Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1424

Бала тәрбиесінің маңызы және тәрбие беруде Балабақшаның рөлі

«Адамның бір қызығы- бала деген"...

                                                                ( Абай)

        Ұлы Абайдың дәл осы сөзінде адамның "бар" қызығы деп емес, "бір" қызығы- бала деген, дейді. Бұл өмірде қызық көп, бірақ ең маңыздысы- ұрпақ, бала дегенді айтады!

       Абайдың жетінші қара сөзінде баланың дүниеге екі типпен келетінін айтқан:

 " Жас бала анадан екі түрлі мінезбен туады: біреуі, ішсем, жесем,ұйықтасам деп тұрады. Екіншісі білсем екен, үйренсем екен, көрсем екен дейді".

Екі түрлі мінезбен туған баланы қайтесек адам етеміз?

        Әрине, осы сұраққа бірден " дұрыс тәрбие беру" дейміз. Ал, "тәрбие беру"  дегеніміз не?

Жарық дүниеге келген бала, ес біле келе, жақсы мен жаманды бірге қабылдайды. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ата-анасы үлгі болу арқылы үйрете алады.

" Тәрбиелеу- үйрету емес, үлгі болу" дегендей, бала көргенін қайталайды. Тәрбиелі ұрпақ қалаған адам, тәрбиені өзінен бастау керек!

        Қазіргі замандағы бала тәрбиесі кімнің мойнында?

Шындығында баланың мінез-құлқын тану- үлкен іс. Ал баланы өз ата-анасынан артық кім таниды?

       Әрине, түсінеміз, бүгінгі күні бала тәрбиесімен айналысып, ықылас танытып отыруға ата-аналардың уақыттары бола бермейді. Үй бетін көрмей, қайтсем баларымды аш қалдырмаймын деген оймен жұмыс істейді.

Мектеп жасына дейінгі баланы балабақшаға береді. Осы орайда балабақшаның рөлі өте жоғары десек те болады! Себебі, енді тілі шығып келе жатқан баланы түрлі ойындарға баулып, қалам ұстауға үйрететін тәрбие мен білімді бірге алып жүретін- Балабақша!

     "Әр бала бір жұлдыз, жарқырауға жәрдем бер"- деген ұранмен балабақша тәрбиешілері әр баланың қалауын, қабілетін анықтап, тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді.Бұл әрине, ата- аналарға көмек. Дегенмен, кей ата-аналарда «Балабақшаға беріп жатырмын, ақысын төлеп жатырмын, баламды тәрбиелеу міндеттері,»- деген дұрыс емес ой болады. Бала сіздікі ме? Бірінше тәрбие отбасынан басталады. Балабақшада бала   қосымша жан-жақты дамиды, ертегілер тыңдап, қоршаған ортамен толығырақ танысады. Ал, тәрбиенің бастауы- тікелей ата-анаға байланысты. Балабақшадан келген баласынан: «Не тамақ жедің? Апайың ұрысты ма?»- деп емес, «Бүгін не үйрендің? Апайың қандай ертегі айтып берді?»- деген сияқты сұрақтармен баланы жақсылыққа баулуымыз керек.

       Тағы да Абайдың жетінші қара сөзіне қайта оралсақ: «Дүниеге жесем, ішсем, ұйықтасам деп келу бұл- тән құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды»-дейді. «Біреуі - білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген».

       Дүниеге келген сәбиге тән құмарлығынан жан құмарлығының артық екенін ұғындыру өте маңызды! Жастайына бойына тәрбие мен білімді қатар сіңірген бала, жан құмарлығын биік қойып, алар асуы көп болмақ керек. «Білсем», «көрсем» деген жан құмарлығын бала ес білгенде ғылымға қарай бұру керек. Осы орайда тағы бір ерекше ескерер жайт, балаға бірінші тірбиенің дұрыс берілуі өте маңызды. «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы», -деп Әл-Фараби бабамыз айтқанын ескерсек, өмірде мейірімділік, махаббат, жақсылық жасау, ар-ұят сынды жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп тәрбиеленген балаға берілген білім, оны еліне жаны ашитын, ар-ожданын, адамгершілігін жоғары қоятын тұлға болып жетілуіне ықпал етеді. Енді керісінше, балаға жоғарыда айтылғандай ешқандай жақсы тәрбие берілмеген болса, зерек, өте білімді болып ер жетсе,  ол баладан ешқандай қайыр жоқ, жүрегінде мейірімділік, адалдығы жоқ бала, керемет алған білімін жамандыққа пайдаланады. Елін сатқан сатқындар, қанаушылар, жемқорлар міне, тәрбиесіз берілген білімнен шығатыны анық. Тәрбиені біліммен ұштастыра алған кезде ғана нағыз елінің жанашыр азаматын қалыптастыра аламыз. Жақсы тәрбиемен берілген білімді алған баланың болашағы айқын болмақ!

       

 

Қазіргі қоғамдағы ата-аналар балаларына тәрбие беріп жатыр ма және қаншалықты балаларына көңіл бөледі? 

Осы сұраққа жауап іздеп көрсек. Белгілі ғалым М.Ломоносовты 11 жасында мектепке берген екен. Ол ғылымға ойыны қанғаннан кейін барып кірісті. Бірақ ғылымда қаншама нәтиже шығарғанына барлығымыз куәміз. Сондықтан балаға ойын арқылы тәрбие беріп, ойын арқылы білім беру керек. Осы орайда тағы да балабақшаның рөлін айтқым келіп отыр. Балабақшада ұйымдастырылған оқу-іс әрекеті ойын түрінде әр баланың жас ерекшелігіне қарай үйретіледі. Ойын арқылы баланы мейірімділікке, қоршаған ортаға қамқор болуға үйретеді. 

        Еліміздің болашағы- жастардың саналы тәрбие мен сапалы білім алуында. Еліне жаны ашитын, қамқор болатын патриот жастардың бастауы- балабақшада дегім келеді!

181 0
Жанар Жетписбаева, «Ерке-Наз» мектепке дейінгі бөбекжай-балабақшасы ЖШС «Ерке-Наз» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Ұлы Дала Ұстазы № 002041
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: