Бүгінгі күні өз бетімен білімді дайын қалпында қабылдамай, оны өздігінен құрастырудың тұлғаны дамытатындығы, өздігімен құрастырылған білімнің есте ұзақ мерзімде сақталатындығы дәлелденіп отыр. Қайталау және жаттауға негізделген білім тек есте сақтау дәрежесінде болса, құрастырылған (конструктивтік немесе сындарлы) білім үйренушіден түсіну,қолдану,талдау, ақпарат негізінде жаңа мазмұн құрастыру және бағалау секілді белсенді әрекеттерді талап етеді. Қайталау емес, өздігімен білім құрастыру қажет бұл күнде. Ал бұл мақсатқа әр сабақта интербелсенді әдістемені қолдану арқылы ғана жетуге болады.
Күні кеше ең басты мақсат үйренушілерде қандай да болмасын білім қалыптастыру еді, яғни шәкірттер ақпаратпен мәліметтерді (фактілер, формулалар, анықтамалар, сандар мен даталар, ережелерді) есінде сақтауы қажет еді. Сол себепті ұстаздар білім мазмұнын құрастырумен шұғылданатын, шәкірттердің білімі қандай дәрежеде болуы керектігін айқындайтын, ең басты мәселе «білу» еді.
Қазірде білім игеру процесінің ең басты мәселесі мен мақсаты үйренушілердің белсенді әрекеттерін ұйымдастыру болып табылады. Белсенді әрекеттер арқылы шәкірттер білімді өздігінен меңгереді, үйренеді. Негізгі қағида «не білу» емес, «не жасай білу».
Тұлғаның тек білімді болуы бүгінде жеткіліксіз. Білім беру/алу жүйесінің басты мақсаты-мынандай рефлексиялық қасиеттері бар тұлға қалыптасуға мейлінше тиімді жағдайлар жасау:
- Өзіне-өзі есеп беріп, ойлары мен әрекеттерін талдай білетін,
- Өзін-өзі бағалай алатын,
- Өзінің мүмкіншіліктері мен қабілеттерін жүзеге асырып,өркендей білетін,
- Өз өмірі мен іс-әрекеттерін ешкімге де жүгінбей өздігімен жоспарлай алатын,жауапкершілігі жоғары.
Мұндай рефлексиялық қасиеттерді бойында қалыптастырған тұлға жаңа Әлем жағдайында өмірдегі өз орынын тауып, қоғам игілігіне нәтижелі еңбегімен қызмет жасайды. Осы қасиеттерді қалыптастыру , ұстаздың қаншалықты тиімді әдіс-тәсілдерді пайдаланып, оқушыларға қолдау көрсетіп, үйретуіне байланысты. Сол әдіс-тәсілдердің бірі оқытудағы интербелсенді әдіс-тәсілдер. «Интербелсенді» дегеніміз біреумен қоян-қолтық қарым-қатынаста болу, онымен бірлесе әрекет жасау, диалог құру. Ал «интербелсенді оқу» дегеніміз өзара қарым-қатынасқа негізделген оқу/оқыту, диалог арқылы үйрену/үйрету, яғни «үйретуші-үйренуші», «үйренуші өзімен өзі» форматтарында жасаған қарым-қатынас («әңгіме», «сұхбат», «пікірлесу», «бірлескен әрекеттер»).
Интербелсенді оқу/оқыту білім игеру процесін мынандай ұйымдастыруға ынталы:
-барлық үйренушілерге бірлескен таным процесіне белсенді араласуға мүмкіндік жасау.
-Әрбір үйренушінің өзінің үйренгені мен өз білімі туралы түсініктерін ортаға салып, бірлесе талқылап, олар туралы ой толғауына мүмкіндік жасау.
-Үйренушілер білімді өздігімен құрастыратын орта құру.
Дәстүрлі оқытуда басты мақсат «нәтиже» болып, ұстаз өзінің барлық күш-қайратын «үйретуге» бағыттайды, шәкіртті қортынды нәтижеге ең қысқа жолмен жетелеуге тырысады. Мұнда оқытудың нәтижелігі бірінші кезекте ақпаратпен байланыстырылады: үйрету процесі оқушыға ақпарат «беруге» бағытталады, оны жаңа мәліметпен қамтамсыздандырумен шектеледі. Дәстүрлі оқытуда білім беру процесі көп жағдайда оқушының сабаққа «таза парақ» күйінде келіп, мұғалімнің оны сабақта біліммен «толтыруымен» айналысатын құбылыс деп түсініледі. Шәкірт сабақта жаңа білім алып, сабақтан кейін оны бекіту жұмысымен ғана айналысты. Бұл әдіс қазіргі заман талабына сай тұлға дайындауға әлсіз.
Білім саласындағы инновациялық өзгерістер оқудың/оқытудың негізі ретінде тұлғалық дамуды қарастырады, өйткені динамика мен өзгерістерге толы ақпараттық дәуір экономикасы адамның білімді әрі білікті тұлғасына тәуелді, бұл дәуірдің идеологиялық, әлеуметтік, саяси сұраныстары адамнан мынандай құзіреттіліктерді талап етеді:
-проблемаларды шешу және шешім қабылдау;
-өзіндік пікір, идеялар, тұжырым,түсінік келтіру,оларды дәлелдеу және қорғай білу;
-ауызша және жазбаша қарым-қатынас құрай білу, бірлесе жұмыс жасай білу;
-өмірге деген көзқарасын, ұстанатын сенімдерін, қажеттіліктерін, құндылықтарын жалпы адами құндылықтарымен байланыстыру;
-өздігімен үйрене білу, өз білімін әрқашан да дамытып отыру.
Сол себепті де тұлғалық даму ұстанымы білім игеру процесінде қатысушылардың (үйренуші мен үйретуші) бұрнағы авторитарлы-коммуникативті қарым-қатынасқа өзгертуді талап етеді.
Осы қарым-қатынасты интербелсенді әдіс-тәсілдер арқылы жүзеге асыруға болады. Интербелсенді оқу/оқыту басты назарды «үдеріске», «процеске», яғни үйренудің өзіне, оқушылардың «қалай» және «қандай әдіс-тәсілдер арқылы үйрететіндігіне» аударады. Мұндағы мақсат – оқушылардың өзара белсенді әрекеттер арқылы өздігімен білім игеруінде, оны ізденуінде, құрастыруында. Мұндай сабақтарға шәкірттер «таза парақ» күйінде келмей, алдын-ала дайындалып келеді, олар сабақ басында тақырып бойынша өз түсініктері мен пікірлерін келтіріп, әрі қарай оларды дәлелдеу жүйесін құрады, пікірталас жүргізеді, өзге пікірлерді тыңдап, балама көзқарастарды ескереді. Басқаша сөзбен айтқанда, шәкірт өмірде әр адамға қажетті білік-дағдыларды қалыптастырады. Ал сабақтан кейін сол білімдерін өздігімен дамыта түседі.
Білімді игерудің тиімді тәсілдерін үйрету арқылы білім алу ісінде оқушының білімге деген бәсең көзқарасын бұзу қажет. Үйренуші енді өздігімен (мұғалімнің ұйымдастыруы мен жетекшілігі арқылы) «Маған қандай білім қажет?» , «Мен не білуім керек?» деген сұрақтар төңірегінде үнемі толассыз ой-толғаныста болып, өзіндік тұрғыдан білімді ізденуі және игеруі керек. Шәкірттің енді сабаққа жартылай (не ширек) «жазылған» күйінде келуі оңтайлы, яғни ол бүгінгі сабақтың тақырыбы бойынша үйде өздігінен дайындалып, туындаған сұрақтарын, түсінбеген жерлерін айқындап, сабақта мұғалімнің басшылығымен басқа үйренушілермен бірлесе отырып, білгендерін талқылап, толықтырып, дамытып, жауап пен шешімін табуға ұмтылғаны дұрыс.
Осылайша сабаққа «жартылай жазылып» келген тәлімгер өзін-өзі «толтыру» мүмкіншілігіне ие болады. Осылайша оқу/оқыту процесінде үйренуші өзіне керекті, өз өмірінде қажетіне жарата алатын ақпаратты таңдай біліп, оны өздігінше игеруге көмек болатын әмбебап тәсілдерді игереді, үйренеді. Мұндай өзіндік тұрғыдан үйрене білу дағдысы өзгерістерге толы мына заманда әр адам үшін өмір бойы қажет болатын білімге айналатындығы сөзсіз. Келер уақытта өмір сүретін бүгінгі шәкірттің өзі. Сондықтан да үйренуші өзіне қажетті білімді өзі таңдап, оны ұстаздың көмегімен игеруі керек. [1]
Мұндай жағдайда ақпарат оқытудың нәтижесі емес (дәстүрлі оқыту жүйесіндегідей), оның бастапқы кезеңіне айналады: оқушы осы мәліметтерді түсініп, талдап, оның өзінің әлеуметтік тәжірибесі тұрғысынан бағалай отырып, соның негізінде жаңа білім құрастыруға дағдыланады, оны өз керегіне жарата алады. Сөйтіп, оқу/оқыту процесінде шәкірт білім игеру және жаңа білім құрастыру дағдылары мен әдістемесіне үйренеді. Енді ол мынау күнделікті өзгеріп отырған аумалы-төкпелі заманда қайда жүрсе де (мектеп пен жоғарғы оқу орнын бітіріп кеткеннің өзінде де), өмір бойы өздігімен білім ала алады. Ал ұстаздың басты мақсаты- шәкіртіне білімді өздігімен игеру амалдары мен тәсілдерін үйретіп, оның өзіндік түсінік қалыптастыруына тиімді жағдай жасап, бағыт-бағдар сілтеу. [1]
Қашықтықтан оқыту жағдайында өздігінен білімді игере білудің қаншалықты қажеттілігі бар екені сезілді. Бұл жағдайда жауапкершілігі мықты сыныптың және оқушылардың білім сапасы жоғарлағаны көрінді. Олар өз білімдерін жетілдіруге уақыт үнемділігін дұрыс пайдалана алды. Оқушы білімнің қажеттілігін түсініп, өздігімен үйрене біліп, өз білімін дамытқан жағдайда білім сапасы жоғары болатыны сөзсіз екенін білеміз. Жоғарыда айтылған белсенді әрекеттерді толассыз қолдану арқылы өз бетімен білім алып, өзін дамыта алатын тұлға дайындауға болады. Әрине, ол үшін ұстаздың тынымсыз еңбегі керек. Әр-бір іс-әрекеттеріне қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отыруы керек.
Жаратылыстану бағыттағы пәндерді меңгерту басқа пәндерге қарағанда күрделірек. Бұл пәндерде тек іс-әрекетті ғана емес, тақырыпты қалай меңгеру керек екенін үйрету керек. [3]
Саналылық пен белсенділік принциптері мұғалімге сабақты оқушылар әрдайым белсенді және өз беттерімен жұмыс істейтіндей етіп ұйымдастыруды міндеттейді. Сонымен бірге математика сабағында оқушыларды білімді саналы меңгеруге үйрету мұғалімнің бұлжымас міндеті. Оқыту үрдісіндегі саналылық пен белсенділік оқу материалының түсінікті әрі тиянақты болуын математикалық сөйлемдер мен дәлелдемелердің мәнін түсінуді математикалық теориялардың практикалық қолданысын игеруді талап етеді. Оқуға саналы қатынас алдымен оқушылардың өз міндеттерін дұрыс түсінуден оларды орындауды ынталандырудан басталады. Математиканы оқуға ынталылықтың тууы оқулықтың сапасына оқытудың әдістерімен құралдарына оқушылардың жеке басының математикаға бейімділігіне, мұғалімнің педагогикалық іскерлігіне байланысты. Оқушылардың белсенділігін арттырудың әр алуан тәсілдері бар және сабақтың міндеттеріне қарай әр қилы қолданылады. Мәселе, жаңа материалды өткенде проблемалап оқыту әртүрлі жолдармен проблемалық ахуалдар туғызу, эвристикалық әңгімелер ұйымдастыру оның практикалық маңызын көрсететін мысалдар шығару арқылы оқушылардың белсенділігін оятуға болады. Мұғалімнің маңызды міндеттерінің бірі оқушыларды өз жанынан сұрақ қоя білуге үйрету. Мысалы:Белгілі бір есепті шығару үстінде оқушы қандай теорема пайдаланғанын, неге пайдаланғанын білуі керек. Егер оқушы өзіне-өзі сұрақ қоя алмаса, онда ол есепті жете түсінбей шығарған. Сол сияқты мәтінді есептерді шығарғанда , оқушы алдымен есептің шартын жақсы түсіну керек, яғни не? беріліп тұр, нені? табу керектігін анықтай алу керек. Есептің шартын дұрыс құрған жағдайда, есеп жартылай шықты деп есептеуге болады. Шешуін табу үшін, алдымен қойылған сұрақтан бастау керек. Белгісіз шаманы табу үшін қандай шамаларды анықтау керектігі шығады, одан қалай табу керек? деген сұрақ қоя білу керек және оны табу керек. Әр тақырыпқа берілген есепті үлгіге қарап шығарғаннан гөрі, есепті шығару әдісін түсініп, үйренгенде білім нәтижелі болады. Оқушы сол тақырыпқа берілген есептің кез-келгенін өзі шығара алатын жағдайға жетеді. Мәтінді есептердің өзі әр түрлі тақырыптарға беріледі. Мысалы 8 сыныпта «мәтінді есептерді квадрат теңдеулердің көмегімен шешу» тақырыбына берілген есептің ішінде қозғалысқа берілген есептің өзінің шығару принципі бар. Егер қозғалушының уақыты тең болған жағдайда теңдеу уақыттың формуласымен құрастырылатынын түсіндіру керек. Сол сияқты әр тақырыпқа берілген есептің шығару моделін құрастыру арқылы меңгерткен тиімді . Жаттау немесе үлгіге қарап шығару арқылы емес оқушы негізгі түпнұсқасын түсініп, талдау арқылы меңгерген білім ұмытылмайды. Математикада – 270 ұғым, 137 анықтама, 154 ереже, формула, диаграмма, аксиома, таңба, 82 математикалық есеп түрлері , 89 теорема мен 45 олардың дәлелдеуі, 8544 есептің шешімі бар, сол сияқты басқа жаратылыстану пәндерді қосатын болса, жылына – 1096 жадуал меңгеру кере екен. Тағы басқа пәндер бар. Мұның бәрін оқушыға меңгеру оңайға соқпайды. Сондықтан түсіну арқылы меңгергенде ол білім болып жадында қалады. [2]
Жүйелілік және бірізділік принципі мектеп математикасының логикалық желісі арқылы анықталады. Математиканы оқытудағы жүйелілік дегеніміз пәнді өзінің құрылымы мен ішкі логикасына сай белгілі бір тәртіппен оқыту және оның негізгі ұғымдарын, қағидаларын біртіндеп игеру деген сөз. Оқушы игерген білімінің әрбір буынын бұрын меңгерілген біліміне негіздесе ғана баянды білім алатындығы педагогика теориясынан белгілі. Математиканы оқытудағы бірізділік дегеніміз оқыту процесі 1)қарапайымнан күрделіге; 2)түсініктен ұғымға, 3) белгіліден белгісізге; 4)білімнен білікке; одан дағдыға ұласады деген сөз. Мұғалім оқу материалын мүлтіксіз жүйемен әрбір соңғы ғылыми қағиданы алдыңғыларға сүйеніп, ал алғашқы қағидаларды кейінгілерге өрістетіп ескі материалдармен жаңа материалдарды сабақтастырып отырса, оқушылар білімді әрі саналы, әрі баянды меңгереді.
Түсінік принципі оқытылатын материалдың мазмұны көлемі және оқыту әдістері жағынан оқушылардың жас ерекшелігіне дайындық деңгейімен танымдық мүмкіндіктерімен шама шарқына сай болуы керек. Бірақ бұл принциптің мақсаты «жеңіл» материалды ғана оқытып қиын тақырыптарды алып тастау емес. Математиканы үйрету барысында оқушылар өздерінің білім қабілеттеріне лайық қиындықтарды жеңіп, олардың бойында өз күшіне деген сенім пайда болуы керек. Әрі математикалық әрекетке деген құштарлық күшейуікерек.[4]
Педагогикалық ережелер сақталмаған сабақтарда оңай сабақтардың өзі қиындап кетуі мүмкін. Керісінше, дұрыс ұйымдастырылған сабақ үрдісінде күрделінің өзі жеңілдейді. Сондықтан мұғалім оқу материалын өңдегенде оқытудың әдістері мен түрлерін таңдағанда шығармашылық қажырлылық көрсетуі тиіс.
Қолданылған әдебиеттер:
- Оқытудың интербелсенді әдіс-тәсілдер. Оқу құралы/А.Қ.Әлімов.-Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2014ж.
- Беспалько В.П.Педагогика и прогрессивные технологии обучения. – М.,1995
- Бағиева Ш.М.Интерактивті әдістер-өмірлік дағдыны қалыптастырудың тетігі Білім, 2007.
- Жанпейісова М.Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде. –Алматы, 2002.