«Білімді болу деген сөздің мағынасы – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу»
Әл –Фараби.
Қазіргі заманғы білім беру жүйесінің басты қайшылығы тез өсіп бара жатқан жаңа білімдер қарқыны мен жеке тұлғаның оларды игерудегі шектеулі мүмкіндіктерінің арасында.Бұл қарама қайшылық педагогикалық теорияны білім берудің идеяларынан (жан- жақты дамыған тұлға) бас тартып, жаңа идеалға адамның өзін-өзі реттеуі мен өздігінен білім алу негізінде адам қабілеттерін, икемділіктерін дамытады.Жаңа білім алу парадигмасында тұлғаның қызығушылықтарын қамтамасыз етуде тұтастық, бағыттылықпен бірге мықты негізділік те шешуші рөлге ие.
Биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында да бұл мәселе назардан тыс қалған жоқ. «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз — білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын оқушылардың сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет»,-деген жолдар — соның дәлелі.Сонымен , рухани жаңғырудың ең басты шарты- «білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу». Ұрпағы білімді елдің болашағы бұлыңғыр болмайды дегендей, жас ұрпаққа сапалы, өнегелі тәрбиемен білім беру – бүгінгі күннің басты талабы. Бүгінгі күні әлемдегі барлық елдер жоғары сапалы білім жүйесіне ұмтылуда. Себебі, қазіргі заманда елдің бәсекеге қабілеттілігі экономикасының дамуына қатысты болса, ал оның дамуы болашақ ұрпақтың білімділігімен біліктілігіне байланысты. Сондықтан білім беру жүйесі бүгінгі күнгі талаптарға сай дамуы тиіс. Яғни, ел ертеңі – жас ұрпақтың қолында. Біздің ұстаздарымыздың оқытудың жаңа технологияларын енгізіп, білім беруді ақпараттандыра отырып, оқушылардың құзіреттілігін қалыптастырғанда ғана қоғамымыздың дамуына үлкен үлес қосады. Осы аталған істердің барлығын жүзеге асыратын еліміздің ұстаздары. Ендеше, бүгінгі күні ұстаздарымыз жан – жақты, әлемдегі жаңалықтардан хабары бар, үнемі шығармашылық ізденістегі, кәсіби біліктілігін шыңдайтын жеке өзінің көзқарасы бар, соны қорғай алатын жігерлі тұлға , зерттеушілік қабілеті бар, білімді ,білікті,күнделікті ісіне шебер кәсіби маман иесі болуы керек. Бұл өмір талабы. Ұстазда ұйымдастырушылық , бейімділік, сараптамалық қабілетердің болуы шарт.
Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының қолайлы білім беру ортасын құрай отырып, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, АКТ – ны қолдану, коммуникативті қарым –қатынасқа түсе отырып, жеке, жұппен, топпен жұмыс жасай білу, шығармашылықты қолдана алу, сонымен қатар функционалды сауаттылықты қолдануы керек.
Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі қандай? Бұл бағдарламаның дәстүрлі бағдарламадан ерекшелігі: біріншіден, пән мазмұнының спиралді қағидатпен берілуі. Яғни, пән мазмұны қарапайымнан күрделене түсуі. Екіншіден, Блум таксономиясы бойынша оқу мақсаттарының иерархиясы. Үшіншіден, бір білім аясындағы және пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру мақсатында «ортақ тақырыптардың» берілуі. Төртіншіден, оқу үдерісін ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді жоспарлар қалыптастыру.Бесіншіден, бөлімдердің мазмұны мен ұсынылған тақырыптардың уақыт талабына сай келуі . Алтыншыдан, оқытудағы жүйелі – әрекеттік ұстаным .Құрылған оқу бағдарламасы Джером Брунердің «Білім беру үдерісі» (1960) атты еңбегінде қарастырылып, танымдық теорияға негізделген. Оған дәлел оқу мақсаттарын зерделей отырып тапсырмаларды , сабақтарды құрастыру кезінде ұғындық деуге болады. Сабақ жоспарлау кезінде оқушыларды сабақ мақсатына жеткізу үшін түрлі оқушылардың қабілетіне қарай мына белсенді оқу әдістерін қолдандым. Тапсырмамда «Бірлескен жұмыс дағдысын қалыптастыру» әдісін алдым. Бұл әдісті қолдану барысында оқушылар бірлесе отырып топтық жұмыс атқаруда берілген тапсырманы ізденіп, дәлелдейді. Оқушылар бұл әдіс бойынша сөздердің мағыналарын интернет желісінен ақпарат ала отырып түсіндіреді. Сөздердің мағынасын түсінгеннен кейін жұптық жұмыста «Сематикалық карта» әдісін қолдана отырып, оқушылар аудиожазбаны мұқият тыңдап, «Семантикалық карта» толтыруда берілген тапсырманы орындай отырып, өзінің пікірін дәлелдейді.Сабақтың мақсатына жету үшін жеке жұмыс жүргізу барысында «Концептуалдық кесте» әдісін қолданудағы мақсатым:берілген өлең үзіндісінен өз ойын нақты дәлелдеп, нақты айтуға үйренеді. Әр оқушы өз ойына шек келтірмей жауап беруге дағдыланады. Оқушы бойындағы танымдық қабілетінің шығармашылық ойлау жүйесінің дамуына жол ашады, пәнге қызығушылықты көрсетеді, зерттеуге ынталанады, оқушылар бір –бірінің идеяларын құрметтеуіне және бағалауына ықпалын тигізеді, оқытудағы қиындықтар мен түсінбестіктерді анықтайды.Сабақ барысында оқушылар :«Әлем шарлау» стратегиясы бойынша қойылған сұрақтарға оқушылар алған білімдерін бір - біріне түсіндіріп, жауап бергенде бір - бірін тыңдады.
«Топтастыру» стратегиясы арқылы сұрақ қойған кезде оқушылар бір нәрсе туралы ойындағы негізгі қажеттіліктерін, білетіндерін, білгендерін топтады.
«Кубизм» стратегиясы аясында оқушылар сұраққа жауап бергенде ұғымды жан - жақты, әр қырынан салыстырды, анықтады, зерттеді.
«Рөлдік ойыны» барысында бір - біріне сұрақ қою арқылы тілдері жаттығып, образдарда ойнауға үйренді.
«Венн диаграммасы» бойынша қойылған сұрақтарға топтар екі жаңа ұғымды салыстырды, екі ұғымның ортақ қасиеттерін таба алды.
«Семантикалық карта» стратегиясы бойынша қойылған сұрақтарға жауап бергенде оқушылар жаңа ұғымның өзіне тән ерекшеліктерін, қасиеттерін, қызметін, маңызын танып анықтайды, зерттейді.
«Фишбоун» тәсілін қолданғанда оқушылар белгілі бір мәтін бойынша берілген сұрақты жан - жақты қорытындылап жауап берді.
«Тұжырымдамалық карта» бойынша оқушылар берілген тапсырмаға нақтылап, қорытынды жасап, зерттеп жауап берді.
«Алты қақпақ» тәсілі бойынша топтар мәтінді әр қырынан салыстырып, зерттеп, талдап жауап берді.
«Ыстық орындық» тәсілі аясында оқушылар бір - біріне сұрақ қою арқылы тақырыпты жан - жақты қарастыра отырып, ойланып жауап берді.
«Блум таксономиясы» бойынша сабақты қорытынды жасағанда қойылған сұрақтарға топтар білу, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау, бағалау аясында жауап берді.
Ал бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшыраған, критериалды бағалау жүйесіне өтеді. Яғни, критериалды бағалау барысында оқушының үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді.Оқушының пән бойынша оқу үлгерімі екі тәсіл арқылы бағаланады. Бірінші қалыптастырушы бағалау болса, екіншісі жиынтық бағалау . Яғни баланы жан- жақты ізенуіне ынталандыра түседі. Мысалы: қалыптастырушы бағалауда тапсырманы орындау барысында әр топ бірін-бірі бағалайды, өзара бағалайды, өз есімдерін стикерге жазып «Керемет», «Жақсы», «Талпын» бағалау диаграммасына іледі немесе «Бас бармақ» т.б әдісі арқылы бағалайды.Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқу үрдісінің ажырамас бір бөлігі болып табылады және де тоқсан сайын жүйелі түрде өткізіліп отырылады.Жиынтық бағалау оқу бағдарламасының бөлімдерін белгілі бір тақырып барысында оқу кезеңін аяқтаған оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу негізінде балл қою арқылы өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау барлық пәндер бойынша жүргізіледі.Кіріктірілген білім беру бағдарламасында қазақ тілі пәнінің берілуі еркеше. Бағдарлама оқушының төрт тілдік дағдысын қамтыған. Олар:тыңдалым, айтылым,жазылым,оқылым.Осы аталған төрт дағды оқу жоспарында қарапайымнан күрделіге қарай шиыршық бойымен дамып, өрлей түскені жай ауызекі тілде ғана ойын жеткізуден, күрделі мәтіндер құра білу дағдылары шыңдала отырып,тілдік құзіреттіліктері дами түседі.Яғни төменгі сыныпта алған білмдерін дамыту барысында тапсырмалар күрделене түседі. Мысалы: сөз тіркестерін құру,сөз тіркесінен сөйлем құру,оған оңай және қиын сұрақтар құру.Өз ойын дәлелдеу «Дұрыс, себебі....,Дұрыс емес, себебі...», диаграмма толтыру, пікіріңді дәлелде т.б арқылы оқушы біртіндеп эссе жаза бастайды. Шағын әңгіме жаза алатындай дағдыға ие бола отырып, тілдік құзіреттіліктері шыңдала түседі.Осы оқыту барысында жаңа бағдарламаны меңгеру кезінде ерекше есте қалған мынадай әдіс-тәсілдер сабақтың тиімді өтуіне септігін тигізеді.Оқушының тыңдалым,жазылым, айтылым, оқылым , яғни осы төрт дағдыны қалыптастыра отырып, оқушының шығармашылық ойлау дағдыларын арттыру барысында төмендегідей нәтижелерге қол жеткізуге болады:
1. Өз бетімен оқуға дағдыланады.
2. Шығармашылық ізденіске жетелейді.
3. Өз ісіне деген сенім пайда болады
4. Әр нәрсеге сын көзбен қарауға үйренеді.
5.Салыстыруға , қорытынды жасауға үйренеді.
6. Шығармашылық белсенділік артады.
Осылардың нәтижесінде дарынды да, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптасады.
Қорытындылай келе,аталмыш бағдарламаның мәні, баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі өмірмен байланыс ұғымына құрылған. Ұстаздар оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектенуі керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Ата-бабамыз Оқу – инемен құдық қазғандай демекші, жан-жақты,шығармашыл, ізденімпаз ұстаз ғана табысты болып, нәтижеге жетеді.
Сондықтан оқушылардың шығармашылығын, ізденушілігін дамытып, әрқайсысына жеке тұлға ретінде қарап, олардың өздеріне деген сенімін, білімге ынтасын арттыруға үлесімді қосудамын.
Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана, шәкірт жанына нұр құя алады», – деген сөзі ізденімпаз, жаңаша ұстаздарға арналғандай. Мұны әрбір мұғалім жадында сақтауы тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орта буын сынып пәндері бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы.
2. Бодди Д., Пэйтон Р. Основы менеджмента: Пер. с англ. СПб.: Питер, 1999.
3. Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы Қазақстандақтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру, 5.10.2018ж.
4. К.Құдайбергенова. Құзырлылық – тұлға дамуының сапалық критерий // «білім сапасын бағалаудың мәселелері: әдіснамалық негізі және практикалық нәтижесі » атты халықаралық ғылыми – практикалық конференцияның материалдары. 2008