Математика –барлық халыққа ортақ ғылым. Жалпы математика сабағында қолданылатын ойын түрлері оқушылардың математикалық ұғымдарын кеңейтіп, ойлау қабілеттерін арттырып, есептеу дағдыларын шыңдай түсетіні белгілі. Әр баланың тапқырлығын арттырып, қызығушылығын туғызады, теориялық материалдарды меңгеруге және оны практикада қолдануға машықтандыруға себебін тигізеді, әрі оларды сергітеді. Сондықтан ойын әрекеті – баланың барлық нышандарының дамуына мүмкіндік туғызатын, өзіндік ерекшелігі бар, интелектуалдық мектеп. Ойынның қозғаушы күші- баланың тілегі мен қызығуы. Бала сол ойынның барысында тапқырлыққа, ептілікке, қиялдауға, ойлауға дағдыланады.
А.Байтұрсыновтың пікірі бойынша, бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу керек. Мұғалімнің басты қызыметі – оқушы ұзақ жолды қысқарту үшін және сол жолдан қиналмай өту үшін керек білімді кешіктірмей, кезінде беріп отыру үшін балаларға жұмысты әліне қарай шағындап беру мен бет алысын діттеген мақсатына қарай түзеп отыру.
Сан санауға, заттарды санап және олардың екі тобын салыстыруға, өлшеміне, пішініне және түстеріне қарай ажыратуға үйрету мақсатында түрлі ойындарды ойнатуға болады. Бірақ жүргізілетін ойын құнды болу қажет. Таңдап алынған ойынды түрлері қарапайымнан бастап, біртіндеп қиындата түсіп оқушының танымдық қызметін белсендете түсуіне назар аударып отыру керек.
Оқушылардың ойын кезіндегі белсенділігі көбінесе жарыс нәтижесі кезінде байқалады. Оқушылар ойындағы өз жетістіктері мен кемшіліктерін біліп отыруы тиіс. Ойын нәтижесін есепке алу түрліше ұйымдастыруға болады. Әрбір дұрыс орындалған жауап үшін ұпай қосып, әрбір ұтылыс кезінде кем ұпай беріп білімдерін анықтау. Орындалуға тиісті тапсырмаға жұмсалған уақтты есепке алып отырған дұрыс. Бұл жағдайда оқушылардың шапшаңдығы, ептілігі, жауапкершілігі артады. Тіпті белсенді емес оқушының өзі жолдастарын кейін тартпау үшін еңбектеніп, ұялу секілді сезімдерін жояды. Тіпті өзінің күйзелісін, қорқынышын бір сәтке ұмытып, қуанышқа бөленеді. Ойыннан қандай әсер алдың деп сұрасаң аз ғана тапсырма орындап берсе де өзінің құрбыларынан қалыспай қиыншылыққа беттеп бере алатынын сенімділікпен айтады. Математикада ойын элементін қолдана отырып кез-келген тапсырманы жауапкершілікпен орындауға ықпал ету.
Қоғамымыздың даму бағытында жан-жақты дамыған сауатты саналы азамат тәрбиелеу мәселесі жүктеліп отыр. Осыны ескеретін болсақ білім бастауыш мектептен басталады.
Сабағымда қолданып жүрген ойын түрлері бірінші сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне сай етіп таңдаймын. Осы ойындар арқылы сабақтағы олқылықтар мен қиындықтарды жоюға әрекеттенемін. Ойынның шартын, ережесін қатаң сақтау арқылы онда құрбыларын тыңдай білу, олардың қатесін түзетуге көмектесуге, ойынды одан әрі жалғастыруға, жаңа ойын ережесін ойлап табуға жаттығады. Өзімнің сабағымда қолданатын бір ойынды ұсынып отырмын. «Қуыршақтың киімін тап» ойыны. Ойлау қабілеттерін арттырып, есептеу дағдыларын шыңдай түсуге арналған ойын түрі. Әрі балаларды шапшаң есептеуге ынталандыра түседі. Өрнектер жазылған киімдер, ұлдың, қыздың қуршағының суреттерін пайдалану арқылы жүргіздім. Ойын барысында киімдерде жазылған өрнектің мәнін дәл тауып қуыршаққа сәйкестендірді.
Қуыршақтың киетін киімнің атауын атап, өзінің жеңімпаз екенін анықтауға мүмкіндік болады.
Тапсырманы практикалық түрде орындап, өзінің есептеу деңгейінің шамасын анықтады. Есептеу дағдылары жоғары деңгейдегі оқушылар шынайы қанағат сезіміне бөленіп, басқаларға көмектесуге қатысып отырды.
Оқушыға қарапайым түрде түсіндірген сабақтан гөрі ойын арқылы берілген тапсырмаға назарын тез аударады. Ойын оқушының бойындағы үрейді алыстатып, мұғалімге деген сыйластығын, сенімділігін арттырады.
Математика сабағында ойын элементтерін неғұрлым көбірек қолдансақ, соғұрлым сабақ қызықты әрі тартымды өтеді. Ойынмен өткен сабақты балалар жеңіл, әрі тез қабылдауға, ойын қозғауға, тапқырлыққа жетелейтініне көз жеткізді. Ойын барысында оқушы өзін еркіндікте ұстай отырып, басқалармен санасады, ойын дәлелдеу үшін жан-жақты қырынан көрінеді.