Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1581

Жас жазушылар – жас буынға жаңа леп, жаңа тыныс берген жоба

Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – кішкентай баладан бастап жасөспірім шақтағы оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылықтарының аздығы. Бұл жайында үнемі екі жақты пікірлер айтылады. Бірі – жаңа технологиялардың, әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы десе, екіншісі – құнды, қызықты кітаптардың жоқтығы дейді. Әйтсе де жолын тауып оқушыны кітап оқуға қызықтыра білуге болады. 

Өз тәжірибемізге сүйенсек, қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытатын сыныптардағы сабақ барысында оқушылардың қызығушылығын оятатын жаңа, қызықты әдістерді қолданысқа енгіздік. Осылайша оқушылар әр сабақтан шабыт алып, кітап оқуға деген қызығушылығы арта бастады. Бірде сабақ кезінде «Ең жақын досыма хат»  тапсырмасында оқушылар өз достарына хат жазды. Дайын хатты оқу барысында сыныптағы бір оқушының досы әкесі екендігі анықталды. Ол өзінің жазған хатында әкесін досындай көретінін және өзінің құпияларын қорықпай айтатынын жазыпты. Осы сәтте менің ойыма оқушылардың осындай керемет хаттарын, әңгімелерін, ертегілерін, шығармашылық жұмыстарын барлық оқушылар білсе деген ой келді. Осылайша мектебімізде «ЖАС ЖАЗУШЫЛАР» жобасы бастау алды. 

«ЖАС ЖАЗУШЫЛАР» жобасы – ол шынайы мектеп өмірінен орнын тапқан, игі маңызды іс. Ұстаз бен шәкірттің қалауы бойынша іске асырылған құндылық. Әр жобаның қиындықтары мен дүниеге келуінің өзіндік себебі мен ерекшелігі бар. Бұл жобаға түрткі болған маңызды әрі проблемалық сұрақтар болды. Қазіргі оқушыларға неге қазақ тілінде, өз ана тілінде сөйлеу қиын? Бұған себеп не? Неге тіліміз шұбарланып барады? Ана тілі - қазақ тілінің бай тіл екенін қалай балаларға жеткізуге болады? Ана тіліне деген қызығушылығын қалай арттырсақ болады? деген сұрақтар бізді мазалады. Соның негізінді «Жас жазушылар» жобасы құрылды. 

Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай құрылған талаптарды басшылыққа ала отырып, оқушы қызығушылығын жоғалтпау мақсатында еркіндіктерде ұсынылды. Мысалы; кітап мұқабасы, пішіні (үлкен немесе кіші), материалы (қағаз түрлері, матадан) т.б. оқушының өз таңдауына, яғни шығармашылық тапқырлығына байланысты орындауына болатындығы ескертілді. 

Әрине оңай болмады. Әр баланың еңбегіне назар аудару, жинақтау, бөлісу, пікірлесу, жан-жақты қарау мұның бәрі «тамшыдан құралған көлдей» еңбекті талап етті. Уақытты қажет ететін және әрбір сөзі мен мазмұнына оқушының назарын аударту мұғалім үшін де өте үлкен жұмыс. Дегенмен «ащының дәмін татқан біледі» дегендей оқушы да, мұғалім де өзінің еңбегінің жемісін көргенде өзін бақытты сезінетіні анық.  

Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл жобаның нәтижесінде оқушының ішкі жан дүниесі өзгергенін байқадық. Жоба еркін тақырыпта болғандықтан оқушылар өздерінің жүрегіне жақын әңгімелер жазып, кітапшаларын жасады. Бұл жоба өсіп келе жатқан әрбір оқушының жан дүниесін тербетіп, шабыттарының қаншалықты оянғанын дәлелдеді. 

Сонымен қатар оқушылар өздері жазған әңгіме-ертегілерін басқа сынып оқушыларына жүрекпен тебіреніп өздері оқыған кезде үлкен жауапкершілікті сезініп, оны мойнына алуды үйренді. Ең болмағанда бір оқушының ойын өзгертіп, кітап оқуға, жазуға деген қызығушылын арттырып, септігімді тигізіп, көзқарасын өзгерте алсам, бұл менің ұстаз ретіндегі жеңісім деп білемін.

Қай ғасырда болмасын кітаптың рухани құндылығы жойылмақ емес. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші креативті ойлайтын шығармашыл, шын жүрекпен еңбек ететін, жасаған жұмысына ақы сұрамайтын, жанашыр, елім, жерім, тілім деген мұғалімдер қатары көп болса, кітап оқудың құндылығы арта түседі, қолынан кітап тастамайтын адамдар қатары көбейеді. 

Бұл ойымызды оқырман қауыммен бөлісудің де себептері бар. Өйткені шынайы жасалған еңбекті басқалар да жасап көрсе екен немесе олар да өз ана тілінің ғажайып тіл екенін білсе екен, жасөспірімнің, жас буынның шынымен де жазушылық қабілетін көрсете алатындығын, қолынан келетіндігін дәлелдейтін қызықты жоба екендігін жеткізгіміз келді. 

Осы жобада адамгершілік құндылықтардың орны ерекше болды. Оқушылар бір- бірімен достасады, бірі суретін, бірі ойын, пікірін, енді бірі қияли әлемін ортада бөлісе алады. Бір-біріне құрметпен қарайды, тыңдайды, қателіктерін біледі, сауаттары мен білімдері толықтырылады. Ұстаз бен оқушының арасында  үйлесімділік пен сыйластыққа толы қарым-қатынас байланысы орын алады. 

Отбасы, ұстаздары, айналасын қоршаған адамзат баласы, достары өзінің еңбегін оқып, ризашылығын немесе пікірін айтса өз орнының бұл өмірде бар екенін сезінген «жас жазушы» өзін бақытты сезеді. Ата-анасы да баласының ғажайып еңбегін көріп, қуанышқа толы сезімдерін білдіреді. Ұстазына, баласына алғысын айтады. Мұндай жобалар қазіргі таңда өте маңызды.

163 0
Ахметова Индира, Жукенова Әсем, Бекболатов Жаңбыржан, ДББҰ филиалы Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектебі мұғалімдері Ұлы дала ұстазы № 002100
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: