Ыбырай Алтынсарин – бар саналы ғұмырын туған халқын өнер-білімді, жаңа заманның өркениетті, мәдениетті елдерінің қатарына қосу жолына арнаған көрнекті тұлға. Ол өзінің ағартушылық, педагогтік, ақын-жазушылық тарихи қызметі мен зор талантын, жан-жақты терең білімі мен қайрат-жігерін елдің "желкілдеп өскен көк шөптей" жас ұрпағын оқытып, тәрбиелеуге, қазақ жерінде жаңа үлгідегі мектептер ашып, оқушыларды өз кезінің озық ғылымымен қаруландыруға, кәсіп түрлеріне үйретуге арнаған.
Ыбырай бұл жолда сан алуан кедергілер мен қиындықтарды жеңе отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді, сөйтіп, туған халқының мақтан тұтатын ардақтысына айналды.
Ыбырай 1841 жылы қазан айының 20-сында қазіргі Қостанай облысы, Қостанай ауданында дүниеге келеді. Үш-төрт жасында әкесі Алтынсары қайтыс болып, атасы Балғожаның қолында өсіп, тәрбиеленеді.Ыбырай мектепте сабақты ынта қойып оқиды, 1857 жылы оқуын "өте жақсы" деген бағамен бітіріп шығып, 1859 жылдың тамызына дейін өзінің туған елінде тілмаштық қызмет атқарады. Қалада оқып, қазақ даласына беймәлім жаңалықтардан хабардар болып, ой-өрісі кеңейген зерделі бозбаланың екі жылдай елде болуы — қазақ қоғамының жағдайын тереңірек түсініп, жаңаша сезінуіне, өзіндік ойға келуіне мүмкіндік береді. Өз бетімен көп ізденіп, білім қорын молайта келе, Ыбырай өзінің алдына тілмаш болуды емес, туған халқына пайдалырақ басқа бір қызмет істеуді мақсат етіп қояды. Оның ынтасы ағартушылыққа ауады. 1860 жылы Жайықтың шығысындағы қазақтар үшін төрт бастауыш мектеп ашылған кезде, Ыбырай өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болуға рұқсат алып, сонда келеді. Бірақ мектеп бірден ашыла қоймайды. Бұл аралықта, Ыбырай ел ішінде мектептің пайдасын түсіндіріп, біраз баланы өз үйінде оқытады.
Торғай мектебі 1864 жылы ғана ашылады. "Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Ыбырай мектептегі сабақ пен тәрбие жұмысын сол кездегі орыс мектептері үлгісінде құрады. Сабақты қазақ тілінде жүргізе отырып, ол балаларға орыс тілін үйретуге, пән негіздерінен білім беруге тырысады. Тәрбие жұмысын адамгершілігі мол, жаңа ұрпақ тәрбиелеп шығаруға бейімдейді.
Ыбырай мәдениет пен білім жолына халқының өте ынталы екенін жақсы ұғады. Бұл оны жігерлендіре түседі. Ыбырай ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздікті де көре білді. Әкімдердің зорлықшыл сорақы қылықтарын сынға алды. Олардан қарапайым халықты корғады.
Ыбырайдың ағартушылық, демократтық көзқарастары осылайша қалыптасып, дамыды. Қоғамдық әділетсіздік пен адам бойындағы ұнамсыз мінездерге қарсы күресу үшін, ол ел ішінде білім, өнер тарату ісін кеңейте беру керек деп ұғады. Сол ниетпен бар күш-жігерін мектеп ісіне, бала оқыту жүйесін жақсартуға жұмсайды.
1876 жылы Ыбырай Петербург, Қазан қалаларына барады. Орыстың ағартушылық жүйесін, орыс ағартушыларының еңбектерін зерттейді. Қазақ тілінде оқу құралдарын жасауды ойлайды.
Ыбырай қазақ қыздарын оқыту ісіне ерекше көңіл бөледі. Бұған ескішіл әдет-салттарға қарсы күрестің бір жолы есебінде қарайды. 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастыруы – оның ағартушылық аса зор еңбегі.
Қазақ даласында мектептер санының артуына байланысты Ыбырай мұғалімдер даярлайтын мектеп ашуды қолға алды. 1881 жылы Омбы қаласында тұңғыш мұғалімдер мектебі ашылды.
Ыбырай мектептер ашу ісімен ғана шектеліп қалмады. Ол сол мектептердегі тәлім-тәрбие, оқу жұмысына айрықша мән берді. Мәдениетті де талантты педагог-жазушы әрі мінезге бай, адамгершілік, жолдастық қасиеті мол Ыбырай орыс зиялыларының арасында мейлінше беделді, сыйлы болған. Оқулық жасау жолында оқулыққа Ыбырай мектепте қазақ балаларына білім мен тәрбие берудің басты құралы деп қарайды. Ол балаларға ана тілін таза және ұқыптылықпен үйретеді, шағын көркем шығармалар арқылы оларды жақсы мінез-құлыққа баулуды көздейді. Ыбырай балаларды мазмұны олардың білімін көтеретін, тақырыбы оларды қызықтыратын кітаптарды... қазақтың өз тілінде... басып шығару керек деп білді. Өзі 1876 жылдан бастап "Қазақ хрестоматиясын" жазуға кірісіп, оны 1879 жылы Орынборда бастырып шығарды.
"Қазақ хрестоматиясы" балаларға арналған өлеңдер мен шағын әңгіме-новеллалардан құрастырылды. Олардың бірқатарын өзі жазды, біразын сол кездегі орыс оқулықтарынан еркін аударып алды. Хрестоматияға қазақтың халық әдебиетінің үлгілерін де іріктеп кіргізді. "Қазақ хрестоматиясы" арқылы жеткен Ыбырайдың бүкіл әдеби мұрасы оның көркем шығарма жазуды ағартушылық идеясына бағындырғанын айқын көрсетеді. Ол әдебиетті бала санасына әсер ететін, оны жақсы, үлгілі істерге үйрететін күшті құрал деп ұқты.
Ыбырайдың әдеби еңбектерінің жинағы «Қазақ христоматиясы» (1879) ағартушылық мақсатта жазған әйгілі екі өлеңмен ашылыды.Ақын бұл өлеңдерді өз кезінде «Сөз басы» деген атпен алған.Қазір бұл өлеңдер «Кел, балалар,оқылық», «Өнер-білім бар жұрттар» деген атаулармен мәлім. Ол халық ағарту ісіне арнаған әдеби туындыларын да оқу- білімді насихаттаудың ұтымды әдісінің қажеттігін көрсетті. Оқу білімнен кенже тұрған халық үшін ғылым мен техниканың жетістіктерін насихаттай алатын қысқа көлемдегі поэтикалық шығармалардың айрықша ұтымды екенін, әсерін терең сезінді, сенді. Қазақ жастарын білім алуға,мәдениеттің жаңа дәстүрлерін игеруге, бойға сіңіруге шақырды.
«Кел, балалар, оқылық» өлеңінде ақын қазақ ауыз әдебиетінің дәстүрлерін шебер пайдаланып, білім мен надандықты, жақсылық пен жамандықты қатар алып, салыстырып отырды.
Ал «өнер- білім бар жұрттар» өлеңінде сол тұстағы ғылым мен техниканың ең басты жаңалықтары толық қамтылып, өнер мен білімге қолы жеткен халықтың экономикалық жағынан озықтығын әр салада көрсетеді. Ыбырай Алтынсариннің бір алуан өлеңдері әлеуметтік мәселелерге арналған. Бұған «Өсиет өлеңдер», «Әй жігіттер» тәрізді т.б. өлеңдерін атауға болады. Мұндай өлеңдері биік адамгершілік тұрғысынан ұрлық- қарлықты, әділетсіздікті сынап, еңбексіздікті зияндығын көрсетіп, адал- еңбектің адамгершілік мінез- құлығын бейнелейді.
Ыбырай "Қазақ хрестоматиясына" кірген өлеңдерінде де халық ағарту идеясын көтерді. Оның "Кел, балалар, оқылық!", "Өнер-білім бар жұрттар" өлеңдері осындай мақсатта туған.
"Кел, балалар, оқылық!" өлеңі жастарды оқуға, білім алуға шақырады.
Сөйтіп, ақын, бір жағынан, жастарды оқуға, білім алуға үндесе, екінші жағынан, оқу, өнер, ғылым-білімге, оның жалпы халық үшін керектігіне еш мән бермейтін ескі көзқарасқа соққы береді. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екендігін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін, ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндіреді.
Ыбырай "Өнер-білім бар жұрттар" атты өлеңінде оқу, білім алудың мақсатын кеңінен сөз етеді. Өлеңнің негізгі идеясы – қазақ қауымына озық мәдениетті елдерді үлгі етіп көрсету.
Ыбырай жастардың оқыған адам болғандағы мақсаты өз халқының бір керегіне жарау, оны "тастан сарай салдырып, айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызатын" елдердің қатарына жеткізу деп білді. Келешекке сенімі мол Ыбырай өмір көркі, болашақтың иесі – жастар деп ұқты.
Өлеңдеріндегі жақсы мен жаманды, білімділік пен надандықты салыстыра суреттеу әдісі де жас балаларға оларды айқынырақ таныту мақсатын көздейді. Сондықтан Ыбырай өз дәуірі оқырмандарының ұғымына жеңіл етіп, салыстырулар жасайды. Бұл өлеңдердің көп тіркестері бүгінде мақал-мәтелге айналып кетті.
Адамгершілік — рухани тәрбиенің маңыздылығы. Рухани - адамгершілік тәрбиесі өзіндік сананы дамытуға жағдай жасауды, жеке тұлғаның әдеп ұстанымын, оның қоғам өмірінің нормалары мен дәстүрлерімен келістірілетін моральдік қасиеттерін және бағдарларын қалыптастыруды болжайды.
Дiнмұхаммед Сұлтанғазин «Дала уалаяты газетінің» 1890 жылғы алтыншы санында «Бiздiң қазақ туралы бес-алты сөз» мақаласында Ы.Алтынсариннiң қазақ тiлiнде кiтап шығарып, ана тiлiмiздi ардақтағанын қуана жазады.
Ұлы ұстаздың қызметі мен өмірі, үлгілі істері, шығармашылығы, ұстаздық жолы, өмірдегі ұстанымы Н.И.Ильминскидің «Ы. Алтынсарин жайындағы естеліктерінде» жақсы көрініс тапты. Автор естелігінде Ыбыраймен қалай танысқанын, оның оқып білім алуына атасы атақты Балғожа бидің тікелей себепкер болғанын айтады.
Бір сөзбен қысқаша айтқанда, естелікте Ыбырайдың саналы өмірі, қызметі, шығармашылығы, тұрмыс-тіршілігі, отбасы түгел көрініс береді.
Торғайда жаңа үлгідегі мектеп ашуы, оның керек-жарағын алу үшін ауыл-ауылды аралап қаражат жинауы, қолөнер мектебін, әсіресе қыздар мектебін ашып, жатақханалар салдыруы, сол жолда жеңіске жетуі ізденімпаздық, қайсарлық, табандылық қасиеті мен соның жемісі екені даусыз.
2. 2 Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынов ұлттың ұлы ұстаздары
Ыбырай – ұлы ағартушы. Халық ағарту ісінің де, ағартушылық әдебиеттің де, журналистиканың да негізін салушылардың бірі болса, Ахмет Байтұрсынов ол жасаған осы абыройлы істердің бәрін жалғастырып, дамытушы, талантты ізбасары. Ахмет 1891 жылы Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде оқып, тәрбиеленеді.
Халқымыздың кемеңгер ұлдарының бірі Әлихан Бөкейханов 1925 жылы Ахметке хат жазып:
«Алтынсары баласы Ыбырай хақында өзің жазсаң жақсы болар еді. Ол сенің ағаң емес пе? Егер ол қазір өмір сүрсе, сендей болар еді, ал сен ертерек дүниеге келгенде оның ісін жасарың хақ», – деп екеуінің бір-бірімен рухани жақындығын, мақсаттарының бір екенін айтып, үлкен сенім артады. Шындығында да, Ыбырай мен Ахметте бір-біріне ұлттық мүддеден туған ұқсастық көп.
Осы жерде біздің ойымызға сонау егемендік алған алғашқы жылдардағы кейбір келеңсіз істер оралады. Оқулық жоқ, бастауыш мектептердің мұғалімдері жетіспейді, соған қарамастан, көптеген ауылдар мен аудандарда, облыстардың орталықтарында, қалаларда бастауыш мектептер ашылып, лезде жабылып қалды. Осының бәрі ойласпағандықтан, алды-артымызды шолып, бүгінімізге, ертеңімізге көз жүгіртпегендіктен, келте ойлаудың, асығыстықтың салдары. Ұлы ұстаз соны ғасыр басында-ақ «Әуелі біз бала оқытатын кітаптарымызды түзеп, сайлап алып, сонан соң неден бастап, неге шейін оқытатынымызға жосық белгілеуге дұрыс», – деп, соқырға таяқ ұстатқандай етіп айтып кеткен екен-ау...
Одан әрі автор әркім өзі маманданған, қолынан келетін іспен айналысқаны жөн екенін айта келіп, мұғалім баланың мінез-қүлқын, жан-дүниесін жақсы білетін адам болуы керектігін ескертеді. Болыстардың, билердің, соттардың, дәрігерлердің жіберген қателіктерін, халқымыздың надандығын сынап көрсеткеніміз сияқты бала оқытуда да қандай мін барын айтып, «елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқумен түзеледі. Бұл күндегі үлкендердің көбі біздің жаңалық пікірімізді түсінбей, айтқанымызды тыңдамай, істегенімізге қосылмай отыр. Олар өтіп, кейінгі жастардың да заманы жетер. Жаңалыққа жастар мойын бұрып, қайрылар, халық түзелуінің үміті жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі – бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс», – дейді. Қазақша оқып, жаза білгеннен кейін ғана орысша оқуға болатынын, яғни, сәбидің тілі алғаш өз ана тілінде шығуы керектігіне баса, мән бере жазады. Қазақ арасында білім нұрын сеуіп жүргендердің күнгей жағымен бірге көлеңкелі тұстарына да көңіл аударады. Бала оқытып жүргендердің көбісі ноғайлар болғандықтан, олардың қазақша дыбыстарды жақсы біле бермейтінін, қазақ тіліндегі дыбыстарды білмей тұрып қазақ балаларын жаңаша оқыту тәсілімен оқытуға болмайтынын ескертеді.
«Екінші кемшілігі, – дейді автор ойын әрі қарай дамыта түсіп, жинақтай айтып – қазақ мұғалімдері де, қазақ ішінде бала оқытатын ноғай мұғалімдері де оқуды дыбыспен жаттықтырудан бастамайтын көрінеді. Ол дыбыспен жаттықтырудың оқуды, жазуды жеңілдетуге пайдасы көп екенін я білмегендіктен, я білсе де істеп көрмегендік. Дыбыспен балаларды жаттықтыру оқу мен жазу үйретудің негізі, істің басы түзу басталса, барысы да түзу болмақшы».
Ғұлама ғалымның осы пікірі әлі күнге дейін жүзеге аспай келе жатқаны қынжылтады. Кешегі Кеңес үкіметі тұсында да, қазір де балалардың тілі балабақшалардың көбісінде басқа тілде – орысша шығады да, мектепке барған соң қазақша дыбыстарды білмей басы қатады. Тілі орысша шыққан бала «Қ»-мен «К»-ні, «Ғ»-мен «Г»-ні, «Ы»-мен «І»-ні, «Ұ»-мен «Ү»-ні, «Н»-мен «Ң»-ды айыра алмайтынын күнде көзіміз көріп жүр. Бұл тіпті мектепті орыс тілінде бітірген жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің де басында бар кемшілік.
Көптеген ата-аналар істің мән-жайына тереңдеп бармай, байыптап қарамай, кінәні балаларын орысша тәрбиелеген өздеріне емес, мектепке, соның ішінде қазақ мектебіне, қазақша оқытатын мұғалімдерге артып, «қазақ мектептері балаларды дұрыс оқыта алмайды, нашар», – деп, балаларын қайтадан орыс мектептеріне апарып оқытып жүргендері аз емес.
Ана тілімізді оқыту жайы қашан да маңызды тақырып болып, күн тәртібінен түспей келеді. Әуелі отбасында қанаттанып, мектепте әрі қарай ұшталмаған тіл балаға да, ұстазға да қиындық тудыратыны кімге де болса белгілі жайт.
«Осы замандағы жан таңқаларлық нәрсенің бәрі де ғылыммен табылған», – дейді Ахмет. Бұл сөз бұрын да айтылған, қазір де айтылып келеді. Әттең, әлі қол қысқа... Ғылымға, өнер-білімге келгенде «Қысқа жіп күрмеуге келмейді», – деп кібіртіктеп, кейін шегінуіміз – елімізді кейін шегіндіріп келе жатқан жоқ па?!
Сонау 1913 жылы жазылған осынау мақалада бүгінгі күннің проблемасы да айтылып тұрғандай. Қазір де қазақша мектептердің дені ауылдарда, аудандарда. Қалаларда қазақша мектептер мүлдем аз. Мысалы Қостанай қаласында әлі де қазақ мектептері жеткіліксіз. Әрине, қазақ мектептерінің қазақтар көп жерлерде – ауылдарда көбірек болуы заңды, алайда, облыс орталықтарында қазақ мектептері ашыла түссе, құптарлық та, қуанарлық та іс емес пе?
Осы секілді жоғары оқу орындарының ақылы болуы да ауыл балаларының әсіресе, қазақ жастарының жоғары білім алуына көп кедергі тудырып отырғаны да жасыратын жай емес. Ахмет ата тілімен айтсақ «Орта һәм жоғары школдарда қазыналық орын бұл кезде жоқтың қасында».
Автор мақаласы «Қазақ халқында бұл күндегі орысша һәм қазақша оқу жайы осы. Мұнан былай оқу һәм оқыту мәселесі «Қазақта» (автор «Қазақ» деп, «Қазақ» газетін айтып отыр – С.О.) түгел жазылып тұрмақшы», – деп түйінделеді.
Жанашырлықпен жазылған бұл мақаланың да оқырманға айтары мол, ойландыратын, толғандыратын, проблемалық мақала. Кезінде Ахмет көтерген сол түйінді мәселелердің әлі күнге шешуі табылмай келе жатыр.
Бұл жайында жазушы-ғалым Ақселеу Сейдімбековтың: «Осы орайда, еліміздегі білім беру жүйесінің барлық сатысына қатысты біздің әрқайсымыздың ең киелі міндетіміз – Ұлы Отанымыздың, ұлтымыздың тарихи-әлеуметтік төл тумасына үндес (аналог) бола алатын, сонымен бірге қоғамымызды шыңдауға ықпал ететін білім жүйесін орнықтыру болса керек, – деген сөзі көкейге қонымды. – Енді мұндай білім жүйесі нақтылы ұлттың, нақтылы мемлекеттің төл болмысымен санасу арқылы еліктесуге болар, ал білім берудің мемлекеттік-ұлттық тұжырымдамасы дегенде, төл тағдырымыз негізгі тұғыр болуы керек» [Жас ұрпақ жеке телеарналар жекеменшігі емес //Қазақ елі, 1999. 18-24 желтоқсан].
Халықтың әл-ауқатына, шәкірттің білім дәрежесіне, таланты мен талабына орай оқу орындарында қазыналық орын көбірек болса, үздіктеріміз ертеңгі күннен үмітсіз болмас еді.
Ыбырай Алтынсарин Торғайда, Ырғызда, Ақтөбеде, Троицкіде Қостанайда мектептер ашса, Ахмет Байтұрсынов бүкіл қазаққа мектеп болды. Жаңа мектептер ашудың жолдарын көрсетті. «Қызыл Қазақстан» журналының 1923 жылғы он төртінші нөмірінде: «Школдар ашуға үкіметтің шамасының келмейтіндігі анықталып отыр, үкімет 2116 кісінің ғана расходын көтермекші, ал балаларды тегіс оқытуға 20000-нан артық кісі керек. Сондықтан бір ауылнай не бір болыс ел күш біріктіріп, байға байша, кедейге кедейше үй басына салық салып, сол жиналған салықты оқытушылардың һәм басқа қызметкерлердің ақысына, школдың керек-жарағына (жұмсауға) міндетті болып, жергілікті оқу бөлімдермен договор жасап, школ ашу керек. Ол школдардың жанынан интернаттар ашу керек», – деп жазады ол.
Ыбырай қазақ балаларына лайықтап тұңғыш «Қазақ хрестоматиясын» (1879 жыл) құрастырушы. («Қырғыз хрестоматиясы» деп аталған – С.О.) Бұл қазақтың алғашқы оқулығының шығуы халқымыздың өміріндегі тарихи оқиға еді. Бұдан кейін сол 1879 жылы оның «Қырғыздарға орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық» деген кітабы жарық көрді.
Ыбырай бастаған игі істі тағы да Ахмет жалғастырды. «Оқу құралы» (1 кітап, 1912), «Қазақша оқу жайынан», «Баяншы», «Сауат ашқыш», «Жалқылау, айырыңқы әдіс», «Қай әдіс жақсы», «Әліп-би» тағы да басқа оқу-әдістемелік кітаптары соның айғағы. Бұл кітаптар әлі күнге дейін құнын жоймаған, мектептерде пайдалануға болатын бағалы қазыналар. Бұдан басқа да жазу емлесі, оқу-ағарту, терминология мәселелері туралы мақалалары қаншама!
ЬІбырай мен Ахмет іс жүзіндегі (практик) ағартушылар. Екеуі де ауызбен айтып, жазып қана қоймай, мектепте өздері сабақ берген. Сондықтан да олар мектеп қажетін жақсы біледі.
Қалай дегенде де Ахмет Ыбырайдың іске асыра алмай кеткен идеяларын әрі қарай дамытушы, заңды жалғасы...
Мектеп жайында Ыбырайдың айтқан сөзі: «Мектеп – қазақтарға білім берудің басты құралы... Біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осы, тек осы мектептерде» - дей келсе, мұғалім жайындағы ойы: «Мұғалім – мектептің жүрегі. Мен жақсы мұғалімді дүниедегінің бәрінен де қымбат бағалаймын» [3, 16] – деген екен. Ұлы ұстаздың ізін жалғастырушы осы ойға: «Мектеп жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы» - деп өз үндестігін қосқан. Осы жерде «Мұғалім – мектептің жүрегі» «Мектеп жаны - мұғалім» - деп бір мақсатта айтылған сөздердің өзара үндесіп келгенін көруге болады. Ал «Бастауыш мектеп» атты мақаласында да мектеп жайлы жазған, яғни қазақ бастауыш мектебі қандай болуы керктігі жайында мәселелер қозғаған.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Алтынсарин Ы. Өнер - білім бар жұрттар. Алматы, 1989 ж.
2. Ыбырай Алтынсарин тағлымы. Құраст.: Жармұхамедов М. Алматы, 1991 ж.
3. Оспанұлы С. «Алтынсариннің айналасындағы адамдар» Қостанай: Шапақ, 2006. – 295 б.
4. Байтұрсынов А. «Тіл тағылымы» Алматы: Ана тілі, 1992. – 446 б.
5. Алтынсарин Ы. «Өнер – білім бар жұрттар». Алматы: Жалын, 1991. – 230 б.
6. Алтынсарин Ы. Екі томдық шығармалар жинағы. 1т. Алматы: Қазғұрт, 2003. – 236 б.
7. Байтұрсынов А. «Ақ жол». Алматы: Жалын, 1991. – 464 б.