Қазақ халқы адамның ішкі және сыртқы мәдениетінің бірлігіне ерекше назар аударған.Сондықтан да азаматтардың бір-бірімен қарым-қатынасына қатысты даналық сөздер де аз емес. «Ақылсыз адам айқайлай келеді,жан-жағын жайпай келеді,ақылды адам жай-жай келеді,жан-жағын байқай келеді», «Сырты жылтырауықтың,іші қалтырауық», «Тәні сұлу -сұлу емес,жаны сұлу-сұлу, «Адам деген ат-адамға лайық», «Адам болып туған соң,адам болып өлу лазым» дейді халық даналығы.
Ж.Аймауытов : «Адам мінезінің,ақыл-қайратының әр түрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан...Адам баласының ұрлық істеу,өтірік айту,кісі тонау,кісі өлтіру секілді бұзақылықтарды жасауы тәрбиенің жетіспегенінен»,-дейді.Сөйте келе,баланы бұзуға,яқи түзуге себеп болатын шарт-жас күнінде көрген өнегісі деген түйін жасайды.Бұл пікір қазақтың «Ұяда не көрсе,ұшқанда соны іледі» дегенмен сәйкес келеді
Қазақ халқының ұлт ретінде өмір сүруіне оның тілімен қатар салт-дәстүрлерінің,әдеп-ғұрыптарының маңызы айрықша. Қазақтың мақал-мәтелдері жас ұрпақты ибалы болуға,әдептілікке,мінезін жақсы қасиеттер арқылы имандылық пен инабаттылыққа тәрбиелесе,ақын-жазушылардың көркем шығармалары эстетикалық,этикалық қасиеттерге тәрбиелейді.Баланың құлағына жас кезінен бастап халықтың тәрбиелік асыл-маржандарын құйып отыру-тек мектептегі мұғалімнің ғана жұмысы емес,сонымен қатар үйдегі ата-аналардың негізгі міндеттерінің бірі болуға тиіс. Абай Құнанбаев он тоғызыншы сөзінде жас кезінен жақсы сөз естіп өскен бала кейін есті адам болады дейді:«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды,естіп ,көріп ұстап,татып ескерсе,дүниедегі жақсы,жаманды таниды-дағы,сондайдан білгені,көргені көп болған адам білімді болады.Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады».Сондықтан баланы жас кезінен бастап тәрбиелік маңызы жоғары халық ойларының кәусар бұлақтарымен сусындату қажет.
Осыған орай қазақ тілін дидактикалық ойындар арқылы меңгертуде халық педагогикасының тәрбиелік мәні басым элеметтерін кеңінен қолдану қажет.Осы арқылы оқушылардың рухани дүниесі парасаттылық пен бауырмалдылыққа,адалдық пен кішіпейілділікке,ибалық пен үлкенді сыйлауға тәрбиеленеді. Қазақ тілін дидактикалық ойындар арқылы меңгерту жұмыстарының мынадай мақсаттары болуы керек:
1.Оқушыларды ұлттық болмысқа тәрбиелеу.Бұл төмендегі жұмыстар бойынша жүргізіледі:
а)дидактикалық ойындарды ұлттық тәлім-тәрбие көздерімен ұштастыруда жұмбақтарды,мақал-мәтелдерді,халықтың даналық өсиет сөздерін оқыту барысында ойындар арқылы кеңінен қолдану;
ә)көркем шығармаларды дидактикалық ойын түрінде беру арқылы оқушылардың ұлттық мәдениет пен әдебиетке дұрыс көзқарасын қалыптастыру;
б)дидактикалық ойындар арқылы оқушыларға шешендік сөздерді үйретіп,олардың тіл мәдениетін жетілдіру керек.
2.Оқушыларды дидактикалық ойындар арқылы әлемдік ізгілік пен әдептілік негіздерімен тәрбиелеу.Бұл үшін әлемдік тәрбиенің озық үлгілерін,сыннан өткен тәрбие көздерін қазақ тілін оқыту барысында тиімді қолдану қажет.Қазақ тілі сабақтарында нақыл сөздер мен өнегелік өсиеттерді үйрету арқылы оқушыларды адамгершілік құндылықтарды түсініп,оны келешек өмірінде дұрыс қолдана білуді дағдыландырады.
Қорыта айтқанда ұлттық педагогика негіздерімен оқушыларды оқыту арқылы өз халқын сыйлауға,туған тілін құрметтеуге үйретеді.Бұл оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынас кезінде өзара кішіпейілділікпен қарауды,әдеп сақтауды,сыпайы сөйлесуді қалыптастырады,нәтижеде балалардың тіл мәдениеті жетіледі.Мұны әр сабақта есте ұстаған жөн.