Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз»,-деп ел болашағының мектеп партасында отырған бүгінгі оқушылардың білімі мен білігіне, тәрбиесіне тікелей байланысты екеніне айрықша тоқталғаны белгілі. Бұл мұғалімдерге үлкен жауапкершілік жүктеп қана қойған жоқ, жаңашылдыққа, инновациялық технологияларды меңгеруге жетеледі. Ия, еліміздің кемелді келешегі, өсіп-өркендеуі, өркениетті елдер қатарына қосылуы - бүгінгі ұрпақтың тәлім-танымына ғана емес, алған біліміне және оны игеруіне, өмірде белсенді қолдана алуына да байланысты. Әлемдегі озық тәжірибелерге сүйене отырып, жаңа типті оқытуға көшу, әр баланың табиғи қабілетін дамытуға қолайлы жағдайлар жасау, баланы тұлғалық тұрғыдан жан-жақты дамыту – кез-келген пән мұғалімнің басты мақсаты. Білім беру мазмұнының жаңарып, түрлі көзқарастардың пайда болуы және оның сынға ұшырауы, оқытудың жаңа технологиясы туралы сан қилы пікірдің болуы – әдістеме ғылымына да біршама серпіліс сыйлады. Пән мұғалімдері мен сала ғалымдары жан-жақты саралап, талдап, өзіндік ой-көзқарастары мен түсініктерін ортаға салуда. Педагогикалық технология ұғымының іс-әрекетімізге кеңінен енуі, тәжірибеде қолданысқа ие болуы мұғалімдердің шеберлігі мен белсенділігін де талап етуде. Осы тұрғыдан бүгінгі ұйымдастырылып отырған конференцияны уақыт талабына сай дер кезінде өткізіліп отырған маңызды шара деп білемін. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын.
ХХІ ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуірі, айналадағы дүниеге, адамның денсаулығына, кәсіби мәдениеттілігіне мұқият қарайтын дәуір. Бүгінгі білім, қоғамдағы демократиялық бастамалар барлығы мұғалімдер арқылы жүзеге асады. Мұғалім - қоғам айнасы.
Жалпы қашықтықтан оқыту – білім алушы мен педагогтың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып жүзеге асыратын оқыту түріне жатады. Бұл жүйе әлем әлдерінде жақсы дамыған. Соның ішінде алдыңғы орында Ұлыбритания, АҚШ елдері тұрғанын айтуға болады. Ал еліміздегі жоғары оқу орындарында он жылдай бұрын сырттай білім алу жүйесінің орнына қашықтықтан оқыту жүйесі енгізілген. Карантин кезінде қашықтықтан оқыту жүйесінің мектеп оқушыларына арналған бірнеше форматы да ұсынылды. Олардың ішінде күнделікті жалпы білім беретін мектептер үшін және арнайы оқушыларға арналған телесабақтар, интернет арқылы оқу жүйесін таңдау, цифрлық білім беру ресурстары мен электронды почтаны пайдалану арқылы кері байланыс орнату негізінде оқыту түрлері бар. Бүгінде тек Bilimland электронды оқыту жүйесі ғана емес, оқушылардың Kundelik.kz онлайн-мониторинг құралы, Daryn.Online жаңа ғасырдың жаңа форматта білім беретін платформасы, GoogleClassroom оқытуды басқару жүйесі, Microsoft Teams жүйелері арқылы оқушылардың білім алуларына жағдай жасалынған. Әр жүйенің өзіндік талаптары, ерекшеліктері бар.
Қазақ әдебиетін мектепте оқытудың қалыптасқан әдістемесі бар. Ол уақыт талабымен жаңарып отырады. Әдебиет – сөз өнері. Адам жүрегін тербетіп, ақылын таразылап, тілін кестелеп айтқан сөз орнында тұрса ғана әдебиет деген өнер пайда болады. Сол өнерді қалай оқытып жүрміз? Оқыту процесінде мынадай екі түрлі қызмет жүзеге асады. Бірінші мәселе – мұғалім оқытуы, екінші мәселе – оқушының оқуы. Әдебиетті оқытуда әдіс-тәсілдер мол-ақ, бұрыннан келе жатқан дәстүрлі зерттеу әдісі, өзіндік жұмыс әдісі, мәтінді көркемдеу, мәнерлеп оқудың орны ерекше. Заман талабына сай жаңартылған білім мазмұнына сай жүзден астам тәсіл сабақтарда кеңінен қолданылады. Мектепте «Қазақ әдебиеті» пәні көркем әдебиетті, әдебиет тарихын, әдебиет теориясын, әдебиет сынын қамтиды. Жаңартылған білім мазмұны бағдарламасы да осыған негізделген.
Көркем шығарманы оқыту – оқушының сөз қадірін түсінерлік ойлау әрекетін дамыту, рухани дүниесін байыту, эстетикалық талғамын жетілдіру, адамгершілік қасиетін қалыптастыру,» – деген болатын әдебиет зерттеуші, ғалым, белгілі жазушы, ұлағатты ұстаз Қажым Жұмалиев. Оқушы әдебиет сабағында көркем шығарманы қабылдау керек. Бұл оңай үрдіс емес. Қабылдау деген сіз бере салғанды ол ала қоятын зат емес. Ол – оқушының өзінің жан қалауымен, жүрек сезімімен, рухани әрекетімен жүзеге асатын дүние. Қандай жақсы көркем шығарма болса да оқушы қабылдау үшін әрекет жасамаса, автордың жай күйзелісін, шалқар шабытын бойынан өткізіп, көркем суретті көз алдына елестетіп, келтіре алмаса бәрі бос сөз. Оқушыдағы осы сезімді ояту – мұғалімнің қолында, яғни, оқушыға әдеби білім беру, әдеби, эстетикалық, адамгершілік қасиеттерін дамыту үшін мұғалім әдебиетті оқыту барысында әдіс-тәсілдерді орнымен қолданады. Бір сөзбен айтқанда, жеке тұлғаны дамыту, қалыптастыру болып табылады.
– көркем шығарманы оқуға деген қызығушылығын, ынтызарлығын ояту, жоғары эстетикалық талғам мен қажеттілікті қалыптастыру;
– сөз өнерінің ерекшеліктерін түсініп, тануға, ой көзімен зерделеуге негіз болатын білім, білік, икем-дағдылар қалыптастыру;
– ойын сауатты ауызша (жазбаша) айта да, жаза да білу, байланыстырып сөйлеудегі тіл мәдениетін қалыптастыру және дамыту, өзіндік ой-пікірін дәйекті, жүйелі айта білуге баулу. Әдебиет – ұлттық танымның қайнар көзі, сондықтан көркем шығармадан алынған үзінділерді оқулыққа ендіруде төмендегідей қағидалар басшылыққа алынғанын білеміз.
– Оқушы тілін дамыту негізінде оқырмандық біліктілікті қалыптастыру;
– Оқушылардың тілдік қатынасын коммуникативтік түрде дамыту;
– Ой, ойлану, ойлату барлық пәндерге де керек.
Ойсыз өмір сүру мүмкін емес. Бірақ бұл жердегі ерекше бір еске алатын мәселе өзіндік пікірде жатыр. Көркем туындыны оқытудың ең бастысы, сол көркем туынды туралы оқушы пікірі, ойына ерекше көңіл бөлген жөн. Бұл пәннің басқа пәндерді оқытудан өзгешілігі де, күрделігі де осында.
Көркем туындыны оқу бар да, талдау бар. Талдау оқусыз жүзеге аспайды. Оқу баланың өз еңбегімен жүзеге асыруы, талдау мұғалім, оның ұйымдастыруы, жобалауы, тиімді жағын ойластыруы арқылы жүзеге асады. Көркем мәтінді оқушы қалай оқып, қабылдайды, қандай ой туады, өз көзқарасын қалай жеткізеді – бұл оқушы мен мұғалімнің бірлескен еңбегінің жемісі болмақ.
Қазіргі әдістемеде талдау жасаудың 4 түрі жүзеге асырылады.
Қандай талдау түрі болса да не мақсат көзделеді? Бұл сұраққа әдіскер Қ.Бітібаеваның сөзін негізгі ала жауап берсек:
— оқушының туындыны қабылдауы, әсері, эмоциясын тану,
— эстетикалық талғамын қалыптастыруға сеп болу,
— таным қабілеті, ойлау белсенділігі мен дербестігін ұштау,
— ең бастысы, көркем туынды бойынша талдау жасау, пікір айту жолдарын меңгерту /тақырыбы, авторлық идея, образдар жүйесі, сюжеттік-композициялық ерекшелігі, көркемдік-эстетикалық жағын т.б. кешенді түрде қарастыру/.
Көркем туындыны оқытып, сауатты талдауға қол жеткізу үшін автордың мақсат-мұратын, ойын білдіретін әрбір деталь, көркемдік тәсілді дәл танып, жазушы шеберлігін оқушыға дұрыс таныта білу керек.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардың соңғы онжылдығында өскелең ұрпақтың зерттеушілік, шығармашылық дағдыларын дамыту, ақпараттық қоғам тұлғасын тәрбиелеу мақсатында ақпараттық-коммуникативтік техналогияларды (АКТ) оқу-тәрбие үдерісінде үнемі қолданып келеміз. Компьютерді сабақтың барлық кездерінде: түсіндіруде, бекітуде, қайталауда, бақылауда қолдану білім сапасын арттыратыны тәжірибеде дәлелденуде. Мәселен, жаңа сабақ тақырыбын түсіндіргенде түрлі оқыту бағдарламаларымен қатар оқушылар орындаған материалдарды қатыстырамыз. Осы кезеңде АКТ-ны қолдану барысында білім алушының психалогиялық және жас ерекшелігі ескеріліп, олардың әрбірінің өзіндік қабылдауының жетекші арнасына сай (аудиал, кинестет, визуал) тапсырманың қолайлы түрін таңдауға мүмкіндік беріледі. Бекіту және қайталау кезеңдерінде бақылау жүргізуге компьютерлік тесттер ыңғайлы.
Ақпараттық технологиялар кең қолданыс тапқан қазіргі кезеңде оқыту үдерісіне осы технологияларды белсенді енгізу – заман қажеттілігі туындатып отырған заңды талаптардың біріне айналды. Ғаламтор қорлары мұғалімге ғана емес, оқушыларға да мол мүмкіндік беруде. Қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімінің басқа пән иелерінен айырмашылығы – руханият мәселелеріне аса көңіл бөлуі, оқушыларды тілдік білімі жетілген шығармашыл тұлға ретінде дамыту. Осы міндеттерді шешуде ең алдымен түрлі мәтінмен, әсіресе көркем мәтінмен жұмыс істеу бірінші кезекте тұрады. Алайда сабақ анық та қанық өтуі үшін мультимедиялық технологиялардың мүмкіндігі шексіз. Осы мүмкіндікті оңтайлы да тиімді пайдалана білу үшін филолог мамандардың компьютерлік техниканы және қандай да болсын электронды құрал-жабдақтардың түрімен жұмыс істеуді жетік білуі өте қажет. Компьютермен дұрыс ұйымдастырылған жұмыс танымдық және қарым-қатынастық (коммуникативтік) қызығушылықты арттырады, тіл мен әдебиет материалдарын өз бетімен меңгеруге септігін тигізеді.
Білім беру үрдісін ақпараттандыру - жаңа ақпараттық–коммуникативтік технологияларды пайдалану арқылы дамыта оқыту, дара тұлғаны бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асыра отырып, оқу- тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарылатуды көздейді. Біріккен ұлттар ұйымының шешімімен «ХХІ ғасыр- ақпараттандыру ғасыры» деп аталады. Қазақстан Республикасы да ғылыми-техникалық процестің негізгі белгісі – қоғамдық ақпараттандыру болатын жаңа кезеңге енді. Бір ғасыр бұрын Жүсіпбек Аймауытов айтқан «Баланың ынтасын арттыру үшін оқылытын нәрседен бір жаңалық болуы керек» деген пікір қазір де маңызды.
Қазіргі білім беру жағдайында электронды құрал-жабдықтарға негізделген ақпараттық техналогияларды, сандық білім қорының біртұтас жиынтығын, интерактивті тақта мүмкіндіктерін т.б. пайдаланбай, соларға сүйенбей сабақ беру мүмкін емес. Сол себептен ақпараттық-коммуникативтік технологияларды (АКТ) бүгінгі заманның зор жетістігі ретінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің сабақтарында да пайдалану елімізде өркен жаюда.
Қазақ әдебиеті сабағында ақпараттық–коммуникативтік технология құралдарын пайдаланып сабақ өту бұл оқушыларға жаңа ақпарат көздеріне жол ашып, жеке жұмыс пен білім алудың нәтижелілігін, тиімділігін көтереді. Сондай-ақ, кәсіби дағдыларды қабылдау және бекіту үшін мүмкіндіктер береді, қашықтықтан оқытудың жаңа түрлері мен әдістерін жүзеге асыруға қолайлылық ұсынады.
Ақпараттық–коммуникативтік технология – мұғалім жұмыстарының әдістері мен ұйымдастыру түрлерін түбегейлі өзгертуге, оқушылардың жеке қабілеттілігін дамытуға, оқудағы пәнаралық байланысты күшейтуге, оқу үрдісін ұйымдастыруды үнемі жаңартып отыруға жағдай жасайды. Жаңа ақпараттық технологиялар дегенiмiздің өзі бiлiм беру iсiнде ақпараттарды даярлап, оны бiлiм алушыға беру үрдісі болып табылады.
Ақпараттық–коммуникативтік технологияны қазақ әдебиеті сабағына енгізе отырып, төмендегідей жаңа бағыттағы мақсаттар қоямын:
- Қазақ әдебиеті пәні бойынша компьютерлік желілерді пайдалану;
- Инновациялық әдістерді пайдалану, құралдар жасау
- Қашықтықтан оқыту (Internet желісі) барысында өздігінен қосымша білім алуды қамтамасыз ету.
- Интербелсенді оқыту технологиясын қолдану
Осындағы интербелсенді оқыту дегеніміз не? Бұл, ең алдымен білім алушы мен оқытушының қарым-қатынасы тікелей жүзеге асатын сұхбаттасып оқыту болып табылады. Сабақтағы интерактивтік әрекет өзара түсіністікке, өзара әрекетке, қатысушының әрқайсысына қажет есепті бірлесіп шешуге алып келетін - ұйымдастыру және сұхбаттасып қарым-қатынас жасауды дамытуды ұсынады. Интербелсенді бір көзқарастың немесе бір ғана сөйлеушінің басым болуы жағдайын болдырмайды. Сұхбаттасып оқыту барысында оқушылар сыни ойлауды, тиісті ақпарат пен белгілі жағдайды талдау негізінде күрделі мәселелерді шешуді, балама көзқарастарды салыстыруды, ақылды шешімдер қабылдауды, дискуссияға қатысуды, басқа адамдармен тиімді қарым-қатынас жасауды үйренеді. Ол үшін сабақта жекелей, жұптық және топтық жұмыс ұйымдастырылады, зерттеу жұмыстары, рөлдік ойындар қолданылады, құжаттармен және түрлі ақпарат көздерімен жұмыс жасайды. Әр мұғалім сабақ өткізген кезде оқушыларға сапалы білім беру үшін жаңа технологияларды, сонымен қатар компьютерді, интерактивті тақтаны қолдану арқылы білім береді. Осы арқылы оқушылардың қызығушылығы арта түседі.
Интербелсенді тақта — топтағы оқушылардың барлығын оқыту үшін құнды құрал. Бұл оқытушы жаңа материалды өте қызықты және қарқынды етіп түсіндіруге көмектесетін көзге көрінетін құнды құрал. Оның ақпаратты түрлі мультимедиялық ресурстар көмегі арқылы танысуға мүмкіндігі зор. Ол әдеби талдаулар мен түрлі сызбаларды түсіндіруді жеңілдетіп, қиын мәселелерді шешуге көмектесе алады. Мұғалімдер өздерінің жаңа ойларын, идеяларын әсерлі, тартымды етіп көрсету үшін осы тақтаны қолданады. Бұл тақтада оқытушылармен жаңа материалдарды бірігіп талдауға мүмкіндігі зор. Зерттеулер көрсеткендей, түрлі ресурстарды, қызықтыруларды ұлғайта отырып қолданса, оқытушылар үшін де, оқушылар үшін де интерактивті тақта сабақты қызықты ететіні анықталды. Интербелсенді тақтамен дұрыс жұмыс жасаса, оқушылардың білімдерін тексере де алады. Интербелсенді тақта топтағы барлық оқушылардың басты назарына айналады. Ал егер де керекті материалдардың барлығы алдын ала дайындалып, түсінуге оңай болса, сабақтың жақсы қарқынды өтуін қамтамасыз етеді.
Мұғалім жаңа сабақты түсіндіру барысында сабақтың мазмұнын дайын күйінде беруге ұмтылмауы керек. Бұл оқушылардың өздігінен танып-білу дағдыларын қалыптастыра отырып, жаңа тақырып бойынша анықтама, ережелерді өздері құрастырып тұжырымдай үйренуіне ықпал етеді. Ол үшін оқытудың төмендегідей әдіс-тәсілдерін сабақта қолданамын:
- Оқушыларға жеке шығармашылық тапсырмалар, жобалар беру;
- Тірек – сызба, көрнекіліктер және анықтама құралдарын пайдалану;
- Ойын арқылы оқыту;
- Сөзжұмбақ, бейнесөздер құрастыру;
- Логикалық тапсырмалар мен деңгейлік жаттығулар жүргізу;
- Тестілеу және бақылау жүргізу;
Интербелсенді оқыту моделін пайдалану — өмірлік жағдаяттарды модельдеуді, рөлдік ойындарды қолдануды, мәселені бірлесіп шешуді қарастырады. Оқу процесінің қандайда бір қатысушысын немесе идеяны ерекшелеуді шектейді.
Интербелсенді тақтамен жұмыс істеудің артықшылықтары ретінде мыналарды атауға болады:
- Бағдарлама бойынша барлық топ оқушыларына қолайлы;
- Web-сайттарды, басқа да құралдарды қолдана отырып, жаңа материалдарды түсіндіруге, меңгеруге қолайлы;
- Берілген материалды әсерлі жеткізуге және оны топтағы оқушылары арасында талқылауға үлкен мүмкіндіктер туғызады;
- Интерактивті тақта топтағы барлық оқушылардың басты назарына айналуына байланысты орталықтан демонстрациялауға қолайлы жағдай туғыза алады;
- Оқытушының, оқушының да шабытын, қызығушылығын арттырып, сабақты тартымды өткізуге ынталандырады;
- Оқушы алдына жаңа материалды жанды түрде көрсете отырып, танымдық қабілетін арттыруға мүмкіндік алады.
Заманауи технологияларға негізделген білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін қазақ әдебиеті сабағында пайдалану оқушыларды ізгілік пен адамгершілік қасиеттерді бойына жинаған өзіне сенімді тұлға ретінде қалыптастыруда зор рөл атқарады. Жаңа технология өскелең ұрпақты оқыту мен дамыту сапасын арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Әдістемелік еңбектерде В.Кларин технология сөзіне қандайда болсын істегі шеберлікті, оқыту-үйретудегі амалдардың жиынтығы, ал педагогикалық технология (тәрбие технологиясы, қарым-қатынас технологиясы, оқыту технологиясы) «педагогикалық мақсатқа қол жеткізу жолындағы барлық қисынды ілім амалдары мен әдіснамалық құралдардың жүйелі жиынтығымен жұмыс істеудің реті» – деген түсінік береді. Педагогикалық жаңа технология – дара тұлғаны жетілдіруге, белгілі бір мақсатқа жету жолында арнайы ықпалды ұйғаруға қажетті байланысқан әдіс-тәсілдер. Демек, педагогикалық технология дегеніміз оқу-тәрбие үрдісін шығармашылықпен байланыстыра жүргізіп, тәрбиенің тиімділігін қамтамасыз ету.
Қазіргі уақытта педагогика ғылымы баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын өмірге енгізуде.
Жаңа технологияны қолдану барысында алдымен оқып-үйрену, сосын меңгеру, оны өмірге ендіру және ары қарай дамыту кезеңдері болатыны белгілі. Білім беру жүйесіндегі жаңа технологияларды әдебиет пәнінде тиімділікпен пайдалану – уақыт талабы. Ол пән мұғалімінің шеберлігін ғана емес еңбекқорлығын да талап етеді. Бүгінде білім беру жүйесінде түбегейлі өзгерістер жүріп жатқаны белгілі. Білім мазмұнын жаңалау, құзырлылыққа бағытталған, ұлттық құндылықтар негізінде білім, тәрбие бере отырып, тұлға қалыптастыру ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік пен міндеттер жүктеп отыр. Осы тұрғыда орта мектеп, арнаулы оқу орындары мен жоғары мектеп мұғалімдерін пәнді оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану жолдарын жетілдіруде. Бүгінгі күні білім беру үдерісінде пайдаланылып жүрген технологиялардың өзіндік философиясын зерделеп, әр пәнге лайықты бейімдеу, оқу материалдарының жүйелі кешенін әзірлеу, оны сараптамадан өткізу қажет-ақ. Әдістеме ғылымының өзінде педагогикалық технологиялар әр пәннің өзіндік ерекшелігіне қарай қолданудағы тиімділік толық зерделенді деуге келе бермейді. Мәселен, модульді оқыту технологиялары көп пәндерге қатысты қолданылып жүр. Осыған қатысты педагогика ғылымдарының кандидаты әдіскер ғалым Береке Жұмақаеваның пікірімен келіспеуге болмайды: «Білім берудегі басты мақсат қайткенде де оқу технологиясын қолдану емес, пәнді игеруде ұтқырлық пен ұтымдылықты жүзеге асыру болмақ. Педагогикалық технологиялар жүйелі ойлау тәсілдерін тәжірибеге ендіруді көздейді. Кез келген педагогикалық технологияны алып өз тәжірибеңе ендіру мүмкін бе? Оқушы мен пәннің ерекшелігі, технологияның ерекшелігінен, күтілетін нәтижені, үйлестіру мен жүйелеуді жан-жақты кесіп-пішпей, сол технологияның философиялық негізін анықтап алмай қолдану мүмкін емес». Ия, ХХ ғасырдың басында Ж.Аймауытов: «Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер» деген екен. Ендеше педагогикалық технологияларды қолдануда да шеберлік қажет.
Орта мектепте оқушылар қазақ әдебиеті пәнінен ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығына қатысты мәліметтерді табу, оны құрастыру және басқару, тың ақпараттармен және идеялармен бөлісу, бірлесе әрекет ету, түрлі жабдықтар мен қосымшаларды пайдалана отырып ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) қолданады. Бұл олардың АКТ-ны меңгеру дағдыларын дамытады. Атап айтқанда, көркем шығарма мазмұны мен негізгі идеясын толық түсіну мақсатында медиаматериалдарды қолдану, сондай-ақ медиақұралдарды қолдана отырып тақырыпқа қатысты ақпаратты, әртүрлі пікірлерді саралап, талқылауға, сыни талдау жасауға дағдылану, АКТ-ны қолдана отырып, таныстырылым (презентация) дайындау, салыстыру, бағалау, зерттеу және бірлесе отырып пікірлерін дәлелдеу, бейнероликтер мен слайдтар дайындау. Мысалы, белгілі бір автордың өмірбаянына немесе шығармашылығына қатысты түсірілген деректі фильмнен үзіндіні «Кинометафора» әдісі арқылы көрсете отырып, оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға жетелеу. Ол қалай жүзеге асады? Берілген сағатттың көлеміне сәйкес фильм көрсетілімінен соң «Алтын орындық» немесе «Шаттық шеңбері» әдістері арқылы балалардың ой-пікірін ортаға салу және оны талқылау, өзіндік көзқарастарын айқын білдіруіне назар аударылады. Бұл кезеңде осыған дейін беймәлім болып келген мәліметтер оқушының тақырыпқа қана емес пәнге деген де қызығушылығын оятатыны анық. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда балалардың көркем шығарма оқуға деген құлшыныстары мен ынта-ықыластары көңіл қуантпайды. Осы тұрғыда бізге АКТ көмекке келеді.
Бүгінде әлем елдерінің көпшілігі пандемияға байланысты қашықтан оқуға көшті. Түрлі платформалар арқылы онлайн сабақтар өтіліп, тапсырмалар алынуда, оқушылар бағалануда. «ZOOM» платформасында балаларға қазақ әдебиеті пәнін осы АКТ арқылы шәкірттерді зеріктірмейтіндей өткізуге мүмкіндік зор. Әрине, оның барлығы да пән мұғалімінің тынымсыз еңбегі мен жоғары талғамына, әдіс-тәсілдерді үйлестіре, үндестіре алар шеберлігіне, мамандығына деген махаббатына, пәнге деген ынтасы мен сүйіспеншілігіне тікелей байланысты. Әдебиет пәнін оқытудың мақсат-міндеттері өзге пәндерден ерекше. Неге десеңіз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі сол ел патриоттарын, ұлт идеологтарын тәрбиелейтін мектептегі басты маман. Мұғалім ана тілі мен ұлт әдебиетін жас шәкірт бойына сіңіре отырып, отанның нағыз жанашырларын оқытып, тәрбиелеп шығаратынын ұмытпағаны абзал. Қазақ әдебиетінен сабақ жүргізе отырып, оқушылардың бойында сөз өнеріне деген құрмет пен оның киесін танып білуге деген ықыласты туғызуға ұмтылуы және осы жолда бар шеберлігін жұмсауы тиіс. Поэзияны сүйіп, тұшынып оқымай, сөз астарын түсінбей, көркем шығарманы жанына серік етпей, әдебиетті тиімді оқыту мүмкін емес. Әр әдіс өз тиімділігімен бағалы. Өткен дәуірде бір ғана дәстүрлі баяндау әдісі арқылы-ақ оқушыларды әдебиетке құштар еткен ұстаздар еңбегі есте. Олар өз пәндеріне деген шексіз сүйіспеншілігі арқылы сөздің қадір-қасиетін таныта алған. Мұғалімнің жүрекпен оқыған бір өлеңі-ақ көп міндетті атқарған. Түйткілдің түйінін шешкен. АКТ-ны қолдануда да біз әдебиет пәнінің басты мақсаты жүректегі сезімді жүректерге жеткізе білу амалдарын іздеу екенін ұмытпағанымыз жөн. Әдебиет сабағындағы әр деталь маңызды – тақырыпқа қатысты лед экраннан немесе теледидардан, компьютер мониторынан көрсетілетін фильм де, ән мен жыр да, күй де ерекше рөл атқарады. Бұлар - оқушы сезіміне, түйсігіне әсер ететін дүниелер. Үйге тапсырма немесе факультатив сабақта қосымша ретінде сол сезінген, түйсінген дүниелері туралы эссе, мазмұндама, шығарма жазып келуін талап ету оқушының көркемдік танымын дамытады. Тіпті АКТ-ны пайдалана отырып таныстырылым дайындау немесе бейнеролик түсіру де баланың пәнге деген ықыласын арттырары сөзсіз.
Қысқасы, әдебиет сабағында ұлттық құндылықтарға аса көңіл бөлінгені жөн. Бұл тұрғыда бізге онлайн немесе офлайн түрде болсын АКТ көмекке келеді. Себебі, әдебиетті оқытудың басты мақсаты – оқушыларды сөз өнерінің сырымен таныстыру ғана емес, халық даналығы мен өсиеттерінен нәр алғыза отырып, әдебиетке деген ынтасын ояту, көркем шығарма парасаттылыққа, сұлулыққа, отанды сүюге, рухты болуға тәрбиелеу.
Әдебиеттер тізімі:
1. Мұғалімге арналған нұсқаулық.Үшінші (негізгі) деңгей. Астана, 2014. 2. Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар. Алматы, «Атамұра», 2011. 3. Сынып жетекшісінің анықтамалығы. Астана, 2009.
2. Калиев У.К. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудағы диалогтық оқытудың жаңалығы / Улан Кеншиликулы Калиев. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2015. — № 19.2 (99.2). — С. 44-46. — URL: https://moluch.ru/archive/99/22490/ (дата обращения: 20.10.2021).
3. Жұмажанова Т.Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі. А., Білім, 2009. -287 б.
4. Бітібаева Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі. А., Рауан, 1997 -283 б.