Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1428

Уақытыңды тиімді пайдалануды үйрен!


Мақсаты: Қатысушыларға уақыттың құндылығын түсіндіре отырып, қалай тиімді пайдалануға болатындығы жөнінде кеңестер беру.

Күтілетін нәтиже: күнделікті өмірінде уақытты жоспарлай білуі, уақытты тиімді пайдалануы, уақытын босқа өткізбеуі.

 

І. Шаттық шеңбері

Қатысушылар шеңберге тұрып, бір-біріне жағымды сөздер айтады.

ІІ. Теориялық бөлім

«Уақытты басқаруды қалай үйренуге болады?» тақырыбында баяндама

Сырт-сырт етіп соғады

Кеудесінде жүрегі,

Өзі тілсіз сөйлейді,

Өзі жансыз жүреді.

Өмір бізге берілген таусылмас қазына болса, оның сарқылмас байлығы - уақыт. Онсыз ешнәрсе жүзеге аспайды да, біз ешнәрсеге қол жеткізе де алмаймыз. Бар болғаны бізге берілген уақыт 24 сағат. Оны ешкім алып та қоймады, қосып та бермейді.

 

Бүгінгі таңда  «тайм-менеджмент» термині кең етек алуда. Бұл уақытты басқару тәсілдері мен әдістерін зерттейтін менеджмент саласы. 

Уақытты тиімді пайдаланудың бірнеше кезеңі бар:

  1. Бірінші кезең. Ең алдымен жұмыс, бос уақыт пен ұйқы арасындағы теңгерімді тапқан жөн. Көбінесе біз жұмыстың кесірінен соңғы екеуіне жеткілікті түрде көңіл бөлмейміз. Сол себептен денсаулықтың нашарлай бастауы да мүмкін. Нәтижесінде, ұмтылғанымыз көп болғанмен, ұтатынымыз аз боп шығады.
  2. Келесі орында жоспарлау кезеңі. Алыс болашаққа ғана жоспар құрумен шектеліп қалмай, оны әр күнге де жасаған дұрыс. Іс-әрекеттердің нақты жазылған тізімі қолыңызда болса, сіз бірдеңені ұмытып қалу туралы бос алаңнан құтыласыз.

Жоспарлау - істің тек жартысы. Енді осыған дейін жасалған тізімдегі істерге маңыздылық белгілерін қойған жөн. Жоспардың әр бөлігіне тоқталып, мұқият оқып шығыңыз! Кейде күні бойы жұмыс істесеңіз де бірнәрсенің жүзеге аспағанын байқайсыз немесе көңіліңіз толмайды. Сондықтан да, жоспар барысында маңыздыларын белгілеп қойыңыз. Содан кейін барып ғана басқа жұмысыңызға көше беруіңізге болады.

  1. Тағы да бір көңіл аударарлық әрекет - бақылау. Ол өзіне тиесілі бірнеше тармақшадан тұрады: жұмсалған уақыт жайлы өзіңіз үшін есеп жасаңыз (Қанша? Қандай шаруаға?), пайдалы істі пайдасы жоқтан ажырата біліңіз, тұла бойыңыздағы қажетсіз қорқыныштармен күрес жүргізе бастаңыз (қолымнан келмейді, мүмкін емес, т.б.). Міндетті түрде «уақыт өлтірушілерді» (әлеуметтік желілер, телебағдарламалар, комп.ойындар,т.б.) бейтараптандырып қойыңыз.

 

Алайда алтын уақытымыздың босқа кетуі  өзіміздің ғана кінәміз болмауы да мумкін. Біз жиi-жиі кезектерде, аядамада, көлік кептелісінде тұруға, кешігетін адамдарды күтүге мәжбүрміз. Сондай ахуалдарға душар болғанда да уақытты тиімді өткізген абзал.

Тәжірибелік кеңестерге көшейік!

Дәрігердің қабылдауына барған кезде болжағыштық танытыңыз. Кезекте тұрып қалуыңыздың ықтималдығы тым үлкен болғандықтан өзіңізбен бірге оқи тұруға бірдеңе ала келіңіз. Құр әңгімелесуден гөрі бұл іс көбірек пайдасын тигізеді. Әрдайым қалта сөздіктің жаныңызда болуы артық емес: шетел тілін үйренуге кіріссеңіз, кез келген жерде  жай отырмайтын боласыз.

Көлік кептелісі айрықша мәселе, мұнда жүргізушілерге қарағанда жолаушылардың оқуға, жазуға, қоңырау шалуға, мәтінді басуға да мүмкіндіктері бар. Ал көлік айдаушыларға үнемі жолды бақылау керек, сондықтан олардың қолдарынан келетіні тек аудиокітаптарды тыңдау , мойын жаттығуларын жасау және блютуз арқылы еркін сөйлесу. Көлік кептелісінде бойжеткенкендер сыртқы келбеттері мен сөмкелерін тәртіпке келтіріп те үлгереді. Адамдарға лық толы қоғамдық көліктерде құлаққап тағып, музыка тыңдауға ғана жағдай бар.

Ең бастысы, уақыттың қайтарылмайтыны мен кейін бұрылмайтынын есіңізден шығармаңыз. Осы орайда қазақ халқының «Өткен күнді қуып жетпессің» деген нақыл сөзі орынды деп санаймыз.

"Егер сіз жұмыс уақытыңызды келесі демалысқа қанша сағат және минут қалды деп есептеумен өткізсеңіз, онда сіз  ешқашан миллиардер бола алмайсыз",- деген Дональд Трамп. Уақыт - біздің өміріміздегі ең маңызды баға жетпес құндылықтарымыздың бірі. Бұл бағалы ресурсты кері қайтарып алуға немесе қалпына келтіруге болмайды. Ақшамызды жоғалтып алсақ, оны күндердің бір күнінде қайтадан табуға болады. Бірақ, уақыт бір орнында тұрмайды, өз ағымымен жүріп жатады. Көп жағдайда адамдар өткен өмірлеріне кері бұрылып қарағанда, қаншама жылдарының қалай өтіп кеткенін енді ғана аңғарып жатады." Осы күнге дейін не бітірдім? Қандай мақсаттарға жеттім?"  деп өздеріне сұрақ қойып, " Қайран алтын уақытым-ай!" деп те өкінбесі бар ма. Сондықтан, әркім өз уақытын барынша тиімді әрі пайдалы істерге жұмсау керек.  

Уақытты тиімді пайдалану үшін не істеу керек? 

1. Өзініз ұнататын іспен айналысыңыз. Өміріміздегі жетістіктердің жартысынан астамы сүйікті істерімізбен айналысудың арқасында. Қызығушылықтарына (хобби) аз уақыт бөліп, жұмыстарына үнемі шағымданып жататын адамдар аз емес. Сондықтан, сіздің табыс көзініңіз бен сүйікті ісіңіздің арасында байланыс болғаны дұрыс.  

 2. Жоспарыңыздың орындалуын тездететін істермен ғана айналысыңыз. Күнделікті жұмыстардың ішінен пайдасыз істерді алып тастаңыз. Өзіңіздің босаңсуыңызға жол бермеуге тырысыңыз.

  3. "Бүгін және дәл қазір қандай жұмыстар маған пайда әкеледі?" Осы сұрақты өз-өзіңізге әрдайым қойып жүрген абзал. Бұл өзіңізді тәрбиелуге және уақытты ұтымды пайдалануға көмектеседі.   

4. Егер сіздің өмір сүруіңізге 1 жылдан аз уақыт қалса, не істейсіз? Бір жылдың ішінде қандай жұмыстарды атқарар едіңіз? Осындай ойлар адамдардың өмірдегі маңызды заттар мен өмірлік мақсаттарын түсінуге септігін тигізеді. Бұл арқылы адамдар нақты  жоспар құрып, сол жоспарларды орындау жолында жұмыс істей бастайды. 

 5. Жоспар құру. Бір күнге, аптаға, айға немесе бір жылға жоспар құру - маңызды істерді айқындауға, бірде бір минутты босқа кетірмеуге көмектеседі. Сонымен қатар, жоспарлар мен мақсаттарыңыздың тізімін жазып, түртіп отыратын қойын дәптердің болғаны дұрыс. 

6. Алдымен бір істі бітіріп қана келесі іске көшіңіз. Бастаған ісіңізді аяқсыз калдырмаңыз. 

7. Тізімді басымдылығы бойынша құру қажет. Көптеген адамдар өздеріне жақын жұмыстардан бастағанды жөн көреді. Дегенмен, күнделікті атқарылатын істердің тізімі маңыздылығы бойынша құрылатын болса, бұл адамға жоспар бойынша рет ретімен жұмыс істеуге көмектеседі. 

8. Мерзімін белгілеп қойыңыз. Белгілі бір істі бітіру үшін мерзім тағайындаңыз. Сол мерзімде бітіруге тырысу арқылы сіз ширай бастайсыз. Әрбір аяқталған істерді тізімнен сызып тастауға болады. Сонда адамдар жоспарларының бір бөлігінің жасалғанын көріп, ары қарай бар күшімен жанталасуға дем береді. 

 9. Күнделікті атқарылған істерге талдау жасаңыз.  Күнде ұйықтар алдында өз-өзіңізге жауап берініңіз. Қандай жұмыстар орындалды, орындалмағандары болса, себептерін іздеп, өз істеріңізге талдау жасаңыз.  

10. Жұмыстарды кейінге қалдырмаңыз. Әрбір іске жауапкершілікпен қарап, бірінші реттен олжалы аяқтауға бар күшіңізді салыңыз. Бұл қателіктердің аз болуына және екі жұмыстың жасалмауына жол береді. Ең бастысы, өте мұқият болып, әр қадамыңызды тексеріп отырыңыз. Ешқашан жоспарларыңызды кейінге шегіндірмеуге тырысыңыз. "Жалқаудың ертеңі бітпес"  дегендей, әрбір кейінге қалдырылған істің ұзаққа созылуы немесе мүлдем ұмытылып қалуы мүмкін.  

11. Жиірек «жоқ» дей біліңіз. Әрдайым уақытын ұтымды пайдалана білетіндердің басты қаруы. Бірақ, барлығы дерлік бұл сөзді айта бермейді. «Мен оған бас тарта алмаймын» деп жататындар көп, әрине, қол ұшын бере білу керек, әйтсе де, әр нәрсенің орны бар.

12. Ешнәрсеге алаңдамауға тырысыңыз! Зерттеулер бойынша жұмыс барысында басқа нәрсеге алаңдап кетсеңіз, жұмысыңызға кірісу үшін аз дегенде 20 минут уақытыңыз кетеді. Егер, сіз бірнеше рет басқа нәрсеге көңіл аудара берсеңіз, онда бір сағат уақытыңызды жоғалтасыз! Мүмкін, сол бір сағатта сіз жұмысыңызды істеп бітіруші ме едіңіз?! Сондықтан, бастаған ісіңізді аяқтап барып ғана өзге іске кірісіңіз. Сонда ғана сіз уақыт үнемдейсіз!

13. Толыққанды жұмыс істеу үшін өзіңізге көңіл бөліңіз. Уақыт өте келе адамның жұмысқа қабілеттілігі төмендейді, сондықтан демалысқа да дұрыс уақыт бөле білу керек. Табысты аяқталған жұмыстар үшін өзін мадақтап,  біраз үзіліс бөлу керек. Бірақ, демалғанның жөнісі екен деп, бос сандалудың қажеті жоқ. Демалысқа арналған уақытты да пайдалы өткізуге болады. Мысалы, қызықты кітаптар немесе жаңалықтар оқу, спортпен айналысу.  

 

Бұл келтірілген әдістер уақытты тиімді пайдалану жолдарының тек қана бір бөлігі. Әрбір адам өзінің уақытын қалай өткізетіндерін бақылап, зерттеуі керек. Бұл арқылы адамдар осал тұстарын біліп, олардан құтылуға тырысады. Уақытты тиімді пайдалана білу үшін, адам ең алдымен оның маңыздылығын түсініп, әр іске шыдамдылықпен, табандылықпен қарауы қажет. Өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ, сондықтан уақытты ұтымды жұмсай алатын әр адам үлкен жетістіктерге жете алады.  

ІІІ. «Маңызды уақыт» жаттығуы қатысушыларға өмірдегі маңызды заттар мен өмірлік мақсаттарын түсінуге септігін тигізеді. Бұл жаттығу арқылы қатысушылар нақты  жоспар құрып, сол жоспарларды орындау жолында жұмыс істей бастайды.
Егер сіздің өмір сүруіңізге 1 ай уақыт қалса, қандай 10 істі ең алдымен орындар едіңіз?

-Егер де 1 апта уақытыңыз қалса 10 істің қайсысымен айналысар едіңіз?

-Едер де 1 күн уақытыңыз қалса немен айналысар едіңіз?

-Осындай қысқа мерзім өміріңіз қалды дегенде қандай істерден мүлдем бас тартар едіңіз?

Міне, құрметті әріптестерім, бұл жаттығу бізге өміріміздегі маңызды нәрселерді көруге көмектесті. Және де өмірімізге мүлем қажет емес, артық істердің орнын айқындай ала алдық.

ІV. Уақытты дұрыс пайдалануға арналған әдебиеттерді ұсыну:

1. Глеб Архангельский «Организация времени» мен «Тайм-драйв» еңбектері.

2. Алан Лакейн «Искусство  успевать» классикалық еңбегі;

3. Дэвид Аллен «Как привести дела в порядок. Искусство продуктивности без стресса»; 

4. Реджина Лидст «Полный порядок. Понедельный план борьбы с хаосом на работе, дома и в голове» туындылары.

V. Қорытынды

Осымен бүгінгі «Уақытты басқаруды қалай үйренуге болады?» тақырыбында өткізілген шебер сынып аяқталды. Қатысқандарыңыз үшін рахмет!

 

 

 

 

 

 

310 0
Айнур Сержанова, «Амангелді мектеп-бөбекжай-балабақша» кешенінің» педагог-зерттеуші, жоғары санатты педагог-психологі. Ұлы Дала Ұстазы № 001594
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: