Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1588

Патриоттық тәрбие-халықтар достығы мен бірлігінің негізі

Аңдатпа

 

Әлемдік саяси-экономикалық кеңістікте жаңа қалыптасып келе жатқан ел үшін патриотизм идеясының, отансүйгіштік сана-сезімінің сана-сезімінің қалыптасуы аса маңызды мемлекеттік деңгейдегі міндет болып табылады. Сондықтан патриотизм идеясы тек қана жастар емес, бүкіл қоғам үшін мәні мен мазмұны түсінікті, елдің азаматтарын олардың тілі немесе ұлтына, дініне қарамастан біріктіре алатын, қазіргі заманның прагматизміне де сәйкес келетін ұғымдарға негізделуі қажет. Патриотизмнің қалыптасуына ерлік пен елдікті бүгінгі ұрпаққа үлгі ететін тарихи өткені мен қоғамның барлық әлеуметтік топтарының тіршілігі мен өмірмәндік ұстанымдарына жауап беретін бүгінгі әлеуметтік жағдайы және болашаққа нық сенім ұялататын болашағы болуы керек. Мақалада патриотизм, азаматтық келісім, ұлттық бірлік мәселелеріне кеңінен тоқталған.

Түйін сөздер:  патриотизм, отансүйгіш, ұлт, келісім, мемлекет  

 

Қазіргі кезде еліміздің егемендігі мен бейбітшілігін сақтауда тұлғаның патриоттық құндылықтарын дамыту арқылы қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға үлкен мән беріліп отырғандығы ҚР-ның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың республика халқына жолдауларында, мәдени-этникалық білім беру тұжырымдамаларында, «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында», «Қазақстан 2030», «Әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің санатына ену», «Зияткерлік ұлт қалыптастыру» бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жұмыстарында, ағымдағы басылым беттерінде айқын аңғарылады.   

Еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесімен көрінеді. Қазіргі кезде Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдері мен ұлыстар өзінің тума мəдениеті мен тіліне, өнері мен дəстүріне сүйіспеншілікпен қарай отырып, өз Отаны ретінде Қазақстанға деген құрметін арттыруда, мұның өзі жалпықазақстандық патриотизмнің көрінісі болып табылады. 

Қазіргі кезеңде «қазақстандық отансүйгіш» ұғымына зор мән берілуде.  Көпұлтты Қазақстан халқының отансүйгіштік сезімін қалыптастыратын – азаматтық келісім, ұлттық бірлік.  

Республика халықтарының өзара ұлттық келісімі мен достығын нығайтуға, 130-дан астам ұлттар мен ұлыстардың жалпықазақстандық патриотизмінің кемелденуіне бірқатар тарихи мерзім керек екендігі туралы Елбасымыз Н.Ə.Назарбаев «Қазақстан – 2030» стратегиялық даму бағдарламасында: «...біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз» - [1, 16 б.] деп жазғанда, бұл процестің жеңіл, əрі қысқа мерзімде аяқтала қоймайтындығын ескергені сөзсіз. Сондықтан əрбір қоғам мүшесіне патриоттық тəрбие бере отырып, оның ұлтжандылығын, отансүйгіштік санасын, басқа ұлт өкілдеріне  сыйлы қатынасын жəне халқына деген құрмет сезімін қалыптастыру талабы жылдан жылға күшейіп отыр. Қазіргі қоғамның патриоттық санасы үш түсінікті құрайды: ұлттық-этникалық, жалпыадамзаттық жəне əлеуметтік-таптық. 

Ұлттық-этникалық дегеніміз – ұлттық намыс сезімі, Отанға, ұлт мəдениетіне, тіліне, т.б. деген сүйіспеншілік, Қазақстан көп ұлтты мемлекет болғандықтан, жалпықазақстандық патриотизм республикадағы ұлттар өкілдерінің бəріне дерлік ортақ түсінік болу керек. Қазақстандық патриоттық тəрбиенің мақсаты - жеке тұлғаның, əлеуметтік, ұлттық топтың патриоттық іс-əрекетке саналы түрде ұмтылуын анықтайтын саяси-моральдық, кəсіби, дене шыңдау қасиеттерін  қалыптастыру. Қазақстандық патриотизм қазақ ұлтының республикадағы басқа да ұлттармен өзара қатынасы негізінде мына принциптер бойынша жүзеге асады: өзара түсінушілік; материалдық жəне рухани құндылықтармен өзара алмасу; өзара көмек; ортақ мақсат, идеялар негізінде өзара қарым-қатынаста болуға саналы талпыныс; ұлттық жəне жалпыадамзаттық мүдденің табиғи үйлесімділігі; тең құқықтық, т.б. Бүгінгі жағдайда бұл принциптер қазақстандық патриоттық тəрбиенің негізгі бағыттарын жүзеге асыруға ықпал етеді [2, 11 б.]. 

Патриоттық тəрбиенің мазмұны өзара бір-бірімен тығыз байланысты екі негізгі компоненттен тұрады. Оның біріншісі кең əлеуметтік-педагогикалық бағыттылығымен сипатталады. Ол мынадай элементтерге негізделеді: негізгі əлеуметтік, тарихи, адамгершілік, саяси, əскери жəне басқа мəселелер бойынша оң дүниетанымдық көзқарастар мен ұстанымдар, маңызды рухани адамгершілік, əрекеттілік сапалар (Отанға деген сүйіспеншілік, заңнамаларға сыйлы қатынас, конституциялық міндеттерді орындау жəне азаматтардың қауіпсіздігін сақтау алдындағы жауапкершілік, т.б.). Патриоттық тəрбие мазмұнының əлеуметтік-педагогикалық компоненті оның өзегін құрайтын басты компонент болып табылады, өйткені бойында өзіне тəн құндылықтары, көзқарасы, бағдары, қызығушылақтары, ұстанымдары, мотивтері бар қазақстандық азамат пен патриоттың тұлғасын қалыптастырмай, Отан қорғау, əскери жəне басқа да мемлекеттік қызметке қатысты нақты міндеттердің табысты шешілуі мүмкін емес.

Бүгінде патриоттық тəрбие мазмұнының өзіне тəн арнайы компонентінің мəні артып отыр. Бұл компонент патриоттық тəрбиені алға қойылған нақты міндеттерге сəйкес саралап, негіздеп, əрі жан-жақты жүргізуді көздейді. Патриоттық тəрбие мазмұнының өзіне тəн арнайы компоненті неғұрлым нақты жəне əрекетті бағыттылығымен сипатталады. Қазіргі жағдайда патриоттық тəрбие мазмұнында басымдық танытатын рухани адамгершілік құндылықтар ретінде мыналарды бөліп көрсетуге болады: - Отанды қорғауға даяр болу; - моральдық-саяси оптимизм; - ізгілендіру; - бейбітшілік сүйгіштік, бейбіт өмір мен əлеуметтік прогресс; - ерлік, отансүйгіштік қызметте көрінетін белсенділік; - өз Отанына деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезім; - өз халқына, туған өлкеге, тіліне, мəдениетіне берілгендік; - өзге ұлт өкілдеріне, олардың тіліне, мəдениетіне құрметпен қарау; - ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, бүгінгіні тəрбиелеу үшін ерлікке толы өткенімізге, əскери, еңбек пен озық халық дəстүрлеріне адал, əрі берілген болу [3, 12 б.]. 

Жоғарыда айтылғандар негізінде қазіргі таңда жастарға патриоттық тəрбие беру мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады: 

1. Рухани-адамгершілік – тұлғаның жоғары құндылықтарды, мұраттар мен бағдарларды, əлеуметтік маңызды процестер мен шынайы өмірдің құбылыстарын саналы түсінуі, оларды күнделікті іс-əрекеті мен мінез-құлқында негізгі принциптер, ұстанымдар ретінде басшылыққа алу қабілеті.  Бұл бағыт жоғары мəдениеттілік пен білімділікті дамытуды, Отанға адал қызмет етуге даяр болуға итермелейтін идеяларды саналы түсінуді, мінез-құлықтың жоғары адамгершілік, кəсіби-этикалық нормаларын, шыншылдық, жауапкершілік жəне ұжымшылдық қасиеттерін қалыптастыруды көздейді.

 2. Тарихи – біздің ата-бабаларымыздың тарихын танып-білу, Отанның, оның тағдырының қайталанбайтындығын саналы түсіну, ерлікке толы өткендегі төңкеріс, əскери, еңбек жəне халық дəстүрлеріне аялы көзқарас. Бұл бағыт Отанымыздың көпғасырлық тарихын, əлемдік тарихи процесте Қазақстанның алатын орны мен атқаратын ролін оқып үйренуді, халқымыздың менталитетінің, əдет-ғұрыптарының, наным-сенімдері мен дəстүрлерінің ерекшеліктерін түсінуді, еліміздің егемендігі мен тəуелсіздігі үшін күрескен өткен дəуірлердегі батырлардың, қайраткерлердің, билер бен хандардың, халық құрметтеген азаматтардың ерлік істерін дəріптеуді көздейді. 

3. Саяси-құқықтық -   мемлекет пен ар-ожданның бағынышты күшіне негізделген адамдар арасындағы нормалар мен ережелердің жиынтығы. Оның негізгі мақсаты - қоғамдық меншікті қорғау, халық үкіметін, демократияны, мемлекеттік заңдылық нормаларын, адамның құқықтары мен бостандығын қорғау. Біздің елімізде демократиялық құқықтық мемлекет орнатудың күн тəртібіне қойылуына байланысты құқықтық сананың маңызына назар аударылып, саяси-құқықтық бағыттың ролін арттыру көзделуде [4, 26 б.]. 

Құқықтық нормаларды қоғамдық қатынастардың нақты практикасына ендіруге құқықтық сананы жетілдіру, азаматтардың   санасын ояту, қоғамдық пікір беделі мен заңның күшін мемлекеттік құқық қорғау органдарының көмегімен күшейту арқылы қол жеткізуге болады. Құқық қоғам өмірінде бірнеше маңызды əлеуметтік функцияларды атқарады. Құқықтың негізгі қайнар көзі мемлекеттік құқықтың мəнін ашып көрсететін Ата Заң болып табылады. Ата Заңның негізінде қоғамдық өмірдің əрбір саласы (еңбек, азаматтық, меншік, кəсіпорын, кооперация, қоршаған ортаны қорғау туралы, əкімшілік, отбасылық, қылмыстық) бойынша заң актілері жасалып, əрекет етеді. Мұнда құқықтың реттеуші функциясы көрінеді. 

Тəрбиелік функциясы демократиялық құқықтық мемлекетте адам тəртібінің негізі оның белсенді жəне саналы түрде адамгершілік пен құқық нормаларын орындауы болып табылады. Осында педагогикалық жəне заң ғылымының өзара əрекеті негізделеді: педагогика адамгершілік нормаларын тəрбиелеуден құқыққа қарай, юриспруденция құқықтан адамгершілікке қарай жылжиды. Екі ғылым да бір міндетті – тұлғаның бойында адамгершілік құқықтық мəдениетті қалыптастыруды көздейді. 

4. Патриоттық – біздің қоғам мен мемлекетті, қазақстандықтардың ұлттық сана-сезімін, өмір салтын, дүниетанымы мен тағдырын қалыптастыру мен дамытудың ерекшеліктерін айқындайтын маңызды рухани-адамгершілік жəне мəдени-тарихи құндылықтарды тəрбиелеу. Ол өз Отанына деген шексіз сүйіспеншілік пен берілгендікті, халқының байлығы, ерлік істері мен дəстүрлері, мəдениеті үшін мақтаныш сезімін қалыптастыруды, қоғам мен мемлекетке адал, шынайы қызмет етуді қамтиды.

 5. Кəсіби-əрекеттілік – Отанға қызмет етумен байланысты еңбекке жауапкершілік пен борыштылық қатынасын, лауазымдық міндеттері мен қойылған міндеттерді табысты орындау мүддесі тұрғысынан кəсіби-еңбек сапаларын белсенді танытуға ұмтылушылықты қалыптастыру. Ол тұлғаның өзін-өзі кəсіби-əрекет тұрғысынан көрсетуінің мотивтерін, мақсаты мен міндеттерін, құндылық бағдарларын, еңбекте жоғары нəтижелерге қол жеткізуге кəсіби құштарлықтары пен ынтасын, міндетті жоғары тиімділікпен орындау жəне нақты мақсаттарға жету қабілетін, өзінің кəсіби тұрғыдан өсу жоспарын болжау жəне іске асыра білу білігін қамтиды.

 6. Психологиялық – жастарда жоғары психологиялық беріктікті, кез келген жағдайда күрделі, əрі жауапты міндеттерді орындауға даярлықты, қиыншылықтарға төзімділікті, табысты өмір мен іс-əрекет үшін қажетті маңызды психологиялық қабілеттерді қалыптастыру. Ол əскери жəне басқа ұжымдарда əлеуметтік-психологиялық процестерді оқып-үйренуді жəне болжай білуді, жағымсыз құбылыстардың алдын-алуды мен девиантты мінез-құлықты болдырмауды, психологиялық қызбалылықты сабасына түсіруді, қозушылық жағдайын жоюды, іс-əрекет түрлерінің, мінез-құлық ережелері мен нормаларының, рухани құндылықтарының ерекшеліктеріне сəйкес психологиялық сапаларды қалыптастыруды көздейді. 

7. Əскери –патриоттық - жас жеткіншектерді əскери қызметке, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасының  жəне өз халқының алдындағы азаматтық борышын өтеуге, тəуелсіз демократиялық Отанының сенімді қорғаушысы болуға даярлау, маңызды əскери дəстүрлерді игеруі жəне қазіргі заман қару-жарақтарын меңгеруі.

 Ол мынадай мəселелердің шешімін табуды көздейді:

 - жастарды Қазақстан Республикасының Ата Заңымен, Отан қорғау, ҚР Қарулы Күштерінде əскери борышын өтеу туралы Заңдармен таныстыру;  əскери істің тарихымен таныстыру; ҚР Қарулы Күштерінің жəне басқа жасақтардың міндеттерімен, құрылымымен таныстыру; азаматтық қорғаныс негіздерін оқыту; əскери істің негіздері бойынша практикалық дағдыларды қалыптастыру; Отан алдындағы əскери борышын өтеуге психологиялық даярлық беру; өлкетану жəне ізденіс жұмыстарын, Əскери Даңқ тарихы мектеп мұражайларының ісəрекетін ұйымдастыру. 

Бұл бағыттардың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты, патриоттық тəрбие берудің мақсаты, міндеттері, рухани-адамгершілік жəне дүниетанымдық негіздері, принциптері, формалары мен əдістері тұрғысынан іс-əрекет барысында өзара бірлікте жүзеге асырылады. Оқушыларға патриоттық тəрбие берудің мақсаты, міндеттері, мазмұны мен принциптері мектеп практикасында белгілі бір жүйе арқылы іске асырылады. Жүйе – бұл белгілі бір тұтастықты құрайтын өзара байланысты элементтердің кешені; олар өзара байланысты, бір-біріне тəуелді бола отырып, өзара əрекет етуі негізінде тұтас бірлікті құрайтын элементтердің (компоненттердің) реттелген жиыны. 

Жастарға патриоттық тəрбие берудің нəтижелілігін қамтамасыз етуде жалпы білім беретін мектептер басты роль атқарады. Сондықтан тəрбие теориясының негіздерін, мектепте жүргізілетін тəрбие жұмыстарының əдістемесін жəне алдыңғы қатарлы педагогикалық тəжірибені терең оқып-үйреніп, тиянақты талдау жасау арқылы мектепте жоғары сынып оқушыларына патриоттық тəрбие берудің жүйесі жасалды [5, 8 б.]. Бұл жүйе мұғалімдерге патриоттық тəрбие беру ісінде негізгі бағыт-бағдарды алуға көмектеседі. Жүйені негізге ала отырып, мұғалімдер патриоттық тəрбие беру процесін əлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа жағдайына сəйкес жаңа көзқарастар тұрғысынан жетілдіруге көңіл бөлу керек. Қазіргі таңда патриотизмді маңызды əлеуметтік құндылық, қоғамның рухани-адамгершілік бірлігінің, оның өмірлік ұстанымдары мен мемлекеттілігінің негізі ретінде қайта жаңғырту жəне дамыту аса маңызды болып отыр. 

Патриоттық тəрбие беру жұмыстарын ұйымдастыру жəне өткізу соған сəйкес тəрбие жұмысы формаларының тұтас кешенін пайдалануды көздейді, оларды шартты түрде екі негізгі топқа бөлуге болады:

 -   бірінші топ патриоттық тəрбие мазмұнының жалпы дамытушылық компонентіне негізделген, жалпы патриоттық сипаттағы неғұрлым кең, əрі көптүрлі формаларды қамтиды. Олар оқу-тəрбие мекемелерінде негізгі тəрбиелік шаралар (əңгімелесулер, кештер, «дөңгелек үстел», кездесулер, т.с.с.) немесе факультативтерде, үйірмелерде, курстарда, секцияларда қосымша оқу сабақтары түрінде өткізіледі; 

- екінші топ патриоттық тəрбие мазмұнының өзіне тəн ерекшелігіне негізделген, көптүрлі емес жəне көп жағдайда əскери жəне əскери-қолданбалы бағыттылықпен сипатталады. Бұл формалар негізінен практикалық сабақтар, жұмыстар, əскери ойындар түрінде өткізіліп, жасөспірімдерді əскери бөлімшелердің өмірі мен қызметімен жəне əскер қызметшілерінің тұрмысымен, қызметімен таныстыруды көздейді.

Сонымен патриот дегеніміз – ұлы құндылықтарды ұлықтап, өзінің ұлы даланың ұрпағы екеніне мақтан ете білу, елінің жарқын болашағын жасауға үлесіңді қосу болса, этномәдени тәрбие беру, ұлттық салт-дәстүрлерді заманауи құралдар арқылы насихаттау мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек, сонда ғана ұлттық құндылықтардың отансүйгіштікке тәрбиелеу функциясы өз мақсатына жете алады. 

 

Қолданылған әдебиеттер негізі

 

  1. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 1999. – 296 б.
  2. Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы // Егемен Қазақстан. – 2019. 24 қаңтар (№15). – 1,3 б.
  3. Жолдасбек Д. «Жастар болашаққа сенеді» //Айқын. – 2018. 3 ақпан (№19)-3 б.
  4. Әбдірайымова Г.С. Жастар социологиясы. - Алматы: «Қазақ университеті»,  2012. –  26 б. 
  5. Мұхамеджанов Б.Г., Әбдірайымова Г.С., Қазақстандағы жоғары білім: әлеуметтік тәжірибелер, субъектілер және қызығушылықтар. – Алматы, 2011. – 8 б.

 

 

 

 

216 0
Қанафия Тлеубаева , №12 Ф.Досымова атындағы орта мектептің, тарих пәні мұғалімі, педагог-сарапшы, Атырау қаласы Ұлы дала ұстазы № 002107
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: