Қазіргі дамыған заманда бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру – әр білім беріп отқан мұғалімнің басты міндеті. Оқушының алған білімін өмірде пайдалана білуі ұстаз үшін үлкен жеңіс. Осы тұста өз ойын ашық әрі еркін жеткізетін тұлғаны қалай қалыптастырсақ болады? Ғылым тілінде оны коммуникативті тұрғыда дамыған тұлға деп атаған.
Коммуникация сөзі латынның соmmunico – ортақ етемін, байланыстырамын, араласамын сөзінен шыққан. Адамдар қоғамында коммуникация араласуды, ой, білім, сезім, мінез-құлық әдебімен және басқаларымен бөлісуді білдіреді. Араласу бірге өмір сүру қажеттілігі тудырған субъектілердің араласып, құраласуы ретінде көрінеді.
Коммуникативтік қасиет адамдармен өзара әрекет пен қарым-қатынас тәсілдерін білуді, түрлі әлеуметтік топтарда жұмыс істеу дағдыларын, қоғамдағы түрлі әлеуметтік рөлдерді орындауды, өмірдегі нақты жағдайларда шешім қабылдау үшін байланыстың түрлі әдістерін қолдана алу білігін, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық қатынаста шетел тілінде қатынас дағдылары болуын қарастырады. Демек, оқу-ағарту саласында өзекті мәселенің бірі – бастауыш сынып оқушысын сапалы қарым-қатынасқа даярлап, тұлғаның коммуникативті құзыреттілігін қалыптастыру. Бастауыш сынып оқушысының тілдік қарым-қатынасын жетілдіру, дамыту арқылы қоғамға жан-жақты дамыған, белсенді, өздігінен жасампаздықпен ойлай алатын және өз ойын шығармашылықпен жеткізіп, шебер қарым-қатынас жасай білетін, тілдік қатысымды тиімді қолданатын баланың коммуникативтік қабілеттерін дамыту қажет.
Бастауыш сынып оқушыларын сөйлеу әрекетіне үйрету және оны дамыту ең алдымен оқыту үдерісінде тілдің орфоэпиялық, лексикалық, грамматикалық білім нормаларын игертуге байланысты. Екіншіден, сөйлеу біліктілігі мен дағдылары сөйлеу әрекетіндегі оқу, тыңдау, айту, жазуға байланысты. Сондықтан қатысымдылық біліктілік пен дағды сөйлеу қарымқатынасының түрткісіне (мотивіне), мақсат-міндеттеріне орай жүргізіліп, әлеуметтік нормалар, тіл мәдениетінің негізінде ұйымдастырылады.
Қазіргі білім беру жүйесінің басты мақсаты – алған білімді шынайы өмірде қолдана білу екенін ескерсек, баланы сөйлету үшін де, оның алдына түрлі жағдаяттар қоя білуіміз керек. Бұл дегеніміз қарапайым мысалда оқушының қолына қармақ ұстатып, балақты өзіңіз аула дегенмен бірдей. Демек, алған білімді оқушы өзінше қорытады әрі жүйелейді. Осы тұста Т.В.Уракова бастауыш сынып оқушыларының коммуникативтік белсенділігінің динамикалық қалыптасуын білдіретін коммуникативтік тапсырмалардың төрт түрін бөліп көрсетеді:
1) Коммуникативті – орындаушылық тапсырмалар (бағдарлау кезеңі) – бастауыш сынып оқушыларының бірлескен әрекеті барысында тұлғааралық байланыстарында қажеттіліктерін ретке келтіру. Коммуникативтік тапсырмаларды шешу бірлескен әрекет басында педагогтың толық түсіндірмесі, содан кейін оны орындауда бірнеше рет қайталау барысында этикалық ережелер мен тәртіпті анық орындаумен негізделеді.
2) Коммуникативті-репродуктивті тапсырмалар (ізденушілік кезең) – бастауыш сынып оқушыларының серіктесімен бірлескен әрекетінде конструктивті қатынасын ретке келтіруге деген ұмтылысын қалыптастыруға бағытталған. Тапсырманы шешу қатысушылардың бірлескен әрекетінде тұлғааралық қарым-қатынастың барлық жинақталған ережелерін, алғашқыда тікелей мұғалімнің жетекшілігімен, содан кейін өз бетінше қайта жасауына негізделеді.
3) Коммуникативті-жаттықтырылған тапсырмалар – бастауыш сынып оқушыларының әрекет үдерісінде қарым-қатынас субъектісі ретінде өзіндік көзқарасын дәлелдеуге бағытталған. Тапсырманы шешу бастауыш сынып оқушыларының өз әрекеттерін басқа қатысушылармен бірлескен әрекет талаптарымен бірге келісуге талпынысын педагог тарапынан жағдай жасауға негізделеді.
4) Коммуникативті шығармашылық тапсырмалар (интегралданған кезек) – бастауыш сынып оқушыларының бірлескен әрекет нәтижелеріне қол жеткізуде өзіндік көзқарасына талдау жасау қажеттілігіне бағытталған. Тапсырманы шешу барысында тұлғаның коммуникативтік белсенділігі құрылымында рефлексивті компоненттің пайда болуына себепші болады.
Жоғарыда айтылған тапсырма түлерін кез келген тақырыппен байланыстырып, сабақ мақсатымен ұштастыруға болады. Осы тапсырма түрлері арқылы сөйлесім әрекетінің барлық түрін қамтиды.
Қорыта айтсам, коммуникативті дағдыны қалыптастыру: нақты өмірлік жағдайларда өзінің міндеттерін шешу үшін қазақ және басқа тілдерде ауызша және жазбаша коммуникациялардың түрлі құралдарын қолдануға; стиль мен жанрды қатысымдық міндеттердің барабар шешімдерін таңдауға және қолдануға; әдеп нормасына сәйкес өзіндік пікірін білдіруге; өнімді өзара іс-қимылды, оның ішінде басқа да көзқарас пен бағыттарды ұстанатын басқа ұлт өкілдерімен қарым-қатынас диалогына түсе отырып, жанжалдық ахуалды шешуді жүзеге асыруға; жалпы нәтижеге қол жеткізу үшін түрлі позициядағы адамдармен топта қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз – оқушы бойындағы коммуникативті дағдыны қалыпастастыру әр ұстаз алдындағы басты міндет.