Теміржол - әлемдегі ең қауіпсіз көлік түрі деп айтуға толық негіз бар. Себебі оның қатысуымен болатын апаттардың саны тек саусақпен санарлық қана. Бірақ дүниеде жолаушылар ол жерлерден өтіп бара жатып терезелеріне қарай алмайтындай қауіпті һәм қорқынышты теміржолдары орналасқан аймақтар да жоқ емес. Сонымен солардың біразына тоқталып өтейік.
«Kuranda Scenic Railway», Аустралия
Әлемдегі ең қорқынышты теміржол көпірлерінің бірінен саналады. Ол терең шатқал үстіне қадалар арқылы орналасқан. Ал таудан құлаған сарқырама вагон терезелерінен анық көрініп, кейде тіпті су тамшылары терезелерге шашырап та жатады. Мұндай керемет әсерді Аустралияның кез келген басқа теміржол бөлігінен көре алмайсыз. Көптеген жолаушылар пойыз осы бір тұстан өткен кезде көңілдерін аулап кітап оқып немесе терезеге мүлдем қарамайтын көрінеді.
«Argo Gede Train Railroad», Индонезия
Теміржолдың бұл бөлігі әдемі алқаптың үстінен салынған. Бұл биіктікте кетіп бара жатқан пойыз ішіндегі жолаушыларды бей-жай қалдырмасы анық. Себебі мұндағы керемет көрініске көз тоймайды. Ал егер сізге адреналин жетпей бара жатса, онда 2002 жылы осы бір аймақтан әлдебір пойыздың рельстен сырғып кеткен оқиғасын есіңізге салсақ жеткілікті болатын шығар. Бір таңқаларлығы бұл апатта бірде-бір адам зардап шекпеген екен.
«Cumbres Toltec Scenic Railroad», Нью-Мексико, АҚШ
Бұл теміржол жолаушыларды тасымалдауға арналған магистральге қарағанда көңіл көтеру паркіндегі қорқынышты аттракционға қатты ұқсайды. Бұл аймақта жолаушылар мінген пойыз ескі жолмен қатар, таулы каньондарды, жартастардың қауіпті тұстарын басып өтеді. Осыларға қарап темір жолды салған инженердің биіктіктен мүлде қорықпағаны ма деп ойлайсың.
«Tren a las Nubes», Аргентина
Теміржолдың бұл бөлігінде сізді зигзагтар, құламалар, өрлемелер мен тоннельдер күтеді. Бұл жолдың құрылысы қиындықтар мен апаттарға байланысты бірнеше жылдарға созылған екен. Нәтижесінде жиырмасыншы жылдардың басында ашылады деп күтілген жол қырқыншы жылдың аяғында іске қосылды.
«Lynton & Lynmouth Cliff», Ұлыбритания
Бұл биіктігі 500 фунт болатын теміржолда керемет естен кетпес пойыз саяхатын ұйымдастыруға болатын бірден-бір жер. Жолдың жанынан бірнеше тұрғын үйлер де орын тепкен. Мұнда сіз кішкене үйлер, жасыл алқап пен шағын көпірлер арасынан төмен қарай үлкен жылдамдықпен сырғи аласыз. Ал ондағы адреналиннің мөлшерін тек осы сәтті бастап өткеріп қана біле аласыз.
White Pass & Yukon Route, Аляска, АҚШ
Бұл теміржол сәулет ескерткіші болып саналады және ол толықтай мемлекет қорғауында. Ал оның құрылысы сонау алтын дүрлікпесі кезінде салынған. Қазір ол жол арқылы сол замандағы алтын іздеушілердің мекенін тамашалағысы келетіндерді тасымалдау мақсатында арнайы пойыз жүреді.
«Chennai-Rameswaram Route», Үндістан
Үнді мұхитының үстінен салынған теміржол сізді Рамесварам аралына дейін жеткізеді. Бір жарым шақырымға созылған темір жол көпірі көптеген адамдар үшін мұхитты жақыннан тамашалауға арналған керемет мүмкіндік. Алайда теміржол жүз жылдан бері ешқандай жөндеу жұмыстарын көрмегенін ескерте кетейік.
«Georgetown Loop Railroad», Колорадо, АҚШ
Теміржол бұрынғы күміс кен орнының үстінен салынған. Бұл жолмен көбіне тек туристер сапар шегеді. Көпір жерден 30 метр биіктікте орналасқан. Оның үстімен жүріп бара жатқан пойыз әдейілеп бірнеше рет оқыс тоқтап, жолаушылардың жүрегін ұшыратыны бар.
«Aso Minami route», Жапония
Бұл теміржол белсенді вулканды аймақта орналасқандығымен қауіпті саналып отыр. Оның үстіне көпір де біраз уақыттан бері жөнделмеген. Ал ұйқыда жатқан вулкандардың кез келген сәтте оянып кететінін білсек, онда пойыздағы жолаушылардың қорқатындай жөні бар.