Балалардың құқықтық мәртебесін мойындауға адамзат ғасырлар бойы ұмтылып келеді. Балалардың құқықтық мәртебесін дамытудың Қазақстанда да өз тарихы бар. Дала заңдарының жинағы Жеті Жарғының өзінде бала, отбасы мәселесі ерекше қаралған. Сонымен қатар, Қазақстан бұрынғы кеңестік елдер кеңістігінде алғашқылардың бірі болып Конвенцияға қосылды.
«Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңда балалардың мүддесін көздейтін барлық міндет-мақсаттар мен мемлекеттік саясат анық көрсетілген. Онда мемлекеттің «балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге, оларды кемсiтушілікке жол бермеуге, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiнің негiзгi кепiлдiктерiн нығайту, сондай-ақ құқықтары бұзылған жағдайларда оларды қалпына келтiруге, бала құқықтары кепілдiктерiнiң құқықтық негiздерiн қалыптастыруға, баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi тиiстi органдар мен ұйымдар құруға, балалардың дене бiтiмi, интеллектуалдық, рухани және имандылық тұрғысынан дамуына, олардың бойында елжандылық, азаматтық және бейбiтшiл сезiмдердi тәрбиелеуге, сондай-ақ баланың жеке адами тұлғасының қоғам мүддесi, мемлекет халықтарының дәстүрлерi, ұлттық және әлемдiк мәдениет жетiстiктерiне қол жеткiзуi үшiн мүмкіндiктерiн ашуға жәрдемдесуге» міндетті екендігі ашық жазылған. Ендеше, біз осы ел заңдарын қаншалықты орындап, қай дәрежеде жүзеге асырып жүрміз? Өзіміздің болашағымыз деп есептейтін балалардың құқығын қалай қорғап, қандай тәлім-тәрбие бере алып отырмыз?
Елімізде балалар құқығын қорғау – ұлттық саясатымыздың негізгі бағыттарының бірі. Балалардың өмір сүруге, есімінің болуына, азаматтыққа ие болу құқықтарын, аман-сау отбасылық өмір құқығын, сәбидің жеке басының еркін дамуын қамтамасыз ететін құқықтарын, денсаулығын сақтау, нығайту құқығын, білім алу мен мәдени даму құқығын, төтенше жағдайларда сәбиді қорғау құқтарын қорғау мен қолдау біздің әрқайсысымыздың басты міндетіміз болып табылады.
Қазақстан Республикасы балалық шақты адам өмірінің маңызды кезеңі екендігін танып, балаларды қоғамда тіршілік етуге бейімдеуді қамтамасыз етеді. Сондықтан, Елбасымыз Қазақстанның тәуелсіздік алғанынан бастап неке мен отбасы, бала, ана мен әке институттарын нығайтуды алғашқы орынға қойды.
«Біз өзіміздің болашағымызды және балаларымыздың болашағын қандай күйде көргіміз келеді, осыны айқындап алатын уақыт жетті. Біз бүгінгі кезеңнің міндеттерінен өзге біздің ұрпақтың келер ұрпақтар алдында орасан зор жауапкершілік жүгін арқалайтынын: әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердің өз балалары мен немерелері алдындағы жауапкершілігін күнделікті есте ұстауға тиіспіз. Біз өз балаларымыз бен немерелерімізді сонау алыс болашақта, олар біздің жасымызға жеткен кезде қандай күйде көргіміз келеді? Олар әл-ауқатты өмір сүре ме, дендері сау әрі білімді-білікті бола ма? Олар жақсы әрі азат қоғамда өмір сүре ме? Олар бейбіт-татулықта өмір сүре ме? Олар өз қауіпсіздігі мен балаларының қауіпсіздігі үшін алаңсыз бола алар ма, көшелермен емін-еркін жүріп, өз дүние-мүлкі үшін қауіптенбес болар ма? Біз оларға қуатты мемлекет пен өзіміздің жақын және алыс көршілерімізбен достық қарым-қатынасымызды мұра етіп қалдыра аламыз ба? Біз осынау қарапайым маңызды сұрақтарға бүгіннің өзінде жауап беруге тиіспіз. Біздің алға қарай тұрақты жылжуымыздың басты шарты — біздің қоғамымыздың алға қойылған мақсаттарға қол жеткізудегі біртұтастығы, халықтың барлық жіктері мен топтарының ортақ міндеттерді шешуге бағытталган стратегия айналасында топтасуы. Біздің басты оң игіліктеріміздің ішінде — халқымыздың, немесе былайша айтқанда, адам ресурстарының сапасы тұр».
Баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау құқығы заңмен бекітіледі. Баланың құқығын қорғауды ата - аналар, бағып - қағу және қамқорлыққа алу органдары, сот, прокурор жүзеге асырады. Заң баланы озбырлықтың түрлерінен оның абройын төмендетуден, ата - аналар тарапынан болатын қиянаттан қорғайды. ҚР - да балалардың мүддесі қорғала отырып, ондай ата - аналарды ата - аналық құқықтан және баланы бағып - қағуға беруден айыруға байланысты шараларды қолдану заңдық тұрғыда қарастырылған. Бала мүліктік құқыққа да ие. Ол көбінесе өз ата - аналарының және отбасының өзге де мүшелерінің күтіп бағуы құқықтарына байланысты болмақ.
Бала бұл тұтастай бір ұлттың бейнесі, ертеңгі мемлекеттің тірегі. Кез келген отбасы елі алдындағы, ұлты алдындағы, мемлекеті алдындағы осы жауапкершілікті сезінсе және дүниеге келген перзент толыққанды отбасында тұруға және тәрбиеленуге құқылы. Бұл құқық тек ата-ана тарапынан ғана емес, халықаралық және қазақстандық заңнамаларда көрсетіліп, әрбір міндет баса айтылып, нақтылана белгіленген. Еліміздің саясатында отбасы мен отбасындағы балаларды қолдау, оларды қорғау бойынша барлық іс-шаралар жүргізіледі. Жыл сайын түрлі акциялар, мемлекеттік маңызы бар іс-шаралар қолға алынып, елімізде отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы насихатталады. Және ол бағдарламаларды іске асыру мақсатында әрбір отбасы мен олардың мүшелеріне психологиялық және ақыл-кеңестік көмек көрсету жүзеге асырылады.
Ана мен баланың құқығы мен заңды мүддесін қорғау, шаңырақтың шайқалуын болдырмау мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіліп, мемлекет тарапынан, қоғамның назарынан тыс қалып отырған жоқ. Өйткені елдің ертеңі – жастарымыз бен балаларымыз. Бала – қоғамның болашағы, құндылығы. Сондықтан, бала құқығы мен оның мүддесін қорғау әрбір азаматтың естен шығармас борышы деп санау керек.