Мәшһүр Жүсіп Көпеевке арнау
Ойшыл ақын қазақта дара туған,
Жыр ескен әділ жолмен қанатынан.
Халқына жарық сәуле сияқтанды,
Өлеңі ащы ойлардан жаратылған.
Жақсылыққа бастады өлеңдері,
Еліне бұқпа, аян, көгер деді.
Көргенде елдің жайын жаны сыздап,
Қызыл тіл жырлаудан еш бөгелмеді.
Өлеңі ғибрат, тәлім,мұраттардан,
Халқына бағыт беріп, жыр ақтарған.
Мәшһүрдің оқысаңыз еңбектерін,
Сусағандай боласыз бұлақтардан.
Мақсат, мұрат өлеңінің өзегі еді,
Қоғамның қиынына төзе білді.
Кедей шаруа азабын көрген сайын,
Өртеді-ау талай сырлар өзегіңді.
Мәшһүр Жүсіп ақыным, нар тұлғалы,
Ұрпағы ұмытпайды артындағы!
«Ғибрат-тәлім үлгісі», - деп өнегенің,
Сақтаймыз сол баяғы қалпында әлі.
Мәшһүр ақын еңбегі жоғалмайды,
Деп өткен көрмесін деп қоғам қайғы.
Ғасырлар ғасырларды жалғаса да,
Ешбір жан өзіңіздей бола алмайды.
(Рғалбай Әли Сапарбекұлы)
Ана-біздің күніміз!
Айналайын анашым,
Көкте күн боп жанасың.
Ет жүрегің елжіреп,
Құшағыңа аласың.
Мәпелейсің мені анам,
Қолыңдағы құсыңдай.
Құлпыра өсіп дем алам,
Құшағыңда қысылмай.
Жылылықтан жаралған,
Құшағы оның кең мекен!
Менің айдай анамнан,
Асқан сұлу бар ма екен?!
(Рғалбай Әли Сапарбекұлы)
Наурыз тілегі
Наурыз келді еліме,
Аман болсын ағайын.
Нұрға толып маңайың,
Қыдыр дарып, әр елге.
Наурыз келді еліме,
Нұрын төгіп жеріме.
Ұлыс күні оң болсын,
Бақ орнасын еліме.
Көктем келді жаңарып,
Қолға қалам алалық.
Тыныш болсын заманым,
Нұр жайнасын балалық.
Молшылық, мейір маңайым,
Бар құтын жиып өлкенің.
Төксін шуақ арайын,
Өзіңнен келер көркем үн.
(Рғалбай Әли Сапарбекұлы)