Мұғалім шеберлігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі методика саласындағы ғылыми жаңалықтар мен озық алдыңғы қатарлы тәжірибені жетік игеру. Демек сапалы, тиімді, нәтижелі ізденіс ұстаздың тынымсыз еңбегінің айғағы болса керек. Оқу тәрбие үрдісінің дұрыс жүргізілуіне сабақта мұғалімнің әр алуан оқыту әдіс-тәсілдерінің тиімдісін оқушылардың мүмкіндіктеріне және жағдайларына қарай таңдап алуы да ізденістен жүзеге асатын шара болмақ.
Оқушылардың дарындылық қабілеттерін ашу мақсатында біздің мектепте 2006 жылдан бастап «Жас ғалым» атты оқушылардың ғылыми қоғамы құрылды. Оқушылардың ғылыми – шығармашылық қоғамы өз алдына мынадай мақсаттар мен міндеттерді қойды:
Оқушылардың мемлекеттік және шет елдік ғылым саласындағы жетістіктер туралы танымдық көзқарастарын кеңейту.
- Ғылымның әр саласынан дарынды балаларды таңдап алу және олардың шығармашылық қабілеттерін жетілдіру.
- Оқушылардың өздігінен білімдерін көтеруге, жетілдіруге белсенді әрекет жасау.
- Оқушы өзі таңдаған ғылым саласы бойынша өз бетінше білім – дағдыларын жетілдіру барысында жұмыс жүргізе алу.
- Оқушылардың ғылыми – шығармашылық тобының жұмысы оқушылардың оқу үрдісін жетілдіруде және мамандық таңдауда көмегі бар.
Оқушылардың ғылыми қоғамы дарынды жастардың ғылымға деген қызығушылығын дамытып, ғылыми – зерттеулермен шұғылдануды үйреніп, шығармашылық машықтарын қалыптастырады. Ғылыми қоғам мүшелерінің зерттеу- іздену жұмыстарына деген жауапкершілігін, ынтасын арттыру мақсатында әрбір ғылыми қоғам мүшесіне қоғамның міндеттері мен құқықтары, зерттеу тақырыбы жазылған куәлік берілді.
Ғылыми жұмыстың әдіснамасы.
Қазіргі заманғы ғылым – еңбек іс- әрекетін адамның ойлауы мен психикалық және дене күштерінің ынталануын талап ететін бір түрі болып табылады.
Қазіргі зерттеуші - ғалымның алдында кез келген ғылыми мәселені шешетін дұрыс бапты анықтау міндеті тұр. Мұндай бапты беталды іздеу көп уақыт пен күшті талап етеді, бұның өзі де көбінесе дұрыс шешімге әкелмейді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта дұрыс сұрақты қоя білу, оған жауапты анықтау қажеттілігімен ғана шектелмей, ғылыми еңбектің жемісін пайдалану нәтижелерін көре білу керек. Ғылыми жұмыстың нәтижелілігі көп жағдайда таңдалған әдіснамаға байланысты.
Ғылыми әдіснаманың үш деңгейі бар: Философиялық, жалпы ғылыми, нақты ғылымдылық. Бұлардың арасында айқын шекара жоқ, себебі олар бір – бірін алмастырып, толықтырып жатады.
Философия әдіснама ретінде зерттеушіні табиғат, қоғам, сана дамуының жалпы заңдарын білуімен, әлемнің біртұтастығын қамтуымен, зерделенген мәселені басқалардың ішінен орны мен байланысын анықтаумен қаруландырады.
Ғылыми әдіснаманың ең бір басты бөлігі – салада жаңалық ашу. Ғылыми әдіснаманың бірінші және ең нағыз талаптарының бірі – кәсіби білім деңгейін үнемі және жоспарлы түрде арттыру. Бұл мақсатқа жету үшін, мектеп қабырғасынан бастап ғылыми пәндерден өз біліктілігін көтеріп, жан – жақты білімді тұлға болуға ұмтылу.
Ғылыми жұмыстың маңызды сәтінің бірі жаңа ой – пайым (идея) шығару және болжам (гипотеза) жасау. Жаңа, әлі белгісіз, бірақ өмірде кездесетін заңдылықты іздеу барысында ол туралы болжам жасайды, мүмкін ол дұрыс болып шығар, мүмкін жалған да болар. Гипотеза – ғылыми болжау, ғалым жұмысының айырылмас серігі. Нағыз ғалым өз жұмысын қиялсыз жасай алмайды. Қиялсыз, тапқырлықсыз, жаңа ой – пайым табу қабілетінсіз ғалым табысқа жетуі мүмкін емес. Жаңа идеяларды ұсыну және гипотеза жасауда сауатты болу үшін ғылыми көріпкелдік қажет. Ал, ол тек қана ғылыми білімге сүйенген жағдайда болуы мүмкін. Тұспалдау мүмкіндігі ғылымның құбылыс пен заттардың арасындағы байланысты реттеуі, ауық – ауық қайталануын орнықтыру мәнінен туындайды.
Ғылыми заңдарға байланысты жасалған гипотезалардың бірнеше түрі болады. Олар эмприкалық, теориялық , құрылымдық, статистикалық, динамикалық, санды және сапалы болып табылады. Эмпирика заңдары тәжірибе мен бақылауларға негізделеді.
Ғылыми - зерттеу жұмыстарының түрлері
Теория ғылымы өз кезегінде аналитика және өнертапқыш түріне бөлінеді. Аналитикалық ғылым белгілі түсініктер мен заңдарды математикалық өңдеудің есептеу әрекетінен құралады, мұның мақсаты аталған заңдармен құбылыстардың сандық сипаттамасын беру. Бұл зерттеулердің мақсаты, зерттеу объектісін жүзеге асырудың түрлі жағдайында бет алысын болжамдап математикалық байланыстылығын табу.
Теория ғылыми жүзеге асуда арнайы жабдық пен бөлмелер қажетсінбейді, зерттеуші ешкімнің көмегіне зәру емес, керек нәрсені өзі – ақ қамти алады. Сондықтан теория ғылымы көп жағдайда дара тұлғалардың үлесінде болады, ондай ғалым жеке өзі –ақ айтарлықтай нәтижеге жете алады.
Өнертапқыштық іс-әрекет бұған дейін беймәлім, белгі мен қасиеттер ашу арқылы зерттеу объектісіне қажетті сапалы дәреже (индикатор) мен санды деңгейін (параметр) аса зор өлшемге көтеру мүмкіндігін туғызатын жаңашылдық сипатындағы ерекше шешімдер іздеп табудан құралады. Мұндай іс – әрекет жүргізу үшін тек қана ақпарат тық қамсыздандырумен шектелуге болмайды, ол үшін көп білу керек, зор шығармашылық қабілеттерді, қиялды өз бойында қалыптастыру қажет, ерекше ойлау дағдысын тәрбиелеу қалыпты пікір – шешімге бағынбай, өз көзқарасын байыту қажет. Дәл осындай шешімдер ғылыми ой – өрісті ілгері жылжытады, жаңа көкжиек, бағыт ашады, ескірген идеялар тоқырауынан алып шығады.
Ғылыми жұмыстың мақсаты – іргелі және қолданбалы міндеттерді шешу. Іргелі ғылым табиғат пен қоршаған әлемнің ғалами мәселелерін қарастырады, оның зерттеу пәні ретінде әлем мен бүкіл жаратылыс құрылымының жалпы заңы мен ортақ заңдылықтары табылады. Бұл ғылымның маңызы ешқандай экономикалық критерийлермен өлшенбейді, одан алынған нәтижелерді жақын уақытта қолдану мәселелері қойылмайды.
Қолданбалы ғылым іргелі ғылымның жетістіктеріне сүйене отырып, өмірге жақын түсінікті міндеттерді қарастырады. Мұнда ғылыми нәтижелерді іс- жүзінде пайдалану негізгі міндет болып саналады, сондықтан бұл салаға жататын зерттеулерді бастар алдында «бұл кімге қажет?» деген сұрақтар қойылады. Іргелі және қолданбалы ғылымның арасында айқын шекара жүргізу мүмкін емес, себебі қолданбалы ғылым өзінің даму барысында және жетістіктерін қорытындылай келе бірте – бірте зерттеудің іргелі түріне айналады. Ал керісінше іргелі ғылым тапқан жаңалықтарды пайдалана отырып, қолданбалы ғылым өндіріс пен шаруашылықтың ірі мәселелерін шешуге көп ықпал жасайды. Жүргізіліп отырған жұмыстың түріне қарай қолданбалы ғылым теориялық немесе эмприкалық (тәжірибе) сипат алады.
Теория сипатына ие ғылыми жұмыс жүргізу барысында соңғы нәтижеге жету үшін әдебиет көздерінен ақпарат жинақталады, талданып қорытылады, өңделеді, есептеледі, жаңа ой – пікір ұсынылып, болжау жасалады. Ғылыми жұмыстың мұндай сипаты дедуктивті әдіс деп аталады.
Ғылыми жұмыс, зерттеу дегеніміз – адамның еңбектену іс – әрекетінің ерекше түрі. Бұл іс – әрекет адамнан еңбекқорлық, мақсаттану, уақытша туындаған сәтсіздікті жеңе білу қабілетін, оның интеллектуалды мүмкіндіктерін барынша пайдалануды қажет етеді. Ғылыми еңбектің мақсаты адамзатқа осы уақытқа дейін беймәлім ақиқатты ашу, табиғат жұмбақтарына тереңірек үңілу, адамзат игілігіне пайдаланатан табиғи күштерді қолданудың жаңа жолдарын, адамды, оның ішкі яғни дене күштерін және рухани қайратын зерттеу. Ғылым аясында еңбек ету әрқашанда құрметті және мәртебелі болып саналған.
1.2 Ғылыми – зерттеу жұмысының бастауы.
Ғылыми – зерттеу жұмысы өзекті проблемалардан бастау алатындығы баршамызға мәлім. Адамдар сонау алғашқы қауымдық құрылыстың өзінде табиғаттың, жаратылыстың тылсым дүниелеріне үңілген. Әр түрлі саланы зерттейтін ғылымдардың барлығы да адам баласының «білсем», «танысам» деген ынталарынан туындаған. Жұмбақ дүниелер проблеманы туғызған, ал проблемалар бір ғылым саласының тууына, дамуына ықпал еткен.
Проблеманы іздеудің ең оңтайлы жолы – бір нәрсені әр түрлі жағынан көре білу; дайын тұжырымдардың өзіне де сыни көзқараспен қарау, басқа шешімін іздеу, оны табуға еңбектену болып келеді.
ХХІ ғасыр ғылыми жетістіктердің, үлкен өзгерістер мен үміттердің ғасыры. Барлық жаңалықтарға адам ақыл- ойын, білімін дамыта келе, қоршаған ортаны өзін тереңірек тану барысында, алыс ғарыштың кеңестігіне жете, ғылым саласында еңбектену арқасында жетті.
Ғылыми білім негізінде соңғы жүз жыл ішінде адам баласы өз ғаламшарын өзгертті, тұрмысын көп есе жеңілдеткен және үдеткен үлкен өнеркәсіп, көптеген машиналар мен жабдықтар ойлап тапты, тіпті күнделікті тұрмыс жағдайын да өзгертті.
Ғылым адамзат дамуының қорғаушы күшіне айналды. Адам жасайтын жұмыстың басын көпшілігін машиналар мен құралдар орындайтын болды. Адам жер бетінің бір бұрышынан екінші басқа нүктеге мұхит пен құрлықтарды аттап лезде жеткізетін көлік құралдарын ойлап тапты.
1.3 Зерттеудің әдіс – тәсілдері, оны ұйымдастырудың жұмыс жоспарын жасаудың тиімді жолдары
Зерттеу жұмысы – шығармашылық үрдіс. Оның барысында өзгертулер, толықтырулардың болып тұруы заңды құбылыс. Зерттеу жұмысына, ең алдымен жоспар жасап алу керек. Жұмыс жоспары «Не істеу керек, қандай жолдары бар, қандай әдістер дұрыс ? » деген сұрақтарды қамтиды.
- Зерттеу тақырыбы бойынша әдебиеттер тізімін жасау. Ғылыми жұмыстарға үңілу.
- Ғалымдардан ақыл –кеңес сұрау.
- Интернетке жүгіну.
- Үнемі бағамдау, байқау, іздеу, жинақтау жұмыстарын жүргізу.
- Тәжірибе жүргізу, (Ақынның мұражайларына, туып –өскен жеріне, немесе оқиға болған жерге бару.) оның барысы, нәтижесін жүйелі түрде талдап отыру.
Оқушылардың ғылыми жоба жарыстарына пәндік олимпиадаларға, түрлі танымдық байқауларға қатысуын қамтамасыз ете отырып, дарынды тұлғаны дамыту.
Ғылыми жұмыс, зерттеу дегеніміз – адамның еңбектену іс – әрекетінің ерекше түрі. Бұл іс – әрекет адамнан еңбекқорлық, мақсаттану, уақытша туындаған сәтсіздікті жеңе білу қабілетін, оның интеллектуалды мүмкіндіктерін барынша пайдалануды қажет етеді.Менің шығармашылық тақырыбым: Оқушылардың ізденушілік, зерттеушілік іс-әрекеттерін дамыта отырып,шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру.
Ғылыми жобалар - тұлғаны білім шыңына бастар баспалдақ
Бала бойындағы дарындылық, ғылымилық қабілетін ашу, жақсы танымдық қасиеттерін зерттеу, айқындау – заман талабы. Ал оқытудың түпкілікті нәтижесі – өз ойын дәлелдей алатын, жан – жақты білімді, білімін жүзеге асыра алатын, қалыптасқан өзіндік азаматтық көзқарасы бар іскер, ақылды, адамгершілігі мол тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру. Ол үшін белгілі бір жоба болуы шарт. Яғни, оқушының дарындылығын айқындау, шығармашылық дарындылығын зерттеу, анықтау, белгілі бір бағыт – бағдарлама бойынша жұмыс жүргізу қажет. «Ғылымды күшті меңгерген мұғалім ғана шәкіртіне жемісті ықпал жасай алады» - деген Д.И.Менделеевтің сөзін әр педагог жадында ұстауы тиіс.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Қ.Бітібаева «Оқушыларды ғылыми – зерттеу жұмысына баулу жолдары» , Семей «Үш биік баспасы ЖШС»
2. Л.С. Выготский «Воображение и творчество в школьном возрасте»,Москва: «Просвещение», 1967г
3.Ү.Б. Жексенбаева «Оқушылардың ғылми –зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру»
4.Қ.С. Құдайбергенова «Педагогтың шығармашылық өнері»
5.М.Мағауин, «Ғасырлар бедері», Алматы «Шәкәрім дәрістері» 2003ж.
6.Шәкәрім «Өлеңдер мен поэмалар», - «Жалын» баспасы, Алматы, 1988ж.
7.М. Әуезов \Құрастырған Х. Сүйіншалиев . – Алматы: Рауан, 1990ж.
8.Қ.Мұхаметханұлы. Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ.