Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1392

Қазіргі қазақ тіліндегі есімдіктің мәтінтүзімдік қасиеті

Мәтінді зерттеу жан-жақты  қолға алынғаннан бері,  ол қай қырынан  зерттелгеніне орай мәтін ұғымына тілші мамандар әр қилы анықтамалар беріп жүр.  

Мәтін – тілдік, сөздік, интеллектуалдық факторлардың өзара байланыстағы, әсерлесудегі біртұтас кешені. Мәтіндегі біртұтас тілдік ойлау жүйесінің тұлға-бірлігі ретінде анықтайтын белгілерді көрсетіп талдау керек. Мәтіннің негізгі сапаларының бірі – оның ішкі, сыртқы формаларының бірлігі  [1; 422].

Адам сөйлегенде қоғамдағы, қоршаған ортадағы белгілі бір зат немесе құбылыс жайында күрделі ойын жеткізеді. Ойын жеткізу барсында сол заттың әртүрлі сипаттарын, тілдік таңбасын тірек етеді. Кезкелген ойды тиянақты әрі жүйелі жеткізу тек мәтінге тән сипат екені белгілі. Ал осы мәтін өз ішіндегі байласымды қалай құрады? Бұл тұста әрине мәтін ішінде сөздер, сөз топтары, тұтас сөйлемдердің тобы құралып, олар құрылымдық-мағыналық жағынан тығыз байланыста тұрады. Осы байланысты құрауда есімдіктердің де орны ерекше.

Ахмеди Ысқақов өзінің «Қазіргі қазақ тілі» кітабында есімдіктердің синтаксистік қызметі жайында: «Синтаксистік жағынан есімдіктер, әр түрінің ерекшеліктеріне қарай, демек, қай сөз табының орнына жүретініне қарай, бастауыш та, толықтауыш та, анықтауыш та, баяндауыш та болып, қызмет атқара береді.  Дегенмен мағыналық ерекшеліктеріне қарай, әрбір есімдік белгілі бір синтаксистік қызметтерге бейім болып отырады» деген болатын [ 2; 210].

Жантас Жақыпов «Сөйлеу синтаксисінің сипаттары» атты еңбегінде: «Есімдіктердің  синтаксистік қызметін оның сөйлемнің қандай мүшесінің  қызметін атқаратынын анықтауымен  ғана шектейді екенбіз. Бұл – жаңалық емес, өйткені есімдіктер есімдердің   орнына жүретін сөздер болғандықтан, сөйлемнің қандай да болмасын  мүшесі бола береді» деген көзқарасын жеткізді [3; 44]. Ғалымның айтуы бойынша есімдіктердің тіл білімінен алатын орны – орынбасарлық қызмет. Есімдіктердің синтаксистік құрылыстан алатын орнын да оның осы қызметінен іздеу жөн деп келтіреді. 

Жуынтаева Зәмзәгүл «Сөз таптарының мәтінтүзімдік  сипаты» атты еңбегінде есімдіктердің мәтінтүзімдік сипатына ерекше тоқталып: «Есімдіктердің жалпылама мағынасы контекст аясында айқындалады, олардың мағынасы тым жалпы. Есімдіктердің дәл нақты мағыналары өздерінен бұрын айтылған  сөйлем ынғайына қарай білінеді»  [4; 44] деп келтірген болатын.

Аяужан Таусоғарованың:  «Есімдіктер тақырып пен контекст байланысында ғана емес, контекстегі ситуациялардың, сөйлемдердің байланысында да маңызды» [5; 22] деген пікірін де назарға алу керек.

Олай болса есімдіктердің  мағыналық түрлерінің  сөйлемге қатысуы арқылы сол сөйлемді тиянақсыз етіп, басқа сөйлемдермен байланыстыратынын, солай мәтін түзуге қабілетті екенін байқауға болады.

Бір маңызды айғақ – сөйлем арқылы айтылатын ойдың тиянақтылық дәрежесінің контекске тәуелділігі. Осы тұрғыдан келгенде, құрамында есімдігі бар сөйлем мағына-мазмұн жағынан қаншалықты тиянақты екендігін көрсету міндет. 

«Бақтұғылды қолма-қол қара сойылмен салып жіберу оның  ойына да келмеген» деген сөйлемді алайық. Сөйлемнің тиянақсыздығын бірден байқауға болар еді. Өйткені «қара сойылмен салып жібергісі» келіп отырған кім екенін біле алмаймыз. Демек, контекске жүгінеміз де,  мәтіндегі осы сөйлеммен байланысты сөйлемді бірге оқу арқылы ойды тиянақтаймыз.          «Қоқай көп заманнан бері Қозыбақ аулында Сәлмен жылқысына шығып жүрсе де, ерғара ғана болмаса, өмірінде бетпе-бет келіп, ұрымен бірде-бір кезек сойыл сілтесіп, салысып көрген емес-ті.  Бақтұғылды қолма-қол қара сойылмен салып жіберу оның   ойына да келмеген». Ал бұл екі сөйлемдегі ой жалғастығы «Қоқай» деген сөзді екінші сөйлемде ілік септігіндегі «ол» есімдігі ауыстыру арқылы жүзеге асырып тұр. Бақтығұл жаңағы қауіп мүйнеті енді еркіндікке ауысқанда, тез-тез қараңғы сайға түсіп, қарағайға кіріп, адастырып кетпек болып, шаба жөнелді. Ол мына шаба жөнелгеннен-ақ, өкпе тұсынан қосылмақ болып, көлденеңдей шапты. Бұл екі сөйлемді ұштастырып тұрған – бірінші сөйлемдегі Бақтығұл сөзінің орнына екінші сөйлемде ол жіктеу есімдігінің жүруі. Егер екінші сөйлемді контекстен тыс алсақ, ол сөйлемдегі ой тиянақсыз болар еді, өйткені ол кім екендігін біле алмаған болар едік.

Сілтеу есімдіктері. Сілтеу есімдіктерінің сөйлемдегі ойды тиянақсыз, контекске тәуелді етуінің және аяқталған сөйлемдерді байланыстыруының өзіндік ерекшеліктері бар. Бұлар анафоралық та, эпифоралық та бағытты нұсқай алады[2; 47]. Анафоралық сілтеу есімдіктеріне мысал: «Түрген  суының   төмен құлап  кеткен жолында Назардың  солтүстікке, ойға қарай салбыраған  тұмсығында  қарауытқан   шұңқыр сияқтанып тағы да қалың қарағай көрінеді. Ол көк сағымға оранып, жеңіл, көк жібектей  перде жамылған. Бағана көрінген  көп жүргінші  тосып отырғанда, Бақтұғыл көзбен  айналаның осындай көрінісін шолып шықты (М. Әуезов. Қараш-қараш оқиғасы). 

Бұл синтаксистік бірліктің бірінші, екінші сөйлемдері  мен үшінші  сөйлемді байланыстырып тұрған – бірінші сөйлемдегі суының  төмен құлап,   қарауытқан  шұңқыр сияқтанып, көк сағымға оранып, жеңіл, көк жібектей   перде жамылған деген сөздердің, соңғы сөйлемдегі осындай есімдігі  алдыңғы сөйлемдерде бейнеленген көріністің орнын басып тұр.

Мынадай, мынау, былай сияқты сілтеу есімдіктері өздерінен кейінгі болатын мазмұнға, оқиға, құбылысқа сілтейді де, бұл есімдіктер қатысып тұрған сөйлем мағыналық тұрғыдан тиянақсыз болады. Осының арты Қозыбақ аулынан  бұлардың  ажырап, көшуіне әкеліп соққанды; Бүгін сол Тектіғұл мындай боп, сарауру   жеңген сорлы күйде жатыр (М. Әуезов. Қараш-қараш оқиғасы). Бұл мысалда екінші сөйлемдегі мындай сілтеу есімдігі өзінен кейінгі субъектінің сарауру  жеңген сорлы күйін анықтап, сілтеп тұр.

Жітеу есімдіктері. Бәрімізге белгілі  жітеу есімдіктері үнемі арнайы бір жақты көрсету мақсатында жұмсалады. Сол қасиетіне орай үнемі сөйлеуші, тыңдаушы және бөгде кісі деген ұғымдармен байланысты қолданылады [4; 50].  Жіктеу есімдігінің І, ІІ жақ формалары коммуникацияның міндетті қатысушыларын білдіре отыра, дейксистік (тура сілтеу) қызметте жұмсалады. «Мен» есімдігінің дейксистік (тура сілтеу) қызметі барлық сөйлеушіге қатысты нәрселер болса, сол сияқты «сен» есімдігі сөйлеушімен тығыз байланысты тыңдаушымен анықталады. І, ІІ жақ есімдіктері хабарды жіберуші мен алушы болады. Ал ІІІ жақ есімдігінің референті жағдаймен (дейксис) немесе контекспен (анафора) анықталады. 

Сен, мұнда, осында, онда, сонда сөздерінің бәрін де анықтағанда «мен» қолданылады. Олардың мәні сөйлеушінің субъективті еркімен белгіленеді, олар сөйлеушіден тыс бола алмайды. Жіктеу есімдіктерінің ішіндегі мен, сен есімдіктері жеке тұрғанда ақпарат бере алмайды, өйткені мен, сен сөздерін белгілейтін объекті жоқ, бұлар үнемі сөйлеу сәтімен байланысты болады. Әрбір «меннің» де, «сеннің» де өз референциялары болады, олар әр кезде жеке бір ғана индивидке сәйкес келеді. Мысалы: Сейтен сәл бөгелді де, Ожардың жауап қайтармағанына қарамай тағы сөйлеп кетті:

- Сен жас едің. Бірақ асыл тастан, ақыл жастан, жұрт білмегенді сен білетінсің. Бүкіл Қаржас елу күн ертегі етіп бітіре алмас жәйтті, сен бір түнде айтып бере алатынсың.   Бұрын ділмәр едің. Қазір көшпелі елдің тұмшалаған бұзауындай үндемейтін болыпсың. Өлсем шайт, өлтірсе қазы деген жанмын. Мойнымда шын қазақтың біртамшщы қаны жоқ. Өз қолыңнан ажал тапсам, өкінбеймін, арым таза.Ал сенің ше?

Ожар аунап түсіп, еріне жауап берген:

- Менің де (І.Есенберлин).

Бұл жерде алғашқы қолданыстағы «сен» - Ожарға, «мен» - Сейтенге тән, яғни әр жіктеу есімдігінің өз  референциялары бар, олар бір-бір индвидке сәйкес келіп тұр. 

Сұрау есімдіктері. Сұрау есімдіктері сөйлеу мақсатын күшейтуші, тыңдаушының көңілін   аударушы, сөйлеу мақсатын  айқындаушы қызметтерде сөйлесім құрылысында тұрақты орындарда тұрады.Сұраулық есімдік қатысқан  сөйлем мағыналық жағынан тиянақсыз болады, оның басты себебі сұраудан адам ойы міндетті түрде жауап іздеуінде. Сондықтан бұндай сөйлем сұраудың табылатын, я табылмайтын сөйлеммен тікелей қатысты болады. Бұл диалогке құрылған синтаксистік күрделі бірліктерден нақты көрінеді. Мысалы:

Кім айтты деп солай дейсің?

Айтушы бар деп солай деймін.

– Алып кел айтушыңды, мойныма салсын! Осындағы кім  сұрау есімдігі өзінен кейінгі сөйлемде жауап беруді күтіп, ол жауап «Айтушы бар деп солай деймін»  деген сөйлем арқылы беріліп тұр. Осындай мысалды поэзиядан да қарастырсақ болады. Мысалы:

                                – Ей!

                              Кімсің?

                              Тірісің бе?

                               Жаның бар ма?

                              Аққуды неге атасың, арың бар ма?!

                              Байғұс әйел үн түнсіз жылап тұрды,

                  Қарттың үні мең-зең ғып құллаққа ұрды 

                             Қолыңдағы мылтығын құлаштап кеп,

                           Бөгелмей Жетімкөлге лақтырды (М. Мақатаев. Аққулар ұйықтағанда). Бұл  өлең жолдарында бірінші шумақтағы кімсің сұрау есімдігі, өзінен кейін жауапты күтіп, екінші шумақта әйел  сөзімен айқындалып тұр. Осы тұста Кәкен Ахановтың: «Бәрімізге белгілі сұраулы сөйлемдер  коммуникативтік қызметі жағынан басқа бір хабардың келіп тууын қажет етеді»  деген  пікірі ойға оралады. Бұл тұрғыдан алғанда сұрау есімдіктерінің мәтін түзу қасиеті орынды.   

Белгісіздік есімдіктері. Адам ойы белгісіздікке ұмтылатыны – даусыз құбылыс. Бұл тұрғыдан алғанда белгісіздік есімдігі қатысқан сөйлем тиянақсыз болып келеді. Мәселен   Жігіттер тегіс мол денелі, ұзын бойлы. Кейбіреулері қапсағай, сүйекті, сіңірлі. Тағы біреулері иір-иір тарамыс, шақпақ еттері қайыңның  безіндей мықты жігіттер (М.Әуезов). Бұл сөйлемдердегі біреулері, кейбіреулері белгісіздік есімдіктері өзінен бұрынғы сөйлемдегі  жігіттер сөзінің орнына қолданылып, әрі мәтін түзушілік қызмет атқарып тұр. Елдеріне қайтысқан соң, сол жуандар үсті-үстіне ақсарбас, көк қасқа сойыса берді. Бірінің үйіне бірі барып түсу, құдаласу, табысулар көбейе берді. Бұл екі сөйлемді бірінші сөйлемдегі жуандар сөзінің орнына екінші сөйлемдегі бірінің белгісіздік есімдігі жұмсалып, іргелес байланыс жасап тұр. 

Өздік есімдіктері. Өздік есімдіктері – сөйлеушіні не сөйлемдегі субъектіні өзге құбылыстардан бөліп алып көрсететін сөздер. Есімдіктің бұл түрі қимыл иесін және затты  нақтылап, айқындап, дәлелдеп тұрады.  Өздік есімдігі сондай-ақ біріне-бірі  ұласып айтылған сөйлемдер құрамындағы қимыл иесін қайталай бермеудің  тәсілі ретінде жұмсалып, қимыл иесін көрсетіп дейксис қызметін атқарып тұрады. Мысалы: Бақтұғылға «былтырғы істеген істі тағы да сағынған екенсің» деп, содыр жуандықтың   жотасын көрсеттіӨзінің айыбы жоқ және ескі кегі ұмытылмаған Бақтығұл мына сөзге  шыдамады (М. Әуезов). Бірінші сөйлемдегі Бақтұғыл сөзінің орнына мәтіннің  екінші сөйлеміндегі өзінің  есімдігі іргелес тұру арқылы мәтін байланыстырушылық қызметте жұмсалған. Есімдіктің бұл түрінің мәтінтүзімдік қасиетін поэзиядан да байқауға болады.

                              Неге ертерек суалдың, жаным Анам?

                               Қалжыраған қозыңның хәлі жаман. 

                               Өзің берген уызды іздеуде әлі,

                               Жетім қозы күзекте маңыраған. (М. Мақатаев. Неге ертерек суалдың). Бұл шумақтың бірінші жолындағы ана сөзінің орнына , екінші жолда берілген өзінің есімдігі жұмсалып, мәтін түзіп тұрғандығын байқаймыз. 

Жалпылау есімдіктері. Жалпылау есімдіктері белгілі бір заттар мен құбылыстарды толық қамтып жинақтай айту үшін жұмсалатын  жалпылау  мағыналы сөздер. Олар кем дегенде екі заттың немесе толып жатқан біркелкі не әр қилы заттар мен құбылыстардың жиынтығын жалпылап көрсету үшін қолданылады. Тіліміздегі жалпылау есімдіктері көбінесі бірыңғай мүшелерді жинақтап, топтау үшін және абзац арасын, күрделі синтаксистік  бірліктер арасын байланыстыру мақсатында қолданылады.

 Мысалы:                                                                                                       Бұлар соғысты да, қуғыңды да, басқа тиген сойыл, атылған мылтық  оғын да көрді. Соның  бәрінің  соңында таң аппақ атқан кезде болыс бұйрығын  ойдағыдай орындады. Екінші сөйлемде берілген  бәрі жалпылау есімдігі   бірінші сөйлемдегі соғыс, қуғын, басқа тиген сойыл   деген сөздердің орнын басып, іргелес байланыста тұрғанын байқаймыз. Одан бөлек:

Бәрі де үнсіз.

Үнсіз аспан, үнсіз жер,

Үнсіз орман, үнсіз таулар, үнсіз көл.

Мен де үнсізбін, дәрменім жоқ күрсінер.

Үнсіз кеуде...

Үнсіз жүрек дүрсүлдер (М.Мақатаев. Үнсіздік).  

Осы өлең шумағындағы бәрі жалпылау есімдігі өзінен кейінгі өлең жолдарындағы аспан, жер, орман, таулар, көл ұғымдарын жинақтап, эпифоралық бағытта жұмсалып тұр.

Қорытындылап айтсам, мәтін байласымы – тек екі сөйлем аралығын ғана қамтымайды, бұл күрделі синтаксистік тұтастықтарды, абзацтарды, тарауларды да біріктіретін категория екені белгілі. Іргелес және алшақ байласым түрлері мәтін бөліктерін бір мағыналық-құрылымдық тұтасымға ұйымдастыруда үлкен қызмет атқарады

Ойды толық ашық айтып жеткізуде сөйлменің  жеткіліксіз екені анық. Осы тұста тек мәтін ғана кез-келген ойды тиянақты білдіре алады. Ал ондағы сөйлемдер мен сөздер мәтіндегі тілдік тұлғалар арқылы байланысады. Жоғарыда санамалап көрсеткенімдей бірнеше сөз табы мәтін байланыстыруда өзіндік ерекшелігімен қызмет атқарады. Кез-келген мәтін ішіндегі байласымдық сол сөз таптары мен тілдік тұлғалардың грамматикалық, синтаксистік тұрғыдан бірлескен кезінде  ғана орнайды. 

Талдаулар көрсеткендей, есімдіктердің байланыстырушылық қызметі сөйлем (жай және құрмалас) аясымен шектелмейді, оның синтаксистік әрекеті синтаксистік күрделі бірлік, тіпті мәтін көлемін қамтиды екен. Есімдіктердің бұндай қызметі олардың орынбасарлық табиғатына сай туындайды. Осы қызметі ол қатысқан сөйлемдер мазмұнын тиянақсыз етіп, мағынасының ашылуын контекске бағынышты етеді. Есімдіктердің әр мағыналық түрі мәтін ішінде белгілі бір ойдың тууына әкеліп, ситуациядағы айтушы мен тыңдаушыны нақты көрсетіп мәтінтүзімдік қасиетке ие болады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік парадигмалар: (монография-оқулық)/  – Алматы: Мемлекеттік даму институты, 2016. – 464 б. 
  2. ІЖақыпов Ж.А. Сөйлеу синтаксистерінің сипаттары. Оқулық. Қарағанды: ҚарМу баспасы, 1998. – 159 б.
  3. Жуынтаева З.Н. Сөз таптарының мәтінтүзімдік сипаты: монография/   – Қарағанды: Tengri – 2014. – 151 б.
  4. Таусоғарова А.Қ. Өлең  мәтінінің  синтаксистік ерекшеліктері: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2004. – 185 б.
  5. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. Алматы: Санат, 1992. – 496 б.
1 216 0
Нуржауова Айдана Аманкелдіқызы Нұр-Сұлтан қаласы №63 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Ұлы дала ұстазы № 002408
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: