Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1445

Ұлт ұстазының шәкірті

Өмір - ұстаз! «Ұстаз» - сөзі өн бойына жинаған әлемнің тылсымы. Ұсталық ету, адам болмысының қалыбын құю екінің бірінің қолынан келмейді. Жас өскен талды қисайта өсіру оңай, түзеу қиын. Баланы тәрбиелеу құрсақтан басталса, оны кемеліне келтіру ұстамы болған ұстазына байланасты. Оны тәрбиелеу, қияға ұшыру, ол үшін жанын беріп күю ұстаздың ғана қолынан келмек.  Ұстазға жүгіну өмірдің заңы. Ұстаздың ұстамы тұлға қалыптастыру.

Ғасырлар өтуі ұстаз ұғымын көтермесе, төмендеткен емес. Зәрулік, қажеттілік сені ұстаз алдына апарары анық. 

А деген әріпті мектеп табалдырығын аттағаннан бастап еркелігіңді көтеріп, қателіктеріңді кешіретін, білім нәрімен сусындата отырып, мейірім махаббатына бөлейтін, тәрбиенің тал бесігіне тербетіп, таудай талап арқалататын, өмір даңғылына қол бұлғап, салып жіберетін ол сенің ұстазың. 

         Ұстаз еңбегінің жемісі – шәкірті. Үйретуден жалықпаған жан еңбегінің жемісін көрері хақ. Шәкіртінің топтан оза шабуы, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болған ұстаздың шәкіртіне деген қуаныш сезімінің біз біле бермейтін сырлары көп.

 Ұстазға деген махаббат – шетсіз, шексіз. Екінші анаң, ақылшың. Жүздеген тіпті мыңдаған мамандық болуы мүмкін. Бірақ әр маманның өз ісіне адал болуын, талапты болуын, сол мамандығының шыңға шығуына, әр жетістіктің артында тұратыны ол  - ұстаз.

«Ұстаз – ұлы есім»! Ұлы есімдер қазақ даласында аз болған жоқ. Солардың бірі және бірегейі, біз үшін аса қасиетті есім Ахмет Байтұрсынұлы. Туған халқының тағдыры алмағайып заманда туылып, бар ғұмырын алапат арпалыстарда өткерген, ұлт ұстазының азапты да ауыр, сан қилы жолы, жанқиярлық пен өткен өмірін суреттеу мен үшін ауыр да жауапты іс. Мамандығым – мақтанышым. Мамандыққа деген адалдық үлгі тұтар ұлы даланың есімдерін қағаз бетіне түсіру азаматтық борышым деп білемін. 

          Қазақ даласына кімдер келіп, кімдер кетпеді! Ат жалын тартып мінгеннен бастап, ерден түспеген, азаттық жолында жандарын құрбан еткен азаматтар жетерлік. Шоқ жұлдыздай жарқ еткен дара тұлғалардың бірі – Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) десем жаңылмаған болармын. Санаулы ғұмырын саналы ғұмыр еткен, сауатты болып елдің сауатын ашқан, қараңғы қазақ көгіне күн болып шығар білім саласының ағартушы екендігіне талас жоқ. Оның өлеңдері, жыр-жинақтары ұйықтап жатқан елінің құлағына масадай тиіп, оянуына ықпал жасады. Ахмет Байтұрсынұлы алғаш шығармашылық жолын өлең, мысалдар жазумен бастады. Өлеңдері, мысалдары арқылы сол кезедегі халықтың арман-мұратын, мұң-мұқтажын, жұртты оқуға, білім-ғылым үйренуге, адами болмыс пен адамгершілік қағидаттарына , еңбекпен, біліммен ғана ұшпаққа шығарын жырласа, патшалық Ресейдің қанаушы-отарлық саясатын, шекпенділердің алдында құлдық ұрған опасыздарды сынады. 

  Білім-ғылым саласында үлкен еңбектер жасаған Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) араб жазуы негізінде құрылған (ауыз екі тілде төте жазу деп аталып кеткен) әліпбидің негізін салушы. Өзінің жобасын топ алдына қорғар сәтте де 17 дәлел-дәйегін, себебін түсіндіре айтқан уәждері құлаққа сіңімді, айтар тілге жеңіл болды. «Барлық жұрттың түрінің, тұтынған, жолының, мінезінің қандай да басқа бөтендік болса, тілінде де сондай бөтендік болатындығы. Жасынан қазақша жазып дағдыланбағандықтан, кейбір ноғайша, орысша оқыған бауырларымыз сөз жүйесін, қисынын келтіріп жаза алмайды» - деп айтқан болатын.

Көп еңбектерінің бірі газет шығару мәселесі. Үстінен жазылған домалақ арыздарға қарамастан ел ағалары мен жағалылардан сөзін өткізе отырып, жылу жинау мәселесіне де ден қойды. Газет үлкен күш, үлкен идеология. Қаншама қаражатты қажет ететін сала. Халықтың сауаттануына тікелей әсер ететіндігін білді.   Осыған қарап ақ газеттің қандай керек екенін көруге болады. Шығарудағы мақсат қазақ арасына өнер-білімнің жайылуына басшылық ету. Елді жақсылыққа бастап, жамандықтың алдын алу. Десе де көптеген қарсылыққа тап келді. Ахметтің Орынбордағы кезеңі Әлихан, Міржақыптай алаш арыстарының қолдауымен «Қазақ» газетасы жарық көруі. Артына шам алып түскен патша жендеттерінің қитұрғы қудалауларынан, заңсыз айыптарынан көз ашпады. Қас қылғандай кезекті жөнсіз тұтқындау кезінде үйіне заңсыз тінту жүргізіліп, күшпен алып кетеді. аяғы ауыр әйеліне ауыр тиіп құрсақтағы сәбиінен айырылады. 

Қарағым, бұға бойым, қамқор анам,

Арнап хат жазайын деп, алдым қалам.

Баралмай өтірікші болып әбден

Семейдің түрмесінде отыр балаң.

 

Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,

Өкімет өр, зорлыққа бар ма шараң.

Үмітсіз шайтан болсын деген сөз бар

Жолдар көп жәннатқа да тарам, тарам.

 

Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,

Бітпеген жүрегімде бар бір жараң.

Алданып тамағыма оны ұмытсам,

Болғандай жегенімнің бәрі харам!

Көрген құқай, бұнымен аяқталған ба?! Қанатының астындағы сенген адамы Мұхамедиярлар тұрғанда бұл жалғанның жаласы бітер ме? Талай сатқындық көрсең де, өз ауылыңның иттері қапқаны қиын ғой. Жарқанаттың мысалымен-ақ талайы кеш түсінді. Ешкім қастық қылайын деп қылмайды, мәжбүрлейді. Алаш арыстарымен елдің дамуына бір кісідей емес, мың кісідей жұмыстар атқарды.

Түрмедегі оқиға кім-кімді болса да ойландырары анық. Протоколды өзім жүгіземін деген тергеуші Ахаңның өмір жолымен толық таныс екенін айтады.          

- Жасыратыны жоқ әуелгіде пәле іздеп оқығаным рас. Бірақ... кейін... өміріңіз небетке абақты, айдау, аңду,   қуғындау. Енді маған айтыңызшы! Осының бәрі қалай? Қашан? Қай кезде жазып үлгердіңіз? 

Ахаң: 

- Біреу жұмыс қыламын десе тұрған жерім жаман дейді, біреу маңайымдағы елім жаман дейді бұлардың бәрі бос сөз. Абақтыдан жәйсіз жер жоқ, бірақ абақтыда да жұмыс істеуге болады.

-Онда оған не зорлық! Ешкім ақы төлемесе...жарайды, қазіргінің кейбір жазушылары ертең мақталатынын біліп отырып жазады. Ал, сіз ше? Ертең сотталатыныңызды біліп отырып жаздыңыз ғой! 

- Балам, мақталатын адам да, сотталатын адам да өмір сүреді, өледі. Бірақ екеуіндегі мазмұн басқа. Жақын туысың, айнала жұртың, тұтас қауымыңның қорлықтағы өмірі сені тыныш ұйықтата ма?! Бұлар үшін қылған еңбегің мақтан емес, міндет! Азамат өз міндетін атқарғаны үшін мақтана ма? Соттың жөні басқа әңгіме. Бұл біздің еркімізге бағынбай тұр. Алайда титтей де өкініш жоқ. Менде мына сен де бүгін бармыз ертең жоқпыз. Адам өмірі сондай қысқа ғана. Бірақ елің үшін қылған еңбегің, ту қылып көтерген тура идеяң жалғаса бермек. Ол жалғаса берсе адамның да өлмегені, міне мазмұн.   Сендер өлердей қорқатын Алаш идеясы осы ғана. 

 

Қоғамдық-саяси өмірі бір төбе. Алаш партиясының дайындаған топтың ішінде болды. Алаш Орда өкіметінің құрамына рушылдық, жүзшілдік кесірінен енбей қалды. Бірақ та қазақ ұлтының мемлекеттік идеясының құрушы топтың ішінде болуы өз замандастарының ашық мойындауы еді. Мәскеуге келіссөзге «Алаш» Орда атынан баруы, Ахаңның ықпалымен Алашорда басшыларының мүшелеріне кешірім жариялады. Қостанай аймағын (уезін) Челябинск обылысына қосу туралы шешіміне қарсы болып, Қазақстан құрамына қайтарды. Ахмет Байтұрсынұлы   мемлекет ісінде жүрсе де, жан қалауы ағартушылық, ұстаздық жолынана айныған емес. 1921-1925 жылдары Орынборда, 1926-1928 жылдары Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді. Аламтыдағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің ашылуына байланысты профессор қызметін атқарды. Алаш Орда идеяшылдығымен, ұлтшылдығымен көзге түскен Ахаң өзге де алаштықтармен бірге тұтқындалып Мәскеуде тергелді. Алғашқы айыптауларды ату жазасына кесілсе де, жазасы ауыстырылып, концлагерге ауыстырылды. Айдаудан айдау, соттылықтан соттылық Ахаңның денсаулығын айналып өтпеді. Өмірдің небір қиын қыстау жерлерімен жүріп, талай азапты көрседе рухын, жігерін өшіре алмады. М.Горкийдің жұбайы Пешкованың көмегімен мерзімен бұрын босатылып, Алматыға қайта оралды. Тағдыр аяған ба! Сотталған, айдауда жүрген адамға көп жер арқасын төседі. Тұрақты жұмысқа да қабылданбай, әр жерде уақытша жұмыстар атқарды. Атар таң, көрер күннің де соңғы сәттері жақындай түсуі айналған жаудың алмай қоймайтынын аңғартса керек. Қасіретті 37-нің құрсауында қалып, 8 желтоқсанда атылды. Ахаң өлмеді Қайран арыс, Алаш өлді. 

Ахмет атамызды 3-4  бетпен суреттеп, сипаттау, еңбектерін төңкере жазу талай кітапқа азық болары сөзсіз. Ұлтқа қызмет ету білімнен емес мінезден деп Әлихан атамыз айтқандай, ұлтқа, ұстаздық жолына адал болды. Ал адалдық адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Түрлі сынақтан сүрінбей өту де ерлік. 

Ұлы даланың ұлы тұлғалары қашанда ел есінде. Десекте Ахаңның есімі репрессия, қуғын-сүргіндерді қайта ақтау кезінде жарыққа бірақ шығады. Кітап, өлеңдері, жыр-жазбалары қайта басылады.

 Ұрпақтар сабақтастығы кейінгі ұрпақтарының да ұлы істі жалғастыруында. Ол - ұстаз! Ол – педагог, ол – басшы. Ол – ақын. Бар өмірін ұстаздыққа арнау Ахаңдай тұлғалардың алдындағы перзенттік борышы. Ұйғыр (Қарадала) ауданының құрметті азаматы, «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, Облыс әкімінің құрмет грамотасының алған. Себебі әр ұстаз осындай дәрежеге лайық. Ахаңмен бірге болмаса да, бір дәуірде туылған, бірге жүрмесе де мақсат-мұраты бір, бірге дидарласпаса да айтар ойы ортақ, ол - менің әкем!

 

Ұстаздарым ой қуып отыратын,

Бірін-бірі ақылмен толтыратын,

Қанатымен су сепкен қарлығаштай

Сусындатып біліммен нәр құятын.

 

Өздеріңді сағындым, сағындырдың,

Қойнауында қалыңдар ағым жылдың,

Тірі жүрген санаулы ақылманым

Желісі боп жүрсіңдер жазар жырдың.

 

Ұстаздықты мен дағы иелендім,

Ұстаз ұғым, неткен сен киелі едің,

Ұстаздық пен ұлылық егіз ұғым

Сарқытың болып келеді жүре бергім.

Ия, ұстаз ұғымы қашанда киелі. Әкем 1940 жылы жылы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Дулатбек ескі оқуға жетік, ауыл балаларының сауатын ашқан. Сөзге шешен, иманына берік жан боған деседі. 

Ол туралы:            Дулатбектің біліммен аты шыққан,

                    Алысқанды қайратымен алып жыққан,

                    Ескі оқуға жетілген молда әкеміз

                    Алдынан талай шәкірт білім алған, 

                     

                    Кедей таптың кейісті бел баласы, 

                    Қосшы кезде болыпты ел ағасы,

                    Өмірінде мал бағып терін төгіп,

                     Жетпіс төртте жабылды Иллаласы.

                     Бәліқызбен көңілі көріктеніп,

                     Өмірінің үлгі болған қалған жасы.-

                                                   деп немере інісі С.Мұхамедиев еске алады.

Әкем ауылдағы жеті жылдық мектепті бітіріп, Ақсу ауылындағы Абай атындағы орта мектепті бітіреді. Талғардағы ауылшаруашылық техникумында оқып, сырттай ауысқаннан кейін Ленин колхозында әр түрлі шаруашылықта жұмыстар атқарады. 

Жетінші сыныпта оқып жүрген кезінде ақ ВЛКСМ мүшелігіне өтіп, шаруашылықта еткен еңбек, төккен тердің арқасында еңбегі бағаланып бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болып тағайындалады. Ол кездегі ВЛКСМ мүшелерінің еңбекке деген құлшынысы өте жоғары болатын. Олар шаруашылықтың барлық саласында жастық жігермен, күш-қайраты тасыған азаматтар болатын. Соның нәтижесінде 20 жасында КПСС мүшелігіне кандидат етіп қабылдап, мүшелігіне өтеді. Бұлда бір еңбекке деген, білімге деген талпыныстың нәтижесі. 1962 жылы Қазақстан ЛКСМның ХІІ съезіне делегат болып сайланып Өзбекәлі Жәнібековты 1 хатшы етіп сайлануына ел қатарлы мандат көтереді. 

Әскер борышын өтегеннен кейін 1965 жылы КазГУ-дің тарих факультетіне оқуға түседі. Еңбек жолын Нарынқол ауданында инспекторлықтан бастап, Алматы облыстық Нарынқол, Кеген және Ұйғыр аудандары бойынша әдіскер инспекторы қызметінде болып, 1972 жылы туған ауылына ұстаздық қызметіне ауысады. 

«Мұғалім – мектептің жүрегі» (А.Байтұрсынов) деген қанатты сөзді ту қылып берік ұстап, мамандығы бойынша өз пәнін жан-жақты игеруге баса көңіл аударып, ден қояды. Оқушыларының білімге, ғылымға   қызығушылығын арттырады. Әкем естеліктерінің бірінде: «Біз алғаш мектеп табалдырығын аттаған кезде оқулық, қағаз-қалам өте тапшы болатын. Бүктемелі сары қағазды дәптер ретінде қолданатынбыз. Тіпті көшенің топырағын, қай жер ыңғайлы болса сол жерді тегістеп жазу жаза кететінбіз. Ал ұстаздарымыз болса екі айлық, алты айлық курстарды бітіргендер еді. Соған қарамастан олар өз бар білген білімдерін бізге үйрететін».

 

Пәк күнім сәби – шақтарым,

Шаңдатып шыбық мінетін.

Жарыса шауып алаңсыз 

Бейкүна кездер күлетін.

 

Ойынға тоймас күндерім,

Армансыз кезіп тау-тасты.

Шалғынға аунап көз көрім

Құмартып көгал иісін.

 Тағы бір жазылған естелігінде «Біз мектеп қабырғасында оқып жүргенде Ахмет Байтұрсынов туралы бір сөз айтылмайтын. Оның басты себебі олар ұлтшыл, кеңес өкіметінің қас жауы ретінде қарастырылатын. Тіпті жоғары оқу орнында оқып жүгеннің өзінде «Алаш» арыстарын ауызға алғызбайтын, тиым да салатын. Ыбырай Алтынсарин, Сұлтанмахмұд Торайғыров, Сәбит Дөнентаев шығармаларымен таныс болатынбыз». Ия қитұрқы саясат өз қағынан өзін жерітуге әкелді. Біздің ел болып, мемлекет болып қалыптасуымызда Алаш арыстарының еңбегі ұшан теңіз.  

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы,

Ұстаз болу – мінездің күн шуағы

Ұстаз болу – адамның асылдығы.

 

Адам бір жылдығын ойласа егін егеді, бар ғұмырын ойласа ағаш егеді, ғасырын ойласа ұрпақ тәрбиелейді деген. Ұстаздық қанмен келеді. Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға. Ұстаздық еткен жылдарда мұғалім болып қана қоймай, басшылық қызметтерді атқарды. Өз кезіндегі берілген пікірлерді сараласақ жоғары білімді, теориялық және практикалық даярлығы мол, әдістемелік шеберлігі қалыптасқан тәжірибелі ұстаз. Тарихшы ретінде оқулықпен шектелмей, деректі құжаттарды, тарихи дәделдемелерді, қанатты сөздерді сұрыптап айтады, жазады. «Село мектептерінде  оқушыларды еңбекке баулу», «Халықтық педагогиканы сабақта және сабақтан тыс жұмыстарда қолдану» атты тақырыптарда жазған жұмыстары жоғары бағаланған. 

         Ұстаздық біліммен қатар шығармашылықты та да қажет етеді. Жырды жанына жақын тұтты. Тақырыптары отанға, елге-жерге, ұстаздық жолындағы жандарға арналды. Ақындық тәңірдің берген тәтті сыйларының бірі. Аудандық, облыстық, Республикалық басылымдарда, газет-журналдарда шығып отырды. Дәнеш Ахметовтың «Қыран жанарындағы ғұмыр» кітабы өз аузымен айтылып, жазылды. Екі бірдей жыр-жинақ кітаптарының авторы болды. 

         Қай ақын өз еліне, өз жеріне жыр арнамады десеңізші. Әкемнің шығармашылығындағы кейбір отанға, елге, жерге деген өлеңдерін ұсынғым келіп отыр. 

                             Тау бесігім туған жер тербетілген,

                             Көңіл күйі тасқындап, сан шертілген.

                             Бастау алып өзіңнен бала қиял

                             Тау-тасыңмен таласып көкке өрілген.

 

                             Болмаса да көлдерің, шалқар айдын.

                             Сәулесімен шомылдым кәусар айдың

                             Тау бөктерлеп көшкенде бұйра бұлттар,

                             Құшағында бөленем қалың ойдың.

 

                           Таза ауаңда сайраңдап желпіндірген,

                             Жыр құмарлық жаныма желік берген.

                             Сенен алып күш қуат теңдесі жоқ

                             Сен деп соққан жүрекке ерік берем, - десе,

         

       Келесі бір өлеңінде: 

Сүмбе менің сүп-сүйкімді ауылым,

Сырға тұнған, нұрға шомған бауырың,

Шырша, талдар сыланады назданып

Жауып өтсе нөсерлетіп жауының.

 

Ұлы таудан қызыл арай таң құлап,

Қуаныштан сылқ-сылқ күліп бал бұлақ.

Қыста мұз болып, жазда тынбай ағады

Сағынышын жырға бөлеп Сарыбұлақ.

 

Сайын дала құшағы кең анамдай,

Сен бар жерде уайымым жоқ, жағам жай.

Мен Сүмбеге келген кезде өзімді 

Сезінемін күнәсіз пәк баладай, - деп жырлайды. 


         Өз өлең-жырларымен жырлап қана қоймай болашақ елдің ертеңі ұландарына рухты жырларымен жігер береді. Әріптесінің арнауында: «Қасиетінен айналайын туған жердің,

Ақын қылып жіберген тарихшыны» деуі де тегіннен емес. Ұстаздық еткен жылдарында «Жүректегі жазулар», «Сарыала күз сағыныш» атты жыр шумақтары өз оқырмандарына жол тартты. Ұстаздықтан алған шабыт жыр болып төгілді. Ахаң да ұстаз, әрі ақын. Тегінде ұстаз деген ұлы жолда жүрген адамның жүрегі жұмбақ, көңілі сыршыл келеді. Айтар ой, білдірер көңілін қағаз бетіне шумақ болып өрілетін сияқы.

 

Ұстаз деген ұғым неткен киелі,

Әрбір сөзі өмір-дастан жүйелі 

Сезімі оның ақ періште мәңгілік

Шәкіртімен бірге жасап жүреді.

 

Өн бойына білім кені жиналған,

Шежіредей ұшырасар жиі алдан,

Бар ғылымның бастау көзі – қайнары

Мүсінделген теңдесі жоқ.

 

 Ұстаз деген құрметті аты қандай?

Алау болып лаулап жанып жатқандай,

Нұрын төгіп, шұғылалы шуақ боп,

Адастырмас тура жолда туған ай.

         Аға ұпақтың қасиетті жолы ұрпақтан-ұрпаққа өнеге. Ұстаздық еткен жылдар мен жолдар әркімнің жүрер соқпағы емес. Қазақ ұлтының, қазақ ұландарының білім алуына, таным көкжиегін арттыруда ұстаз рөлі ерекше. Әкемнің де білім қайнарынан алған дүниесін өзгеге бере алу мыңдаған шәкірттерінің алдындағы міндеті парызы болмақ.

Жоқ, жоқ сөнген жоқ! Өлген жоқ олар. Бойындағы күллі күш-қуатын, барлық мүмкіндігін езгіге түскен ел үшін сарқа жұмсаған саңлақ ерлер. Қара жердің бетінде қазақ бар да сендер барсыңдар. Ендігі ұрпақ сендер басып өткен іздеріңнің топырағына көзін сүртер. Көңіл толқытар! Әлі талай жыр етер, қуат алар! Жазған жазбаның сондайлық сүйініш сөздердің бір парасы еді. Күрделі уақыт тудырған күрескер  перзенттер өздері жан салып қорғаған қасиетті мекендерінде, бедер-белгісі де жоқ бейіттерінде әр қазақтың жүрегінен себілген бір бір уыс топырағы деп білерсіздер. Қиын заман мықты адамдарды дүниеге алып келді. Мықтылар құрған заманды ұстап тұру сіз бен біздің қолымызда. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. https://www.youtube.com/watch?v=wFReBibJxh8 (Ұлт ұстазы фильмі)
  2. «Жүректегі жазулар» С.Дулатбек 1999 ж.
  3.  «Сарыала күз сағыныш» С.Дулатбек 2018 ж.
305 0
Абай Дулатбеков,№ 152 мектеп-гимназиясының информатика пәні мұғалімі Ұлы Дала Ұстазы № 001918
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: