Ақ халатты абзал жандар баладан «ұядан құлаған балапанға қалай көмектескеніміз дұрыс?» деп жөн сұрайды және барлық емделушілер бір ауыздан шешесін шақырсын немесе әкесі келіп оны құтқарсын деп жауап беріпті. Бұл тұста дәрігерлер баланың жауабынан оның өміріндегі қиындықтарынан ата-анасы қол ұшын бермесе ешқашан құтыла алмаймын-ау деген жасырын үрейлі белгіні аңғарады. Егер мұндай құтқарушылары келмеген жағдайда «балапан ұшуды білмегендіктен өледі», «сол жерде жатып аштық пен суықтан өледі, оны мысық жеп кетуі мүмкін» деген үрейге толы жауаптар қайтарған баланың ары қарайғы өмірінің тұманды екені, оның үлкен психологиялық депрессияның алдында тұрғаны аңғарылған. 

         Ертегі терапиямен жұмыс жасау тек дәрігерге тән емес, бұл ата-ана, ұстаз үшін де міндетті нәрсе. Айталық, «Мақта қыз» ертегісін арнайы қойылым етіп тамашалайтын қара көздеріміз аз болса, психологтар орыс отбасыларында баланың көңілін көтеру мақсатында көптеген ертегілерді арнайы қойылым ретінде үнемі қайталап тұратынын айтады. Ертегі – отбасы үшін тек тыңдауға ғана емес, қойылым ретінде де сахналауға да ыңғайлы. Әкелерге – Ерназар, шешелерге – мыстан кемпір, ұлдары – алтын сақасын іздеген бала болып ертегі сомдаған шаңырақ қандай бақытты. Бұл отбасындағы өсіп келе жатқан бүлдіршіндер үшін ертегі терапиясы ғана емес, ересектер үшін де таптырмас татулықтың көрінісі болып табылады . 

Ертегі терапиясын тәжірибеде қолдану - адамзат дамуындағы тәжірибелік психологияның әдістерінің бірі. Көптеген зерттеу жұмыстары көрсеткендей - ертегідегі теңестірулер, яғни, метафора, адамның бейсаналы күйіне тікелей әсерін тигізеді. Ескеретін жағдай, метафора әсері терең әрі тұрақты деңгейде жүреді. Метафоралық ғажайып әсерлер жеке тұлғаның өзіндік, жекелік ресурстарын белсендіре түседі. Көптеген образдар, метафора тілдері қоршаған ортамен өзара қарым-қатынас орнатудың жаңа мүмкіндіктерін ашады, адам санасын оятып, белсендіреді. Ертегі терапиясын сол себепті де адамның рухани жан дүниесіне үйлесімділікте тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Сондықтан да психологиялық қызмет барысында ертегі терапиясын қолданғанда адамның жасы мүлдем шектелмейді.

         Ертегі терапиясының жетекші идеяларын бөліп көрсетуге болады:

- өміріндегі мүмкіндіктері мен өмірінің құндылығын, өзіндік әлеуетін сезіну;

- оқиға мен амалдардың себеп-салдарын түсіну;

- қоршаған ортаны түйсінудің әртүрлі стильдерін танып-білу;

- қоршаған ортамен өзара жасанды әрекет ету;

- үндестік пен күшті сезіну .

         Ертегімен жұмыс жасау барысында мынадай әдістерді қолданған жөн:

1. Ертегіні талдау. Мақсаты – арбір оқиғаны, әрбір кейіпкерді, әрбір бейнеленген сюжетті түсіне отырып шыққан қорытындыны ұғыну. Баладан көбінесе өз ойын сұрап отырған жөн.

2. Ертегіні әңгімелеу. Бұл әдіс баланың елестете алу қабілетін, қиялын дамытады. Балаға бұл ертегіні қатысқан немесе қатыспаған кейәпкердің атынан баяндап беруді ұсынуға болады.

3. Ертегіні қайта жазу немесе толықтыру. Ертегінің мазмұны немесе оқиғаның шиеленісуі, аяқталуы ұнамаған кезде қолданылатын әдіс. Ертегіні қайта жазып немесе кейіпкерлерін өзгертіп бала өзінің бойындағы өзгерістерді көрсетіп, шешімін таппай жүрген жағдайларды шешіп, өз ішіндегі толғаныстардан босай алады.

4. Қуыршақтар арқылы ертегіні сахналау. Бұл баланың қимыл – қозғалыстарын неғұрлым шынайы етіп, қуыршақтың мінез – құлқын да шынайы сомдай алуына көмектеседі. Қуыршақтармен жұмыс жасау арқылы бала өз бойындағы өзгерістер мен эмоцияларды жағдайларға байланысты көзрсете алмайтын жақтарын көрсетуге мүмкіндік алады.

5. Ертегіні құрастыру. Кез – келген қиял – ғажайып ертегілерде мазмұнның даму заңдылықтары бар. Басты кейіпкер бір отбасында дүниеге келіп, қиындықтарға тап болып, ол кедергілерді жеңеді және үйіне оралады. Сонымен, ертегі барысында кейіпкердің өмірі ғана сипатталмай, жеке тұлғаның қалыптасу кезеңі айтылады .

         Ертегі терапиясы психодиагностиканың, түзетудің және даму принциптері позитивтік терапияның принциптеріне жақын болып келеді: 

«Ғажайып» тәсілдердің көмегімен психодиагностиканың астарында тұлғаның толық көрінісін, сондай-ақ оның жеке мәселелік және потенциалдық бөлшектерін бейнелейтін проективті диагностика жобаланған. 

Ертегі терапиясымен түзетудің астарында мәселелік бөлшектерді кезінде болатын адамның шығармашылық және потенциалдық қабілеттерді жүйелі күшейту жатыр. 

Ертегі терапиясы мінез-құлықтың негативтік формаларын директивті өзгертеді. 

 Ертегі терапиясы баланың негативті мінез-құлқын алдын алу болып та саналады. Яғни, ғажайып формада адамға әртүрлі жағдайдағы және осы үлгілерден көп «өмір сүретіндей», жақсы нәрсеге ұмтылуға мүмкіндік беретін мінез-құлықтың көптеген үлгілері ұсынылады. Тәжірибе дәлелдегендей, адамның мүмкін болатын реакциясының, мінез-құлық үлгілерінің арсеналы неғұрлым көбірек болса, ол айналадағы әлемнің шартына жақсы бейімделген болар еді. 

         Ертегінің несімен тартымды екенін білу үшін біз Т.Д. Зинкевич-Евстигнееваның пікірлеріне жүгінсек, ол төмендегідей қорытындыға келген: 

Ертегінің терең мәні моралді дидактикалы емес. 

Ертегіде мысалдағыдай тікелей ақыл айтылмайды . 

         Бала өзін кейіпкерге санасыз түрде ұқсата отырып, болашақтағы мәселелерді болжай алуды және оларды дер кезінде шеше білуді, қанағаттану мен қажетті істі икемді орындауды үйренуі мүмкін. Ертегіде ешкім баланы «дұрыс өмір сүруге» үйрете алмайды. Ертегі тарихындағы оқиғалар шынайы және логикалы ағыммен жүреді. Сондықтан бала осы әлемде өмір сүретін себеп-салдарлық байланыстарды, заңдылықтарды меңгеріп және қабылдай алады. 

         Ертегі адамзаттың барлық даму мүмкіндігін ашады. Мәселені «ертегімен» шешу тәсілін меңгере отырып, бала, жеткіншек, ересек оны шынайы жағдайға алмастырады. Бірақ, қазіргі балаларға ертегіні жай оқу, оның кейіпкерлерін бояу, сюжеті жайлы әңгімелесу аздық етеді. Үшінші мыңжылдықтың баласымен міндетті түрде ертегіні мағыналап, бірге іздеп, жасырын мәндері мен өмірлік сабақтарын бірігіп іздестіру қажет. Бұл жағдайда ертегілер баланы ешқашан шынайылықтан алшақтатпайды. 

Керісінше, шынайы өмірде жетекші болуына көмектеседі. 

         Сондықтан, біз ертегі терапиясын ғажайып оқиғалар мен шынайы өмірдегі мінезқұлықтың, ертегі мәндерін шынайылыққа алмастыру үрдісінің арасындағы білім беру байланысы ретінде анықтаймыз . 

Қорыта келе психолог ертегіні қаншалықты жақсы көргенімен оны орынды қолдана білуі қажет. Ертегіге негізделген ғажайып ойындар адамның әлсіз және күшті жақтарын ашып, көруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мінез-құлқындағы кейбір жағымсыз жақтарының себептерін анықтайды.

         Сонымен, оқу-тәрбие процесінде ертегі терапиясы дамытушы-түзетуші тренингтер кешенімен бірге байланыстыра отырып қолданылса, баланың тұлғалық үйлесімділігінің дамытуда үлкен жетістікке жетуге болады. Өйткені ертегі терапиясы–психодиагностикалық, психопрофилактикалық және психокоррекциялық қызмет атқарады .

171 0
Гулмира Умарова, Мырзакент кенті №1 "Нұрбөбек " бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі Ұлы Дала Ұстазы № 001960
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: