Абайдың өз басының адамгершілігі. Ақыл мен қайратты, білім мен адамгершілікті тең ұстаған ақын шығармаларына деген ілтипатымыз, құштарлығымыз бүгінгі күн санап артқандай болса, ал мынау нарықтық экономика қыспағында қысылып жүрген жағдайда ақын шығармаларына, оның терең мағыналы, күні бүгінге дейін мәнін жоймаған ой-тұжырымдамаларына деген қажеттілік одан да артық. Оның кіршіксіз, таза, ақ жүрегінен тебірене туындаған жырларынан адам жанына әл қуат беретін, жанға жайлы, ыстық леп ескендей. Бар асылын, ойын замана жастарына, келер ұрпаққа да арнады. Оның шығармашылық қызметінің негізгі мұраты – адам тәрбиесі. Ұстаз сөзінің биік мағынасы Абайдай ағартушыға өте орынды айтылған. Қоғамның тарихи даму кезеңінде өткен дәуірден бізге жеткен мәдени, әдеби мұралардың өсіп келе жатқан жас буынды оқыту мен тәрбиелеуге септігін тигізетін мүмкіндіктерін толық зерттеп, тәлім - тәрбие ісінде қолдану бүгінгі күн талабы. Өйткені, жан - жақтан қаулап, арам шөптей басып келе жатқан құнсыз дүниелердің жастар өміріне дендеп еніп бара жатқанын көріп отырмыз. Бұдан былайғы кезде осы мүмкіндікті кеңінен зерделеп, педагогиканың тарихы мен теориясы, тәрбиелеу әдістері мен тәсілдері мазмұны мен ереже қағидаларын байыту арнайы ғылыми зерттеулердің үлесінде. Осындай мүмкіндігі мол, бай мұраның бірі Абай (Ибраһим) Құнанбаев шығармалары екені белгілі. Презиндент Қ.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында санаға сілкініс әкелген, ұлттық болмыстың үлгісін көрсете білген, Абайдың таңдаулы туындыларының тағылымы жайлы тереңнен ой қозғап, Абай көтерген әділетті қоғам бүгінгі заманда да салтанат құруы тиіс екендігін айтады Елімізге белгілі ғалым, танымал абайтанушы Мекемтас Мырзахметов Абайды тануда үш кедергі бар екенін айтқан. «Біріншісі, Абай өмір сүрген заманның сырын білмеу. Екінші, Абай жазбаларындағы терминдердің көптігі. Оны білмесеңіз, Абай әлеміне кіре алмайсыз. Үшінші, Абай дүниетанымын философтардың толық аша алмауы», деген болатын.Шынында да Абай әлемі шексіз әрі оның ой түйінін шешу де тереңде жатыр. Егер Абайдың гуманистік әлеміне тереңірек үңіліп зерделер болсақ, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи сынды ойшылдардың адамгершілік идеяларының озық үлгілерімен байытылып, астасып жатқанын байқаймыз. Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Абайды мұқият оқыған адам оның көзқарастары күні бүгінгі нарық экономикасымен де тікелей үндес екенін айқын аңғарар еді. Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас Темірқазық іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс бұрысын сараптай аламыз. Өйткені жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен» - дейді.Адамды сүйіп, құрметтеуге үндеген кемеңгер ақын поэзиясының түпкі негізі – адам, Толық адам. Абай арманындағы Толық адам өнерлі, білімді, еңбекқор, адал, әділ, жылы жүректі, ыстық қайратты, ғылым жолына түскен іздемпаз болуы керек. Ал махаббатпен сүю, адамды сүю, Алланы сүю, әділетті сүю – Абай шығармаларының биік мұраты. Бүгінгі күні Абай шығармашылығы несімен өзекті, өміршең, қажетті деген сұрақтар барша қауымды толғандыратыны анық. Дана Абай туылғанына 175 жыл толғалы отырған тұсында да, қанша уақыт өтіп, адамзат баласы жаңа формацияға, жаңа даму сатысына көтерілсе де, тұтас бір халықтың ажырамас темірқазығы, рухани сауыты, сарқылмас қазынасы болып отыр. Шындығында, ұлылардың мұрасы заман мен уақыт төрелігіне бағынбайды. Өз шығармаларын адамзат болмысына қатысты мәңгілік тақырыптарға арқау ете білген ғұламалар уақыт өткен сайын түрленіп, толығып, құндылығы арта түсетіні тағы бар. Абай мұрасының тәрбиелік мәні, тағылымдық бағыт бағдары турасында сөз қозғағанда, алдымен ойға оралатын Абайдың өз басының адамгершілігі. Ақыл мен қайратты, білім мен адамгершілікті тең ұстаған ақын шығармаларына деген ілтипатымыз, құштарлығымыз бүгінгі күн санап артқандай болса, ал мынау нарықтық экономика қыспағында қысылып жүрген жағдайда ақын шығармаларына, оның терең мағыналы, күні бүгінге дейін мәнін жоймаған ой-тұжырымдамаларына деген қажеттілік одан да артық. Оның кіршіксіз, таза, ақ жүрегінен тебірене туындаған жырларынан адам жанына әл қуат беретін, жанға жайлы, ыстық леп ескендей. Бар асылын, ойын замана жастарына, келер ұрпаққа да арнады. Оның шығармашылық қызметінің негізгі мұраты – адам тәрбиесі. Ұстаз сөзінің биік мағынасы Абайдай ағартушыға өте орынды айтылған. Абай халықтың үлкені мен кішісіне, ұлы мен қызына, әкесі мен баласына өмірлік қажет пен еңбек пен адамгершілік, өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-жолдастық, парыз бен қарыз сияқты қасиеттердің асыл үлгілерін жырымен де, ғақлияларымен де жеткізе білді. Ойшыл ақынның ағартушылық тұрғыдағы педагогикалық тұжырымдары негізінен жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз азамат – «Толық адам» етіп тәрбиелеу мақсатынан туындаған. «Адамның білімі, өнері – адамшылықтың таразысы» деп санаған Абай білімді барлық атақ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Ақын адамның ең қымбат кезі – жастық шақты оқуға, ғылымға, жұмсауды еске салады. Ойын-сауықты кейін қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек ет, ізден, білімдіден үйрен, үлгі ал, солардай болуға тырыс дей келе
«Дүние де өзі, мал да өзі
Ғылымға көңіл бөлсеңіз....» - деген тұжырым ұсынады.
Абай адам болуға ұмтылған әрбір жалынды жастың бойына адамшылықтың қандай нәрін, нендей ізгілікті қасиеттерді егу, орнықтыру керектігін «Ғылым таппай мақтанба…» өлеңінде:
«Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз…» - деп айқындап берді. Осындағы «Адам болу, оған тезірек жетуге, асығуға ұмтылатын бе нәрсе не?» деген сұраққа Абай:
«Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой
Бес асыл іс көнсеңіз…» деп, кесімді, тұжырымды жауап береді. Шын мәнінде нағыз адам болу үшін адамгершілікке тән, жағымды жақсы қасиеттер, жақсы сипаттар - адамдық, әділеттік, достық, махаббат, ар-намыс, сабырлық, батырлық т.б. толып жатыр. Солардың ішінен ақын жастардың бойындағы адамгершіліктің негізгі қасиеттері, «Бес асыл іс»: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым туралы даналық ой қозғауының өзіндік мәні бар.
«Бес дұшпан» - Абай айқындап берген адамгершілікке жат этикалық-әдеп нормалары. Абай «Бес асыл» ісінде нағыз адам болу үшін бес нәрсеге асық болу керектігін айтса, «Бес дұшпанында»:
«Адам болам десеңіз,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер, мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз…» - деп адамның бойындағы жағымсыз қасиеттерді сынға алады. Ақынның түсіндіргеніндей адамгершілікке жат жаман қылықтар – арамдық, әдепсіздік, әділетсіздік, жағымпаздық, менмендік және т.б. толып жатыр. Абай қазақ халқының дамуы үшін, оның басқа елдер қатарына жетуі үшін бұл әдеттердің бәрі де кедергі болатын қылықтар деп ұғып, бұларға барынша қарсы шықты. Ақын сол кездегі ауылдың басты әдеттерінің бірі – өсек, өтірік, мақтаншақ, бекер мал шашпақ тәрізді елді аздыратын мінез-құлықты әшкерелеп, жұршылықты олардан сақтандырады. Қазақ жастарының болашағы жастардың бойына адамгершіліктің асыл қасиет-терін қалыптастыру туралы даналық ой қозғайды. Адам болам десең, байлықпен озбай ақыл, әділеттілік, ғылым, ар, жақсы мінезбен оз дейді. Адамды көздеген мақсатына, асыл арманына жеткізетін, ғылым-білімді меңгеруге мүмкіндік тудыратын жан қуатта-рының бірі – ерік-жігер, қажыр-қайрат. Ерік-жігер адамның өз мінез-құлқын меңгере алу қабілеті, оны әр түрлі кесапаттардан, пайдасыз құмарлықтардан қорғайды. Абайдың айтуынша «жан қуаты деген қуат пен бек көп нәрсе… бұл қуаттың ішінде артық қуат бар… ол жоғалса, адам баласы хайуан болды, адамшылықтан шықты». Ақын: «… ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын!» - деп, адамның өзі таңдап түскен жолынан таймауына ерік-жігері мен қажыр-қайратының ғана көмектесетінін басып айтады. 1886 жылы Абай «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» деген өлеңдер жазды. Мұның алғашқысы ұстаз ақынның кейінгі ұрпаққа айтар өсиеті түрінде жазылған. Бүкіл өлең бойына Абай «ғылым» деген сөзді қайталап айта отырып, адам бойындағы қазынаның үлкені және әрбір жігерлі жастың талпынатын арманы – ғылым болуы керектігін түсіндіреді. Ғылым таппай мақтанба! Орын таппай баптанба! Құмарланып шаттанба! Ойнап босқа күлуге, – дейді. Сөйтіп, ғылымға берілудің, ғалым болудың жолдарын әңгімелейді. Ғылым жолы – әділдік жолы. Оны ұстаған адам ескі жолмен жүре алмайды. «Надандарға бой берме, шын сөзбенен өлсеңіз», – дегенде, ол ғылым үйренетін жастың қараңғы, надан қауымнан өзгеше болуын қалайды. Абай жалғыз қазақ халқының ұлы емес, адамзаттың ардағы десек артық айтқандық болмас. Әлем халқы мойындаған дара тұлғаны қай жағынан әспеттесек те біздің елдік, ұлттық парызымызды орындағанымыз деп білеміз.
1935 жылдан бастап қазақтың қара шаңырағы Абай атындағы ұлттық педагогикалық университет ұлы Абайдың атымен аталады. Абайдың адамгершілік туралы, Адам деген атқа лайық сілтеген бағыттары, көрсеткен жолдары ақынды бізге жақындата түседі. Абай өткеннің ғана Абайы емес, біздің қасымызда жүрген, қазақ халқының басына қиыншылық түс-кенде дем беруші, рух беруші пайхам-барымыз, рухани көсеміміз. Абай адамзаттың адамы емес, рухтың адамы. Абайдың адамгершілік туралы этикалық ойлары, пікірлері өз халқының ұрпақтарына әрқашан қуат бере бермек. Қорыта келе, ұрпағымызды Абай өнегесімен тәрбиелеп, ұлы ақынның мұрасын насихаттау – әрбір қаны қазақтың борышы деп білемін. Президентше айтсам, Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру міндетіміз болып қалмақ. Екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, ұлы ақынның шығармалары бүгінгі күнге дейін құндылығын жойған емес. Парасат пайымы мен тұщымды топшылаулары, келелі кеңестері – ұрпақ тәрбиелеуде таптырмас құрал.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Тоқаев К.К. Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан. – Астана, 2019.
2. Мырзахметұлы М. Абай және шығыс. – Алматы, 2004.
3. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Астана, 2009.
4. Құнанбайұлы А. Шығармалар жинағы. – Астана, 2019.
5. Омаров Д. Ұлылар үндестігі. – Алматы, 2015.