Қазіргі таңда барлық әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру.
Осы жаһандық мәселеге әлем ғалымдары мынадай анықтама береді: инклюзивтік білім беру дегеніміз - барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат.
Бүгінде инклюзивті білім беру процесінде үштік одақтың маңызы артып ерекшеленіп келеді. Себебі дамуында ауытқуы бар балаларды тұлға ретінде қарастырып, олардың ата-аналарымен бірлесе жұмыс жасап, баланың ерекшелігіне сай жайлы орта қалыптастыруда мамандардың еңбегін айтпай кетуге болмайды. Ресми дерекке сай 2004 жылы зерттеу жүргізілгенде, орта мектеп мұғалімдерінің 80 пайызы аталған жүйеге қарсы болса, 2007 жылы 49 пайызы ғана қарсылық білдірген. Ал, ата-аналардың 79 пайызы ерекше балаларды түсінбей, «неге біздің балалардың жанында мүгедек бала отыруы керек?» деп наразылық танытқан. Қазір байыппен қарасақ идеяға қарсыласқаннан гөрі, қолдау білдірушілердің қарасы басым. Бұл инклюзивтік білім берудің бірлесе жұмыс жасағанда ғана нәтиже беретінінің айқын көрінісі десем қателеспеймін.
Ерекше балалар өздеріне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбесе, эмоционалдық регуляцияның жетімсіздігінен айналасына деген таным деңгейі төмендеп, қабылдау, есте сақтау, ойлау, қозғалысын жүйелей алмауы мүмкін. Аталған олқылықтардың алдын алу мақсатында мамандар олармен жиі сөйлесіп, таза ауада серуен құрып, интеллект деңгейін көтеру мақсатында диалог құруды ұсынады.
Бүгін әлем тәжірибесі оқу-танымдық әрекеттерін жүйелеп, инклюзивті білім беруді ұсынады. Қазақстан осы негізді құптайтындардың санатына жатады. Осы шақта еліміздегі дамуында мүмкіндігі шектелген балаларға сапалы білім беру жолға қойылуда. Ел аумағында ата-ана қамқорлығындағы
мүгедек балаларға, денсаулығына байланысты тұрақты білім алуына құзырлы орындар тарапынан қажетті жағдай жасалып, іске асып келеді.
Қорыта келе айтарым, инклюзивті оқыту жалпы мектептің педагогынан ерекше дайындықты, жоғары дайындық пен тың шығармашылықты талап етеді. Өйткені, бала психикасының даму мәселесіне салғырт қарау жеке басына қосымша кемістіктер пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Сондықтан инклюзивті білім беру мұғалімдердің арнайы дайындықтары мен қайта даярлықтары бар болған жағдайда ғана нәтижелі болмақ.