Оқыту барысында шәкірттердің
танымдық қызығушылығы мен
ізденімпаздығын арттырудың
маңызы зор.
Сократ
Тәуелсіз елімізде қазіргі уақытта білімнің кең көлемді қоры жиылған мектеп оқушыларының танымдық қызығушылығын дамыту мәселесіне тоқталатын болсақ: оқыту үдерісінде әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, терең білімді, ізденімпаз, барлық іс-әрекеттерінде шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын жеке тұлға тәрбиелеу ісіне ерекше мән берілуде.
Білімді ұрпақ - рухани дүниесі бай, білімі мен біліктілігі жоғары, ақпараттық қоғамда ғылым мен техниканың жетістіктерін игерген, компьютерлік сауаты бар, талап талғамы жоғары, адамгершілігі биік парасатты тұлға болуы тиіс.
Оқушыларды оқу - танымдық іс - әрекеттерді өз бетінше жүргізу дағдысын қалыптастыру – оқытудың аса маңызды мақсаттарының бірі. Мұны жүзеге асыру оқушыларды жинақтылыққа , өзін - өзі дұрыс басқаруға үйретеді, білімді саналы түрде игеріп, оны танымдық - шығармашылық және қарапайым есептерді шешуде дұрыс қолдана білуге жетелейді, әсіресе, төменгі курс оқушыларымен жүргізілген жұмыстарда айқын білінеді. Сондықтан оқытушы оқушылар өзінің қызығуын толық түрде қанағаттандыратындай жағдай туғызуы тиіс.
Таным – философиялық ұғым, ол адам қызметінің қоршаған дүниені және ондағы өзін тануға бағытталған арнайы түрі. Адам таным бойынша әрекеттің екі негізгі түрін жүзеге асырады: — қоршаған дүниені өзге ұрпақтардың танымдық қызметінің нәтижелері арқылы таниды (кітаптар оқиды, білім алады, материалдық және рухани мәдениеттің; барлық түрлерімен қауышады); — қоршаған дүниені тікелей таниды (өзі немесе адамзат үмітін бір жаңалық ашады). Адам баласы таным арқылы білмеуден білуге көшіп отырады. Ол затты, құбылысты танығаннан кейін, енді таныс еместерін білуге ұмтылады, ізденеді. Сөйтіп, толық емес, жетілмеген білім, толық білімге қарай дамиды.
Таным оқудан тыс та іске асуы мүмкін, ал өзара байланысқан оқыту мен оқу әрекеті тек оқыту үрдісінде ғана болады. Олар бірігіп, барлық дидактикалық қатынас жүйесін, әсіресе танымдық жүйені анықтап, ұйымдастырады. Осылайша, дидактика пәні сипатталады. Оқыту құбылысын зерттеу кезінде, шындығында үш объект арасындағы, мұғалім, оқушы және оқу материалы арасындағы тәуелділікті есептеу керек.
Танымдық әрекеттің негізінде оқушыларды танымдық белсенділік қалыптасады. Оқытушының баяндап тұрған жаңа материалын түсіну үшін, оқушының оны зейін қойып тыңдауы, алған білімін кеңейту үшін өз бетінше жұмыстар жасауы қажет. Оқушының сабақ барысында танымдық белсенділігі пайда болса, оқушылардың байқағыштық, зеректілік, ойлау және сөйлеу дербестігі дамиды. Танымдық белсенділік жеке адамның орнықты қажеттілігіне, мінезіне айналу үшін оның бойында өз күші және білім игеру қабілетімен қатар дербес танымдық іс - әрекетке оң көзқарас қалыптастыру керек.
Жалпы оқушылардың танымы-бұл өзіне тән ерекшелігі бар күрделі үрдіс.Танымдық әрекеттің негізінде олардың танымдық белсенділігі артады. Ал танымдық белсенділік- бұл оқушының оқуға, білімге деген қызығушылығының, құштарлығының бір көрінісі.Оқушының белсенділігін арттыру үшін мұғалім сол баланың бойынан өз бетінше ойлау біліктерін, өз ойының дербестігін, өз бетінше жұмыс жүргізе білуін қалыптастыру керек.
Танымдық белсенділік немесе ізденімпаздық, оқушының берілген тапсырманы басқаның көмегінсіз орындауымен ғана шектелмейді. Ол алдына саналы түрде мақсаттар қойып, соған сәйкес өзінің іс - әрекетін бағыттап отыру мүмкіндігіне ие болуы керек. Оқушылардың танымдық белсенділігін қалыптастыру мәселесінің сан қырлылығын ескеріп және компьютерлік техниканың көмегімен оқу үрдісін жекелеуге мүмкіндік беретін, тұлға мен оқу іс - әрекет теориясының негізгі қағидаларына сүйене отырып мынадай анықтама беруге болады.
Танымдық белсенділік деп мотивациялық – тұлғалық, мазмұндық – амалдық және процессуалды – жігерлік бөліктерінен тұратын тұлғаның интегралдық құрылымын, сипаттамасын айтамыз.
- Мотивациялық – тұлғалық (өзін- өзі тану, өзіне - өзі сену, дамыту, өзінің танымдық қабілетін дамытуға және қызығуын қанағаттандыруға ұмтылу).
- Мазмұндық – амалдық (тіректік білім, жалпы дидактикалық және арнайы дидактикалық дағдылар , білімін жетілдіру дағдысы).
- Процессуалды - жігерлік (танымдық іс - әрекет үрдісінде кездесетін қиындықтарды жеңуге дайындық, өз бетінше жұмыс істей алу дәрежесі, танымдық белсенділікке ұмтылыс).
Физика – табиғаттағы өзгерістерді зерттейтін ғылым және оның әрқашан өте күрделі, қабылдауы оңай емес біршама ұғымдардан тұратындығы белгілі. Ғылым дамуының жылдам қарқыны мұндай ұғымдардың, айғақтардың, идеялар мен заңдылықтардың ұлғаюына әкеледі. Мектеп оқушыларымен қатар техникалық кәсіптік оқу орнындарының студенттері үшін де ғылыми-зерттеу орталықтары мен өндірісте қолданылатын қондырғыларда орын алатын аса күрделі құбылыстарды елестетіп, олардың жұмыс істеу принциптерін түсіндіру көптеген қиындықтарды туғызады.
Физикада оқушыларды қызықтыратын құбылыстар аз емес. Қызығушылық адамның рухани және дене күшінің дамуының аса маңызды шарттары болып, ой-өрісін кеңейтіп білім алуға итермелейді. Оқушы қызықты сабақты зор ынтамен қабылдайды және жақсы оқиды.
«Физика» оқу пәнінің техникалық және кәсіптік білім беру мамандықтары деңгейіндегі мақсаты оқушылардың ақыл-ойын, танымдық және шығармашылық қабiлетiн дамыту; физиканың қазiргi қоғам өмiрiндегi және жалпы адамзат мәдениетiн дамытудағы рөлiн ашу; табиғатқа ғылыми көзқарасты бекiту; адамның дүниеге қатынасына, жеке тұлғаның құндылық жүйесiне, физикадан берiлетiн бiлiмдi түрлi мәселенi шешуге шығармашылықпен қолдануға алғы шарт болатын әлеуметтiк мәнi бар бiлiктер мен дағдыларды оқушы бойында қалыптастыру болып табылады.
Колледжде таным үдерісінің алғашқы баспалдақтары көрнекті оқыту арқылы жүзеге асады. Оқытушы оқу үдерісінде оқушылардың таным әрекетін ұйымдастырады, ақпарат көзі рөлін атқарады, оқушы әрекетінің көзге көрінетін нәтижелерін бақылайды, әрі бағалайды, оқушыларды тәрбиелей отырып оқытады. Дұрыс ұйымдастырылған білімдік таным барысында мұғалім оқушыларға сабақта өтіліп отырған физикалық құбылысты немесе нысанды сезім арқылы қабылдау мүмкіндігін бере білуге міндетті. Физика оқулығындағы иллюстрациялар өтіліп отырған құбылыстың динамикасын көрсете алмайды, көп жағдайда құбылыстар мен үдерістердің өздерін аудиторияда көрсету немесе жасауға мүмкіндігі болмайды.
Мысалы, кейбір құбылыстар мен тәжірибелерді колледж зертханасының көлемінде түсіндіру мүмкін емес. Оның үстіне құрал-жабдықтар да жетіспейді, ал күрделі эксперимент жасауға қажетті қондырғылар өте қымбат тұрады.
Физика оқушылардың алдында әлдеқашан ашылып қойған ережелер мен заңдардың жиынтығы емес, қоршаған әлемді танып-білу үшін өз үлестерін қосқан бірнеше буындағы ғалымдардың шығармашылық ізденістерінің процесі мен нәтижесі ретінде қарастырылуы тиіс. Мұғалімнің көрсетілімдік тәжірибесін пайдалана отырып, жаңа материалды түсіндірудегі ізденімпаздығы әртүрлі есептермен, тапсырмалармен, тәжірибелермен, дидактикалық материалдармен, ғылыми-көпшілік әдебиетті пайдалана отырып, тарихи және қызықты есептерді шығарумен жалғасын табатын болады. Жоғары сыныптарда физиканы оқыту мұғалімнің пәнді жақсы меңгеріп қана қоймай, оның әдістемелік шеберлігін де талап етеді.
Ғылымның қай саласын алсақ та, теориялық және қолданбалы тәжірибелік мәнде болады деп есептесек, физика сабағында оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру әрі теориялық, әрі қолданбалы жүйесін біріге қарастыру өзекті мәселелердің бірі екендігін де ескергеніміз абзал. Өйткені, игерілуге тиісті ұғым, түсіндірілу қажет білім, айтылмақ болған ой-түсінік оқушыға әсер ететіндей болса, ол тиісті деңгейде оқушы көңіліне қонымды болады, тереңірек ойландырады, есте ұзақ сақталады.
Қорыта келгенде, оқыту әдістері әр түрлі сипатта болып, оқып – үйренетін пәннің мақсаты мен міндеті оқушыға қойылатын талаптарға, білімнің тереңдігі мен кеңдігіне, қабылданған дағды мен шеберліктің сапасына тәуелді. Оқытудың ұстанымдары мен заңдылықтары оқу үрдісін, мазмұнын, оқу құралдары мен формаларын жан-жақты қамтиды. Оқыту әдістерін классификациялау оқу мен оқыту іс-әрекетіндегі негізгі бағыттарды айқындайды.
Оқушылардың белсенділігін артыру үшін оқу іс-әрекеттеріне ынталандырудың маңызы зор. Сол себептен оқушылардың ынтасымен оқу белсенділігін қалыптастыруды арнайы жүйеленген әдіс-тәсілдер арқылы жүзеге асырған жөн.
Қоғамда туындап жатқан әлеуметтік – экономикалық өзгерістерге сәйкес білім беру мақсаты мен мазмұны, міндеттері әлемдік деңгейге сәйкес келетін біліммен қаруланған оқушылар дайындауды қажет етеді. Жас ұрпақты жан-жақты жетілген, ақыл парасаты, өресі биік, өз Отанын сүйетін азамат етіп тәрбиелеудегі басты тұлға – ұстаз. Қазіргі жаңа интерактивті әдістердің алға қойған мақсаты бірінші орынға оқушының білімін, білігі мен дағдысын емес, оның тұлғасын білім алу арқылы дамыту болып табылады.
Физика пәніне оқушының қызығушылығын арттырып, түрлендіре жүргізсе, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Ол мұғалімнің пәнге сүйіспеншілігі мен қажырлы еңбегі арқасында жүзеге асатыны хақ.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- А.Әбілқасымова, Р.Омарова. Мұғалімдердің танымдық ізденімпаздығын қалыптастыру негіздері. Алматы., 2010ж.
- Захарова И.Г. Информационные технологии в образовании: учебное пособие. -M.: Издательский центр «Академия», 2008. - 192 с.
- Физика және астрономия ғылыми-әдістемелік журналы 2006-2007 жыл.
- Ағатаев А. Қазіргі білім мазмұнын ойластыру мәселелері. – Ұлағат, 1999, №1