Жас адам үшін өзі өскен өңір жеке тұлғаның рухани-адамгершілік тәрбиесіне ықпал ететін, танымдық қызығушылығын белсендіретін орта болып табылады. Балаларға арналған қосымша білім беру мекемелерінің базасында стандартты емес формаларды пайдалана отырып, мектептік тарих және өлкетану курстарынан басқа, мектеп бағдарламасынан тыс өлкетануды оқыту білім, білік, дағдыларды тиімді меңгеру үшін оңтайлы жағдай жасайды, қабілеттерін арттырады, сонымен қатар оқушыларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудің табысты мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді. Академик Д.С. Лихачев өлкетану мен тарихтың ел азаматтарын тәрбиелеудегі маңызы туралы айта отырып, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін рухани тұрғыда оятып, ұқыптылықпен тәрбиелеу керектігін атап өткен. «Өлкетану адамдарды тек туған жерлерін сүюге ғана емес, ол туралы білуге де үйретеді, тарихқа, өнерге, әдебиетке қызығушылыққа баулиды. Бұл ғылымның ең кең тараған түрі».
Өлкетану сабағы сыныптан тыс жұмыстарда да жалғасын табады. Тарихи өлкетануды зерттеудің белсенді түрлерінің бірі экскурсия болып табылады. Мұражайға экскурсиялар, ал оның жалғасы ретінде көрмелер, суреттер, фотосуреттер және қолөнер байқаулары, бірлескен баяндама, презентациялар ұйымдастырудың маңызы орасан зор.
Қазіргі әлем білім беру кеңістігінің шекараларын айтарлықтай кеңейтіп жатыр. Дәстүрлі сабақ бала үшін негізгі және жалғыз ақпарат көзі болудан қалады. Сонымен бірге туған жерді тану мұғалімге мемлекеттік білім стандартын жүзеге асырудың сенімді құралын береді. Өлкетануды оқыту балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, олардың танымдық қабілетіне байланысты болуы керек. Мектептегі өлкетану жұмысының негізгі міндеті – балалардың жалпы білім беру дағдыларын қалыптастыру. Өлкетану пәнінің маңызды құрамдас бөлігі мұғалімнің тапсырмасы мен нұсқауы бойынша оқушылардың элементарлық ізденіс, зерттеушілік әрекеті болып табылады. Ал ұстаздар баланың жаңалық ашуына көмектесуі керек. Балаларды табиғат әлемімен таныстыру, қоршаған шындыққа моральдық және эстетикалық көзқарасты тәрбиелеу, табиғатта және адамдар арасында өзін-өзі ұстау қабілетін қалыптастыру үшін экологиялық заңдар мен жалпыадамзаттық адамгершілік нормаларға сай қызықты өткізуге тырысу керек. Озық педагогикалық технологияларды жүзеге асыруда сабаққа зерттеу әдістерін енгізу ерекше орын алады деп есептеймін. Бұл тәсіл оқушыны тыңдаушыдан оқу процесінің белсенді қатысушысына ауыстыруға мүмкіндік береді.
Зерттеушілік мінез-құлық баланың дүниені түсінуінің маңызды көздерінің бірі болып табылады. Балалар табиғатынан зерттеуші және әртүрлі зерттеу жұмыстарына үлкен қызығушылықпен қатысады. Зерттеудің табысты болуы көбінесе оның ұйымдастырылуына байланысты. Балаларды бақылауға, салыстыруға, сұрақ қоюға үйрету және оған жауап табуға деген құштарлықты дамыту өте маңызды. Сондықтан қосымша әдебиеттерді оқып, тәжірибе жасауды үйрену, нәтижелерді талқылау, басқа адамдардың пікірлерін тыңдай білуге үйрету керек. Зерттеу жұмыстарын жүргізгенде балалар ойлауға, қорытынды жасауға үйренеді. Олардың қызығушылығын арттыру үшін ойын тәсілдерін де қолдануға болады: «Кім бірінші көреді?», «Кім жылдам табады?», «Біздің өңірде қандай жануарлар мен өсімдіктер жойылып кетуі мүмкін немесе жойылып кетті?»
ХХ ғасырдың басында пайда болған «өлкетану» терминінің зерттеу объектісі ретінде адамға ең жақын жерді, яғни өлкені шолу, байқау, зерттеуді айтуға болады. Отанымыз бен туған өлкеміздің тарихы, ұлттық мәдениеті, қазақтың көне дәуірі және ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігі - орта мектеп мұғалімдері өз оқушыларына өлкетануды оқытуда әртүрлі формалар мен әдістер арқылы жеткізетін, олардың санасында Тұлға, Азамат, Патриот болуды қалыптастыратын маңызды білім саласы болып табылады.