Айна Қабылова зиялылар отбасында дүниеге келген. А. Қабылованың белсенді қоғамдық ұстанымы мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ байқалады. 1988-1989 жылдары мектебінің комсомол комитетінің төрайымы болды. Жоғары сынып оқушыларының қоғамдық негіздегі қозғалысына белсене араласып, совхоз егістігінде жұмыс істеуге көмектесті. Ол қамқоршысы жоқ қарт адамдарға көмектесетін ұйым құрды. Бұл ұйым мұқтаж жандарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп, үйін жинап беріп, дүкеннен азық-түлік әкеліп беретін.
1995 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетін бітірген соң ғылыми жолды таңдады. Айна Қабылова кандидаттық диссертациясын (1999), одан кейін 2010 жылы философия тарихы бойынша докторлық диссертациясын сәтті қорғады.
1995 жылы Айна Қабылова Қазақ мемлекеттік университетіне Әл-Фараби атындағы ғылыми-зерттеу орталығының жетекші маманы болып шақырылды. Жас кезінде қазақтың рухани мәдениетін терең де жан-жақты зерттеуге бет бұрып, «Әл-Фараби және қазақ халқының рухани мәдениеті» арнайы курсы бойынша студенттерге семинарлар жүргізді. Ғылыми орталықтағы әріптестеріммен бірігіп Ресейден ғалымдар тартылды. Профессор Айна Қабылова ресейлік шығыстанушы, профессор Сергей Григорьевич Кляшторныймен «Көне түркі руна ескерткіші» тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысты. Орталық Азия тарихына қатысты түпнұсқа деректермен бөлісті.
Сол 1995 жылы Оклахома мемлекеттік университетінде Орталық Азиядағы мәдениеттану бойынша жаңа оқу бағдарламасы жоспарланды. Оклахома штатында бұл тақырып бойынша бұрын ешкім дәріс оқымағандықтан, американдық педагогтарға білімнің осы саласын меңгеруге көмектесу үшін кеңесші қажет болды. 1996 жылы профессор Кит Оуэн Триббл Фулбрайт қорына А. Қабылованың ғылыми жетекшісі Ағын Қасымжановты «Scholarinresidence» ретінде шақыру үшін грант сұрады. Қазақстандық ғалымның АҚШ-тағы дәрістерінің тақырыптары «Түркі халықтарының бірлігі және Түркістан», «Орталық Азияның саяси дәстүрінің ежелгі тамыры» болды. Бұл жауапты жұмыста Айна Қабылова жас зерттеуші ретінде өзінің жетекшісіне америкалық студенттерге Орталық Азияның әлемдік мәдениетке қосқан зор үлесі, оның халықтарының ғылым саласындағы жетістіктері туралы дәрістер дайындауға көмектесті. Профессор Ағын Қасымжановтың өтініші бойынша орталық мұрағаттағы иллюстрациялық құжаттар мен тарихи фотосуреттердің көшірмелерін Америкаға факс арқылы жіберіп тұрды. Айна Қабылова қазіргі күні А.Қасымжанов, С.Кляшторный сияқты танымал ғалымдармен бірге жұмыс істеу бақытына ие болғанын және олардың ғылыми дамып жетілуіне қаншалықты ықпал еткенін мақтанышпен еске алады.
Профессор Қабылова көптеген шетел институттарымен, кітапханалармен, ортағасырлық қолжазба қорларымен байланыс орнатты, әл-Фараби шығармаларының әртүрлі басылымдарының микрофильмдері мен фотокөшірмелері және оның шығармашылығы бойынша зерттеу материалдарын жасады, өзінің жеке аудармаларын еуропалық басылымдармен салыстырды. 1996 жылы Айна Қабылова әріптесі Айнұр Құрманалиевамен бірге Голландия мұрағатынан әкелінген әл-Фарабидің «Музыканың үлкен кітабы» трактатын аударып, профессор Ағын Қасымжанов ғылыми редакция жасады. Бұл зерттеулер түркі өркениетінің күрделі өзекті мәселелерін шешуге көмектесті.
Айта кету керек, профессор Айна Қабылова ғылыммен айналысуды бір сәтке де тоқтатпады. Бүгінгі күні ол 3 монография, 1 қосавторлықтағы монография, 5 ұжымдық монография, 20-ға жуық оқу құралын, 100-ден астам мақалаларды жарыққа шығарды. Қазіргі уақытта оның ғылыми қызығушылығының тақырыбы – «Еуразия кеңістігіндегі Орталық Азияның байырғы тұрғындары қазақ халқының және Американың жергілікті тұрғындары үндістердің рухани-діни мұрасы». Осы екі халықтың болмысының қоршаған дүниемен үйлесімділігі мен бірлігі – олардың рухани мәдениетінің демек өркениеттің пайда болуы мен дамуының алғы шарттылығы болып табылады. Профессор Қабылова Азияның байырғы халқы қазақтар мен Американдық үндістердің діни дүниетаным ұқсастығы мен ерекшеліктеріне тоқталады. Кез-келген қоғам өзінің өткендегі рухани құндылықтарына үлкен қызығушылық танытады. Дүние жүзінің әртүрлі континенттеріндегі байырғы халықтар арасында шамандық пен тәңіршілдіктің тарихы мен қайта жандануына зерттеу жүргізіп жүрген профессор Қабылова өткеніміздің тарихын зерделей отырып, бүгінгі күннің сұрақтарына жауап іздейді.
Дүниежүзілік философия тарихының әрбір кезеңі ерекше қоғамдық дамудың көрінісі ретінде жаңаша ойлаудың негізі қаланған жекелеген халықтар мен елдердің тарихы арқылы көріне бастайды. Бұл А. Қабылова арнайы философиялық зерттеу объектісі етіп отырған қазақ философиясы мен американдық үндістер философиясында айқын көрініс тапқан. Ол атап өткендей, «қазақтар мен американдық үндістердің философиясы тұтас өмірлік өзгерістерге бағдар бола алатын синкреттік, тұтас дүниетанымды дамытуға ұмтылады. Бұл дүниетанымның басты ерекшелігі – тұтастық пен өмір сүруге бағдарлану. Олар үшін ең маңыздысы – халық өмірінің қоғамдық және жеке салаларын руханиландыруға бағытталған ұлттық идеялар. Бұл идея бірқатар жағдайларға байланысты, біріншіден, қазақтар мен үндістер қоғамының ұлан-ғайыр кеңістікте үздіксіз қалыптасуы және сыртқы агрессиядан туындаған тұрақты әлеуметтік сілкіністер мен ішкі қайшылықтардың жинақталуы жағдайында жүзеге аспады. Сондықтан Азияның байырғы тұрғындары қазақтар мен американдық үндістердің философиясының тарихы әрқашан қазіргі жағдайға қанағаттанбау және алаңдаушылық сезімде жүреді», - дейді профессор Айна Қабылова.
Профессор Айна Қабылованың пікірінше, қазақ халқының жан-дүниесі мен мінез құлқы сол кездегі қоғамның әлеуметтік ұйымдастырылуындағы Еуразияның табиғи-этникалық ерекшеліктерінің құлдырауы арқылы ғана қалыптасқан жоқ. Ол қазақ даласының шексіз ашық кеңістігінің тікелей ықпалымен негізделді. Қазақ болмысына рухани еркіндік, ішкі дүниесіндегі кеңдік, бұрын-соңды зерттелмеген мүмкіндіктерді сезінуге ұмтылыс тән. Бұл ұлттық идеяға өшпейтін із қалдырды. Профессор Қабылова американдық үндістердің философиясы да әрқашан шындықты іздеу үдерісі ретінде, яғни өмірдің ақыл-ойын толығымен қамту үшін сөздің шын мағынасында даналыққа ұмтылды деп санайды. Бұл жерде қазақтар мен жергілікті американдықтардың өмір құрылысының философиясы ұлттық идеяларды ұғыну жолындағы дәйекті қозғалыста көрсетілген деп айта аламыз дейді А.Қабылова.
Американың байырға тұрғындарының дәстүрлі әдет-ғұрыптары мен діни нанымдарын зерттеу үшін профессор А. Қабылова Хаскелл атындағы үндістердің ұлттық университетімен байланыс орнатып жатыр. Ол жыл сайынғы Haskell арт-рыногіне, Stories-n-Motion кинофестиваліне, сонымен қатар Haskell Commencement и Pow-Wow фестиваліне қатысуды жоспарлап отыр.
Оның жетекшілігімен 50-ден астам бакалавр, магистранттар дипломдық және магистрлік диссертацияларын қорғады. Қазіргі таңда үш докторанттың ғылыми кеңесшісі. Оның шәкірттері Қазақстанның түрлі салаларында жетекші маңызды қызметтер атқарады. Жас дінтанушыларға арналған жазғы мектептерді, түрлі деңгейдегі ғылыми конференцияларды ұйымдастырып, жүргізеді. Айна Қабылова АҚШ, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанның ірі философиялық орталықтарының ғалымдарымен ғылыми қарым қатынас орнықтырған. Біздің заманымыздың белгілі ғалымдары Әшірбек Муминов, Себастьян Пероуз, Наталья Каримова, т.б. шығармашылық байланыстар жасап тұрады. Профессор Айна Қабылова Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің қаржыландыруы негізінде «Қожа Ахмад Ясауи кесенесінің тарихи құжаттары» (2015-2017); «Алаш идеясы және «Мәңгілік Ел» құндылықтары» «Туған жер» бағдарламасы аясында» (2018-2020) деп аталатын халықаралық жобаларға қатысты.
Айна Қабылованың органикасы ерекше, жарқын дара. Өзіне тән пайымдаушылығы терең медитативті әдісі бар тұлға. Ол өзінің философиялық дискурсына тапқыр өрнектер мен жанды эмоцияларды тиімді енгізе отырып, сындарлы сыни пайымдай алады. Ғалымның ізденістері әлі де терең мығыналы зерттеулерге ұласады деген сенімдеміз.