Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Білімгерлерге тақырыпқа байланысты тракторларда орналасқан трансмиссяның құрылысымен және қызметімен таныстыру.
Дамытушылық :Білімгерлердің танымдық қызығушылықтарын дамыту,білімдерін жетілдіру
Тәрбиелік : Білімгерлердің эстетикалық талғамын қалыптастыру, ұйымшылдық, ізденімпаздық қасиеттерін дамыту, өз мамандығына деген жауапкершілікті сезінуге үйрету.
Сабақтың түрі:жаңа сабақ
Сабақтың әдістері: «Ассоциация», «INSERT», «Фишбоун», SWOT әдісі
Пәнаралық байланыс:«Трактор және автоқөлік», «Машиналарға техниалық қызмет көрсету», «Ауылшаруашылық машиналары»
Сабақтың көрнекіліктері:Интерактивті тақта,оқулықтар,сызбалар,сүреттер,көрнекілік материалдары.
Сабақтың барысы:
І .Ұйымдастыру кезеңі:
А)Білімгерлермен сәлемдесу,түгендеу;
Б)Сабақтың тақырыбын және мақсатын айту;
ІІ.Үй тапсырмасын сұрау:
«Венн диаграммасы» әдісі
Бір бірімен айқасқан екі шеңбердің екі жағына салыстыруға берілетін өткен сабақта « Іштен жанатын қозғалтқышта орналасқан механизмдері»тақырыбы бойынша негізгі бөлшектерін жазады.
Ал айқасқан жерге екеуіне ортақ сипаттар тізіледі.Салыстыруға арналған тапсырмаларды осы диаграммаға салып,білімгерлер өткен сабақ бойынша алған білімдерін жинақтайды,ой қорытады.
ІІІ.Жаңа сабақ.
ЖОСПАР
1. Трансмиссия және оның түрлері
1.1.Ажыратқыш муфта
1.2. Беріліс қорабы
1.3. Айқартопсалы беріліс
Тақырыпқа байланысты бейне ролик
«Ассоциация»әдісін қолданыпберілген тақырып бойынша қандай ой туады,соның барлығы сол сөздің жан-жағына жазылады.
1. Трансмиссия және оның түрлері
Трансмиссия (лат. Transmissio - ауыстыру, беріліс). Айналу энергиясын қозғалтқыштан тұтынушыға жұмыс машиналарына беруге қызмет ететін құрылғы немесе механизмдер жиынтығы.
Трансмиссия деп двигательдің білігіндегі қуатты қозғағыш доңғалақтарға жеткізетін механизмді атайды. Осы механизмнің негізгі қызметі иінді біліктегі айналдырғыш моментті бірнеше есе көбейтіп, қозғағыш доңғалаққа жеткізу болып табылады. Себебі, тракторды жүргізу үшін оның доңғалағына үлкен күш түседі, ал сол күшті айналдырғыш момент тудырады. Двигатель білігінен ондай қажет мөлшердегі момент алынбайды, ал оны тракторды жүргізуге пайдалану үшін бірнеше есе трансмиссияның көмегімен арттырады.
Трактордың жұмыс істеуі кезінде атқаратын жүмыс түріне қарай оған әр түрлі күш түседі. Мысалы, жер өңдеу кезінде тракторға көп күш түсетін болса, тасымалдау жұмысын атқарғанда, алғашқыға қарағанда аз күш түседі. Бір сөзбен айтқанда трактор әр түрлі күшпен жұмыс істейді. Олай болса, трактор трансмиссиясы оның күшін өзгертіп тұратын болуы керек. Трансмиссияның екінші қызметі жүріс доңғалағына берілетін күшті атқаратын жұмыс түріне қарай өзгерту болып табылады.
Осы жоғарыда көрсетілгеннен басқа трансмиссия доңғалаққа берілетін қуат бағытын реттейді. Өйткені, көпшілік жағдайда, ол двигательдің ұзындық бойымен, ал қозғағыш доңғалақтар осі көлденең бағытта орналасады. Олар осылайша бұрыш жасап орналасқандықтан берілетін қуат та бұрылып жеткізіледі.
Трансмиссияның көрсетілген қызметін атқару үшін әр түрлі механизмдер қолданылады. Оларды жұмыс істеу принциптеріне қарай механикалық, гидравликалық және электрлік трансмиссия деп бөледі.
Механикалық трансмиссия деп двигатель қуатын қозғаушы доңғалаққа механикалық энергия түрінде жеткізетін механизмді айтады. Ол үшін әр түрлі механикалық берілістер (тісті, белдікті, үйкелісті) қолданылады.
Гидравликалық трансмиссия трактор двигателінен берілетін қуатты сұйық қысымына айналдырады, ол доңғалақтағы гидравликалық моторға жеткізіліп, қайтадан механикалық қозғалысқа айналады. Бұл трансмиссия жұмыс істеу принциптеріне қарай гидравликалық және гидрокөлемді трансмиссиялар болып бөлінеді. Гидравликалық трансмиссияда берілетін қуат сұйықтықтың үлкен жылдамдығына айналдырылады да жұмысшы доңғалақтың қалақшаларына ұрылады. Сөйтіп өзінің энергиясын гидромоторға жеткізеді. Гидрокөлемдік трансмиссияда берілетін қуат сұйықтық қысымы арқылы жеткізіледі.
Электрлік трансмиссияда трактор двигателінің механикалық энергиясы генератордың көмегімен электр энергиясына айналдырылады да, қозғағыш доңғалақтарға орнатылған электр двигателіне жеткізіледі.
Гидравликалық және электрлік трансмиссиялар тек жеке түрінде қолданылмайды. Себебі, олардың пайдалы әсер коэффициенті, айналдыру моментін арттыру дәрежесі төмендеу болады. Сондықтан оларды механикалық трансмиссиямен қосып пайдаланады. Оларды гидромеханикалың немесе электромеханикалың трансмиссиялар деп атайды.
Механикалық трансмиссия құрылысына қарай екі түрге бөлінеді. Беріліс жылдамдығын сатылы және сатысыз өзгертетін трансмиссиялар болады. Жылдамдықты сатылы өзгертетін трансмиссияда беріліс санын өзгертуге мүмкіндік беретін беріліс қорабы қойылады. Сол қораптың көмегімен жүмыс бабына байланысты ілінісетін шестерняларды ауыстырып отырады. Ал жылдамдықты сатысыз өзгертетін трансмиссияда құрылысы өте күрделі механизмдер қолданылады. Қазіргі заманғы тракторларда жылдамдықты сатылы өзгертетін трансмиссиялар пайдаланылады.
Жылдамдықты сатылы өзгертетін трансмиссия көпшілік жағдайда мынадай механизмдер мен тораптардан қүралады: ажыратқыш муфта, беріліс қорабы, карданды біліктер, жүргізгіш мостылар. Тракторлардың кейбір түрлерінде ғана жоғарыдағыдан аздаған өзгешелігі болады. Атап айтқанда, ДТ-75 тракторында айналдырғыш моментті арттырғыш қондырғы болады, ал К-701 тракторында ажыратқыш муфта болмайды да, оның қызметін беріліс қорабы атқарады. Т-150 тракторында екі ағынды беріліс қорабы қолданылуына байланысты жүргізгіш мостының қүрылысына бірнеше өзгеріс енгізілген.
«INSERT» әдісі
Оқылған мәліметті,жаңа материалмен таныса отырып
тапсырманы оқып, түртіп алу
1.1. Ажыратқыш муфта
Ажыратқыш муфтаның негізгі қызметі двигатель білігіндегі қуатты трансмиссияға беру болып табылады. Керек кезінде ол двигательден трансмиссияны ажыратып, қайтадан ңосады. Мұндай жағдай трансмиссиядағы беріліс жылдамдығын өзгерткен кезде немесе тракторды тоқтатқан кезде болады. Ажыратқыш муфта двигательден трансмиссияны тракторды тоқтатқан кезде ажыратып, қосқанда біртіндеп қосуды қамтамасыз етуге тиіс. Себебі, трактор орнынан қозғалған кезде оның жылдамдығын бірте-бірте арттырмаса, онда двигатель мен трансмиссия механизмдеріне қалыптан артық күш түскендіктен, олардың сынып, зақымдануы мүмкін.
Ажыратқыш муфталардың бірнеше түрлері болады. Тракторлардағы көп қолданылатын түрі — ол үйкелісті муфта. Мұндай муфталар өзі арқылы берілетін қуатты үйкеліс күші арқылы іске асыратын болғандықтан, оларды үйкелісті муфталар деп атайды. Ол үшін жетекші және жетектелуші бөліктері бір-бірімен жанасады да арасындағы пайда болған үйкеліс күші арқылы бірін-бірі жетектейді.
Ажыратқыш муфтаның басқару механизмі құрылысына қарай механикалық, гидравликалық, электр магнитті және пневматикалық болып бөлінеді. Осы аталған аттарының өзі-ақ олардың жұмыс принципін анықтайды, яғни қозғалыс басқару педалінен ажыратқыш қондырғыға қандай жолмен жеткізілетіндігіне байланысты. Бұлардың ішіндегі тракторларда көп таралған түрі — механикалық басқару механизмі. Бұл механизм муфтаны басқаратын педальді ажыратқыш қондырғымен механикалық рычагтар мен тізгіндер арқылы жалғастырылады. Мұның құрылысы қарапайым болып келеді, жұмыста сенімділігімен қатар кемшіліктері де бар. Көбінесе рычагтар мен тізгіндердің майысуына байланысты оларды жиі-жиі тексеріп, дер кезінде реттеп отыруды қажет етеді.
Жоғарыда айтылғандай, басқару механизмдері қазіргі тракторларда көбінесе біріктіріліп қолданылады, яғни олардың негізгісі механикалық механизм де, оған ңосымша гидравликалық немесе пневматикалық механизмдер қойылады. Ондағы мақсат муфтаны ажырату немесе қосуға байланысты тракторшының жүмысын жеңілдету болып табылады. Мысалы, Т-150К тракторы-ның муфтасын басқаратын механизмге пневматикалың, Т-4А тракторына — гидравликалық күшейткіштер қолданылады. Осылардан басқа тракторларда (Т-150, ДТ- 75, МТЗ-80/82, Т-40М және Т-40М) механикалық күшейткіштер қолданылады. Ондай механизм муфтаны ажыратар кезде ажыратқыш қондырғыға қажет күшті арттырады.
«Фишбоун» тәсілі
Бұл әдіс білімгерлердің тақырыпты талқылауына септігін тигізеді.Балық сүйектерін тігінен және көлденең орналастыруға болады.Балықтың басына:зерттелетін,қаралатын талқыланатын тақырып жазылады.Оң жақ қабырға сүйектеріне анықталған проблема себептері,тақырыптың негізгі мазмұндары мен түсініктері жазылады.Сол жақ қабырға сүйектеріне:проблемаларды шешу жолдары,қарама-қайшылық тудырушы кедергілер жазылады.
Балықтың құйрығына:анықталған жұмыстың нәтижесі мен талданған тақырыптың қорытындылау сұрағына жауап жазылады.
1.2. Беріліс қорабы
Беріліс қорабының негізгі қызметі — трактор жұмысына қарай оның жылдамдығын өзгертіп отыру болып табылады. Тракторға түсетін күш көп болған кезде жылдамдықты азайтады да, соның есесінен оның күшін арттырады. Ол үшін беріліс қорабының көмегімен двигатель мен қозғаушы доңғалақ аралығындағы беріліс қатынасын өзгертеді. Осы беріліс қатынасы көп болса, доңғалақтың айналысы азаяды да, оның есесіне айналдырғыш моментін арттырады.
Ауыл шаруашылығы тракторларында осындай беріліс қатынасын өзгерту үшін механикалық сатылы беріліс қорабы пайдаланылады. Ол қораптың механикалық деп аталатын себебі, онда механикалық берілістер (көбінесе шестернялы берілістер) қолданылады, ал сатылы болу себебі — жылдамдықты бірте-бірте емес, бір сатыдан екінші сатыға бірақ өзгертеді.
1.3. Айқартопсалы беріліс
Айқартопсалы берілісті беріліс қорабының немесе үлестіргіш қорабының жетектегі білігінен берілген бұралу моментін басты берілістің жетекші білігіне жеткізу үшін қолданылады.
Өйткені бір-біріне жалғастырылған трансмиссия біліктері бір осьтің бойында бекітілмеген.
Беріліс қорабы мен үлестіргіш қорабы автомобильде жетекші белдіктен жоғары орналасқандықтан, айқартопсалы берілістің бұрылу моментін жеткізу бұрышы жазықтықта біршама өзгеріп тұрады.
Артқы аша А – А осі бойынша айналуымен бірге Б – Б крестовина осі бойынша айналады, бір біліктен екінші білікке айналу моментін жеткізуі мен бірге бұрышы да өзгереді.
Мұндай шарнирлі айқартопсалы беріліс бұрыштық жылдамдығы тең емес қатты шарнир деп аталады. Бірінші аша екіншіге қарағанда тең айналмайды, сондықтан олардың бұрылу моменті кезінде шарнирлі байланыстың бөлшектері мен трансмиссияға қосымша күш әсерінен ерте тозады.
Тең айналмауын қалыпты болуы үшін, екі біркелкі айқартопсалы топсалар қолданады, бірақ олардың ашалары білікке қарама – қарсы орнатылып, бір жазықтықта болуы керек.
ІV.Сабақты бекіту.
SWOT әдісі
Сабақты қорытындылау барысында мәселенің жағымды,жағымсыз жақтарына сараптама жасалады,мүмкіндіктері бағаланып,қауіп-қатерлері туралы нақты дәлелдер келтіріледі
Бұл әдісті қолдану барысында талдау, ойлау және кері байланыс беріледі, салыстыру қабілетін қолданылады. сараптама беріледі.
V.Бағалау.
VІІ.Үйге тапсырма.
Бүгінгі өтілген тақырыпқа байланысты қосымша ақпарат іздеп табуға,қазіргі заманғы ғылыми-техникалық үдерістегі инновациялық өзгерістер туралы жазу.