Қазақтың халық поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаев есімі бүгінде дүние жүзіне мәлім. Ғасыр жасап екі заманның бірдей куәсі болған ақын өз тағдырын туған халқымен тұтастырып, оның бар өмірін биік мұратын, мұң-мүддесін жырына арқау етті. Асқақ үнді алып ақын, жырау, суырып салма айтыскер Жамбыл Жабаев 175 жасқа толып отыр. Ол халық поэзиясы мен жазба әдебиетінің арасындағы көпір сияқты болды.
Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанда қазіргі Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы Жамбыл тауының баурайында, Жапа Ыстыбайұлының отбасында дүниеге келген.
Əкесінің аты Жапа болғанымен, ел Жабтай деп атап кеткен. Жапаның Ұлданай атты əйелінен Тəйті, Жамбыл, Коман туады. Арғы аталары дəулетті кісілер болғанымен, Жамбылдың əкесі Жапа «шоқпыт шапанды көшпелі кедей болған».
Тумысынан өнерге жақын Жамбыл, -
Батаңды маған бер, әке,
Тіліме менің ер, әке.
"Жапаның ұлы ақын боп,
Жақсы істепті" дер, әке.
Домбыра алып сөйлейін,
Күнде жасап мереке.
Мерекелі болған соң
Елде болар береке.
"Ұрлық түбі – қорлық" деп,
Болармыз құр келеке, - деп өлеңнің соңында ақындық жолға түсуге бата сұрайды.
Жүрегіне өлең ұялаған дарынды жігіт жастайынан біржолата ақындық жолына түседі.
Ол жасынан өлең-жырға қанып өскен, өз анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген.
«Менің пірім – Сүйінбай…» деп Жамбылдың өзі жырға қосқандай, Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр даңғылынан тәлім-тәрбие алған.
Жамбылды нағыз ақын ретінде байтақ елге танытқан, оның есімін бүкіл Жетісуға, Қырғызстанға, Сыр бойына таратқан өнері – оның айтыстары. Ақындармен айтыс Жамбылдың суырып салмалық дарынын шыңдады, ақындық шеберлігін арттырды, азаматтық өресін өсірді және тақырып аясын кеңейтті.
Жамбыл Жабаев өзінің ғасырға жуық ғұмырында тау мен даланы жырлады. Поэзия əлеміндегі туған халқының мақтанышы, əлемдік деңгейдегі жыр алыбына айналды. Жамбыл бабамыз — есімі қазақ əдебиетінде алтын əріптермен қалған ғажайып құбылыс! Алып та биік, айдынды да айбынды жыр жампозы!
Бейнелеу өнеріндегі ерекше тақырыптың бірі халық ақыны Жамбылдың бейнесі.
Жамбыл бейнесін жазған қылқалам шеберлері ақын өмірінің кең танылған, соңғы он жылын көбірек қамтыған. Жамбылды тіршілігінде өз көзімен көріп, дала перзентінің қарттық шағын дәл бейнелеген., шығармашылығының басты кейіпкеріне айналдырған Борис Чекалин болды. Б.Чекалиннің: «Жамбыл туындылары күнделікті өмірмен ұштасып жатты, кейіпкердің әрбір сәтін көзден таса жібермей бейнелеуге тырыстым» деуі тегін емес. Ақынның бейнесін салған графикалық туындылары 200-ден асады.
Б.Чекалин туындыларында төрт жыл бойы Жамбыл өмірінің барлық кезеңдері суреттеледі. Оның қырықтан астам туындылары Әбілхан Кастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің қорында сақтаулы. Б.Чекалин ақынның күнделікті тұрмыс-тіршілігін бейнеледі.
Жамбыл тақырыбындағы топтамасы ұлы жыраудың өмір жолын кенеп арқылы баяндайтын кең көлемді монографияға айналған, суретшінің ақын жырларын жан дүниесімен зерделегені анық.
Жамбылдың кеңес дәуіріндегі өмірі мен қызметіне арналған халықтың ақынға деген ықылас, пейілін көрсетуді мақсат тұтқан суретшілердің туындыларының желісінен көруге болады.
Жамбылға арналған суретшілер сериясының ішіндегі ең танымалы - Абрам Черкасскийдің 1946 жылы майлы бояумен жазған " Дина Нұрпейісова мен Жамбыл Жабаев " туындысы.
Бұл картина Ә.Кастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының төрінде орын алған. Қос тұлғаның портреттік келбеті табиғат аясында бейнеленген. Қазақ өнерінің алып тұлғаларын биік тауларға теңеп, тау етегінде, дастархан басында суреттеген.
Николай Иванович Крутильниковтың (1896-1961гг.) «Жамбылдың портреті».
Суретші халық ақынын акварель бояуымен портрет жанрында бейнеледі. Егде тартқан ақсақалдың бейнесі ой үстінде көрсеткен. Оның төсіндегі Ленин, Қызыл ту және Құрмет белгісі ордендері тағылған. Мұнда суретші тарихта өз орны ерекше тұлға екенін меңзеген.
Сəулетші, суретші жəне педагог– Александр Александрович Риттих 1889 жылы Мəскеуде дүниеге келген. 1933 жылы Қазақстанға көшіп келеді. Мәскеу гимназиясын бітіріп, Мәскеу университетінің тарих және филология факультетінде оқыған. Вена өнер академиясында көркемдік білім алып, кейіннен Мюнхен өнер академиясында оқып, политехникалық институтта кескіндеме өнерімен архитектураны біріктіріп зерттейді.
1921 жылдан бастап Қазақстанда тұрып, жұмыс істеді. Республика Суретшілер Одағын ұйымдастырушылардың бірі. Қазақстан суретшілер кеңесінің мүшесі болған.
Жамбыл атамызды ерекше қошеметпен, қолдарында гүл шоқтарымен қарсы алып жатқан әртүрлі ұлт өкілдерінің ақын өлеңдерімен жақын таныс екенін білдіреді. Мұндағы ақынның бейнесі бақытқа толы кезеңдерімен ерекшеленеді.
Кеңестер одағының және қазақстандық суретші-кескіндемеші және акварельші. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Халық суретшісі; еңбек сіңірген өнер қайраткері. Актер, режиссер Аубакир Исмайлов (1913 – 1999 жж.)
Жамбылдың халық алдында жыр жырлаған сәті бейнеленген. Туындының композициясы кеңес дәуірі кезеңіндегі тарихи оқиғаны көрсеткен. Халық ақынның өнерін тамашалауға келген қалың жұрт, әртүрлі ұлт өкілдері екендігін суретші мақтанышпен бейнелеген.
Баки Идрисович Урманче. Ұлы татар суретшісі, мүсінші және график. Кәсіби татар кескіндемесінің негізін қалаушылардың бірі.
Суретші өз шығармасын жылы түсті бояулармен бейнелей отыра, негізгі кейіпкерлерін барынша жарқын көрсеткен. Бұл туынды Татар халқының Мемлекеттік өнер музейінде сақтаулы.
Степанов Алексей Матвеевич (1923- 1989жж.) «Ақында қонақта» 1952-1954жж.
Суретші Алексей Матвеевич Степановтың шығармашылық өмірі Қазақстанның бейнелеу өнерімен тығыз байланысты. Жыршы-ақынның кеңес дәуіріндегі комсомол, пионерлермен кездесу сәтін бейнелеген. Степанов 1923 жылы Пенза облысының Чемодановка ауылында дүниеге келген. Алғашқы білімін Пенза көркемсурет училищесінде алды. Училищені бітірген соң (1943) Степанов Кеңес Әскері қатарына шақырылып, әскерден қайтқаннан кейін (1946) И.Е. Репин атындағы Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтына оқуға түседі. Студент кезінде Степанов Қазақстанға «Ақынға қонақта» дипломдық жұмысына материалдар жинау үшін бірнеше рет келген. Ол осы ұлан-ғайыр өлкеге ғашық болып, институтты (1952) бітірген соң ойланбастан Алматыға келіп, республиканың көркем өміріне белсене араласады.
Әбілхан Қастеев Жамбыл тақырыбына бірнеше рет тоқталып, ақынға арнап ондаған туынды жазды. Ә.Қастеев Жамбылмен жақын таныс болған кісі. Ақынның үйінде талай рет болып, оған көптеген суреттерін арнаған.
Ә.Кастеев Жамбыл атамыздың танымал болған шағын халыққа шынайы, тарихи кезеңдерге сай сипаттауға көп көңіл бөлген. Оның шығармаларында ақынның бейнесі данышпандылығымен, ақылгөйлігімен, өмір көрген тәжірибелігімен ерекшеленеді. Жамбылдың нанымды бейнесі Ә.Кастеевтің туындысынан шыққан алғашқы шығармалардың бірі болып саналады. Мұнда халыққа жақын, ұлттық бейнеде сипатталған образы бейнеленеді.
Жетісу өңірінің табиғаты мен ақынның атқа мініп серуендеп жүрген сәтін табиғат аясында да сомдады. Ә.Қастеев Жамбылды қанша рет бейнелесе, сонша рет бірін-бірі қайталамайтын келбет жасады. Ол өткен еңбектерін қайталамау үшін ақынның психологиялық ішкі жан дүниесінің алуан қырын аша білді.
Жамбыл ақынның жарқын бейнесі мүсін өнерінен де тыс қалған жоқ.
1938 жылы Қазақстанға келіп, Жамбылды өз көзімен көре жүріп, оның бейнесін жасаумен айналысқан мәскеулік мүсіншілердің бірі, Андреев, Николай Андреевич еді.
Тағылымды тұлғаны тастан қашаған талант иесі импрессионистік тәсілде кейіпкердің бір сәттік көңіл күйін дәл көрсеткен.
Қазақстанның мүсін өнерінің негізін қалаушы Хәкімжан Есімханұлы Наурызбаев өз шығармашылығында Жамбылдың балалық шағынан бастап, қартайғанға дейінгі аралықтағы бүкіл өмірін қамтыған ерекше оннан астам туындысын жарыққа шығарды.
Мүсіншінің қоладан жасалған «Жас Жамбыл» атты туындысы Ә.Қастеев музейінің тұрақты экспозициясында орналасқан. Бұл жұмысының ерекшелігі мүсінші жалаң аяқ дала кезіп, домбырасына қосылып ән салып келе жатқан бала ақынды тұтас тұлғасымен көрсеткен.
Көрме қабырғасындағы Х.Наурызбаевтың «Жас Жамбыл» (1958) мүсінінде домбырасын серік еткен қазақтың қарапайым баласы, өзінің алғашқы жырларын орындаған сәтін көрсеткен. Мүсінші бұл композицияда өз қиялынан туған бала Жамбыл бейнесін ұсынған.
Жамбыл облысы – еліміздегі ақын атымен аталған жалғыз өңір. Кезінде Әулиеата болған тарихи өлкеге 1937 жылы Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. Сол уақытта көзі тірі ұлы жырау «Атыңнан айналайын Әулиеата, атыңды мен алды деп болма қапа» деген екен. Қазақ жырының, халқымыздың мерейлі мақтанышы Жамбыл бабамыздың Тараз қаласындағы еңселі ескерткіші – біртуар мүсіншісі Хакімжан Наурызбаевтың ерекше еңбектерінің бірі. Ақынға тұрғызылған тұңғыш тұғырдың бұрынғы Әулиеата, кейін Жамбылдың атымен аталған көне шаһарда кей деректерде 1963 жылы, кейбір деректерде 1961 жылы бой көтергені жазылады. Биіктігі 5 метр мүсіннің сәулетшісі В.Сощенко.
Ескерткіш облыстың сол кездегі басшысы Асанбай Асқаровтың бастамасымен, Ленинградта шойыннан құйылыпты. Тіпті ақынның аталған мүсіні күллі Одақтас республикалардағы ең таңдаулы 100 ескерткіштің ішіндегі ілгері санатты жұмыс деп бағаланыпты.
Ақын соғыс жылдарында елге рухани жігер беретін өлеңдерін шығарды.
Солардың бірі Жамбылдың атақты «Ленинградтық өренім» атты шығармасы.
Ленинградтық өренім!
Мақтанышым сен едің!
Нева өзенін сүйкімді!
Бұлағымдай көремін., деген жыры 1941 жылдың басында дүниеге келеді. Ленинградтан мыңдаған шақырым шалғайда жатқан қарт ақын жау қолында қалған халықтың жан азабын жақсы түсінді. Мәскеуді көргенімен, Ленинрадқа табаны ешқашан тимесе де, халық рухын көтерген тамаша толғау жазды. Оның бұл өлеңі қоршауда қалған мыңдаған аш-жалаңаш жанның дәтке қуат етер бойтұмарына айналды. Үгіт емес, үміт болып құлақтарына жетті.
Санкт-Петербург қаласының қалтарыс бір тұсында жыр алыбы – Жамбылдың да тас мүсіні бой көтергені көңілге қуаныш сыйлайды.
Ескерткішті И.Репин атындағы Сурет, мүсін және сәулет институтының факультет деканы, кафедра меңгерушісі, Санкт-Петербург Суретшілер одағының мүсіншісі Валентин Свешников, қазақстандық белгілі мүсінші Бақытжан Әбішев және Ресейдің еңбек сіңірген суретшісі, сәулеткер Феликс Романовский сынды авторлар дайындап, жасап шығады.
Ақынның бейнесі графика өнерінде де орын алды. Татьяна Говорова өзінің сериялық линогравюраларында Жамбылдың осы өлеңін таңдаған.
Татьяна Говорова “Ленинградтық өренім”
Алматы қаласындағы Жамбыл көшесі мен Достық даңғылы қиылысында Жамбылға арналған тағы да бір белгілі ескерткіш орналасқан.
Бұл ескерткіш 1996 жылы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығын әлемдік деңгейде атап өту қарсаңында орнатылған. Ескерткіш мөлдір бұлақ жағасында қолына домбыра ұстап отырған ақын тұлғасын бейнелейді.
Қоладан құйылған мүсіннің биіктігі - 3 м, тұғырының биіктігі - 1 метр. Мүсіншісі - Б.Әбішев, сәулетшілері - С.Баймағамбетов, С.Фазылов, Т.Ерғалиев.
Жамбыл ақынның образын жасауға көптеген орыс суретшілері де қатысқан. Бұл орайда К.Чуиковтың «1916 жыл Жамбылдың жарлылар арасында болуы», К.Урманченің «Жамбылдың ұйықтар бөлмесі», К.Суховтың «Жамбыл мен Фурмановтың кездесуі» сияқты шығармаларды айтуға болады. Жамбыл образын ерекше ашатын туынды М.Қалымовтың «Ленинградтық өрендерім» атты графикалық туындысы да бар.
Екі ғасырдың көшінде бір ғасыр ғұмыр кешіп, сан түрлі оқиғаға куәгер болған Жамбыл ақынның қуатты жырлары күні бүгінге дейін өз сарынын жоймаған. Жоймайды да. Өйткені, шындық жырланған, ақиқат ат үстінде айтылған өлеңдер өміршең келеді.
1945 жылы 22 маусым айында 100 жасқа бірнеше ай қалғанда қайтыс болады.
Жамбыл өз халқы тарихының куәсі - өткен өмірдегі қасіреттің қазіргі шат өмірдің шежіресі.
Жамбыл бейнесін жазған қылқалам шеберлері ақынды бірде көтеріңкі көңіл күйде, бірде аса ұстамды, ойлы қалпында бейнелейді. Ақын қай кезде болмасын адамдар арасында немесе табиғат аясында және өзінің ажырамыс аспабымен көрінеді. Жамбылдың ғұмыры қазақ халқының тарихында ең күрделі кезеңдердің бірі. Ақын сол кезеңдерді жырларымен саралап, өз заманының айнымас айнасы бола білді.
Бүгінде Қазақстан бейнелеу өнерінде Жамбылдың бейнесін көркемөнер туындыларының ішіндегі ең жарқын беттері деп айта аламыз.