Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1547

Ән әлемінің саңлағы

Оның даусын, оның үнін, оның әнін ешкіммен салыстыруға келмейді. Құлақ құрышын қандырар әуезі әлем сахнасында мәдениетіміздің ұлттық сипатын ерекше таныта білді. Алғаш сахнаға шыққан кезде қалай ән шырқаса өмірінің соңына дейін сол биігінен төмен түсей ән әлемінің саңлағы атанды. Ол өз деңгейін ғана емес, қазақ әнінің де деңгейін көтеріп, жылдар өткен сайын құлпырта түсті. Бұл тұлға – Роза Бағланова еді. 

Роза Бағланованың бағасын біз емес, әлем беріп талантына табынған. Оған дәлел, 1899 жылдан бері шығатын заманнның үздіктерін анықтайтын А.Н. Маркестің (АҚШ) «Кто есть кто в мире?» деген анықтамалық кітабы. Әлем бойынша үлкен беделге ие кітаптың 1995 жылғы басылымының «Кто есть кто из женщин мира?» деген тарауында Маргарэт Тэтчер, Элизабет Тейлор секілді даңқты әйелдермен бірге Роза Тәжібайқызы Бағланова туралы да өмірбаяндық анықтама жарық көрген. Әлемге әйгілі азаматшалармен бір қатарда тұрып, олармен бірге айтылуы Роза Бағланованың тұлғасын зорайтып, әлем бойынша зор беделге ие екенін көрсетеді. 

Роза Бағланова ән өнері арқылы ұлтын шексіз сүйетінін көрсете білді. Оған мына сөзі де дәлел: «Негізгі мақсатым – халқымның әнін халыққа тарату. Жер шарының қандай түкпірінде болмайын, қандай үлкен сахналарда ән салмайын, ең алдымен өз халқымның әнін шырқаймын. Кейде халқымның әндері басқа ұлт өкілдеріне түсінікті болу үшін немесе өзге ұлттардың жақсы әндерін, мысалы «Ах, Самара-городок» сияқты орыс халқының әсем сазды әуенін қазақ, орыс, француз тілдерінде орындадым. Бұл сөзді неге қайталап отырмын, өйткені өз халқыңды сүймей, қадірлемей, басқа ұлтты сыйлау мүмкін емес. Бар мүмкіндігімді қазаққа қызмет етуге арнадым, сол халқымның сый-құрметі менің рухани азығым, өмірбойы нәрім де – осы» [1, 62]. Роза апамыздың бұл сөзі қанаттандырып, жігер де береді. Алайда ең бастысы өз салаң бойынша ең басты мақсат не екенін айқын сезіндіреді. Өз заманында ән өнері арқылы ғана қазаққа қалай қызмет етіп, қазақты қалай танытқаны кейінгілерге үлгі һәм өнеге десек те болады. 

Отты жылдары отанды қорғауға Розаның да әні қызмет етті. Қаршадай қыздың алапат соғыс жүріп жатқан уақытта жауынгерлерге арналған концертке қатысуы да зор ерлік істердің бірі болатын. Бұл оқиға 1941 жылдың тамызында болған. Филармония әртістері ашық вагон платформасының үстінде тұрып соғысқа аттанып бара жатқан жауынгерге арнап бірнеше күн концерт қойды. Қазақтың қайсар қызы вокзал басында тұрып осы кезде «Степь да степь», «И кто его знает?», «Қараторғай», «Дүние-ай», «Сырымбет», «Айнамкөз», «Қыздар-ай» сияқты адамға күш-жігер беретін әндерді жаны егіліп тұрса да көңілдене шырқаған. Артынша Мәскеуге шақыртылып, жауынгерлерге жігер, рух беру үшін үздіксіз концерттер өткізді. Розаның бұл еңбегі ескерусіз қалмай соғыс болып жатқан жылдары екі рет «Жауынгерлік ерлігі үшін» деген медальмен марапатталды. Соғыс аяқталып, жеңіске жеткенге дейін жауынгерлермен бірге болып,   9-мамыр күні Мәскеудің «Офицерлер үйінде» жеңімпаздарды қарсы алуға арналған концертте де ән шырқады. 

Роза Бағланова ән өнерінің арқасында әлемнің 54 елінде болған. Оның 1949 жылдың жазында Венгрияға жасаған сапары сәтті сапарлардың бірі болды. Венгрияның астанасы Будапештте өткен Әлем жастарының дүниежүзілік кинофестивальіне қатысып, «Дүниежүзі жастары Будапешт фестивалінің лауреаты» атанды. Бұдан өзге АҚШ, Франция, Норвегия, Испания, Корея, Иран, БАӘ, Қытай, Түркия және т.б. мемлекеттерде болып, отыздан астам тілде ән айтқан. Бұлардың қатарында «Ах, Самара-городок», «Огонек», корей халқының «Доради», фин халқының «Туку-туку лямпай тани», үнді халқының «Жүрегімді ұрладың», қырғыз халқының «Пәризот-оу», өзбек халқының «Там басында тұрған қыз» және тағы басқа түркі тілдес халықтардың бірнеше әндері Роза репертуарында әлемді шарлаған. Роза Бағланова «орыс халық әндерінің өзіндік ерекшеліктерімен нақышына келтіре орындайтын әнші. Ашығын айтсақ, бұл әнді Розадай ешбір әнші орындай алмады. Қалың тыңдаушылардың жүрегіне жол тартқан әндердің барлығының да Роза Бағланова орындауында өзіндік тарихы бар. Республика тыңдаушылары слован халқының «Биле-биле» әнін алғаш рет Розаның орындауында естіді» [2, 73]. Бұл сөз де, оқиға да тегіннен-тегін айтылмаса керек. Тіпті туыстас халықтардың әндері де Роза орындаса ерекше бір биікке, көкке шығатыны туралы ара-тұра айтылып та қалады. 

Роза Бағланова еліміздің атын шығарып, өзге елдерге танытқан талант. Ол – қазақ өнері мен мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан халқымыздың асыл перзенті. 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер: 

  1. Өнеге./Құраст.: Сабыр М.Б., Погодин С.М., Карагойшин К.Ш., Төлебаев Н.К., Төлебаев К.Т. – Орал, 2017. – 308 б. 
  2. Әбдікәрімов С. Өнер өзектері. Мақалалар мен эсселер. Алматы. «Баянжүрек» баспасы, 2011. – 314 б. 

 

115 0
Дидар Жолдыбаева, «Кеңгір селосының №2 ЖББМ» КММ-нің, музыка пәні мұғалімі, Жезқазған қаласы Ұлы дала ұстазы № 002089
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: