Қазақ - сан ғасырлық тарихи тамыры, мирас болып келе жатқан атамұра өнері, өзге елден ерекшелеп тұратын дәстүр - салты, әдет - ғұрпы, тілдік ерекшелігі, діни ұстанымы, білім-ғылымы, қоршаған ортасы, ошағы бар және отының басын қатты қастер тұтатын халық. Олай болса, ақыл ұштауда, ой дүниесін толықтырып білім алуда ұрпақтан-ұрпаққа талай қилы кезең сындардан өтіп өз мағынасын сақтап келе жатқан халықтың жақсы салт- сана, әдет-дәстүрлерінің ұрпаққа берері мол. Әрбір даналық парасаттың өшпейтін себебі - сол халықтың рухани, мәдени мұраларын сақтап, оны жаңартып, жаңа өмір, жаңа адам, жаңа қоғам талаптарына қарай бағыттап, байытып қызмет істетіп отырғандықтан екені түсінікті. Сондықтан да оны қадірлеп - ардақтап таза ұстау, оған қиянат жасамау қай ұрпақтың болсын қасиетті борышы.
Олай болса, білім жүйесінің қызметкерлеріне ұрпақ тәрбиелеуде үлкен жауапкершілік жүктелген. Адамзаттық құндылықтарды баланың бойына нақты іс-әрекет барысында халықтық педагогикаға сүйене отырып сіңіру мен жаңа технологиялардың әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы жүзеге асыру талап етілуде. Ең алдымен, адамды оқытып, білім беруден бұрын бала санасына ұлтгык тәрбиені қалыптастыру керек.
Қазақ халқының ұлттық дәстүрлері көп салалы «Өнер алды қызыл тіл» деп, әуелі аталы сөзді құрметтеген. Мұнысы даналықты, ақыл-парасатты, тапқырлыкты құрметтегені. «Халық алдында ұялу деген жақсы сезім - өзіңнен өзің ұялу, бәрінен де жақсы», дейді орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой. Халыктың, ғасырлар бойы асыл ой тамшысынан жинап, алмас қазынадай сақтаған мұрасын құрметтеу, адамгершілігін, ұяттың не екенін естен шығармау қасиетті сезім. Халық дәстүрлері жас ұрпақты өз халқының тарихын, мәдениетін, рухани, табиғи байлығын, жерін, елін сүюге, айналасын қоршаған дүниеге адамгершілікпен қарауға, құбылыс - болмысты парасатпен тануға, әділет шапағатқа баулиды. Қазақ халқы ежелден, көшпелі, ортақшыл ел, «жұмыла көтерген жүк жеңіл»деп, басқа түскен қайғы-қасірет, қуаныш-шаттық болсын бірге көтеріп келеді. Қолда барды бірден бөліп пайдаланған, өзара бір-біріне көмектесу сияқты белгілі бір ұжымға тән дұрыс әдет-ғұрыпты туғызған. Сол әдет- ғұрыптар ұзақ замандарға талмай жетіп, сол халықтар өзіне тән берік дәстүрінің негізін салған. Л.Толстой айтқандай: «Тәрбие - бір адамның екінші адамға белгілі адамгершілік әдеттерді дарыту үшін жасайтын ықпалы. Ешбір халық өз ұрпағын жаман болсын, мұрасыз-мұратсыз болсын демейді. Жақсы ғұрпын дәстүр - өнеге етіп ұстайды». Өздерінің сезім өрісін кеңейтіп, эстетикалық талғамын оятқан қазақ халқының таңғажайып әсемде әсерлі дәстүрлеріне халқымыз аса бір ілтифатпен қарап келген.
Әрбір табиғат көрінісінің тұнығын бұзбай аялауды, «обал»деп сылап - сипап отырған. Туған жер, Отан, Атамекен десе ең алдымен сол жердің өзен- көлін, тау-тасын, орман-тоғайын, ұшқан құс, жүгірген аңын есіне алған. Алыста жүріп аңсап сағынса соны жырға қосқан, қуаныш мерекесіне соны мақтан еткен. Адам бойындағы барлық асыл қасиетті сұлулықты мақтаса сол тутан жер табиғатының тазалығынан теңеу тапқан. Ұшы-қиыры жоқ кеш зейілді байтақ далаға, төбесі көк тіреген асқар тауға, шалқыған шалқар көлге, мөлдір бұлақ, кернелі өзенге теңеген. Дәстүрлі той-думан, шілдеханаларда өнерпаз сөз шеберлері айтысса табиғаттың көркін, байлығын, соның құшағындағы ел тұрмысының салтанатын мақтан еткен. Халқымыз обал мен сауапты, адалдық пен арамдықты ажырата біледі және бұл ұғымдар ел санасынан ерекше орын алған. Әрбір қазақ бір жұмысты істерде оны жаңағы айтқан төрт тұрғыдан арайды. Мысалы, қазақ халқы аққуды атпайды. Қай заманнан қалыптасқан дәстүр екені белгісіз, қазақтар аққуды қадірлейді. Табиғаттың жандысы болсын, жансызы болсын, қажеттігімен ғана емес, көркімен, айналадағы өмірге сән беріп жарасуымен құнды, өз алдына сырға толы таңғажайып әсері бар эстетика. Бір ғажабы сонан күнбе-күн лэззат, нәр алып отырғанымызды байқамаймыз да. Қай заман, қай ғасырда болсын қазақ халқын да табиғатқа тағылықпен қарау болған жоқ, жабайы аңдармен құстарға дейін жанашырлықпен қарады. Өзінің қолда бар, еңбек етіп асыраған малын қанағат етті. Табиғат байлығын жекеменшік емес, халықтікі, болашақ үрпақтікі деп қарады. Жерді қазу, шүқылау берекесін кетіру- бәрі де оны жаралаумен тең, оның қаһарына душар болу деген сөз -деп ұқты. Осындай түсініктер жер бетінің бүтін болуына, топырақтың тозбауына, көркінің кетпеуіне үлкен себеп болды. Халықтың еңбек ері, дүние жүзіне атағы әйгілі, белгілі диқан, күріш өсіруші Ыбырай Жақаев: «Мен рахметті жерге айтар едім, - дейді - өзімді дүниеге келтірген, маған бақыт әперген, жомарт төсінде дән дариясын тасытқан», «Қасиетті Жер - ана сенсің менің ардақтым!». Міне бұл сөздер жерді ұқсатуды нәсіп еткен сол жердің қасиетін, кереметін, «тілін» түсіне білген адамның сөзі. «Ағаш көркі жапырақ адам көркі шүберек»деген нақыл сөзде, адам мен ағашты бірдей тіршілік ететін табиғат деп қараудан туған. Көшпелі елдің өмірі бөлек-салақ, күнделікті тұрмысқа қажеті жоқ артық заттардан аулақ болуды талап етеді. Керегі жоқ болса, ағашты кеспеу, шөпті шаппау, бүлдірмеу, жемейтін болсаң жемісті үзбеу сияқты толып жатқан «обалға» барып тірелетін өсиет кеңінен таралғанын да білеміз. Орман-тоғай арасынан қазақ шаруалары қажеті үшін жеміс беретін ағашты әсте кеспеген. Жерімізде бар табиғат байлықтарының кейбірінің осы күндері аса мол болуы, біздерден бұрын осы жерді мекендеген адамдар еңбегінің жемісі. Әрбір ұрпак өзінен бұрын өмір сүрген ұрпаққа сын көзімен қарайтыны, басым болады. Ол да заңдылық. Ондағы мақсат - өткен қателікті қайталамау. Қазақтың дәстүрлі өсетін өсімдіктерді «жұлма», «өртеме», «таптама», «кеспе» деп ғасырлар бойы қолдағы барды сақтағысы келсе, ендігі ұрпақ өскелең өмірдің бар мүмкіншіліктерін қолдана отырып, табиғатты одан әрі молда, көрікті, сүлу да берекелі ету үшін шөл даланы құлпырған орман алқаптарына айландыруда. Табиғат қоры адам үшін тегін дүние сияқты. Бірақ табиғатта керексіз, қалай болса солай жұмсап пайдалана беретін, не ысырап қыла беретін тегін ештеңе жоқ. Бәрініңде өз міндеті керек орны бар. Қандай зат болмасын, өзінің молшылығымен бағалы. Молшылықты қадірлемеу, бағаламаудан тапшылықтың тақсіретін тартқан кездерде болған. Міне, халық сол өмір тәжірибесінен дұрыс қорытынды шығармағандықтан «ой шырағым, байқа, ағып жатқан суды тегін деме, судың да сұрауы бар» деген даналық сөз тастаған ұрпағына.) Қазақ халқының суды қадірлемеу, қорламау жөнінде де неше түрлі аталы сөздер естиміз. Талшыбықты ат қып мініп ойнап жүрген балаларға ата-анасы, үлкендер «суды сабама», «бұлақты лайлама», «көң - коқырды су басынан аулақ төк», «суды сапырма» деп жасынан үйретеді. Осы сөздерден тегінде су тазалығын сақтауға қаншама мән берілгендігін көреміз. Мұның өзі тек судың ғана қамы емес, ондағы балықтардың, су бойын мекендеген құстардың қамы. Соларға тыныштық, өрісті өмір жайлы тіршілік тілегінен туған дәстүрлі сөздер. Қазақ ауылдары құдық, бұлақ суларының тазалығына қатты көңіл бөлген. Қыстау, көктемде не жайлаумен күзеуде кұдық болса ел көшкенде шегендеп кетіп, көшіп келгенде аршып отырған. Ал мал суаты болған бұлақ бастарын таза ұстап, оның көзін жыл сайын балдыр- батпақтан тазалап, су көзінің бітеліп қалуынан, не кұрып кетуінен сақтаған.
Қазақ елі қанша жасампаз болса, ол соншама өзгертуші де бола алады. Ғасырлар қатарында жатқан жер-өлкелер тарихына қарап, ежелгі географияларға зер салсақ, біркезде жайқалып жатқан талай-талай арналы өзен, өлкелі сулардың жоқ болып кеткенін көреміз. Ал ежелден малшы жұрт көшіп,-қонып, қоныстап жүрген жерлердегі кішкентай бұлақтар мен су көздерінің сол ғасырлар бойы сақталып келе жатқанынына да куә боламыз. Мұның себебі, қамқорлық жасамаса тозбайтын дүние жоқ. Тек адам ойы өзгерместен өмір кеше береді. Жолаушы қазақ ат шалдырған жерінде кездестірген кішкентай тұнбаның көзін көрсе «жарықтық ай»деп, алақанымен, не тастың жарқашымен болса да аршып, көзін кеңейтіп кетеді. Мұның бәрі карапайым сиякты көрінгенімен өмір тэжірибесінен дәлелденіп алынған, ұрпактан ұрпаққа жеткен дәстүрлі ұлағатты сөздер. Демократияны жетілдіру, яғни өндіргіш күштердің өрге басуы еңбек өнімділігінің өсуі, өндірісті ұйымдастыруды жақсарту, қоғамдық белсенділіктің артуы, халықтың әл-ауқатының жақсаратыны тағы басқа ұлан- байтақ міндеттерді жүзеге асыру үшін жастарға қабілеттілік, ептілік, кәсіби шеберлік сияқты іскерлік қасиеттерді меңгерудің ғылыми негізі халықтық дәстүрлерінде жатқанын әрқашанда еске алып отырған жөн. Әрбір жастың жан-жақты үйлесімді дамуымен өзінің дарындылық қасиеттерін жетілдіре түсуге қазақ елінің салт-саналары, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерінің педагогикалық, психологиялық, философиялық жэне экономикалық ғылым саналарының дамуына қосатын ролі орасан зор.Сондықтан әрбір тәжірибелі ұстаз өз жұмыстарының негізгі арқауы - халықтық педагогика деп біледі, сондықтан негізгі сабақтарымен қоса студент тәрбиелеу жұмыстарында да ұлтттық салт-дәстүрді басшылыққа алады. «Атадан ұлағат», «Шеше көрген тон пішер», «Қызым саған айтам», «Үлкенге ізет, кішіге құрмет», «Отан отбасынан басталады» секілді тәрбие сағаттары осыған дәлел. Осындай өсиет сөздердің мән-мағынасын түсіне, ұғына білетін білімді маман әр істе өзін көрсете алатыны сөзсіз.
Қолданылған әдебиеттер:
- Қазақстан энциклопедиясы М.Жұмабаев Алматы, 1994 ж.
- Н.Ә.Назарбаев «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» мақаласы
- Нысанбаев А.Н. Қазақстан – Спектр, 2013 ж. №3
- Кәсіптік мектеп 2009ж. №4
- Қазақстан таризы 2004 ж. №4