Дара да, дана туған, артына өнегелі мол мұра қалдырған хакім Абайдың ұлағатты ойлары, тағылымды сөздері жадымыздан ешқашан өшпек емес. Бабамыз өз еңбектерінде адамзат баласын адамгершілік, парасаттылық, әділеттілік пен еңбексүйгіштікке, ар-намысты жоғары ұстауға шақырады. Адам болып туылғанмен, адам болып қалудың оңай емес екендігін алға тартып, оның қағидаларын өз өлеңдерінде және қарасөздерінде айқындап көрсетеді.
Сондай өрелі ойларының бірі - «пайда ойлама, ар ойла...» дегені болатын. Қоғамда болып жатқан адамдардың өмір сүру, даму, өркендеу кезінде адамдықты ту етіп, намысты жоғары қоюға үндейтін бұл сөздің мағынасы терең, астары асқақ.
Өзі өмір сүрген кезеңде түрлі қақтығыстарға тап болған, адамдарды зерттей келе әртүрлі мінездерге жолыққан, іштарлық пен озбырлық, жағымпаздық пен сатқындық белең алғандығына налып, оларды жөңдеу үшін тұщымды ой айтқан дана Абайдың бұл сөзі бүгінде де өте өзекті. Биліктегі үстем тап өкілдеріне пара беріп, жағымпазданып би болатын білімсіз надандар – Абайдың қас жауы. Ал олардан қорлық көрген қарапайым да кедей халық – Абайдың досы еді.
Қара халықтың қамын ойлап қайғырған бабамыздың адам бойындағы ізгі қасиеттер – адамгершілік, ар-ұят туралы айтқан сөздерінің ішінде жағымпаздарға арнап «Бір қылығың жағып, күнде жақсы болмайсың» дегені, «Кей жаманның мінезі: күн жауғанда – қойныңда, күн ашықта - мойныңда » деп сынға алуы осы ойдың жалғасы іспеттес. Бүгінгі күнде де белең алып, өз пайдасына ғана қызмет қылған, арды ұмытқан адамдар қоғамда өз мүддесін жүзеге асырып жүр. Ондайлар туралы күнде айтылып, тиісті шаралар қолданылып жүрсе де азаймауы қынжылтады. Түпсіз ойға жетелейтін сан сұраққа тап болып, «Кім кінәлі?» деп жауап беретін адамды іздейтініміз де өтірік емес.
Ұлы Абай да өз заманының дара басының қамын күйттеп, біреуді алдап, біреуді арбап күн көрушілеріне, өзінен лауазымы жоғары әкімдер алдында жағымпаздықпен көзге түсіп қалуға тырысатындарына мейлінше қарсы болған.
Қазіргі таңда еліміздегі рулас, туысқандық, біреудің ығында жүріп өсуге ұмтылған, өзгеге арқа сүйеп күн көру сияқты әрекеттерді көріп, біліп жүрміз, бұл – сыбайластық жемқорлық істері. Ата Заңда айқындалып көрсетілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарға қарамастан, өз әлеуетін пайдаланатын, пара алуға жол беретін оқиғалар көптеп кездеседі. Ру руға бөлініп, туғанын көтермелеу үшін білікті маманды көзге ілмей, жігерін жасытқан жағдайлар да аз емес. «Жақсы орынға тек шенеуніктің баласы болсаң ғана отыра аласың» деген қағида қалыптасып қалғандай болып, «аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» деген дүдамал ойға тағы да сенесің. Ашықтықтан тұратын демократиялық қоғамда неліктен шын білімдінің тауы шағылуы керек, өнерлінің қанаты қырқылып, шын тұлпар додада неге мәреге жетпеуі керек?
Сан қилы сұрақтарға жауап іздеп, кей кейде заманды кінәлап та жатамыз. Ал кеңінен белең алған бұл жағдай заманның емес, қоғамдағы адамдардың бет-бейнесі екендігі қынжылтады. Байлық үшін өз туғанын, ел-жұртын, Отанын, туған жерін сатуға дейін баратындар бар екені өте өкінішті!
Қасық қандары қалғанша күресіп, туған жердің шекарасын жат жауға бастыртпай қорғаған батыр бабалар аманатына қиянат жасап жатқанымызға жаның ауырып, ішің удай ашиды. Қаншама қилы замандар өтсе де, адамдар арды емес, жеке бас пайданы, рухани байлықты емес, материалдық байлықты жоғары қоюын еселетпесе, тоқтатпады. Нақақ жастың төгіліп, біреудің қанын жүктеуден де қорықпайтындар алдамшы өмір сүруге бой үйретіп алды. «Аңқау елге – арамза молда» дегендей, арам пиғылдарын іске асырып, пара бергендерді қолдады, жарылқады, көтермеледі... Әлі де солай жалғасып келе жатқан жағдайлар баршылық.
Міне, бұл – бүгінгі қоғамның тез көбейетін ең жұқпалы дерті, жарасы, Біреулердің көз жасы, маңдай тері, бейнетке толы ғұмыры, ақадал еңбегі. Оның жолдарын түбегейлі жауып тастау мүмкін бе? Мәңгілік Ел болу үшін осындай әрекеттер кедергі болмай ма? Жанымызды жегідей жеген сан сұрақтардың жауабын кімнен сұраймыз?
Әрине, шешілмес түйін болмайтыны секілді, бұл кедергілерден де өтудің нақты жолдары бар. Олардың бірі және бірегейі – өз арыңды жоғары қою. Одан болмаса, заңды бұзбау, заңдағы ережелерге бағыну, өзгенің ала жібін аттамау! Атымтай Жомарт секілді әркез еңбектің адал нанының қымбат екенін ұмытпай, жарлыны жарылқай жүру.
Мен өз құрбыларымның арасында да осы қағидаларды алға тартып айтып жүретін болдым. Бәлкім, менің пайдам, бірге тиер, он адамның бетін қызартар, тағылардың санасына әсер етер.
Ойымды қорытындылай келе айтпағым, бұл өмірде пайданы емес, арлы, пайдалы іспен шұғылдануды мақсат тұтайық. Алдымызда тұрған сан асуды еңсеру үшін де адалдық, ізгілік керек екенін ұмытпайық! Еліміздің түтіні түзу, ұрпағымыз айбарлы, ұлдарымыз батыр, қыздарымыз ардақты болуы үшін адамдық пен адалдықтың үстемдік орнатқанын қалаймын.