Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1577

Абай өлеңдерінің жариялану тарихы

       Абай XIX ғасырдың екінші жартысында жазба ұлт әдебиетінің негізін салды. «Жазды күн шілде болғанда» және « Күлембайға» деген екі өлеңін өзі тірі кезінде тұңғыш рет «Дала уалаяты» газетіне бастырып шығарды. Әрине, ақынның алғашқы жинағының жариялануының басында Әлихан Бөкейханов, Абайдың өз балалары мен жақын туыстарының жүргендігі ақиқат. Оның ішінде Кәкітай Ысқақұлының есімі алдымен ауызға түсетіндігі белгілі. Кәкітайдың Абай мұрасын танытудағы басты еңбегі де Абай шығармаларының тұңғыш жинағын құрастырып жариялауы мен ақын өмірі туралы алғаш рет мәлімет беруінде жатыр. Кәкітай – Абай өлеңдерін түрлі тақырыптарға бөліп жіктеуде еңбек сіңірді. Бүкіл қазақ ақындары Абай шығармалары мен өмірбаяны жайлы дерекпен тұңғыш рет Кәкітай арқылы ғана танысты. Кәкітай Абай өмірі мен шығармашылығына жалпы тоқталғанымен, сол дәуірдің өзінде – ақ Абай жөнінде ойлы пікірлер айта білді. Кәкітай Абайдың шын мәніндегі ақындық өнерге сексенінші жылдары батыл бет бұруының себебі оның орыс халқының озық ойлы әдебиетімен танысуында жатыр деп көрсетуі, Абай творчествосы мен өміріндегі елеулі құбылыстардың төркінін дұрыс аңғара білгенін байқатты. Ақындық дарыны асып туған Абайдың осы өнерге қолын кеш сермеуі, Кәкітай пікірінше, өскен ортасына тікелей байланысты қаралады. Бірақ ел ісіне ерте араласып, халықпен тығыз байланыста болуы арқылы ғасырлар бойы сұрыпталған тіл өнерін терең меңгеруі – Абай ақындығының тербеліп өскен алтын бесігі деді. Кәкітай мақаласы төңкеріске дейінгі дәуірде ұлы ақын творчествосының нәр алған арналарына байланысты Абайдың ақындық кітапханасының көлемі жайлы мәселеге біршама бағдар айтуымен де ерекшеленеді. Жиырмасыншы жылдар басында қоғамдық ойда Абай шығармаларын жариялау жөнінде пікірлер туындай бастады. Бұл іспеттес пікірді тілші ғалым Т.Шонановтың мақаласында айтылған деректер арқылы дәлелденіп жатты. Уақыт талабы тудырған бұл рухани сұранысқа назар аударған Қазақстан Оқу комиссариаты Абай шығармаларының толық жинағын құрастырып басып шығаруды ресми түрде ақын Бернияз Күлеевке тапсырды. Бернияз Күлеев осы мақсатты жүзеге асыру үшін, Абай өмірбаяны мен шығармаларын толық түрде жинастырмақ болып, «Еңбекші қазақ», «Ақжол», «Степная правда» газеттеріне жазған мақала үндеулерінде алға қойылған мақсатын анықтап та берді. Олар: Абайдың қара сөздерін бар болмысымен толық жариялау, Абай өмірбаянына байланысты фотоқұжаттарды толық қамту, Абай өмірбаянын жаңа дерек мағлұматтарымен толықтыра түсу, ақын өлеңдерін бастапқы табиғи қалпына түсіру, яғни өлең өрнектерін қалыптастыру мәселелерін алға қойды. Қаншалықты күш салып әрекеттенсе де, заман ауыртпалығы қол байлау бола берді. Қазан қаласында 1922 жылы Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын (1909) қайталап басумен тоқталды. Дәл осы жылы Ташкент қаласында Абайдың өлеңдер жинағы да осы қалыпта басылым көрді. Абай мұраларының төңкеріске дейінгі жариялану, таралу жайында нақтылы ұғым, белгілі хабар беретін жазба деректердің бірі – «Дала уалаяты» газеті еді. «Дала уалаятының газеті» қазақ әдебиетінің жәй˗күйі мен болашағы, бүгінгі заманға қандай әдеби шығармалар қажет екендігі жайында талай ойлы да құнды материалдар жариялады. 1889 жыл әдеби тұрғыдан алғанда газет өміріндегі ең бір елеулі жыл. Абайдың екі өлеңі («Жазды күн шілде болғанда» және «Күлембайға») тұңғыш рет баспасөз бетінде жарияланып, әдебиет тарихындағы елеулі оқиғаға айналды. 

Ақынның көзі тірісінде сонау қияндағы Қазанда «Князь блан Загифа» (1897 жылы басылған) қиссасындағы кездесетін «Сынағандағы аттың сыны» немесе «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ», «Бүркіт» ( «Қан сонарда бүркітші шығады аңға») деген атпен Абайдың атақты екі өлеңінің жариялануы назар аударарлық құбылыс. Бұл кітапта қиссаны бастырушы˗ Бектұрған Сиқымбайұлы, өлең етуші˗Жанұзақ ақын деп көрсетілген. «Князь блан Зағифа» қиссасы князь атанған жігіт пен Зағифа деген ақын қыздың жұмбақ айтысына құрылған. Қиссадағы бас кейіпкер жігіттің өзі арман еткен ат пен құстың сипаты былай еді деп, шығарушы Абайдың атақты екі өлеңін «Сынағандағы аттың сыны», «Бүркіт» деген атпен түгелімен келтіреді. Бірақ бұл өлеңді Абайдың атынан емес, қиссаны шығарушы өз атынан: «Насихат қып шығардым, осы сөзді, Бозбала, осыны оқы сөз таппасаң», ˗ деп келтіреді. Қиссадағы өлеңде кездесетін өзгерістер, өлең жолдарындағы сөздердің орнын ауыстырулар, «кейінгі автордың» өзінше «жаңа жолдар» қосуы мұнда жиі кездеседі. Абай шығармаларының ең алғашқы жинағы 1909 жылы Санкт˗Петербург баспасынан жарық көрді. Абайды танудың басы, алғашқы адымдары Қазан төңкерісінен бұрын басталған. Абайдың ақындық еңбектері үш түрлі боп жайылып тарағанын еске алу керек. Бірінші жолы - баспа арқылы тарауы; екіншісі - халық арасында ауызша жатталып, әнмен аралас тарауы; үшіншісі - қолжазба көлемінде әр көлемді жинақтар боп, көшіріліп тарауы. Абайдың өмірі мен шығармалары туралы жазылған зерттеу еңбектерді, монографияларды түгелдей алғанда Абайтану сан алуан маңызды мәселелерді қамтитын, көп салалы ғылым болып қалыптасты. Басты мәселелер қатарында алдымен Абайдың өмір жолын зерттеу, оның шығармашылық жолының халықтық негіздерін, ұлттық сипатын айқындау, лирикалық шығармаларының, дастандары мен қара сөздерінің тақырыптық, идеялық, жанрлық, тілдік ерекшеліктерін, ақындық тұлғасын, суреткерлік әдісін, көркемдік шеберлігін тереңдеп ашып көрсетуге қатысты мәселелерді, сондай-ақ ұлы ойшыл ақынның дүниетанымын, қоғамдық, философиялық, эстетикалық көзқарастарын зерттеу мәселесі жатады. Бұларға қоса Абайдың шығыс, орыс, еуропа әдебиетімен шығармашылық байланысы, ақын шәкірттері, өнерпаздық дәстүрлерінің қазақ әдебиетінде жалғасуы секілді мәселелерге де үнемі назар аударылып келеді. Абайтанудың өзекті мәселелері бұл айтылғандармен шектелмейді. Соның бірі Абай өлеңдерінің жариялану тарихын кеңінен талдау. Абай шығармаларын жариялау мәселесі 1921 жылдан бастап қана жүйелі арнаға түсе бастады. Осындай ыждаһатпен 1921 жылы Қазанда, 1923 жылы Ташкентте Абай өлеңдерінің жинағы шықты. Бұл жинақтардағы шығармалар 1909 жылғы жинақта жария болған шығармаларды қамтиды. Абайдың әдеби мұрасын жұртшылыққа танытумен ол мұраны зерттеу ісінде 30˗жылдары айрықша көзге түскен жазушы, ғалым, Мұхтар Әуезовтың зерттеулері абайтану тарихында ерекше орында. Абайдың қайтыс болуына отыз жыл толуына орай басылым көрген Абайдың тұнғыш толық шығармалар жинағы мен Абайдың ғылыми өмірбаянының қоса жариялануы М.Әуезовтың абайтану саласының негізін қалаған тарихи еңбегі ретінде қабылданды. М.Әуезовтің басшылығымен 1933 жылғы тұңғыш жарияланған толық жинақ ақын мұрасын жалпы бағалауда, танып-білуде орасан зор маңызы бар мәдени құбылыс. Бұл толық жинақтың Абайдың 1909 жылғы Санкт-Петербургта, 1916 жылғы Орынбордағы, 1922 жылы Қазан мен Ташкентте басылған жинақтарынан көп жағынан айтарлықтай өзгешеліктері бар еді. Бұл жинаққа жаңадан көптеген өлеңдер енгізілген. Сонымен бірге осы жолы «Әзім», «Вадим» және «Қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» дейтін сөзі де тұңғыш рет басылған болатын. Бұрын басылған кейбір өлеңдердің тексті анықталып, түзетулер кіргізіледі. Кітаптың соңында «Абайдың туысы мен өмірі» деген М.О. Әуезов жазған мақала және «Абайдың жазған өлеңдерінің қашан, қалайша жазылғандары туралы түсіндіру, қосымшалар» бар. Ақынның толық жинағы, кейін 1939-1940 жылдары екі том болып, тағы басылып шықты. Онан соң, әсіресе толығырақ болып топталып, ұлы ақынның жүз жылдық мерекесіне арналған толық жинақ түрінде 1945 жылы басылды. 1945 жылғы толық академиялық жинақ ақынның туғанына 100 жыл толу мерекесіне арналып шығарылды. Бұл жинақта бұрынғы баспаларына енбеген Абайдың 7 өлеңі берілген («Домбыраға қол соқпа», «Түбінде баянды еңбек егін салған», «Әйелің Медет қызы аты Өрім», «Бөстегім құтылдың ба Көтібақтан», «Мен боламын демеңдер», «Ойға түстім толғандым», «Қулық пенен сұмдыққа). «Әзім әңгімесінің» аяғына бұрынғы баспаларында жоқ 12 жол өлең қосылған. Бұрын II томында 37˗сөздің ішінде бір басылған шағын бір өсиет сөз, мағына, тақырып жағынан афоризм сөздер тобына жатпайтындығын еске алып, оны өз алдына 45˗сөз етіп берген. Бұрынғы баспаларын, қолжазбаларды қадағалап қарау нәтижесінде Абайдың осы баспасында да бірталай сөздер жөнделген. Бірталай сөздеріне жаңаша дұрыс түсініктер, талдаулар берілген. Абай шығармаларының екі томдық жинағы 1954 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының баспасынан шыққан. Бұл жинақта Абай шығармаларына түсінік жазғандар З.А.Ахметов, И.Т.Дүйсембаев, Ғ.Т.Әбетов және М.С.Сильченко қатысқан. Ал, алғысөзде осылай десе, бұл жинақта Абайдың бұрынғы өлеңдер жинағына кіріп жүрген өлеңдерінен 11 өлеңі кірмей қалған. « Кім екен деп келіп ем түйе қуған», « Абдрахманға», («Орынсызды айтпаған»), « Разаққа», «Дүйсенқұлға», «Көкбайға» («Бұралып тұрып», «Сорлы Көкбай жылайды»), «Ғалымнан надан артпас ұққанменен», « Шәріпке», «Түбінде баянды еңбек-егін салған», « Мен боламын демеңдер» т.б. Бұл өлеңдердің Абай жинағының («Толық жинағының») ішіне не себепті кірмей қалуы айтылмаған. 1957 жылы «Қазақтың Мемлекеттік Көркем Әдебиет» баспасынан Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы жарық көрді. Абай шығармаларының бұл толық жинағы қолжазбалар мен бұрынғы баспаларды, жаңадан тексеріп, зерттеу негізінде баспаға дайындалды. Бірінші томға өлеңдер мен поэмалар, екінші томға аудармалар мен қара сөздер кіргізілген. Екінші томда Мұхтар Әуезов жазған Абайдың өмірбаяны берілген. Шығармаларға түсініктер, алфавиттік көрсеткіштер әр томда текстен кейін, ал кісі аттарына түсініктер екінші томның соңында берілген. Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының ең соңғы рет 1977 жылы Қазақстанда «Ғылым» баспасынан басылып шыққаны мәлім. Осы басылымның бірінші томының басында: «Қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбаев шығармаларының екі томдығын баспаға дайындау үстінде бұрынғы басылымдарындағы жетістіктер пен кемістіктер түгелдей ескеріле отырып, тыңнан текстологиялық тексерулер жүргізілді, түсіндірме сөздер толықтырылып түзетілді. Сондай-ақ Абай шығармаларының текстологиясы жөнінде бұрын˗соңды айтылып келген орынды пікір мен ұйымды ұсыныстар қабылданды» делінген. Абайдың 1961 жылы жарық көрген шығармаларының бір томдық толық жинағында тұңғыш рет көптеген суреттер мен ақынның соңғы жылдары табылған жаңа өлеңдері кірді. Кітапқа ақынның замандастарының естеліктері берілді. Бұл жинақтың редакциясын Ә.Жиреншин басқарды. Абайтану тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа тұғырға көтерілді. Бұлай дейтініміз, одан бұрын Кеңес өкіметінің кезінде қыспаққа ұшырап, жарияланбай келген тың мәліметтер басылым бетін көрді. 1995 жылы ұлы Абай өлеңдерінің екі томдық толық жинағы жарық көрді. Бұл жинақты дайындауға З.Ахметов, С.Қирабаев, С.Қасқабасов, М.Мырзахметұлы, Ж.Шойынбетов, Б.Байғалиев, Қ.Мұхамедханов, Ж.Ысмағұлов, Қ.Салғарин қатысты. Бұл жинақты баспаға дайындау кезінде шығарушылар Мүрсейіт қолжазбаларын, 1957 жылы жарық көрген Абай өлеңдерінің толық жинағын басшылыққа алған. Оны біз 1995 жылы жарық көрген Абай өлеңдерінің екі томдық толық жинағының алғысөзінен көруімізге болады. Бұл жинақта Алла, Құдай, мінәжат, тәуба, иман сөздері қалпына келтірілген түрде берілген. Сонымен қатар ақын шығармаларында кездесетін араб, парсы сөздеріне тұңғыш рет ғылыми түсініктемелер берілген. Әр дәуір, қоғамдық өзгерістер, көзқарастардың жаңаруы оған өз міндетін жүктейді. Әр ұрпақ Абай жөнінде өз сөзін айтатын болады. Оның себебі, Абай мұрасы кейінгі кенже ұрпақ үшін қазақ халқының қатпар- қатпар тарихы тәрізді зерттеушілері ой түренін әлі де терең қарпып сала алмай, қойнау- қыртысы ашылмай жатқан тың іспетті. Ақынның мол мұрасы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, ғасырдан ғасырды көктей өтіп, жалғасып кете бермек Тығырыққа тіреліп, қиналған сәтте көзі ашық, көкірегі ояу кез-келген азамат Абайға жүгінсе, жол таппай қоймайды.

548 0
Токжан Мусаева, №10 Шу колледжінің директоры, тарих пәні оқытушысы Ұлы Дала Ұстазы № 002096
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: