Бала болашағы менің қолымда
Ақырын жүріп аңдып бас,
Еңбегің кетпес далаға
Ұстаздық еткен жалықпас
Үйретуден балаға.
Абай
Жүректен тебіреніп оянып, қаламымды қолға алуға бірден-бір себеп болған осы данышпан Абай атамыздың өлең жолдары қай-қайсымызды болмасын, оның ішінде мұғалімдер қауымын ойландырмай қоймайтын терең де, бағасы жетпес, мағынасы дариядай терең, қоғамның даму сатысында алатын философиялық маңызы зор, орны ерекше деп айту керек.
Мемлекеттің мемлекет болып қалыптасуында, өркениетті алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылуына зор ықпал ететін тұлғалар бар. Олар кім десек, әрине, бірінші ұстаздар деген ұлағатты сөз ойыңа келеді.
Ұстаз болу оңай зат емес. Ал ұстаздық жолы – ең қымбат та, күрделі де қиын, қасиетті жол. Қандай да болмасын мемлекеттің ірге тасын қалауда, рухани байлығын зерделеп, саралауда, елмен елдің арасындағы ынтымақты, бірлікті нығайтуда, уақыт таразысынан өткен тарихи құндылықтарды екшелеп, келешегіне, түпкілікті қолданыста бүкіл халық игілігіне жаратуда, адамдардың ойлау, сөйлеу мәдениетіндегі ерекшеліктерін өрбітуде, басқа ұлт өкілдерімен тіл табыса отырып, адами құндылықтарды сақтап қана қоймай тығыз қарым-қатынаста болуы, мәдениеті мен тілін, тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын тағы басқа құндылықтарды мұра ғып болашақ жас ұрпақтың қолына ұстауда ұстаздың еңбегі орасан зор.
Әр даму кезеңдерінде ұлттық үрдіс, әдет-ғұрып, тіл, мәдениет пен тарихымыз т.т. үнемі қағажу көрді. Заманына қарай ұрпақ тәрбиесі де, оның бағыттары да өзгеріске ұшырап отырды.
Тәуелсіздік туы, егемендік жаңа серпін әкелді. Ұстаздардың алдына жаңа талаптармен міндеттер қойды.
Мектеп өмірінде ерекше өзгерістер басталды. Қарап, өткен өміріме көз тастасам, мектеп өмірі-менің ұстаздық жолдарымның бастауы, қалыптасу, өсу, тәжірибе мен білімді ұштастырған ұям. Жүрегімнің түбінен орын алған, оттай ыстық өмірімнің ошағы, өмірімнің мектебі, жазылмаған дастанымның парақтары іспеттес.
Жылдар... жылдармен өз іздерін артқа қалдырып, ұстаздық жолын қуғаныма отыз жылдан асыпты.
Әкем мұғалім болған соң ба, менде осы мамандықты таңдадым. Әлі есімде, жазда демалысқа ауылға барғанымда жасы үлкен аға-апаларым, ауылдастарым амандық саулықтан соң, әңгіме шертіп еске алғанда: «Әй, біз сенің әкеңнен оқып, білім, тәлім-тәрбие алдық, адам болдық» деп ыстық сезіммен айтушы еді. Есейе келе, сол сөздердің астарында ұстазға деген ұлы махаббат, ұстазға деген ілтифат пен шексіз ризашылық пен алғыс жатқандығын аңғардым.
Ауыл мектебінің табалдырығын аттаған кездерім, алғашқы қоңыраудың сыңғырлаған үні әлі есімнен кетпейді. Алғашқы қалам алып, әліппені үйреткен ұстаздарым әлгі күнге шейін көз алдымда. Алғашқы білім сағаты менің болашақ өмірімнің сыр сандығын ашып алға жетеледі. Армандарға қиялымызды жалғады. Биік асқарларға шарықтатып, өмірдегі орнымызды табуға себепкер әрі дәнекер болды.
Оқыған, тоқығаным, білімім өмір жолдарыма азық болып астасты, ұстаздыққа әкелді. Ұстаз жолын таңдадым. Ал, ұстаз болу-екенің бірінің қолынан келе бермейтін қиындығы мен қызығы мол қызмет.
Шәкіртіңе жүрек жылулығын, мейірім шуағын, ізгілік қасиеттерді: адамгершілік, достық, адалдық, адамның дүниеде алатын өзіндік орнымен, еңбек және еңбекқорлық сияқты, қажыр-қайрат, табандылықпен, ізденгіштікке, жаңашылдық, өзіне қажет бағыт-бағдар алу арқылы аянбай тер төккенде ғана ұстаздықтың шыңына жете алады деп ойлаймын. Өзін өзі тану тек үнемі ізденіс, талмай еңбек етуді қажет ететін маңызды дүние.
Жылдар бойы жинаған бар білімімді, біліктілігімді, ізгілік қасиеттерімді шәкірттерімнің бойына сіңіріп, келешекте өз Отанын, кіндік кескен туған жерін, ата-анасын, аға-інісін, апа-қарындасын, дос-бауырын, тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениеті мен әдебиетін, тарихын, дін мен ділін сүюге, отаншылдыққа, басқа да ұлттардың рухани құндылықтарына құрметпен қарап, сыйлайтындай тәрбиелессе, міне ұстаздық парызымның орындалғаны және еңбегімнің ақталғаны деп білемін.
Тәрбие біліммен, ал білім тәрбиемен жалғасқанда ғана құдіретті. Өскелең ұрпақты өмірге қанаттандырып «сегіз қырлы, бір сырлы, дарынды, білімді азамат болуы үшін тәрбиенің барлық үрдістерін ұштастыра, бойларына сіңіру қажет.
«Әрбір адам күн сияқты, тек оған жарқырауға мүмкіндік беру керек» дейді ежелгі грек данышпаны Сократ.
Менің міндетім – әр шәкіртімнің бойына берген Көк Тәңірімнің қаситеттерін дәл анықтап, әрі қарай жалғап, әлемге шуағын шашар сәулеге айналдыруға ұйытқы болу, бағыт-бағдар беру, бұлақ көзін ашу.
Білімді, мінезге бай, имандылықты, тектілікті, бекзаттықты, адалдықты, мейірімділікті арқау ете отырып, рухани жаңғыру міне осы тұжырымдарым бүгінгі шәкірттерімнің алдына қоятын басты мақсаттар әрі парызым. Алдымызда заманауи жаңару, рухани жаңғыру мәселелері тұр.
Оқу жүйесіндегі жаңа технологиялық үрдістер арқылы саналы, салауатты, жан-жақты дамыған, ойы ұшқыр, бүгінгі күннің талаптарына сай жеке тұлғаны сомдау, дайындау ұстаздар қауымының басты міндеті деп санаймын. Менің де – міндетім, болашағым.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың: «Сіздер мен біздер тек болашақ буынды ғана емес, жалпы азаматтың қадір қасиеттердің мән-маңызын түсінетін, жаны да, тәні де таза, білімді патриоттар буынын тәрбиелеуге міндеттіміз» деген еді.
«Адамның адамшылығы – жақсы ұстазда» дейді хәкім-һәм данышпанымыз Абай.
Ұстазына қарап, шәкіртін бағалайды. Жақсы ұстаз – білімді шәкірт-ел болашағының ертеңі. Отанымыздың келешегін ойлайтын ел тізгінін қолына ұстайтын, мемлекетімізді басқаратын, егемен еліміздің Көк Туын желбіретін әлемге паш ететін ұрпақ тәрбиелеу – әр мұғалімнің басты мүддесі, бойтұмары, жүрегінің түбінен бастау алып жаоғасын табар өмірлік ұстанымы.
Ұстаз болу-жүректің батырлығы,
Ұстаз болу-сезімнің ақылдылығы.
Ұстаз болу-мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу-адамның асылдылығы.
Солай болу керек. Солай болатындығына кәміл сенемін.