Қазіргі педагогика баланың оқуға, өзінің танымдық қуатын ашуға, жаңа білімді алуға үнемі талпынуға үйренуіне бағытталған. Оқу процесінің табысты болуы мұғалімнің балалармен, балалардың бір-бірімен, әр баланың мұғаліммен, оқушының ұжыммен өзара қарым - қатынасына байланысты. Оқыту әдістемесі деп біз нені түсінеміз? Бұл - оқушының өзіндік ойлау қабілеттері мен қызығушылықтарын арттыруға мүмкіндік беретін мұғалімнің оқушылармен жүйелі жұмыс тәсілі, білімді және ептілікті меңгеруі, оны тәжірибеде қолдана білуі. Педагогикада оқыту әдістерін топтастырудың бірнеше түрі бар. Дәстүрлі түрде оларды пассивті, активті және интерактивті деп үш топқа бөледі. Пассивті – бұл мұғалім мен оқушылардың өзара әрекет ету формасы. Мұнда мұғалім негізгі әрекет етуші тұлға және сабақ барысын басқарушы, ал оқушылар мұғалім нұсқауына бағынатын пассивті тыңдаушылар рөлін атқарады. Мұғалім мен оқушы арасындағы байланыс түрлі сұрақтар, өзіндік бақылау жұмыстары, тест жұмыстары арқылы іске асады. Заманауи педагогикалық технология тұрғысынан алғанда, оқушылардың оқу материалдарын меңгеруінде пассивті әдіс тиімсіз болып саналады. Бірақ өзіндік артықшылықтары да жоқ емес. Ол мұғалімнің сабаққа оңай дайындалуына және шектеулі уақыт аясында оқу материалдарын көбірек беруге мүмкіндік береді. Осы артықшылықтарды есепке ала отырып, көптеген мұғалімдер басқа әдістерге қарағанда пассивті әдісті жөн көреді. Активті – бұл оқушы мен мұғалімнің сабақ барысындағы өзара әрекеті, мұнда оқушылар пассивті тыңдаушы емес, сабақтың белсенді қатысушылары. Пассивті сабақта негізгі әрекет етуші тұлға мұғалім болса, мұнда оқушы мен мұғалім тең құқылы болады. Активті тәсіл демократиялық стилді қалайды. Негізгі әдістері – бұл шығармашылық тапсырмалар, оқушылардың мұғалімге, мұғалімнің оқушыларға сұрақтар қоюы. Интерактивті оқытудың мұғалім мен оқушылардың өзара әрекеттесуі арқылы жүзеге асатындығын біз білеміз. Мұнда мұғалім мен оқушы оқу үрдісінің субьектісі болып табылады. Мұғалім ұйымдастырушы, топтың көшбасшысы, ақыл-кеңес беруші, оқушы әрекетіне жағдай жасаушы қызметін атқарады. Білімді меңгеруде, тапсырмаларды орындауда, бір-бірінің жұмысын бағалауда, талдауда оқушылар өздері жетекшілік етеді, өздерінің тәжірибесіне сүйенеді. Мұғалім шығармашылық жұмыстарды орындау барысында тың мәселелерді туғыза отырып, оқушылардың таным белсенділігін арттыруды көздейді. Туындаған мәселе төңірегінде оқушылар өз пікірін, көзқарасын білдіреді, оның дұрыстығын дәлелдейді. Оқушылардың жаңа білімі, шеберлігі осындай тәжірибе негізінде қалыптасады. Интерактивті оқыту оқушының санасына ғана әсер етіп қоймайды, олардың сезіміне, еркіне (әрекетіне, дағдысына) жағымды әсер етеді. Ғалымдардың зерттеуі де интерактивті тәсілдер арқылы оқушының оқу материалдарын жылдам меңгеретіндігін дәлелдеген. Оқытудың интерактивті тәсілдері мынандай міндеттерді шешуге көмектеседі:
– әрбір оқушының оқу материалын меңгеру үрдісіне белсенді араласуы;
– танымдық мотивациясын арттыру;
– табысты қатынас жасау дағдыларын қалыптастыру (бірін-бірі тыңдай білу, сөйлесім құра білу, түсіністікпен сұрақтар қоя білу);
– өзіндік оқу қызметінде дағдыларын дамыту: жетекші және аралық тапсырмаларды анықтау, өз таңдауының нәтижесін алдын-ала қарастыра білу, оны объективті бағалау;
– лидерлік қасиетін тәрбиелеу;
– топпен және топ ішінде жұмыс істей алу;
– біріккен және жеке қызметте жетістіктерге жету үшін жауапкершілікті сезіну.
Оқытудың интерактивті әдістерінің көпшілігі бірнеше тәсілдердің күрделі өрілуі болып табылатындықтан, оларды топтастыру өте қиын. Қай әдісті қолдану түрлі себептерге: сабақтың мақсатына, қатысушылар мен мұғалімнің тәжірибесіне, олардың талғамына байланысты. Көптеген әдістердің атауының шартты түрде екендігін де айта кеткен жөн. Бір ғана атау бірнеше мазмұнды белгілеу үшін жиі қолданылса, керісінше бір ғана әдіс түрлі атаулармен кездеседі.
– Шығармашылық тапсырмалар.
– Шағын топтармен жұмыс.
– Ойындар (рөлдік, іскери, білімдік).
– Сергітулер.
– Мәселелерді шешу және талқылау (жобалау әдісі, пікірсайыс, зерттеу).
– Жаңа материалды үйрену және бекіту (оқушы мұғалім рөлінде, көрнекі құралдармен жұмыс, практикалық сабақтар).
– Әлеуметтік жобалар (жарыстар, спектакльдер, қойылымдар, көрмелер).
– Қоғамдық ресурстарды пайдалану (мамандарды шақыру, саяхаттар).
Мұғалім оқушысын пәнге қызықтыра отырып, сабаққа ынтасын арттырып, білім дағдыларын, қазақша ойлау қабілетін дамытып отыруы қажет. Қазақ тілі сабағындағы интерактивті оқытудың басты тиімділігі мұғалімге оқу үдерісін түбегейлі өзгертуге, дидактикалық мақсатты шешуде оқытудың белсенді формаларын қолдануға мүмкіндік береді. Интерактивті оқыту әдістерінің негізгі принциптері деп төмендегілерді көрсетуге болады:
•Лексикалық (оқу терминдерін, кәсіби лексиканы, шартты түсініктерді мұқият таңдау);
•Рөлдік (оқушының түрлі рөлдерді орындауға қатысты қызметін практикалық мысалдар арқылы жан-жақты талдау);
•Көзбен шолу (оқушылардың барлығын көзбен көре отырып, берілген тапсырмаларды орындауын қадағалап отыру);
•Өзін-өзі басқару (әр сабақта оқушылардың біреуі жетекшілік жасап, тапсырмалардың орындалуына бастамашыл болады);
•Мультимедиалық (сабақта презентация, слайдтар, фильмдер, роликтер, бейнеклиптер және тағы басқа техникалық құралдарды белсенді пайдалану);
•Интерактивті тақтаның көмегімен оқу материалдарын көрсету;
•Психологиялық климаттың болуы (мұғалімнің топтағы белсенді қарым-қатынасты тұрақты түрде қолдап отыруы, талқылау кезінде оқушылардың арасында жағымды әрекет туғызу).
Айтылым – адамдардың бір-бірімен тілдесуі барысында өз ойын, пікірін жеткізуі. Сөйлем әрекетінің айтылым түрі қатысым әрекеті арқылы іске асады. Тіл үйрену сабағында ұжымдағы, жұптағы оқу іс-әрекетін қатысымдық негізде ұйымдастыруда мұғалімнің рөлі зор. Бұл ретте мұғалім оқушының жеке қабілетін, мінез-құлқын ескеру керек. Әр оқушының ойлау қабілеті, білімі, жылдамдығы, ақпаратты меңгеруі бірдей емес. Демек, оқушының жеке қасиеттерін ескере отырып жұмыс істеу өз нәтижесін бермек. Айтылым әрекетін жүзеге асырудағы қолданылатын интерактивті әдістердің барлығы ұжымдық, жұптық әрекет арқылы іске асады. Жұптық, ұжымдық әрекеттегі қатысымдық әдіс арқылы тілдік әрекеттің барлық түріне жаттығады. Айтылым әрекетінде қатысымдық ойындар, түрлі пікірталас, тақырыпқа сәйкес жағдаяттық тапсырмалар, проблемалық сұрақтар, топтағы полилогты, жұптағы диалогты ұйымдастыруға болады. Оқушылар осы тапсырмаларды бірлесе талқылап, орындау кезінде бір-бірімен қатысымдық әрекетке түседі. Сонымен қатар айтылымда жеке шығармашылық жұмыс түріне де интерактивті тұрғыдан көңіл бөлінеді. Мәселен, жобалар жасау әдісі бойынша талқылауға белгілі бір көлемді тақырып беріледі. Оқушыларға кітапханаға барып қосымша ақпарат алуға, тақырып бойынша бұқаралық ақпарат құралдарынан мақалалар, суреттер қарастырып, алынған мәліметтерін топ болып талқылап, жоба жасайды. Бұл әдісте интерактивті тақта, компьютер арқылы түрлі слайдтар, бейнефильмдер, роликтер көрсетуге болады. Мұның өзі оқушыны өз бетінше жұмыс істеуге, шығармашылық тұрғыдан ізденуге, берілген тақырыптың көлемінде сөздік қорының молаюына, өз көзқарасын еркін жеткізуге машықтандырады.
Тыңдалым – оқушыларды есту арқылы қабылдаған ақпаратты түсініп, жинақтап, соған сәйкес өзінің жауабын айта білуге үйрететін тілдік қатысымның күрделі түрі. Тыңдалымда оқушының есту дағдысы ескеріледі. Тыңдалым арқылы оқушыға мәнерлеп оқуды, грамматикалық және лексикалық дағдысын қалыптастыру көзделеді. Зерттеушілер сабақты мультимедиалық бағдарламасыз өткізуде оқушының тыңдалымдық бірліктерін дамытуда мынадай әдістерді қолдануды ұсынады: «оқытуды ұйымдастырудың (топтық, ұжымдық) әдісі, ақпаратты берудің аудиолық әдісі, көрнекілік әдісі, диалог әдісі, полилог, т.б. Бұл кезеңдегі оқушыларға тыңдалуға ұсынылатын мәтін мультимедиалық бағдарламадағы мәтінге байланысты таңдалып алынады және ол диалогтық сипатта болып, аудиотаспадан тыңдатылады. Бұл сол тілдік серіктестер топтарына (жұптарына) тыңдалған мәтінді түсініп-қабылдауға байланысты жұмыстар түрлендіріліп берілді. Жұмысты оқушылар топта (жұпта) өзара ақылдаса, ойласа отырып орындайды. Жұмысты бұлайша орындау арқылы оқушылар, біріншіден, бір-бірімен өзара әрекет етіп, коммуникативтік қарым-қатынасқа түседі; екіншіден, бірінің білмегенін бірі толықтыра отырып, бір-бірінен үйренеді; үшіншіден, топтасып, ұйымдасып жұмыс жасауға дағдыланады. Топтағы (жұптағы) жұмыс барысында берілген мәтін мазмұнын талдау, саралау, жіктеу негізінде ойлау операциялары орындалып, нәтижесінде мәтін мазмұнын түсініп-қабылдау жүзеге асырылады».
Қазақ тілі сабағындағы тыңдалым әрекетін жүзеге асыру үшін динамикалық мультимедиалық құралдарды қолданудың негізгі үш түрін көрсетуге болады:
1. Компакт дискідегі дайын бағдарламалық өнімдер;
2. Мұғалімнің тікелей өзінің дайындаған өнімдері;
3. Ғаламтор желісі ресурстарын пайдалану.
Материалдар тез қабылданып, есте сақталатындай бейнелі, көрнекі етіп беруге мүмкіндік туғызады және оқушыны шаршатпауға ықпал етеді. Оқушының тілді тыңдау арқылы түсінуі – сөздің дұрыс айтылуына, сөйлеу дағдыларын, мәнерлеп оқуды, басқа да грамматикалық және лексикалық дағдыларды жетілдіруге септігін тигізеді. Тіл үйрету мақсатында динамикалық мультимедиалық құралдарда пайдалану мынадай дидактикалық міндетті шешуге көмектеседі:
1. Түрлі ақпараттың бір нысанда (мәтін, дыбыс, видео) ықпалдасуын қамтамасыз ету;
2. Тұрақты мотивацияны қалыптастыру;
3. Оқушының ойлау қабілетін белсенді ету;
4. Селқос оқушыларды жұмыс істеуге ынталандыру;
5. Сабақтың көрнекілігін арттыру;
6. Оқу үрдісін жаңа, қолжетімді материалдармен қамтамасыз ету;
7. Оқушыны оқу материалдарымен өз бетінше жұмыс істеуге үйрету;
8. Лезде кері байланыс әрекетін қамтамасыз ету;
9. Оқу үдерісінің қарқындылығын күшейту.
Тыңдалым сөйлеу әрекетінің оқылым әрекетімен де байланысты. Тыңдалым мен оқылым әрекеттері ақпартты қабылдау мен мағынасын түсінуге негізделеді. Оқылым оқушының тілдік қатысым дағдысын жетілдіруде маңызды рөл атақарады. Бұл жайында: «Оқылым, біріншіден, ой мен мидың жұмысына байланысты болса, екіншіден, жазылған графикалық таңбалардың тізбегін танып білуге қатысты. Үшіншіден, мұнда осы таңбалардың ішкі мәнмағынасын дұрыс түсінудің рөлі зор. Осындай ерекшеліктер іске асқан жағдайда ғана оқылған материалдан керек ақпараттар жинақталып алынып, оқушының қажетіне жарайды», - делінген . Оқушы оқылым арқылы жаңа сөздерді меңгереді, сөздердің дыбысталуына назар аударады. Сөз бен сөйлемнің мағынасын түсінуге, сөзді дұрыс қолдана білуге машықтанады. Дауыстап оқу – материалды қатты, мәнерлеп, барлық сөйлеу аппаратын іске қосып, айналасындағы адамдарға естіртіп, үнмен оқу. Дауыстап оқу белгілі бір хабарды екінші адамға жеткізгісі келгенде орындалады. Дауыстап оқу дыбыстарды дұрыс айтуға, сөйлеу мәнерін жетілдіруге, оқығанды есте сақтауға негіз бола отырып, іштей оқуға үйрететін алғашқы қадам болып табылады. Оқылымның негізі – мәтін. Оқылымды меңгеру лексикалық түрлі жаттығулар арқылы жүзеге асады. Біздің тәжірибемізде бұл мәтінге дейінгі жаттығулар, мәтінмен жұмыс, мәтіннен кейінгі жаттығулар деп бөлінеді. Мәтінге дейінгі жаттығулардың басты мақсаты мәтіннің лексикалық қиындықтарын азайту. Оқушы мәтінмен жұмыс істеуде белгілі бір қатысымдық міндеттерді шешу үшін тілдік материалға сүйене отырып, тілдік бірліктерді жүйелі қолдана білуге үйренеді. Мәтінге дейінгі жаттығулар интерактивті әдістердің топтық, жұптық жұмыс түрі арқылы тақтамен, таратпа материалдармен, мәтіннің үзінділерімен жұмыс істеу арқылы іске асады. Оның мақсаты мәтіннің мазмұнын түсіндірудегі тілдік қиындықтарды шешу, жеке сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасын талдау, тілдік түсінікті қалыптастыру. Мәтінге дейінгі интерактивті әдістерді қолдану мәтінді тікелей оқуға дейін, оны тыңдап қабылдауын және түсінуін, ойлау дағдысын белсендіреді. Оқушылар үшін оқылатын мәтіннің мазмұнын алдын ала түсінуге мүмкіндік туады. Бұл кезеңде «Ассоциация», «Мәтіннің ықтимал атаулары», «Ықтимал сөйлемдер» сияқты интерактивті тәсілдер қолданылады. «Ассоциация». Берілген түсінікке (мәтіннен кілт сөздер) байланысты оған сәйкес келетін 2-3 сөз тауып жазу керек. Оқушылар өздерінің сәйкес сөздерін дәптеріне жазып, әрқайсысы дауыстап оқиды. Мұғалім қайталанбаған сөздерді тақтаға жазып, топтағы оқушылар мәтін мазмұнын ашуға сәйкес келетін сөздерді таңдайды. «Мәтіннің ықтимал атаулары» -оқушылар жұпқа бөлініп, мәтіннің мазмұны не жайында екенін болжап, талқылайды. Әр жұп кезектесіп, өз сөйлемдерін дауыстап оқиды. Мәтін берілген соң, айтылған ықтимал сөйлемдер мәтіннің нақты атымен салыстырылады. «Ықтимал сөйлемдер». Мұғалім оқушыға мәтіннен бірнеше кілт сөздер беріп, 20-30 секундта бірнеше сөз тіркестері, сөйлем құрастыруды тапсырады. Әрбір оқушы өзі құрастырған сөз тіркестері мен сөйлемдерін оқиды. Мәтін оқылған соң, қайсысы мәтін мазмұнына сәйкес екендігі түсіндіріледі. Мәтінмен жұмыс кезінде интерактивті әдістерді қолдану семантикалық байланыс түрін табу (антоним, синоним т.б.), зат есім мен сын есімнің тіркесімін екі бағанадан табу, сөйлемді (фразаны) аяқтау, кілт сөздерді табу, мәтінге жоспар құру, мәтінді бірге талдау, салыстыру жасау сияқты жұмыс түрлері оқушының сөздік қорының молайып, қазақша жетік сөйлеуін қалыптастырады, мәтіннің лексика-семантикалық негізін, мазмұнын түсінуге мүмкіндік береді. Мәтіннен кейінгі жұмыс. Мәтін оқылған соң, оқушының мәтіннің мазмұнын түсінгенін бақылау мақсатында мынадай интерактивті тәсілдер орындалады: сұрақ-жауап жаттығулары, дифференциалды мазмұндау, мәтінге жағдаят құру, мәтінге ұқсас әңгіме құру, диалог құру, мәтін мазмұнын кеңейтіп және жалғастырып әңгімелеу. Оқылған мәтін жаңа мәтін құруға негіз болады. Көркем шығарма мәтіні бойынша хабарлау мәтіні, суреттеу мәтіні, талқылау мәтінін құруға болады. «Интервью» жұптағы сұқбаттасушы берілген сұрақтарға байланысты бір-бірімен ақпарат алмасады, содан кейін кезектесіп алмасқан ақпарттарын басқа қатысушыларға айтып береді. «Қисынды тізбек». Әр оқушыға сөз, сөз тіркесі жазылған қағаз таратылады. Мұғалім таратылған 35 қағаз иелеріне қағаздағы сөздер бойынша бір-бірімен қатысым арқылы логикалық тізбек құрастыруға тапсырма береді. Тізбек құрастырылып болған соң топтағы қатысушылар әрқайсысы сөйлемдерін оқып, толық әңгіме мәтінін құрайды. Жоғарыдағы аталған әдістерден басқа рөлдік ойындар мен драмалау әдістерін қолдану да пайдалы
Жазылым – тіл үйренудің лингвистикалық ерекшеліктерін игеруді қажет ететін, күрделі тілдік құбылыс. «Жазылым әріптің, сөздің графикалық таңбасы арқылы іске асады, жазылымда сөйлесім әрекетінің барлық түрі қатысады, тіл үйренуші сөйлемнің мазмұн-мағынасына ғана емес, формасына да көңіл аударады, қағаз бетіне түскен материалдың түсінікті, жүйелі болуына тікелей байланысты жүзеге асады», - деп тұжырымдалған . Демек, оқушының өз пікірін толық жаза білуі, тілдің графикалық, орфографиялық дағдыларын қалыптастыруы, сауатты жазуға машықтану. Жазылымды меңгертудегі интерактивті әдістердің бірі – тілдік жаттығулар болып табылады. Зерттеушілер тілдік жаттығуларды тілдік және қатысымдық деп бөліп көрсетеді: «Тілдік жаттығулар тілдік бірліктерді фонетикалық, лексикалық, грамматикалық заңдылықтарға сәйкес меңгертуге бағытталады. Қатысымдық жаттығуларде берілген сурет бойынша сөйлем, мәтін құрастыру, аяқталмаған сөйлемді аяқтап жазу, сөздерді басқа сөздермен алмастыру, орны алмасқан сөздерді жүйелі құру сияқта тапсырмалар қамтылады». Тіл үйрету барысындағы жаттығулар бір-бірімен байланысты жеңілден ауырға қарай сатылап орындалғаны жөн. Жазылымды дамытуға арналған тапсырмалар жүйелі етіп берілсе, оқушының ойын дәлелдей жеткізіп, сауатты жазуға төселдіреді. Сондай-ақ жазылымды дамытуға арналған жұмыс түрлеріне берілген тақырыпқа шығарма жазу, хат жазу, оқыған материалынан қысқаша резюме жазу, эссе жазу сияқтылары кіреді. Қазіргі уақытта күнделікті сабақта аудио, бейне құрылымдарды пайдалану айтарлықтай нәтижелер беріп келеді. Эссе бір тақырыпқа байланысты өз ойын пайымдап жазу болса, түрлі аудио, бейне таспалар арқылы бейнефильмдер үзіндісіне пікірін жазғызу, диктордың оқыған мәтінінен негізгі ойды тауып жазу сияқты тапсырмалар арқылы жазылым дағдысын дамытуға болады. Эсседе оқушы белгілі тақырып немесе проблемалық сұрақ төңірегінде ойлануға, өз пікірін, қорытындысын сауатты жазып шығуға дағдыланады.
Интерактивті оқыту технологиясының моделі: проблемалық шығарма әдістері, презентация, пікірталас, топпен жұмыс, миға шабуыл әдісі, сыни тұрғысынан ойлау әдісі, викториналар, мини зеттеулер, іскерлік ойындар, рөлдік ойындар, тренинг т.б. Инновациялық технологиялар оқытудың интерактивті әдістерін ұтымды қолданумен байланысты. Қай әдісті қолдану түрлі себептерге: сабақтың мақсатына, қатысушылар мен мұғалімнің тәжірибесіне, олардың талғамына байланысты. Интерактивті оқыту не береді? Оқушыға: - Мотивацияны арттырады; - Терең ойлауға үйретеді; - Серіктестік қарым- қатынасқа үйретеді; - Төзімділікке, тілектестікке, әдептілікке баулиды. Шағын топқа: - Өз ұстанымын дәлелдеуге үйретеді; - Топтың бірлігін қалыптастырады; - Тартысты жағдайларды шешуге және ымыраға келуге үйретеді; - Өмірлік құндылықтарды қалыптастырады. Мұғалімге: - Оқушыларға деген сенімділік қатынасты қалыптастырады; - Оқу процесін қалыптан тыс ұйымдастыруды белсендіреді. Қорыта айтқанда, білім берудің инновациялық технологиялары мұғалімнен терең теориялық, психологиялық, әдістемелік білімді, педагогикалық шеберлікті, оқушылардың жан дүниесіне терең үңіліп, оны ұғына білуді талап етеді.