Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1584

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың ұлы ұстазы

Бүгінгі таңда білім беру саласында Алаш зиялыларының еңбектеріндегі оқыту мен тәрбиеге қатысты құнды идеялар кеңінен зерделенуде. Алаш зиялыларының қай-қайсысы болсын, ұлтқа қалтқысыз қызмет етуді, ең алдымен, білім мазмұнын жетілдіруден бастағаны белгілі. «Ұлт ұстазы» Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі», – деп, ел болып қалудың негізгі шарттарын атап көрсеткен екен. Осы айтқандары бойынша ағартушы-ғалым бірінші болып өзі үлгі-өнеге, жол көрсетті. Оған айғақ — оның қаламынан шыққан: «Қырық мысал», «Маса» жинақтары мен фольклорлық мұрасы «Ер Сайын», «23 жоқтау» еңбектері. Ахмет Байтұрсынұлы бүкіл саналы өмірін қазақ қоғамында білім-ғылымның дамуына, ағартушылық ісінің жанданып кемелденуіне бағыштады. Ол оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру саласында өзіндік өшпес ізін қалдыра білді. "Әліпби", "Тіл құралы", "Әдебиет танытқыш", т.б. оқу құралдарын жазып, қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың әдістемелік мәселелерін зерттеді. 

А.Байтұрсынұлы ағартушылық мақсатта ұлы Абай салған жолмен орыс әдебиетінің мысалшыл классигі И.А.Крыловтың туындыларын аударып, "Қырық мысал" деген атпен 1909 жылы Петерборда бастырып шығарып, оқулык ретінде ұсынды. Ол қазақ халқының әлеуметтік өміріне, тұрмыс-тіршілігіне сай келетін, надандығын, жалқаулығын, алтыбақан алауыздығын әшкерелейтін мысалдарды таңдап, талғап аударды.

Ахмет Байтұрсынұлы оқу-ағарту саласына қатысты зерттеу-әдістемелік құралдар жазумен қатар, тікелей оқытушылықпен айналысқаны тарихтан белгілі. Ұлт ұстазының педагогикалық қызметi 1895 жылдан басталады. Көп уақыт бойына Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерiнде ауылдық, уездiк  және екi сыныптық училищелерге сабақ  бередi. Ахмет Байтұрсынұлы ағартушылық қызметi жағынан Ыбырай Алтынсариннiң тiкелей мұрагерi болды. А.Байтұрсыновтың ағартушылық ой-пікірлері 1911-1915 жылдары шыққан "Айқап" журналы мен 1913-1917 жылдары Орынборда шыққан "Қазақ" газетінде (ол 5 жыл бойы осы газеттің жауапты редакторы болған) жарияланған мақалаларынан айқын көрініс табады. 

А.Байтұрсынұлы туған халқының ғылым-білімге ұмтылуын, әр қазақтың ең болмаса бастауыш білім  алуын аңсады. "Адамға тіл, құлак  қандай керек болса, бастауыш мектепте үйренетін білім де сондай керек", – деп жазды ол. Бірақ осындай білім беретін ауыл мектебінің сол кездегі хал-күйі оның қабырғасына катты батты. Бұл жөнінде: "Осы күнгі ауыл мектебінде оқуға керекті құрал жоқ. Оқыта білетін мұғалім аз ..." деп ауылдық қазақ мектептерінің проблемасын көтереді. Сонымен қатар, қазақ  бастауыш мектептерінде қандай пәндер оқытылу керек дегенге де арнайы тоқталып, ол пәндерді: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, шаруа-кәсіп, қолөнері, география, жаратылыс болуы керек деп саралап көрсетеді. 

А.Байтұрсынұлы Қазан төңкерісіне дейінгі ауыл мектебінің кемшіліктерін де дұрыс көрсете білді. "Бұлардың кемшілігі сол, деді ол, – бала оқыту ғылымын (методикасын) меңгергендер, оқығандар ішінде кем болуы. Дыбысты жақсы білмей тұрып, жаңаша буындап оқыту жолымен жақсылап бала оқытуға болмайды. Дыбыспен жаттықтырудың оқуды, жазуды жеңілдетуге пайдасы көп екенін я білмегендік, я білсе де істеп көрмегендік-тәжірибесіздік" деп оқытудың әдістемелік мәселесін қазақ топырағында тұңғыш рет сөз еткен, бұл еңбектердің қазіргі таңда  өзекті болып отырған оқыту әдістемесін жақсартуға да үлесі зор деуге болады.   Яғни А.Байтұрсынұлы   қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің теориялық мәселелерін қарастырумен бірге, ол пәндерді оқыту әдістемесінің де іргетасын қалаушы болды. Ол балаларға  жылдам хат таныту үшін дыбысты ажырататын жаттықтыру әдіс-тәсілдерін терең қарастырды. Сауаттылықтың негізі жазуға жаттықтыру деп қарады. Көркем жазу мен мәнерлеп оқу дегендер жазу ісі мен оқу ісінің жетілдірілген түрі деген қорытынды жасайды. Бұл әдістемелік нұсқаулар қазіргі сабақ үшін де тиімді. А.Байтұрсынұлы әдістемелік мақалалар жазып, соның негізінде 1920 жылы қазанда "Баяншы" деген атпен тілді оқытудың методикасына арналған әдістемелік құрал шығарды. Онда автор мұғалімдерге "Әліппені" оқытудың, сауат ашудың әдістерін ғылыми тұрғыда көрсетіп берді.

Ахмет Байтұрсынұлының Ташкентте 1926 жылы басылған «Әдебиет танытқыш” («Теория словестности”) деген еңбегі – әдебиетші ретінде сыншылық көзқарасын танытатын жүйелі зерттеу, ешқашан маңызын жоймайтын қымбат, асыл еңбек. Ұлттық әдебиеттану ғылымы қазір қолданып жүрген негізгі терминдер, категориялар, ұғымдардың қазақша өте дәл, ықшам, оңтайлы баламалары қазіргі сабақта қолдануға да қолайлы, оқушылар үшін түсінуге жеңіл. 

Сондай-ақ, оқу бағдарламасында көзделген тақырыптардан бөлек, ұлы ғалымның еңбегін, өмір жолын, халқы үшін атқарған қызметін сыныптан тыс сабақтар да өткізу аса маңызды. Сол арқылы жас жеткіншектерімізді ұлтжандылыққа, патриотизмге тәрбиелейміз. Осыған орай, «Ахмет Байтұрсынов – ұлттың ұлы ұстазы» тақырыбында өткізген интеллектуалдық сайыста оқушыларға Ахмет Байтұрсыновтың өмірбаяны, шығармашылығы туралы түсінік беруді, олардың шығарманы талдай алу, шығармашылықпен жұмыс істей білу қабілетін дамытуды, қайраткер тұлғасын үлгі ете отырып, ынтымақтастыққа, бірлікке тәрбиелеуді мақсат еттім. Сынып оқушылар бірнеше топқа бөлініп, ұлт ұстазының еңбектеріне қатысты танымдық сұрақтарға жауап беріп, өзара талқылаулар ұйымдастырды. Ақын жырларын жатқа оқыды, пікірлерін ортаға салды. 

А.Байтұрсынұлының қазақ ғылымы мен мәдениетіне, оның ішінде ұлттык педагогика мен оқу-ағарту ісіне сіңірген өлшеусіз мол еңбегін  М.Әуезовше бағаласақ, «Ахаң түрлеген ана тілі", "Ахаң салған әдебиеттегі  орны", қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, оқу-ағарту, саясат жолындағы қажымас қайраты... тарих ұмытпас істер болмақ». Оқыту мен оқу үдерісін ұйымдастыруда ұлт ұстазының әдеби еңбектерімен қатар, әдістемелік зерттеулерін тиімді қолдану – әрбір мұғалімнің кәсіби міндеті. Себебі А.Байтұрсынұлының зерттеулері қазіргі таңдағы білім беру саласы үшін өзекті екенін уақыт дәлелдеп отыр. (Сыныптан тыс сабақ жоспары қосымша тіркеледі).  

 

687 0
Карлыгаш Нурмаганбетова,"Ақан ауылының негізгі орта мектебі"КММ-нің, Бастауыш сынып мұғалімі, Ақмола облысы, Зеренді ауданы Ұлы дала ұстазы № 002103
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: