Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1409

Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын арттыруда қолданылатын тиімді әдістер

 

                                                  Білім алу - батылдық, 

оны толықтыру – даналық, 

ал шебер қолдана білу – өнер!

 

      ХХІ ғасырдың жан-жақты, зерделі, дарынды, талантты адамдарды қалыптастыруда білім беру мәселесі, оның оқыту жүйесін заман талабына сай үйлестіре алу міндеті туындап, жаңа талаптар қойылуда. Соған орай ұстаздардың алдында тұрған міндет: табысты және әрекетке дайын қабілетті, әлеуметтік рөлін сезінетін құзырлы тұлғаны қалыптастыру. Оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыру, оқушының оқудағы іс-әрекеті арқылы ойлау дағдыларын жетілдіру, өз бетінше білім алу, әрекет ету. Мақсатқа жету оқушының өзі арқылы іске асады. Мұғалім – бағыт беруші, ұйымдастырушы. Оқушының функционалдық сауаттылығын дамытуда  сыни тұрғыдан ойлаудың маңызы зор. Ой қозғай отырып, оқушының өз ойымен өзгелердің ойына сыни қарап, естіген, білгенін талдап, салыстырып, жүйелеп, білмегенін өзі зерттеп, дәлелдеп, тұжырым жасауға бағыттау, өз бетімен және бірлесіп шығармашылық жұмыс жасауға дағдыланады.  

  Мұндағы басшылыққа алынатын функционалдық сапалар: белсенділік, шығармашылық тұрғыда ойлау, шешім қабылдай алу, өз кәсібін дұрыс таңдай алуға қабілеттілік, т.б. яғни, жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру.

    Функционалдық сауаттылық оқушылардың сыртқы ортамен қарым-қатынас жасау қабілеті, оқушылардың өзгермелі өмірге бейімделуінің шарты, оқушылардың жеке бас қабілеттерін дамытудың тетігі, оқушылардың әлеуметтік дағдыларын дамытудың негізі, әлеуметтік-мәдени дамуының өлшемі, білім, білік, дағдыларының құзыреттілікке ұласады. Ол оқушылардың ақпараттық, проблемалардың шешімін табу құзыреттіліктерінің бірлігінен құралатыны анық.

Оқушылардың функционалдық сауаттылық мазмұны келесі құзыреттіліктерден көрінеді: 

  1. оқу, жазу сауаттылығынан;
  2. жаратылыстану ғылымындағы сауаттылығынан;
  3. математикалық сауаттылығынан;
  4. компьютерлік сауаттылықтан;
  5. денсаулық мәселесіндегі сауаттылықтан;
  6. құқықтық сауаттылығынан.


     Оқыту үдерісінде пәндік білім, білік, дағдыларды, яғни құзыреттіліктерді меңгертуде балалардың жас кезеңдеріне сәйкес пайда болатын жетекші әрекеттерге назар аударылады. Бастауыш сыныптан мектептің орта сатысына өту кезеңінде балалардың өзін қоршаған адамдармен қарым-қатынасы жаңа арнаға түседі: даралық сезімдері бас көтеріп, өзін-өзі тани бастайтыны белгілі. Бастауыш мектеп кезеңі оқушылардың оқу, қарым-қатынас, еңбек секілді жетекші әрекеттер негізінде жалпы және ерекше қабілеттерінің дамуымен сипатталады. Оқу әрекетінде олардың жалпы интеллектуалдық қабілеттері қалыптаса бастайды.
     Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың педагогикалық негіздеріне алынатын дидактикалық ұстанымдар екі бағытта белгіленген. 
     Бірінші бағыты: Функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың дәстүрлі ұстанымдары.
     Екінші бағыты: Функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың арнайы ұстанымдары.
       Тұтастық ұстанымы «сөйлесім әрекетіне қатысты бірнеше жұмысты қатар қамтиды. Олар: оқу, жазу, ауызша сөйлеу, тыңдау, қайталау, жауап беру. Бұл ұстанымның ерекшелігі: бір сабақтың үстінде осы жұмыстардың барлығын жүйелі түрде қолдана отырып, олардың арасынан ең басты біреуін таңдап алу және қалған жұмыстың түрлерін осыған бағындыра білуден көрінеді. Сонда бір сабақтың өзінде ортақ (өзек) пайда болады да, қалған бағыттар сол басты орталыққа жұмыс істеу мақсатында жүргізіледі, сөйтіп, сабақта тұтастық, бүтіндік пайда болады».

    Бастауыш мектепте кез келген пәнді оқытуда оқушылардың қарапайым ғылыми зерттеу дағдыларын қалыптастыру, заттар мен құбылыстардың негізгі және жанама белгілерін ажырату, қоршаған әлемде және табиғатта болып жатқан құбылыстарды түсіну, салыстыру, талдау, жіктеу, жүйелеу, жалпылау білік, дағдыларын меңгерту мақсаттары көзделгенде ғана оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға болады. 

    Абайдың: «Адам ата-анадан туғанда есті болып тумайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» деген дана сөздерінен адам табиғатының, болмысы мен танымының қалыптасуының өзі осы ізбен жүретінін байқауға болады. Егер оқу үдерісі, балаларға білім, білік, дағдыларды игерту осы ұстанымға негізделсе, нәтижелі болатыны анық.

   

        Осы  мақсатты іске асыру  – ең алғаш мектептердегі бастауыш сатыдан басталды. Бастауыш саты –бұл   кезеңде оқушы  тұлғасы  мен  санасының 

 қарқынды  дамитын  және қайталанбайтын шағы.  Сондықтан бастауыш мектеп – оқушыны тұлға етіп қалыптастырудың алғашқы баспалдағы деп білемін.

 

    Оқушылардың білімнің өмірлік маңызын түсінуі, теория мен тәжірибені тығыз байланыстырады, пәнге ынтасын арттырады. Оқушылардың білімге ынтасының болуы, олардың сабақтағы белсенділігінің артуына білім сапасының жоғарылауына, білім алудың пайдасын түсінудің қалыптасуына мүмкіндік береді. 

Оқушылардың білімге ықыласын, қызығушылығын арттырудың ең жақсы жолының бірі – сабақта ойындарды қолдану. Ойын арқылы баланы ойлата білу. Қазақ тілі мен әдебиет сабағында мынадай әдіс - тәсілдерді қолдану арқылы оқушылардың сабаққа ынтасын арттыра отырып, білім сапасын жетілдіріп, сауатты болуға дағдыландырады.

«БББ» кестесінің алғашқы екі кестесін, яғни «не білемін», «не білгім келеді» оқушылар жаңа тақырып басталмас бұрын толтырады. Жаңа білімнің маған берер пайдасы қандай болмақ деген сұрақтарға жауап беруге ұмтылады.

«Борт журналы» стратегиясымен жұмыс жасау 5-10 минут мұғалім бүкіл аудитория бойынша дәріс оқиды. Оқушылар 20 минут ішінде өз «борт журналдарын» толтырады (түйінді сөздер, суреттер, тәжірибемен байланыстыра отырып. Оқушылар жұпта, сосын топта өз журналдарының мазмұнын талқылайды, бір-бірінің сұрақтарына жауап береді, түсінбеген жағдайларда – мұғалімнен кеңес алады. Мұғалім бүкіл сыныппен «борт журналдарын» талқылайды, жалпы сұрақтарға жауап береді.

«Ойлан, жұптас, бөліс» – оқушыларға қандай да болмасын сұрақ, тапсырма берілгеннен кейін оларды тыңғылықты орындауға бағытталған тәсіл. Тақтада сұрақ, тапсырма жазылғаннан кейін әрбір оқушы жекеше өз ойлары мен пікірін берілген уақыт ішінде (2-3 минут) қағазға түсіреді. Содан кейін оқушы жұбымен жазғанын 3 – 4 минут талқылайды, пікірлеседі. Мұғалім 2-3 жұпқа өз пікірлерін бүкіл сыныпқа жариялауын сұрануына болады.

«Фрейер моделі» әдісін қазақ тілі мен әдебиет пәндерінде қолданған өте тиімді. Бұл жерде мәтіннің ішіндегі түйінді сөздерді алып, түйінді сөздерге анықтама беріледі, оның антонимдерін, синонимдерін, сөйлемде қалай орналасқанын анықтайды.

Кластерлер (жүзімнің шоқтары деген мағынада). Идеялар мен ақпараттардың арасындағы байланыстарды айқындауға арналған жазба кестелер. Негізгі тақырып немесе тірек тақтаның ортасындағы шеңберге жазылады да, одан туындаған тақырыпшалар оның жан-жағына жазылып, шеңберленеді, оқушылар оларды бір-біріне қосады да, өзара байланыстыру туралы әңгімелейді. Мысалы:

Алдын – ала берілген атаулар – мұғалім сабақ барысында жаңа тақырып бойынша тақтаға бірнеше атау (терминдер) жазып қойып (3-4атау), оқушыларға олардың мағынасы, мазмұны және өзара қатынасы мен байланысы туралы ойлауын сұрайды. Бұл жұмысты оқушылардың жеке жұппен немесе шағын топ ішінде ауызша , жазбаша орындалуы ықтимал. Содан кейін мұғалімнің бірнеше оқушының ойы мен пікірін тыңдауына болады.

Еркін жазу – оқушылардың тақырып бойынша өз ойларын қағазға түсіруді талап ететін тәсіл. Оқушылар берілген уақыт аумағында (5-7 минут) тоқтамай жазуы керек.

Сабақтың негізгі бөлімінде мұғалім оқушыларға білім алудың белсенді тәсілдерін ұсынып, олардың өздігінен жаңа мәліметті жан – жақта қарастырып, зерттеп, игеруіне мүдделі. Оқушылар жекелей, жұппен, топпен жаңа ақпаратпен танысып, ол туралы өзіндік пікір қалыптастырады.

Сұрақ қою қайтадан сұрақ қою – мәтіннің әр бөлігінен кейін оқушыларға бір – біріне немесе өзгеде оқушыларға белгілі бір жүйемен сұрақ қою тәсілі. Мәтіннің бірінші бөлігі оқылып жатқанда А оқушы В-ға бірнеше сұрақ жазбаша дайындайды. Мәтін оқылып біткеннен кейін В оқушы жауап береді. Екінші бөлімнен кейін керісінше В оқушы А оқушыға сұрақ қояды. Үшінші бөлімнен кейін екеуі С және Д оқушыларға сұрақ қояды.

«Джигсо» әдісінің артықшылығы – топта жұмыс істеуге арналған құрылым ұсынып, сөйлеу және тыңдау дағдыларын  дамытуды қамтамасыз ететіндігі.

• Құрылған әр топқа дәстүрлі тапсырма беріледі. Тапсырма үлестірме материалдар түрінде таратылады. Күрделілігі бойынша оқуға арналған материалдің тиісті күрделілік деңгейі сақталуы керек. Егер топ төрт адамнан тұратын болса, басты тапсырманың ішінде топтың әр мүшесіне бір сұрақтан төрт сұрақ немесе тапсырма болады. Сұрақтар немесе тапсырмалар топ ішінде оқушылардың өзара келісуі арқылы бөлінеді.

Сабақты бекітуге және үй тапсырмасына қолдануға болатын әдістер: 

Ыстық орындық - Бір оқушы алға шығып өз пікірін айтып және тақырып бойынша сұрақтарға жауап береді. Сұрақты анағұрлым мазмұнды қылу үшін, оқушылар белгілі бір пікір бойынша бірлесіп алға шығып сөйлей алады. Мысалы, оқушылар белгілі бір рөлді немесе адамды сомдай алады (мысалы, Гордон Браун немесе жалғыз басты жас ана).

Оңай және қиын сұрақтар кестесі. Бұл кестені оқушылар қандай да болмасын мәселе бойынша өз пікірін келтіру үшін немесе жаңа ақпаратпен танысқанда толтыра алады. Кестенің сол жағына олар түсініктері боцынша оңай, ал оң жағына қиын сұрақтарды келтіреді. Мысалы, оңай сұрақтар дегеніміз мәтінде жауабы бар сауалдар, ал қиын сұрақтардың жауабы мәтінде жоқ, оларға тек өзіндік тұрғыдан ғана жауап беруге болады.

Аквариумдағы алтын балық- екі айналымнан тұрады ішкі және сыртқы айналым. Ішкі айналым орындаушы, сыртқы айналым бақылаушы қызметін атқарады. Мәтін  бойынша  ашық  сұрақтарды  қолданылады. Тыңдаушыларға мәтінді өзара бірлесе зерттеу үшін сұрақтарды қолдануға  және  сыни  ойлауға мүмкіндік  береді.

 

Сабақтарда бұл стратегияларды ұйымдастырғанда оқушылар бір-біріне көмектесе алатындай, бір-бірімен қарым-қатынас жасай алатындай болуы керек. Сонда сабақта тек білім беруғана емес, тәрбиелеу мақсатындада жұмыстар бірге атқарады. Мұндай сабақтардың өтілуі нәтижесінде оқушыларда бір-бірімен сөйлесе білу мәдениеті, тәртіптілік, топқа және бір-біріне жауапкершілік сезімнің болуы, менмендік және жалқаулықтан безу қасиеттері,  қалыптасады. Қазақ тілі мен әдебиеттік оқу пәндерін оқыту барысында оқушыларға егжей –тегжейлі мәтінді түсінуге, кейіпкерлердің рөлін сомдауға, дұрыс түсінуге және алған білімдерін тәжірибемен байланыстыра қолдана білуге, пәнаралық байланыстарды іске асырып отыруға мүмкіндік береді.

     Сонымен функционалдық сауаттылық – адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Олай болса, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралатыны анық. 

Осындай сапалық сипаты тұрғысынан қарағанда функционалдық сауаттылық жеке адамды дамытудың тетігі ретінде қолданылады, сондықтан теория мен тәжірибені байланыста болуын қамтамасыз ету үшін әрбір пән бойынша берілетін білімнің мазмұны мен көлемін анықтағанда теориялық қағидалардың, заңдылықтар мен ережелердің, яғни ұғымдық-ақпараттық материалдардың бала өмірінде кездесетін түрлі проблемалық мәселелерді шешуге, оны қолдана алауына, сондай-ақ оқушылардың оқу материалын тек жаттап қана алмай, оның мән-мағынасын терең түсінуін қамтамасыз ету міндетті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Б.Сайлаубаева Қазақ тілінен оқу дидактикалық құрал
  2. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары. 2012 .Астана 
  3. М.Қойшыбаева, Қ.Қадырқұлов Қазақ тілі дидактикалық материалдар Алматы «Атамұра»,2003
  4. Ж.Нұрмағанбет, З.Казиева, С.Хуатай, К.Нурмаганбетова  Білім-болашақ-қоғам: «Функционалдық сауаттылық-бастауыш сыныпта» Алматы, 2021
  5. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру

(бастауыш сыныптар)Әдістемелік құрал. Астана

355 0
Кульзия Нурмаганбетова, Әлібек Бүркітбаев атындағы № 12 ЖББМ КММ бастауыш сынып мұғалімі педагог-зерттеуші Ұлы Дала Ұстазы № 001581
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: