Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1586

Кенесары Қасымұлының туғанына 220 жыл

Ұлан-ғайыр жері бар, ұлы мұратты Елі бар,  бабалар жазған ұлы тарихы мен ұрпағы көз тіккен ұлы  болашағы бар менің халқым – Ұлы халық! 

Нұрсұлтан Назарбаев

Егемендік туралы толғанғанда алдымен халқымыздың салт-дәстүрін сақтай отырып, халықты азаттық пен егемендік жолындағы күреске жұмылдыра білген, жүргізген саясаты халқымыздың даму жолындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бабаларымыздың өшпес өнегесі ойға оралады. Сондай біртуар перзенттің бірегейі – Кенесары Қасымұлы. Биылғы жылы Ұлы Дала елінде есімін ел құрметтеген Кенесары Қасымұлының (1802-1847) туғанына 220 жыл толды. 

Кенесары Қасымұлының кіндік қаны тамған жер   Көкшетау өңірі. Кенесарыны Абылай ханның қалмақ қоңтайшысы Қалдан Сереннің қызынан дүниеге келген баласы Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүміс дүниеге әкелген. 

 Кенесары жастайынан ұлы даланың қатал табиғатына шынығып, кез-келген қиындыққа мойымай, төтеп бере алатындай тәрбиеленді. Оның  ержүректігі, бірбеткейлігі, көздеген  мақсатына жету жолындағы қайтпас –қайсарлығы мен көшбасшылық қабілетін маңайындағылар ерте мойындаған.

Кенесары Қасымұлы «елінің еркіндігі мен елдігін сақтау» аса маңызды іс екенін халық санасына құюда қыруар еңбектер атқарды. 

         Кенесары ханның саяси көзқарасының қалыптасуына І Петрдің  билігі тұсындағы Ресей мен Қазақ хандығы арасындағы қатынастар септігін тигізді.  Қазақ хандығы аумағының империяға күштеп қосу оның отарлануымен қатар жүргені белгілі. Абылай хан заманынан бері үдей түскен бұл үрдіс жас сұлтан Кенесары санасына ұлт тәуелсіздігіне төнген қауіпті терең түйсінтті. 

Оның ендігі мақсаты тәуелсіздікке қол жеткізу болды. Өйткені ол  халқымыздың басын қосатын бірыңғай мемлекет құрмаса, Ресей империясы мен Орта Азия хандықтарына қарсы курес жүргізудің еш мәнісі жоқ екенін түсінді. Ол тәуелсіз елдің ұрпағының жадында қазақ халқының дербес мемлекеттілігін қалпына келтіру, отарлықтан құтқарып, басын біріктіру, азат елге қол жеткізіп, егеменді ел ету мұратын көздеген саясатшы, дарынды әскери қолбасшы ретінде сақталды. Оның өмірі, азаттық жолындағы жүргізген күресі, ерік-жігерінің ерекшеліктері бірқатар ғалымдардың шығармаларына арқау болды.

1837-1846 жылдардағы Кенесары бастаған қазақ халықының көтерілісі Ресей үкіметіне, Қоқан, сондай-ақ Хиуа хандықтарының басқыншылық отарлық саясатына қарсы бағытталған әділ наразылық актісі болды. Көтеріліс қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру және халқымыздың байырғы жерінің аумақтық тұтастығын сақтау мақсатында ұлт-азаттық сипатқа ие болды. Кенесары Қасымұлы көтеріліс басшысы, сонымен қатар өз Отанының патриоты болып қана қоймай, қиын-қыстау кезінде тәуелсіздік үшін күрес жүргізуге бар өмірін сарп еткен көрнекті мемлекет қайраткері, өз заманының қабілетті елшісі ретінде көрсете білді. Көрнекті қоғам қайтаркері Әлихан Бөкейханов атап өткендей, Кенесары Қасымовтың даңқы халық жадында тіпті атақты Абылай ханның даңқына да ұласқан.

Кенесары Қасымұлы мемлекет құру барысында ел билеудің барлық қырларын қамтуға тырысып, басында өзі тұрды. Ол билер, батырлар жəне туыстарынан құралған Кеңес құрды. Хан Кеңесінде елдің ішкі жəне сыртқы жағдайының аса маңызды мəселелері қаралды. Соңғы сөз хандыкі ғана болғандықтан, бұрынғы ру, тайпа, жүз билерінен ерекшеленіп тұрды. Кеңеске азаттық күресте Кенесарының жанында жүрген сенімді адамдар ғана мүше бола алды. Мысалы: інісі Наурызбай батыр, Ағыбай, иман батырлар жəне кейбір билер. Кеңес мүшелері әр дайым хан пікірімен санасып отырды.
 Оның құрған мемлекеті елшілік, əскери іс, сот, қаржы жəне азық-түлік жинау мəселелерімен айналысып, оны жеке адамдар басқарса, жоғары сот билігін өз қолына алды. Ру ішіндегі мәселелерді шешу үшін билерді өзі тағайындап отырды. Ал елшілік мүшелері Ресей үкітемінмен, Қытай және қырғыздармен болған келіссөздерінің бəріне қатысып отырды.

Кенесары хан әскер басында өзі тұрды. Ал оның туыстары,  жақын-достары əскери Кеңес құрды. Мұнда соғыс жоспары қаралып, үлкен жорықтар алдындағы жауапты шешімдер қаралатын болды. Осылайша ел басқару ісі белгілі бір жүйеге келтіріліп, мемлекеттік аппарат жеке салаларға бөлінді. Əр атқарушы белгілі бір мемлекеттік қызметке ие болды.

Кенесары ханның атқарып отырған қызметін бақылап отырған патша үкіметі оның барымтаны тоқтату шешіміне көбірек көңіл бөлген. Себебі, «Кенесары өз жағындағы қазақтарға барымтаны, ұрлықты тоқтатуға жəне тыныш өмір сүруге бұйрық берді, сонан кейін оның көшіп-қонып жүрген жерінде тыныштық орнады» деп жазған.

Ру арсындағы келіспеушілікті жою барысындағы жеткен жетістіктерін Орынбор Шекара Комиссиясы төрағасы Генс хатында былай деген: «Жаман жағы оның татуластырушы, жарық беруші рөлін орындауға кірісуі, яғни ол Орда басшысына айналған, ал осылайша табысты қымылдаған сайын жақтастары көбейіп, Ордада ықпалы күшейеді де, бізге соншама қауіпті бола түседі».

Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісінде қандай қолбасшы, тарихта қандай ұлы тұлға болғандығы туралы орыс тарихшысы Н.Н.Середа өз зерттеулерінде: «Кенесары хан өз жасақтарының мәртебелі әміршісі бола білді. Оның рухы дем берген жауынгерлерге еуропалық әскер қолбасшыларының өзі қызығар еді. Жортуылда жолындағының бәрін жайпайтын дала дауылындай екпінді де тегеурінді Кенесары хан ешбір бөгет алдында кідірмейтін, қайта кездескен кедергі оның қайрат-жігерін жанып, шамырқандыра түсіп, көздеген мақсат жолындағы тосқауылдарды талқандар керемет күш бітіріп, одан сайын өршелендіріп жіберетін. Кенесарының бойындағы күллі осындай қасиеттерді көшпенділер биік бағалап, оның қаракет-қимылына қатысушылардың жүрегі басшысына деген шексіз сүйіспеншілікпен соғып, жанын пида етуге дейін барғызады»,-деп жазды. 

Ал енді ағылшындық Томас Аткинсон Кенесары Қасымұлы туралы былай деп жазды: «Кенесары қазақтардан ғажайып жауынгерлер даярлады. Найза мен айбалтаны тамаша игерген, шапшаңдығына көз ілеспейтін жігіттері өзінен күші басым жаудан қаймықпай соғысып, жеңіп шыға беретінін естігенім бар. Егер білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты әскер құрар еді. Оларға тарихта даңқы асқан Шыңғыс хан жиһангерлерінің керемет қасиеттерінің бәрі тән».

Патшалы Ресейдің отарлық саясатына тайталаса қарсылық көрсеткен Кенесары Қасымұлының ерлiкке толы iс-әрекеттерi iзсiз кеткен жоқ. ХIХ ғасырдағы отаршылдық езгiге қарсы болған халқымыздың азаттық үшiн күресi 1916 жылғы ұлт-азаттық күресiне сонымен қатар 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына ұласып, өткен жылы 30 жылдығын тойлаған Тәуелсiздiгiмiздiң бастауы болды деп нақты айта аламыз.


 

Пайдаланылған әдебиеттер: 

  1. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 4 том
  2. https://www.inform.kz/kz/kenesary-han_a2191266
  3. Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ISBN 978-601-01-0268-2
  4. Бекмаханов Е. Кенесары Қасымов бастаған азаттық қозғалысы. Кенесары көтерілісінің қозғаушы күштері // Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында.- Алматы,1994.- Б. 174-200Алматы, 1997.- Б. 492-520
  5.  Кенесары хан // Қазақтар: Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық.- Алматы, 1998.- Т.2. Тарихи тұлғалар.- Б.98-101
  6.  Қозыбаев М. Хан Кене немесе Кенесары Қасымұлы // Жамантаев К. Абылай.- Алматы, 1993.- Б.103-116

 

 

312 0
Кулаш Турабаева, А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназия,Тарих пәні мұғалімі, Шымкент қаласы Ұлы дала ұстазы № 002105
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: