Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1452

Баланы тез тіл табысуға қалай бейімдейміз?

   Мінезі ашық, тез тіл табысқыш бала қоғамда өзін жеңіл сезінеді, жаңа мәдениетті оңай ұғынады және жаңа ортаға тез бейімделеді. Ал бұған баланы мектеп қабырғасында үйрету кеш, тәрбие балабақшадан, тіпті бесіктен бастау алуы тиіс. 

Жапониялық жазушы, философ Масару Ибуканың айтуынша, баланың бәрі дүниеге бірдей болып келеді. Оларды өсе келе бір-бірінен айыратын нәрсе – алған білімі мен тәрбиесі. «Тәрбие балаңыздың қандай болатынын анықтайды» дейді философ. 

Расында, шығыс даналығы қазақ халық даналығымен де ұштасып жатыр. Мұны аталарымыз бен әжелеріміз «Тәрбие – талбесіктен» деп екі-ақ сөзге сыйғызған. Бала тәрбиесі, әлбетте, ата-ана тәрбиесімен ұштасып жатуы тиіс. Ата-ананың бала тәрбиелеудегі мақсаты – болашақта баланың жеке тұлға болып қалыптасуына, саналы ұрпақ болып өсуіне, дұрыс білім алып жетілуіне, өмірде өз орнын табуына көмек беру.

Тәрбие тақырыбын негізгі ой – тез тіл табысуға бұрар болсақ, бұл алдымен баланың тілінің ерте шығуымен де байланысты. Мойындау керек, тілі шұрайлы, ауыз әдебиетіне өте бай саналатын қазақ халқының қазіргі ұрпағы сөзге шорқақ. Әдеби сөйлеуді былай қойғанда, өзге тілді араластырмай, таза қазақша сөлеуден де қалып барады. Бұл ретте ардагер ұстаздар балалардың тілі кеш шыға бастағанын әлдеқашан байқаған. Ал мұны қалай реттеу керек?

Оның жолын ұлттық тәрбиеден іздеу керек. Ата мен әже институтын қайта қолға алған жөн. Ата-әже институты дегеніміз – бала тәрбиесіне жауапты ата-ананың балаға бесік жырын айту, ән-жырдан толғап, майын тамызып ертегі оқып беруі. Бұл да бесіктен бастап берілуі тиіс тәрбие. Бала бұл жаста сөз мағынасын түсінбейтіні рас, алайда анасының әр дыбысты айтудағы ауыз қозғалысын бақылап жататын бала дыбыстардың қалай шығатынын жаттайды. Етегі тыңдап өскен баланың тілі ерте шығатыны, сондай-ақ, дыбыстарды да анық, тұнық, дәл шығаратыны ғылыми тұрғыдан да әлдеқашан дәлелденген. 

Одан қалды, баланың ауыз қуысы бұлшықеттерін мықты етіп, сөйлеу қуатын арттыратын жаттығулар да ұлт құндылықтарымен астасып жатыр. Айталық, аталарымыз балаларға сіңір не желкені жеуге, не сүйекті мүжуге бекер бермеген. Мұның бәрі баланың ауыз қуысы бұлшықеттерін жаттықтырады. Сәл өссе, жыр, дастан жаттатып, оны қайта-қайта айтқызатын болған. Бұл да өнеге, тәрбие. 

Тілге жүйрік бала қоғаммен де тіл табысқыш болып өседі. Жатырқамайды, сөзден қашпайды. Бұл ретте ұлт тәрбиесінде баланы жастайынан топқа салып тәрбиелеген. Қонаққа сәлем бергізген, қолына су құйғызған. Ауылға тілінің қуаты бар қонақ келсе, балаларға солардың сөзін тыңдатқан. Міне, бұл да олардың көппен тез тіл табысуына жол ашады. Міне, мұның бәрін жаңғырту бізге де өте қажет дүние. 

Неліктен екені белгілі. Бүгінде балалардың тұйықталып, сөзге шорқақтанып бара жатқаны жасырын емес. Оған, әлбетте, басты ықпал интернет пен смартфонның күшті әсері. Шаршы экранға үңілген балалар тек виртуал әлемде тіл табысқыш, сол жерде ғана ашылып, өздерін еркін сезінеді. Бұл жақсы тенденция емес. Сол үшін сәби тәрбиесін смартфонға тапсырып қоюдан абай болғанымыз абзал. 

«Сәбиге көп сөйлеңіз, әңгімелесуді әдетке айналдырыңыз. Күніне бір сағат бөліп сөйлесудің өзі баланың бір жасқа дейін тілінің ерте шығуына әкеледі. Ал, баламен бірге ойнап, онымен көбірек сөйлесу бұдан да зор нәтиже берерін ескерсеңіз, не болмақ?
 Баланың тілінде сақауланып сөйлеудің қажеті жоқ. Басқаша түсінбейді деп ойламаңыз. Ол бәрін түсінеді. Тек оның сөйлеу мәнері жетіліп болмаған. Сондықтан өз қалауынша ойын жеткізе білмейді. Сәбиіңізді дұрыс әрі әдемі сөйлеу мүмкіндігінен айырмаңыз» дейді бұл ретте жапон философы Масару Ибука.

Ойшылдың ойы құптарлық!

 

 

211 0
Гулжахан Жаксылыкова, «Шағала» бөбекжай бақшасы Тәрбиеші Қызылорда обл. Арал қаласы Ұлы дала ұстазы № 002029
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: