«Біз бай, білімді, әрі күшті болуымыз керек.
Бай болу үшін-
Кәсіп, білімді болу үшін –оқу керек .
Ал күшті болу үшін-бірлік керек.
Ә.Бөкейханов
Қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі, Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов 1866 жылы 5 наурызда бұрынғы Семей облысының Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7 ауылы Қызыларайда дүниеге келген. Әлиханның әкесі Нұрмұхамед елге ықпалы зор, сыйлы, қадірлі кісі болған. Елі оны Мұқан төре деп атаған. Шыңғыс ханның 17-ші ұрпағы, Көкжал Барақ сұлтаннан немесе, Смахан төренің естелігінде жазылғандай, қырық сан Барақ ханнан Бөкей хан,одан батыр, одан Мырзатай, одан Нұрмұхамед туады. Әлиханның шешесі де текті кісі болған. Смахан төренің жазуынша, «шешесі Бекжан-Бежекем дейді. Шешесі –тобықты, Мамай батырдан Жолбарыс, одан Дулат, одан Бекжан...». Елі оны қастерлеп «Бегім ханым» деп атайды екен. Анасы жағынан да Әлихан ұлы Абаймен туыстас болып келеді.
Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист,ғалым, аудармашы Ә.Бөкейханов орта жүз ханы Бөкейдің ұрпағы. Ата тегі Бөкей-батыр –Мырзатай-Нұрмұхамед-Әлихан. Жасынан зерек, алғыр өскен Ә.Бөкейхановты әкесі Қарқаралыға алып барып, жергілікті молдаға оқуға береді. Содан кейін қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке ауысады.Оны бітіргеннен кейін 1879-86 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқиды.1886-90 жылдары Омбыдағы техникалық училещеде оқып, оны техника мамандығы бойынша бітіреді.1890-94 жылдары Сант –Петурбургтегі Орман институтының экономика факультетінде оқыған. 1896-1901 жылдары Шербина экспедициясы жұмысына қатысады. Оның ойы бойынша , экспедиция жұмысына қатысу сол тарихи кезеңде қазақ халқы үшін ең зәру мәселеге айналған –жер қатынастарын тереңінен түсініп, белгілі бір тұжырымдарға келуге жағдай жасауға тиіс еді. Қалай болғандада Бөкейхановтың көзқарасының Шербина экспедициясына қатысқаннан кейінгі кезеңде үлкен өзгерістерге ұшырағандығы анық. Ә.Бөкейханов 1905 жылы қарашада Мәскеуде өткен земство және қала қайраткерлерінің сьезіне қатысып, қазақ халқының жоғын жоқтап сөйлеп, тіл, сайлау, дін және т.б мәселелерді көтерген. 1905 жылы «Халық бостандығы» ( конституциялық демократиялық) партиясының мүшелігіне, ал 1906 жылы оның ОК –і құрамына енді. Қазақстанда кадет партиясының бөлімшесін ашуға талпынды. І Мемлекеттік Думаға Семей облысы қазақтары атынан сайланады. Алайда Дума таратылған күні барғандықтан, оның жұмысына қатыса алмады. Думаның таратылуына наразылық білдірген 180-ге тарта мүшелерімен бірге Финляндияның Выборг қаласына келіп, Выборг үндеуіне қол қойғаны үшін Сант-Петербург сот палатасының төтенше мәжілісінің шешімімен 3 айға Семей түрмесіне жабылады, 1906 жылы ол Омбыда шығатын , «Голос степи», «Омиш», «Иртыш» газеттерінде , 1908 жылы Петербургте жарық көрген меньшевиктік «Товарищ», кадеттік «Речь», «Слово», газеттерінде редакторлық қызмет атқарды. 1909-17 жылдары Самарға жер аударылып, Дон егіншілік банкі бөлімшесінде жұмыс істеді.1912-17 жылдары кадеттер партиясы Орталық комитетінің мүшесі болды.1913-18 жылдары шыққан «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және жалпы ұлттық деңгейге көтеруде үлес қосты, газет бетіне қазақ халқының проблемалық мәселелеріне қатысты мақалалар жариялап отырды.1914 жылы Бүкілресейлік мұсылман сьезіне қатысты және мұсылман фракциясы бюросының мүшесі болып сайланды.1917жылы Минскідегі земство мен қала одақтары жанынан ашылған бұратаналар бөлімінің бөлімінің төрағасы қызметін атқарды. 1917жылдың наурызында Уақытша үкіметтің Торғай облыстық комиссарлығына және Түркістан комитетінің мүшелігіне тағайындалды. Бөкейханов Әлихан ескі патшалық биліктің орнына келген Уақытша өкімет жағдайында облыс басшысы дәрежесіне көтерілген алғашқы қазақ болатын. Ұлттық мемлекет құру Бөкейхановтың түпкі мақсаты болды. Ә.Бөкейхановтың жетекшілігімен 1917 жылы шілдеде І-жалпықазақ ІІ –жалпықазақ сьездеріне жетекшілік етіп, «Алашорда» үкіметіне төрағалық қызметін атқарды. Кеңес билігі тұсында ол туған елі үшін белсенді қызметтен бас тартқан емес. 1920жылы Қазақ АКСР Егіншілік халық комиссариаты жанындағы Орталық баспаның ғылыми қызметкері, 1926-27 жылдары Ресей Ғылым академиясының ғылыми қызметкері болды. 1925 жылы Қазақстандағы саяси билікке Ф. Голощекин келгеннен кейін жүргізген қоныс аударушыларға кең жол ашу саясатына жол бермеу үшін қазақ қожалықтарына қажет жер нормасын анықтау мақсатында КСРО ҒА жанынан професор С.П. Швецов бастаған эспедицияны құру ісіне белсене араласып, оның құрамына өзі де енеді. Қазақстанда қоныс аударушыларға жарарлық артық жер жоқ екендігін ғылыми тұрғыда негіздеп берген бұл комиссияның жасаған тұжырымдары мен ұсыныстары Ф.Голощекинге және орталық мекемелерге ұнай қойған жоқ.
1926 жылы Бөкейхановты Мәскеуден бақылаушы орындардың рұқсатынсыз шығып кеткені үшін ОГПУ қызметкерлері Ақтөбеде тұтқынға алады да, кейін қайтарып, Бутырка абақтысына жабады. 1927-30 жылдар аралығында үкімет тарабынан бірнеше рет тұтқындалды. Бөкейханов ақтық сөзінде «Кеңестік билікті сүйген емеспін, бірақ мойындауға мәжбірмін» деп мәлімдеді.Ол өзі өмір сүрген қылышынан қан тамған заманда да, шындық айтып, ел болашағы үшін жұмыстанып,бейнеттерінің ақталатынына сеніммен қарап, ақиқит жолында күресті.
1937 жылдың 27 қыркүйегінде КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының негізсіз үкімі бойынша «халық жауы» ретінде ату жазасына кесілді. 1989 жылы 14 мамырда КСРО Жоғары сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, ақталды.
Бөкейханов қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, шаруашылығын,төрт-түлік малын, жер –суын, қысқасы, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жан-жақты зерттеген санаулы ғалымдардың бірі. Ә.Бөкейханов –қазақтан шыққан тұңғыш дарынды кәсіби журналист әрі жалынды публицист болатын.1937 жылдың шілдесінде тұтқындалып, Бутырка абақтысында отырып өз қолымен толтырған «Тұтқынның анкетасында» Әлиханның негізгі кәсібін «журналист» деп көрсетуі тегін емес. Ә.Бөкейханов 1927 жылдың 1 қазанынан 1937 жылдың тамызына дейін өз пәтерінде қамауда болады, өз қолында қазақтың Хандық дәуірінің көрінісі-үш жүздің хан, сұлтан, билерінің хат-қағаздары, құжаттары, қысқасы –баға жетпес тарихи мәліметтер, оған қоса өзі бүкіл өмірін сарп еткен зерттеген қазақтың жер-суы, тарихы, мәдениеті туралы еңбектері болса керек еді. 1937 жылдың тамызында тұтқындалып, Бутырка түрмесіне жабылған кезінде осы бай мұрасы кәмпескеленіп, іс-түссіз жоғалады. Ал 1937 жылдың 27 қыркүйегінде КСРО Жоғары Сотының Әскери Коллегиясы « возглавлял контрреволюционную барьбу против Советской власти,.. устоновил связи с руководителями террористического центра в Казахстане и в Москве» деген жалған айыппен қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының негізін салған аса көрнекті қоғам, мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым –орманшы, тарихшы, экономист, этнограф, әдебиеттанушы әрі дарынды журналист Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханды елінен тыс жерде Мәскеуде ату жазасына кеседі.Ғажайып өмір, бір өзі тарих адамның тағдыры осылай шешілді, осылай кесілді. Өзінің замандасы, атақты ақын С.Торайғыров
Заманда басқан аяқ кейін кеткен
Жасымай алашына қызмет еткен,
Болса да қалың тұман, қараңғы түн,
Туатын бақ жұлдызына көзі жеткен.
Түймеге жарқылдаған алданбаған,
Басқадай бір басы үшін жалданбаған.
«Қайткенде Алаш көркейер» деген ойдан
Басқа ойды өмірінде малданбаған.
Елі үшін құрбандыққа жанын берген Ә. Бөкейханов «мен осындай екенмін –ау» деп әсте шалқақтамаған. Қайта ел ішінде бетегеден биік, жусаннан аласа өмір кешкен, батыс пен шығыс, еуропа мен азиялық ілім-білімді толық меңгерген, қалың тұман, қараңғы тұман арасында алда бақ жұлдызы туатына сеніп өткен.Қазақ халқын біріктіру мақсатында бүкіл қазақтың басын қосып, ұлт етіп ұйымдастыратын Алаш идеясын ту етіп алды.Ол еуропалық даму жолын қолдайтын алғашқы қазақ демократтарының бірі болды. «Алаш» көшбасшысы Ә.Бөкейхановтың қазақ тарихындағы алатын орнына Алаштың келесі ірі тұлғасы, қайраткер ғалым Қошке Кемеңгеров «Қазақ тарихынан» еңбегінде мына тұрғыда баға берді. Биліктің қуғындау мен қудағалау жылдарында түрмеге қамалып, жер аударылса да бірқатар батыл да ержүрек азаматтар өз халқының болашағы үшін күресті жалғастыра берді. Бұл топтың жетекшісі, тәрбиешісі де Ә.Бөкейханов еді.Ол елінің болашағы үшін қиыншылықтан қорықпайтын ұлтжанды азаматтарда күрескерлік рухта баулып, әдеби тіл нормасының орнығуы мен діни фанатизмнен арылуға зор үлес қосты. Нәтижесінде қазақ ұлты қалыптасты. Ә.Бөкейхановтың қазақ тарихындағы алар орны, міне осында жатыр.
Әдебиеттер тізімі
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- М.Қойгелдиев «Алаш қозғалысы» // Алматы: «Мектеп» 2021жыл
- Ұлттың ұлы тұлғасы. Алматы, 2011жыл
- Қазақстан тарихы әдістемелік журналы 11.2017жыл 31 бет