Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1406

Балабақшадағы білім беру жүйесіндегі Ы.Алтынсариннің педагогикалық идеялары

Еліміздің келешекте үлкен жетістіктерге   жетіп, озық елдердің қатарынан ойып тұрып орын алуда басты қажеттіліктерінің бірі – білім саласы екендігі айтпаса да түсінікті. Сол білім жүйесінде тәрбиені балабақшада  жүрген балдырғандардан, мектеп шәкірттерінен бастау,  саналы азамат етіп шығару  қазіргі уақыттың талабы десек артық айтқандығымыз емес.  Міне осы жолда ағартушы-педагог, «Даланың алып қоңырауы» деген ұлы  атқа ие болған Ы.Алтинсариннің негізгі идеяларын басшылыққа алсақ ұтарымыз көп болмақ. 

Жалпы педагогика дегеніміздің өзі адамзат ғылымындағы қоғам дамуының ажырамас бөлшегі болып табылады. Ал біз мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері Алтынсариннің көзқарастары мен ұстанымдарын басшылыққа ала отырып бүгінгі күннің мәселелерімен байланыстыра зерделеуіміз қажет. Жалпы Ы.Алтынсарин бүкіл саналы ғұмырын қазақ қоғамында білім-ғылымның дамуына, ағартушылық ісінің жанданып кемелденуіне бағыштаған ғалым. Қандай қиын да ауыр шығармашылық жолдан өтсе де артына бай мұра қалдырды. Қандай мәселені көтерсе де, жазса да алдымен ұлттық мүддені, халықтың мұратын алға қойды. Ол халықтың саяси ой-өрісін, санасын оятқан қазақ зиялы қауым өкілдерінің бірі деп білемін.

 Міне осындай ғалымның еңбектерін біз заманауи педагогпыз деп   жоққа шығармай жаңашыл  педагогикалық идеяларымен тығыз байланыстыра білуіміз қажет. Алтынсарин бала жасынан Балқожа атасының тәрбиесінде болып, халықтық педагогикадан алған үлгі-өнегесін, көңіліне түйіп өскендерін болашақ ғылым жолында өзі де іске асыруға тырысты.   Ол кісі ұлттық эстетикалық тәрбие мәселелерін алға тартқан арнайы еңбек немесе ғылыми туынды қалдырмағаны белгілі, бірақ шығармалары арқылы сол ойды айтты, өлеңдерін  қазақтың салт-дәстүрін сипаттайтын этнографиялық бағытта жазды.   Құрғақ насихатқа бармай-ақ айтпақ ойын, пікірін балалардың санасына сіңіру үшін түрлі ұстаздық амал-тәсілдерге жүгінді. Әрине қазіргі кезде де сол ағартушы ғалымның салып кеткен дара жолымен, тастап кеткен мұраларымен жалғастырып келеміз. Тек заман талабына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізгенбіз. Бірақ  ұлттық тәрбиеге аса мән берілсе де халықтық педагогика ақсап тұр.   Неге?

Меніңше, бұл жай сөз түрінде ғана емес практикалық оқу жұмысын жоспарлау мен ұйымдастыру кезінде де күн тәртібінен түспеуі шарт. Кейде оқу қызметтерінің мақсаты нақты көрсетіледі де барысындағы іс-әрекеттері басқаша ауытқып кетеді. Ғалым Ә.Сыдықов «Ы.Алтынсариннің педагогикалық идеялары және ағартушылық қызметі» атты еңбегінде  «Ы.Алтынсариннің педагогикалық жүйесі халық ағарту саласында аса зор, пайдалы рөл атқарады. Оның көптеген қағидалары осы күнге дейін маңызын жойған жоқ. Оның ілімі өз алдына дербес, тұтас бір педагогикалық жүйе болып табылады» деп түйіндеген екен. Бұл түйін қазіргі оқу мен тәрбиенің бірлігі, жан-жақты білім беру мәселесі жөнінде бүгінгі күнмен де сабақтасып жатқандай. Мысалы, Ы.Алтынсарин бірінші сатыда – тіл дамыту, екінші сатыда – әліппе бойынша оқыту, жазу, салыстыра оқыту, сыныптан тыс оқыту сияқты жүйе бойынша саралайды. Яғни ағартушының педагогикалық идеялары, әдістемесіндегі көтерілген мәселелер өзінің өміршеңдігін танытып отыр.  Аңғарсақ бұл бағзыдан келе жатқан  «Ертегі терапиясына» жатады.  Осы тәсіл арқылы жан-дүниені тану мен емдеудің түрін анықтап алуға болады. Бала психикасына жағымды әсер ететін ертегілерді таңдап алып, ол арқылы адамның жан-дүниесінде болып жатқан құбылыстарға көңіл аударуға болады. Яғни «Ертегі терапиясы» ертеден келе жатқан психологиялық және педагогикалық әдіс болып табылады. 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасымыз өзінің «Қазақстан-2030» стратегиясында  «Бүкіл дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру мақсатында қазіргі кезде Қазақстанда білімнің жаңа жүйесі құрылуда. Бұл процесс педагогика теориясы мен оқу - тәрбие процесіне нақты өзгерістер енгізумен қатар, елімізде болып жатқан түрлі бағыттағы білім беру қызметіне жаңаша қарауды, қол жеткен табыстарды сын көзбен бағалай отырып саралауды, жастардың шығармашылық әлеуметін дамытудың, мұғалім іс-әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыруды талап етеді» - деп атап өткен болатын.  Сондықтан білімді ізгілендіру, жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану, білім беруде ииновациялық әдістерді қолдану мектепке дейінгі ұйымдарға да жат емес.   Қазіргі балабақша жағдайында білім берудің ұлттық моделіне өту кезек күттірмейтін шаруа.  Қазіргі аласапыран қоғамда ұлттық менталитетіміз сырғып төменгі орындарға ысырылып, алдыңға орынға материалдық дүние шығып кетті. Сондықтан болашақта ұлттық құндылықтарымыздан ада ұрпақ  шықпас үшін ұлттық тәрбиенің қазығын балабақшадан бастап қағуымыз керек. Ол үшін тағы да айналып Ы.Алтынсариннің еңбектеріне жүгінеміз. 

Жалпы тәрбиешінің ұстанымы – балаға еркіндік беру, жүрек жылуын беру,  бала мен тәрбиеші арасындағы ынтымақтастық, бала бойынан жақсы қасиеттерді табу тәрізді ұстанымдар болуы керек. Мысалы, мен өзім бала бірдеңеніі түсінбейтін болса, оларды кінәлауға асықпаймын. Оларға түсіндіре алмай отырған өзімді кінәлауым керек.  Ы.Алтынсариннің  «Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады» деген қанатты сөзі бар  емес пе? Бұл өте орынды айтылған сөз. Өйткені халқымыздың ауыз әдебиетінде, ертегілерінде адамгершілікті, қайырымдылықты, мейірбандылықты дәріптейді. Дана халқымыз жас ұрпақты жастайынан тәрбиелеудің маңыздылығын жете білген. Ешқандай жоғары білімсіз-ақ тәрбиенің ең оңтайлы тәсілдерін бесіктен – бесік жырынан бастаған. Яғни қысқа әңгімелер, ертегілер баламен қарым-қатынастың нәтижелі құралы деп санаған және әлі күнге дейін солай болып келеді. Ал тәрбиешінің ең негізгі объектісі – бала болғандықтан, олардың болашағына бей-жай қарауға болмайды.  Ұлы педагог осы өзектіліктің маңызын білген және соны пайдаланудың оңды жолдарын қалдырып кеткен. 

Қорыта айтсақ, ауыз әдебиетінің қай үлгісін алсақ та онда болашақ ұрпақ үшін үлкен тәрбиелік мәні бар рухани қазына жатыр. Ол қазына – мектеп жасына дейінгі балалардың ақыл-ойын, адамгершілік қасиеттерін,   сана-сезімін қалыптастырушы  құрал болып табылады. Ертегі баланы халық қазынасына ендіреді, халық рухымен астастырады. Сондықтан да біз бай мұраны пайдалана отырып мектеп жасына дейінгі балалардың бойына осы қасиеттерді дарыта білуіміз керек және ондай қасиеттер ұясы ертегі екенін  ешқашан естен шығармауымыз керек. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Н.Назарбаев «Қазақстан-2030» стратегиясы. 1997. 01.10

2. Зейнеп Ахметова «Күретамыр». – Алматы. 2018.

3. Б.Бөрібаев, Е.Блапанов «Жаңа ақпараттық технологиялар». – Алматы, 2001

4. Ыбырай Алтынсарин. https://kk.wikipedia.org 

216 0
Асель Сыгаева, Алматы облысы,Райымбек аудандық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының МДҰ әдіскері Ұлы Дала Ұстазы № 001578
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: